(Ақын Жеңісбек Пәзілмен сұхбат)

Қазіргі қазақ ақындары неміс тілінде сөйледі. «Орта Азиялық жыр антологиясы» кітабы жарық көріп, Еуропа оқырмандарына жол тартты. Аталған кітап жақында Германияның Берлин және Лейпциг қаласында көпшілікке таныстырылды. Осынау айтулы шараға ақындар – Қазақстан Республикасы Спорт және Мәдениет министрінің кеңесшісі Мирас Асан мен Баянауыл ауданындағы Жаяу Мұса атындағы өнер мектебінің ұстазы Жеңісбек Пәзіл қатысты. Ауқымды әдеби жиынға куә болған жерлесіміз Жеңісбек Пәзілмен сұхбаттасып, сапар жайлы әңгімесін жазып алған едік.

– Жеңісбек Пәзілұлы, әлемдік әдеби процеске, қазіргі қазақ әдебиеті мен шет ел әдебиеті арасындағы байланысқа дем берген ерекше іс-шараға куә болдыңыздар. Оқырмандарға сапар жайлы толығырақ айтып берсеңіз. Іс-шараның ұйымдастырылуы қандай деңгейде болды? Алған әсерлеріңіз қандай?

– Қазақстан мен Германияның мәдениет алмасу бағдарламасы аясында Қазақстандағы Гёте-институтыұйымдастырған «Grand Tour Zentralasien – 2021-2022» жобасы барысында жарық көрген «Орта Азиялық жыр антологиясының» тұсаукесеріне арналған әдеби сапар мен үшін үлкен тәжірибе болды. Шығармашылығыма тигізген әсері өте күшті. Сапардың алғашқы күні Түркияның Ыстамбул қаласында аялдадық. Түркияға жеткесін көптен бері көңілде жүрген  тарихи орындарды көзбен көріп, аралауға мүмкіндік туды. Ыстамбул қаласындағы екі үлкен мешітке жол түсті. Сұлтанахмет мешітіне (атақты Көк мешіт) және Ая София үлкен мешітіне барып бабалар рухына, Алаш рухына, сондай-ақ, зіл-заладан қайтыс болған түрік бауырлардың рухына құран бағыштап, қазақ мемлекетінің іргесі бүтін,  келешегі кемел болуын Алладан дұға тіледік. Іргетасы қаланғанына он-он бес ғасырдан асқан тарихи сәулет құрылысына жататын бұл ғимараттардан алған әсерді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Одан кейін маңызды сапарымыздың ресми басталар жері Берлин қаласына табанымыз тиді. Алғашқы кездесу Берлин қаласындағы Гумбольдт университетінде өтті. Онда «Орта Азиялық жыр антологиясының» тұсаукесері өтті. Бұл кездесуге Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан ақындары мен аудармашылары қатысты. Бізді Қазақстанның Германиядағы елшілігінің саясат бөлімінің басшысы Қадыр Қасабулатов мырза күтіп алды. Іс-шараның шымылдығын университет басшысы сөз сөйлеп, түрді. Одан ары әр елден келген ақындар сөз  алып, өз елінің қазіргі поэзиясының өткені мен болашағы туралы сөз қозғады, ірі өкілдерін тілге тиек етіп, жас ақындар мен шығармаларына артылар сенімнің мол екендіктерін сезінетіндерін жеткізді. Ақындар неміс тіліне аударылып, халықаралық антологияға енген өлеңдерін оқыды.

– Сіз де сөз тізгінін алған боларсыз?

– Әрине, осындай орайлы сәт туғанда менде аянып қалмадым. Еуропаға қара домбырамды арқалай барған едім. Ұлттық киімімді киіп, қолыма домбырамды ұстап отырған маған сөз берілгенде қонақтардың бәрінің назары менде болды. Әлқисса, сөздің басын XV ғасырдағы жыраулық поэзиядан, олардың ірі өкілдері Сыпыра жырау, Асан Қайғы, Қазтуған жыраулардан бастап айта келіп, сөзімді айтыс өнеріне ұластырып айтыс ақындары (төкпе жыр) және жазба ақындарға тоқталдым. Қазақ поэзиясы деген қасиетті ұғымның іргетасын берік қаланып, ұлттық әдебиетіміз әлем әдебиеті шаңырағына уық болып мығым шаншылғанын жеткіздім.

