Pavlodar, KZ
16°
Fair

Павлодар облысындағы мемлекеттік мекемелердің әлеуметтік желілер арқылы халықты ақпараттандырып, ведомство жаңалықтарын жедел бөлісіп отыруы бүгінде дәстүрлі әрі міндетті үрдіске айналған. Алайда ресми аккаунттарда тіл туралы заңнамалардың сақталмайтыны, басқармалар мен жергілікті органдар көп ретте орыс тілінің жетегінде кетіп қалатынын жиі байқаймыз.

Жұрттың көбі бүгінде бұрынғыдай мекеме-ұйымдардың сайтына кіріп, уақыт жұмсамайтыны белгілі. Инстаграмдағы парақшаларын сүзіп өтіп, өзіне пайдалы ақпараттарды іздейді. Осы орайда Ертіс-Баян өңіріндегі мемлекеттік органдардың инстаграмдағы ресми парақшалары тіл туралы заңнама талаптарын қай деңгейде сақтап отырғанын және ақпаратты таратудағы ерекшеліктерін електен өткізу мақсатында арнайы мониторинг жүргіздік. Шолу барысында көптеген кемшіліктерді көзіміз шалды. Олардың басым бөлігі ана тіліміздің қолданыс аясына қатысты.

Алғашқы назарымыз облыстың қорғаныс істері жөніндегі департаментінің @udo_pavlodar парақшасына түсті. Бұл парақшадан мемлекеттік тілдің «иісі» шықпайды. Олай деуімізге парақшаның негізгі ақпараттары ресми тілде беріліпті. Күнделікті жаңалықтары да көбіне орыс тілінде салынып, қазақ тіліндегі ақпараттарға орын аз тиетіні  байқалып қалды. Жастарды патриоттық рухта тәрбиелейтін органның интернетте не себепті «патриот емес» екенін түсіне алмадық. Бақсақ, бұл департаменттің @ddopavlodar (атауының аббревиатурасының өзі орысша алынған) деп аталатын парақшасы таза мемлекеттік тілде ақпарат таратады екен. Оған жазылғандардың саны небәрі 300-ден ғана асады. Ал жоғарыдағы парақшаның 1500-ге жуық оқырманы қалыптасып қалған. Департамент басшылығы екі парақшаны қатар ұстап, бірін таза қазақша, бірін екі тілде жүргізіп отырғаны көңілімізге қонбады. Оның үстіне қазақ тілді контенттен тұратын парақшада жазылушылар аз. Тиімділік тұрғысынан алғанда таңдау алғашқысына түсуі тиіс емес пе?

Ал енді сауаттылық мәселесінде жұрттан көш ілгері жүруі тиіс облыстық білім беру басқармасының басшылығы инстаграмдағы @bilim_basqarmasy парақшасына онша-мұнша көз жүгірте бермейтінін ұқтық. Себебі ең әуелі парақшаның атауы қате – «Павлодар облысы білім басқармасының ресми парақшасы» деп аталады.  Көзі қарақты оқырман нендей сөздің жетіспейтінін бірден аңғарар.  Бұл ұсақ-түйек дүние емес. Білім мәселесі, ұрпақ тәрбиесі мәселесінде ұсақ-түйек деген болмауы керек. Аса жауапты сала болғандықтан ақпарат мәселесіне келгенде өте талғампаздықпен қарауы тиіс деп есептейміз. Бұл парақшада тілге қатысты заң талаптары сирек болса да сақталмайтыны, кейбір берілген жаңалықтың әуелі орыс тіліндегісі, соңынан мемлекеттік тілдегісі жазылып тұрғанын көрдік.

Әділет департаментінің @pvl.adilet.gov.kz парақшасында ақпаратты беру заңдылықтары жеткілікті сақталғанымен, тұрғындарға әлдебір заң немесе норма талаптарын түсіндіру мақсатында өткізілетін тікелей эфирлердің орыс тілінде жүргізілетінін көзіміз шалды.  Әрі сақталған тікелей эфирлердің тақырыбы жазылмайды екен. Көпшілік бұл парақшадан өзіне керегін таба алмайтыны айқын. Қазақ тілді интернет қолданушы үшін парақша аса пайдалы емес деген түйін жасадық.

