Бүгін – Дүниежүзілік кітап және авторлық құқықты қорғау күні. Осы күнгі келесі сөз – ақын Айбек Оралханның «Алты аңғар» кітабы туралы. Ақынның тұңғыш жинағы 2020 жылы Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының мұрындық болуымен, кәсіпкер Асылбек Туғанбайдың демеушілігімен жарық көрген.

Кітаптың беташары – «Жылылық» өлеңі жинақтың толық мазмұнын ашып, мәнін арттырып тұрғандай. Осы өлең арқылы автор оқырманды жылы жүзбен жымия, құшақ жайып қарсы алғандай сезіледі.
«Көшкен жұрттан, кәрі иістен, қара тастан, Желтоқсаннан, тіпті, қарақшыдан да» жылылық іздеген ақын көңілі ұлы мұраты көксейді. Ізгіліктен нәр алған, жылылықтан күш алған жүрек қана аңсаған арманына жетпек.
Жинақты көңіл қойып оқыған «Жырға құмар жаңғыз-жарым әрбір жан, ақын жырларына жылынады» деп сенем.
Ақынның арманына жеткені – осы емес пе?!
Айбек Оралханның тұңғыш жинағы маған да жылылық сыйлады. Әсіресе, «Таңғы шық», «Аңсар», «Ай жылуы», «Жүректегі жазулар», «Қара өлең», «Абайдың соңғы арзуы», «Өкпе құны», «Зар заманым, зоба боп бекір ме едің…», «Менің көздеріме мұң түнемеген…», «Бағдаршам» өлеңдері жүрегіме жылы тиді. Кітапты оқып отырғанда, өзіме ерекше әсер еткен шумақтардың астын сызып қойдым.
«Мен – жарқын болашақтың жаужүрегі»,
немесе,
«Мен – далалық жел мінезді жайраңмын»,
немесе,
«Тіршілік деген – ұлы сын»,
немесе,
“Жанарымда жалғыздық жаңғырады”,
немесе,
«Махаббатты айырбастап міндетке,
Мұң ішіп жүр мына мәжнүн айнала…»,
немесе,
«Өлең жазам, жанға сеп сезілетіндей…»,
немесе,
«Көзіңе қыр басынан көрінбесем,
Бұлттармен кетті дей бер араласып»,
немесе,
«Сен мені іздеші,
Жылдардан жоғалған…»,
немесе,
«Ар деген ұғым халықпен бірге тулайды»,
немесе,
«Жалаңдаған қызыл жалын секілді,
Қызыл тілін кесіп берген ешкім жоқ»,
немесе,
«Отыз секунд өлім жайлы ойлаймыз,
Оның өзі бағдаршамның алдында» секілді шумақтардан ақынның мінезі, болмысы анық аңғарылып, көзқарасы, таным-түсінігі айқын көрінеді.
Мына бір сәйкестікке ерекше назар аударғым келеді. Айбектің «Екі ауыл» деген өлеңі 2006 жылы жазылыпты.
«…Ей, ойлы жас, ұмытпа жүргеніңді,
Бесік пенен бейіттің арасында», – деп түйінделетін осы өлеңмен мағыналас жырды, 12 жылдан соң, мен де жазыппын.
Алдымен, Ақберен ағаның 2009 жылы шыққан “Көлеңкелер күбірі” кітабындағы “Екі ауыл” деген өлеңді ұсынайын:
Біздің жақта екі ауыл бар,
Бірі – өлі,
Біреуінде тіршілік бар,
Тірі елі.
Біреуінде ұйықтап жатыр жан әкем,
Бұ дүниеге үні жетпей, түнеріп.

Тірі ауылға апарады басқа жол,
Өлі ауылда түнеп шығу – басқа сор.
Қос дүниені жалғап жатыр көпір боп,
Екі ауылдың арасында қасқа жол.

Екі ауыл да бір атадан тарапты,
Екі ауыл да құбылаға қарап тұр.
Тірі ауыл қастерлейді бабасын,
Өлі ауыл аңсатады жәннәтті.

Бір ауылда таралғанда жыртыс тең,
Бір ауылға қара түнде нұр түскен.
Бірінде – Ай, бірінде – Күн­-шаңырақ…
Екі ауыл да қалануда кірпіштен.

Екі ауылдың арасында – мәңгілік,
Мәңгілікті өмір жатыр ән қылып.
Екі ауылдан бірі ғана қалар деп,
Қорқып жүрмін әр қалада қаңғырып…
Осындайда марқұм Аманхан Әлімұлының бір пікірі ойға оралады. «Бір идея ғаламшардың екі жағындағы екі қаламгерге бірдей келуі мүмкін. Мысалы, мен айлы түнде, Сырдарияға аяғымды малып отырып, сұлу қызға сыр аштым. Менің Ресейдегі ақын досым да Еділге аяқ малып, айлы түнде, ару қызбен құшақтасып отырды. Сосын екеуміз де өлең жазамыз. Ситуация – бір. Енді біздің өлеңдеріміз де мағыналас болады», – деген еді ағамыз.
Сол айтқандай, Айбек кешкен күйді мен де кешіппін.
Сосын былай деп жазыппын:
Білуге сонша құштармын,
Уақыттан алар бұл да ақым,
Ауыл мен қабірстанның,
Арасы неге тым жақын?

Жеткізген жанды жиі баққа,
Қайнаған тірлік – ауыл іші.
Мәңгілік мекен зиратта…
ойлаудың өзі – ауыр сын.

Болса да ауыл мекенім,
Бейіттер жатыр, қарашы,
Еске сап жақын екенін,
Өмір мен Өлім арасы…
Кітаптың алғысөзінде ақын Жарқынбек Амантайұлы: «Жергілікті орыс ақындарын аудара отырып, оларды қазақы қоңыр қалыпқа сыйғыза сөйлейді», – дейді. Ақынның аудармалары жайлы бұдан асыра айта алмасыпын. Бір айтарым, «Аудармалар» деген анықтама болмаса, сол бөлімдегі өлеңдерді Айбектің өз жырлары деп қабылдауға әбден болады.
Ал, поэма жазып, өзінің кең тынысты ақын екенін дәлелдеген Айбектің жанкештілігін бас бармақпен бағалау қажет. «Шоң би» поэмасын жеке талдау, жеке бағалау керек деп ойлаймын.
Сөз соңында, ақынның «СМС диолог» деген өлеңіндегі «…Телефоның тағы да бұғаулауда, қолың тимей жүр ме екен звондауға» дегенін аса бір шебер һәм тапқыр қолданылған деп айта алмаймын…
Оқыған кітабым жайлы түйген ойым, аз-кем айтар пікірім – осы. Толықтай алғанда, Айбектің тұңғыш кітабы үлкен шығармашылық сапардың басы болуға әбден лайықты.

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

Пікір үстеу