Мен сол жиында қазақ поэзиясының екі үлгісін көрсеттім. Қара домбырамның үнін күмбірлетіп арнау жырымды ағыттым. Одан соң неміс тіліне аударылған  «Домбыра» деген өлеңімді оқығанымда тыңдап отырған қонақтар риза болып, әлсін-әлі қолдарын шапалақтап кетті. Әсіресе университеттегі көрермен боп отырған студенттер қауымының ықыласы зор болды.  Орта Азиядан келген қандастарымыздың арасында ұлттық аспап пен ұлттық үнімізді асқақтатып, әйгілеп көрсетіп, қатарымыздан озғанымызды сезгендей болдым. Осы сәтте бойымдағы ұлттық өнерге құштарлық сезімім тасқындап, шабыттана түстім. Өзге ұлтқа ой салар ұлы өнерді айшықтай түскеніме, қасиетті қазақ болып туғаныма қуандым.

– Арнау жырыңызды біз де «тыңдасақ». Оқырмандарымызға қызық болатын секілді. Алмания жұртына арнауыңызды Алаш баласына да жолдасаңыз…

– Сондағы арнау өлеңім мынандай болды:

…Германия-Қазақстан мәдени алмасуы,

Арқау болды осылай жырлауыма.

Ал енді бәрің маған таң қалмаңдар,

Дала үнін естірсем құлағыңа.

«Арнау» деген ұлы Гётенің өлеңі бар,

Айналған поэзияның шырағына.

Ақын Абай Гёте өлеңін қазақшалап, 

Қандырған аударманың бұлағына.

Неміс-қазақ достығы осы емес пе?

Өлең-жырды толтырсам құшағыңа!

…Табаным тиген кезде бұл Берлинге,

Ағытар өлең-жырдан бөгелмедім.

Сендерсіңдер ұлы Римнің мұрагері,

Өркениетің болмаса келер ме едім.

Рейхстагқа ту тіккен Қошқарбаев,

Ұмытпаспын бабамның өр еңбегін…

– Бәрекелді! Енді жаңа жинақ – «Орта Азиялық жыр антологиясы»  жайлы айтып берсеңіз? Сіздің қандай өлеңдеріңіз әйгілі Гете тілінде сөйледі?

– Бұл жоба түркі халықтарының әдебиетін, оның ішінде қазіргі заман поэзиясының үнін Европа оқырмандарына жеткізуді мақсат еткен. Антологияға қазақ, қырғыз, тәжік, түркімен, өзбек ақындарының өлеңдері еніп, неміс тілді оқырман назарына ұсынылады. Жыр жинағына қазақ ақындарынан Сағыныш Намазшамованың,  Мирас Асанның, Батырхан Сәрсенханның, Еділбек Дүйсеннің және менің өлеңдерім енді. Еуропа біздің әдебиетімізді білу үшін қазақтың ұлттық мәдениетін, өнерін, құндылықтарын білуі керек деп ойлаймын. Сол себепті мен аудармашыларға «Қамшы», «Домбыра», «Күй-құдірет», «Тауды аңсау», «Дала-ғұмыр» деген өлеңдерімді бердім.

– Кітаптың тұсаукесерінен бөлек қандай іс-шараға куә болдыңыздар?

– Гёте-Институты ұйымдастырған тағы бір маңызды іс-шара – Берлиндегі Haus für Poesie – Поэзия үйінде қонақта болып, аудио-подкаст жазуға қатыстық. Әлемдік 1558 ақын, 14040 өлең, 90 тіл, 22627 аударма, 3520 аудармашы қамтылған «Lyrik-line» («Лирикалық желі») деген порталға өлеңдерімізді жазып алды.

– Өзіңіз атап өткендей, қазақ пен неміс тарихының байланысы тереңнен тамыр тартады. Сапар барысында Берлин қаласын аралап, көруге мүмкіндік болған шығар?