Осы орайда Павлодар облысы прокуратурасының – @pavlodar_obl_prokuratura, облыс дін істері басқармасының – @udr_pavlodar, облыс сәулет және қала құрылысы басқармасының  – @pvl.obl_saulet.baskarmasy, облыс мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының – @ertis_madenieti парақшаларының өзге мемлекеттік органдарға үлгі боларлықтай екенін айтып өтейік. Мемлекеттік орган жайлы анықтама мәліметтер, құзырлы мекеме басшысы жайлы ақпарат мемлекеттің тілінде толық берілген. Мұнда көбіне көп ана тіліміздегі ақпараттар жарияланған. Ал мәдениет басқармасының парақшасына салынатын ақпараттардың 90 пайызы мемлекеттік тілде екені қуантты. Бұл парақшаның жазылушылар саны да тәуір, 13 500 адам нақты оқиды екен. Күнделікті жаңалықтармен жиі бөліседі.

Жалпы бұл қатарда облыс ақпарат және қоғамдық даму басқармасының  @uior.pavlodar парақшасын да атап өткен абзал болар. Ақпараттар сауатты берілген. Алайда парақшаның дәл төбесінде «УИОР Павлодарской области» деп жазылғаны, инстаграмнан іздегенде осы атауды теріп қана табуға болатыны пайдаланушы ретінде бізге ұнамады. Сондықтан бұл басқармаға атауы мен инстаграмдағы маңдайшасын өзгерткен абзал болар.

Облыстың құрылыс басқармасының атауында қазақ тілінің  аббревиатурасы сақталғанымен /@qurilis_basqarmasi_pvl/, заты орысшаға бейім. Дәл төбесінде басқарма атауы мен мәліметтері ресми тілде жарқырап тұр. Парақшадағы ақпараттар өте ретсіз салынатынын, тіл туралы заңнаманың көбіне-көп сақталмайтынын айтқымыз келеді. Кейбір жарияланымда әуелі ресми тілдегісі, соңынан қазақшасы жүреді. Енді бірінде мүлде мемлекеттік тілдегісі жоқ. Бей-берекеттілік жайлап тұр.

Мемлекеттік тілге қатысты нормаларды сақтамаудың көкесін Павлодар облысы қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің @duis_pavlodar аталатын парақшасынан көріп, қатты түңілдік. Парақшаны ашқаннан орысша ақпараттардан көз сүрінеді. Атауы жайлы мәліметтерден де ана тілімізде ақпар таба алмай қор болдық. Мемлекеттік тілдің мәселесін жиып қойған білдей департаменттің басшылары ай қарап, жұлдыз санап отыр ма?

Ал енді кейбір мемлекеттік мекемелердің парақшалары жыл басынан бері мүлде жаңартылмаған. Бұл қатарда Павлодар мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің @dgip_pavlodar парақшасы бар. 2022 жылы бұл департамент небәрі 4 пост қана жариялапты. Ұят қой. Парақшаны шолып өткен былайғы жұрт мемлекеттік орган жұмыс істемей отыр деп ұғынуы ғажап емес. Енді бір өңірлік мекемелер парақшамен өте салақ айналысатыны бірден көзге ұрады. Мысал үшін «Павлодар ауданының экономиканың нақты сектор бөлімі» ММ-нің @orsepvl (атауы да орысша алынған, «orse – отдел реального сектора экономики» дегенді білдіреді) парақшасы былтырдан бері жаңартылмағанымен қоймай, тек шағын бейнероликтерді бөлісе берген. Тұрғындар мен кәсіпкерлер үшін пайдалы ақпараттарды көзіміз шалмады. Оның үстіне кейбір ақпараттар тек орыс тілінде аудармасыз жүр. Парақшаға кім жауап берсе де, өте жауапсыз қарайтыны байқалды.