– Әрине, Алла жолымызды оңғарып, Германияның астанасы Берлинге келген соң бос уақыттарымызда қаланың маңызды деген жерлерін аралауға уақыт табуға тырыстық. Ең алдымен, Германиядағыелшіліктіңсаясат бөлімінің басшысы Қадыр Қасабулатов, Қазақстандағы Гёте-институтының ақпарат бөлімінің басшысы Шолпан Қызайбаева, ақын Мирас Асан – төртеуіміз  түркі әлемінің көсемі Мұстафа Шоқай бабамыздың жатқан жеріне барып зират етіп, құран бағыштадық.  Перзенттік парызымыз орындалып, арқамыздан жүк түсіп бір міндеттен жеңілдегендей болдық (Алла ұлт көсемінің жанын жәннатта етіп, ауыр топырағын жеңілдетсін).

Жүрегімізге мақтаныш ұялатқан және бір маңызды сәт Халық қаһарманыРақымжан Қошқарбаев ту тіккен Рейхстагтың алдына барып, өз көзімізбен көру бақыты бұйырғаны бізді тіпті жігерлендіріп жіберді. Естелік фотоға түсіп, қат-қабат ойларға көмілдік. Өлім мен өмір арпалысы, от пен оқ борап тұрғанда біздің батыр бабамыз соншама биік ғимараттың үстіне қалай шығып, бірінші болып ту тіккенін ойлағанда тебіреністен көзге ыстық жас келді. Батыр бабаларымыз «Ел үшін, ұрпақ үшін жан пида» деген сенімнен ешқашан айнымағаны анық. Ғимараттың маңдайшасына жазылған «Неміс халқы үшін» деген бір ауыз сөз өркениетті елдің қандай екенін бізге ұғындырғандай болды.

Рақымжан атамыз ту тіккен Рейхстагқа жақын жерде Берлиннің басты бөгенайының бірі – әйгілі  Бранденбург қақпасына барып көзайым болдық. Одан соң Шпрее өзенінің жағасын жағалап серуендедік.

Бүкіл неміс халқын екіге бөлген Берлин қабырғасын көрдік. Бір халықты 28 жыл бойы бір-біріне қарым-қатынас жасатпай бөліп тұрған тас қамалдың сақталып қалған қалдығындағы жазылған ақпараттар мен суреттерден небір сұмдықтың ызғары соғып тұрғандай сезілді.

«Берлин сурет галереясы» мұражайы ерекше есте қалды. Онда біз Орта ғасырдан неоклассикалық дәуірге дейінгі еуропалық кескіндеменің керемет коллекциясымен таныстық. Сурет галереясына кіре салысымен көзге мен мұндалаған нидерландтық атақты суретші Хуго ван дер Густың «Бикеш пен бала («Жарты айдағы Мадонна»), «Адам ата мен Хауа ананыңжұмақтан қуылуы», «Мәсіхтің өлімі», «Айқышқа шегелену» суреттері ескі тарихтан сыр шертіп тұр. Хуго ван дер Густың стилі бөлек суретші екеніне тамсандық. Маған әсер еткен бір суретті арнайы фотоға түсіріп алдым. Галереяны аралап жүріп бір сурет біздің ұлттық құндылықтарға бой тартып тұрғанын байқадым. Бұл суретті Matthias Scheits (Маттиас Шейтс) деген суретші (шамамен 1630-1700 жылдары өмір сүрген) Гамбург қаласында салған екен. Суреттің аты «Шабандозбен бірге солдат көрінісі». Суретте – менің байқауымша басында елтірі тымағы бар батыр тұлғалы адам, жерде отырған бірнеше адаммен ат үстінде сөйлесіп тұр. Сондай-ақ жандарында қазақи төбет бейнеленгені анық көзге көрініп тұр. Бұл зерделеуге тұрарлық дүние екені даусыз.

– Ал Лейпциг қаласындағы халықаралық кітап көрмесі қалай өтті?

–Лейпциг – Германияның Саксония штатындағы халық ең көп қоныстанған қала екен. 1000 жылдық тарихы бар. Ол қалаға сапарымыздың соңғы күнінде бардық.  Берлиннен Лейпцигке пойызбен 1 сағат 15 минутта жеттік. Онда дүниежүзілік кітап жәрменкесі ұйымдастырылды.