Осы орайда аудан-қала әкімдіктерінің ресми парақшаларын да сүзіп шыққан едік. Қалалар арасында Павлодар мен Екібастұз әкімдіктері әлеуметтік желі арқылы ақпарат таратуға мығым екендерін танытты. Алайда Ақсу қаласының @akimataksu парақшасында тағы сол, қазақ тіліндегі ақпарат аз салынған. Ресми тілдегі хабарландырулар аударылып берілмеген. Әкімдік бөлімдерінің мамандары ресми аккаунт арқылы халыққа тікелей эфирге шыққанда тек орыс тілінде сөйлейтінін, қазақ тілді көпшіліктің құқы тапталып отырғанын көрдік. Көрдік те түңілдік. 18 мың жазылушысы бар парақша алдағы уақытта қазақ тілінің көсегесін көгертуге көңіл бөле ме? Оны уақыт көрсете жатар.

Ал аудандар арасында Успен және Ертіс аудандарының ресми парақшаларын қанша іздесек те таба алмадық. Инстаграмдағы, кәдімгі интернет браузердегі іздеу жүйелерінен мемлекеттік тілде де, орыс тілінде де сан мәрте терсек те шықпады. Соған қарағанда әкімдіктердің ресми парақшасы жоқ немесе тым күрделі аббревиатурамен жазылған деп түйдік. Бұл жағдай аудан әкімдіктері үшін үлкен кемшілік.

Бұл зерттеу барысында барлық өңірлік және жергілікті мемлекеттік органдардың ресми парақшаларын сүзіп шығуға мүмкіндігіміз болмағанын ескертіп өтейік. Байқағанымыз, парақшалардың көбі тіл туралы заңнама талаптарын сақтамайды. Ең әуелі парақшалардың атауы мекеменің орысша атауының аббревиатурасынан алынады. Мемлекеттік тілдің әрдайым бірінші тұруы тиіс екенін ескерсек, мемлекеттік ұйымдар бұл талапты аса елемей отырғанын осыдан-ақ байқауға болар.

Екіншіден, көптеген аккаунттарда ана тіліндегі ақпараттар сауатсыз әрі ұғынықсыз беріліп келеді. Оның орыс тілінен тәржімаланған калька екені айтпаса да түсінікті. Мекемелердің баспасөз хатшылары аудармадан іргелерін аулақ салуы тиістігін, ол үшін ең әуелі ақпарат-жаңалықтың өзі мемлекеттік тілде әзірленуі керектігін ескерткіміз келеді.

Үшіншіден, парақшаларда орысша ақпараттар әлі күнге басым. Бұл арасалмақты өзгертуге тырысу керек. Бүгінде көпшілік ақпаратты мемлекеттік тілде оқып, көргенді ұнатады. Өзге ұлттарға ұнамды болайық, орыс тілділерді ренжітпейік деген жалпақшешейліктен кетуіміз керек.

Төртіншіден, қазір жұрттың ақпарат қабылдау деңгейі өскен. Жаңалық пен пайдалы ақпарат бөлісуде тұрғындардың талғамын ескерген абзал. Мәселен, спорт басқармасы құр жаңалықты ғана емес, көпшілікке денсаулықтың пайдасы жөнінде қызықты роликтер, мамандардың пайдалы ақыл-кеңесін жиі бөліссе. Яғни әр басқарма-департамент тұрғындарды қажетті ақпараттармен, оның ішінде мемлекеттік бағдарламалар, қоғам игілігіне арналатын түрлі жобалар жайымен қамтып отырса.  

Әлеуметтік желілердегі ана тіліміздің жағдайын реттеп, сапасын көтеру – қоғамға ортақ мәселе. Сондықтан бұл мәселеде ақпарат саласында жүрген мамандардан үлкен жауапкершілік күтеміз. Ал сын түзелмей, мін түзелмейтіні мәлім.

Мұрат АЯҒАНОВ,

Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» Павлодар облыстық филиалы төрағасының орынбасары

1 thought on “Аккаунт және Ана тілі

Пікір үстеу