Негізгі кездесуге дейін қаланы араладық. Әуелі ескі қала залын, ең көне жергілікті ғибадатхана Әулие Николай шіркеуін тамашаладық. Бұл шіркеу ХІІ ғасырда қаланған екен. Және Гётенің ескерткішіне бардық. Гёте Лейпциг университетінде оқып, шығармашылық жолын жалғастырған екен. Ұлы шығармасы «Фаустың» 8-бөлімін осы қалада жазыпты. Бір қызығы шығарма жазылған жерге ескерткіш қойылыпты. Бұл дегеніңіз әдеби құндылықтарды дәріптеудің озық үлгісі емес пе?! Сондай-ақ Голицер сарайын аралап, Гетенің «Фаустында»сипатталған «Шарап жертөлесін» өз көзімізбен көрдік.

Осындай тарихы бай ғимараттарды көру қандай қуаныш. Ал, «Жәрмеңкелер қаласы» деген аңыз атқа ие Лейпцигтегі кітап жәрмеңкесінде неміс тіліне аударылған өз өлеңіңді оқудан артық бақыт жоқ шығар?! Әлемнің 40-тан астам елінен 2000-ға жуық қонақ келген халықаралық кітап көрмесінің көрінісі тіпті өзгеше екен. Дүниенің төрт түкпірінен рухани азық іздеп ағылған адамдар легі осы тарихи қалада бастары тоғысып жатуы, қайнаған өркениет қазанына ұқсайды. Жол бастап жүрген аудармашы Шолпан Естайқызының арқасында қара нөпір адамдар арасынан адаспай бізге арналған өз алаңымызды таптық. Қатар тігілген араның ұясындай шатырлар, олардың сөресінде әр баспадан шыққан том-том кітаптар тізілсе, ақпараттары үстел үстіне жайылып қойылған.

Бұған дейін неміс ақындары Орта Азия халықтарының тіліне аударылған болатын. Сол жобаның жемісі – халықаралық «Simurgh» («Самрұқ») антологиясымен үлкен базарда қауыштық. Кітабымызды «Wunderhorn Verlag» баспасы шығарыпты.

Тұсаукесер салтанатының сахнадағы құрметті орнына өлеңдері қазақша аударылып, бірінші «Самұрық» антологиясына енген ақын Аня Кампмани, өлеңдерімізді неміс тіліне аударған аудармашы, Германияның 7 әдеби сыйлығының иегері, ақын, 13 кітаптың авторы, журналист, аудармалары 13 антологияда, 5 жеке жинақта басылған  аудармашы Норберт Һуммелт, өлеңдерді жолма-жол неміс тіліне аударған аудармашы Шолпан Қызайбаева, қырғыз ақыны Махаббат Қасейінова, ақын Мирас Асан және мен жайғастық. Салтанатты шараны Германиядағы Гёте-институтының басшысы сөз сөйлеп бастады.  Ақын Аня Кампмани сөз алып жобаға қатысқан ақындарды құттықтады.  Қырғыз және қазақ ақындары кезектесіп поэзия жайлы ойымызды ортаға салдық. Біз өлең оқыдық, іле неміс ақыны Норберт Һуммелт біздің өлеңдердің немісше аудармасын оқып отырды. Бұл сәт бізге керемет әсер қалдырды. Осы айтулы шараға Абайдың қара сөздерін немісшеге аударған жазушы Аня Туккерман, Берлиннен арнайы келіп қатысты, ризашылығын білдірді.

Алманияға әдеби сапар барысында осындай ғажайыптарға куә болдық. Мәңгі өлмес хатқа таңбаланған кітаптар әлемі, рухани бұлақтар тоғысқан, ғажайып қалалар Лейпцигті,  Берлинді қимай-қимай елге аттандық. Қалай десекте бір ой, бір сұрақ көкейімізден кетпей қойды. Ол – біздің әйгілі жазушылар мен ақындардың жаңа кітаптары неге осындай әлемдік кітап жәрмеңкесінде таныстырылып, тұсау кесілмейді? Неге, неге?

– Жеңісбек Пәзілұлы, әсерлі әңгімеңізге мың алғыс. Қазіргі қазақ әдебиетін Еуропа оқырмандарына таныту мақсатында жасап жатқан істеріңіз ілгерілей берсін!

Әңгімелескен, Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

Пікір үстеу