Мұрат АЯҒАНОВ

Басынан мәселе арылмаған Жұмат Шанин ауылының жұрты тағы зар қақсап отыр. Былтыр қара күзде мердігер фирма «Көлсай Строй» ЖШС су құбырын тартамыз деп ауыл ішін ойран-топыр етіп, тереңдігі 3 метрлік орлар қазып кеткен. Топырағы тоң боп қазылып, беті бекімеген шұңқырға биыл көктемде мал түсіп қырылып жатыр.  

Кеңес өкіметі тұсында «Южное» аталып, кейін бірнеше атау ауыстырып үлгеріп, ақыр-соңы қазақтан шыққан тұңғыш режиссер, осы жердің атақты тумасы Жұмат Шанинның есімін қайтарып алған түпкірдегі түтіннің мәселесі шаш-етектен. Тәуелсіздік алғалы бері бұл мекенге заманауи игіліктердің көбі жетпеді. Әсіресе, ауызсу мәселесі әлі күнге шешілмеген. Тек су құбырын тарту жайында айтсақ, соңғы 50 жылда су жүйелері бұл ауылда екі мәрте тартылып, ауызсу колонкалары орнатылыпты. Алайда мәңгілік ештеңе жоқ, сонау 80-ші жылдардың соңында көше-көшеге орнатылған ауызсу колонкалары небәрі 20 жыл уақытқа шыдас берді. Кейін жауапсыз мердігер жүйені қайта жаңартып еді. Сапасыз жүргізілген жұмыстар салдарынан су құбыры екі жылға жетпей істен шығып қалды. Енді міне үшінші мәрте мемлекеттен қыруар қаражат бөлініп, ауызсу әр үйдің ауласына дейін баратындай мүмкіндік жасалуы тиіс еді.

Өкінішке қарай, 2021 жылы Жұмат Шанинға су құбырын  тарту бойынша мемлекеттік конкурсты әлдебір «Көлсай Строй» деген компания ұтып алады. Сонау Алматы қаласында орналасқан бұл мердігер ақыр аяғы жауапсыздау болып шықты. Жауапсыздығы емей немене, 2021 жылы бюджеттен бөлінген 394 млн теңгенің небәрі 8,5 млн теңгесін игеріп, жұмысты тастай қашты. Сондағы сылтауы – ауылдың сол жағы бөлігі орналасқан жердің топырақ жынысы қатты, тас көп, техникаларымыз өте көп қиындықпен алып жатыр, бөлінген қаражат жетпейді деп жалтарды.  «Су құбырын қайта құру» жобасын мердігер қайта түзетіп, қаражат қосуды талап етті. Сөйтіп оның зардабын тағы халық тартып, су құбырын жаңарту ісі тағы екі жылға шегерілді.

Баянауыл ауданының билігі 2022 жылдың мамырында жобаны орта жолда қалдырып кеткені үшін фирманы сотқа берді. Алайда Павлодар облысының ауданаралық соты талап арызды қанағаттандырудан бас тартып, апелляциялық шағымды да кейін ысырды. Ал жұрттың ойынша жосықсыз мердігер атануы тиіс болған «Көлсай Строй» ЖШС-не жұмысты шілде айында жалғастыруы тиіс деген талон-хабарлама берілді. Бірақ компания тағы өз жауапсыздығын көрсетіп, жер қазу шараларына тек 25 қыркүйекте кіріседі.

– Біздің бөлімде не адвокат, не заңгер жоқ. Сотқа арыздану істерін қарапайым мамандарымыз жүргізеді. Сөйтіп екі мәрте жеңілгеніміз де содан. Жұмат Шанин ауылындағы жобаға деп 2022 жылға бюджеттен 206 млн теңге бөлінген екен. Мердігер қаржыны игермекке жанталасып, сақылдаған сары аяз түскенше құбыр салатын жерлерді тереңдетіп қазып, техникалары қатып қалғанша жұмыс істеген. Бұрнағы жылы небәрі 800 метр, былтыр 5 шақырым ор қазған. Ақыры ештеңе өнбейтінін түсінген жұмыскерлер үйлеріне қайтқан. Сөйтіп іс жүзінде 42 млн теңгенің жұмысын ғана игереді. Ауыл адамдары  әлгі аязда қазылған жер қыртысы осы көктемде опырылып түсіп, оған малдарының түсіп өліп жатқанына шағымданды. Біз өз тарапымыздан «Көлсай Строй» фирмасына қаншама мәрте хабарласып, хат жолдағанымызбен, тыңдағысы жоқ. Тіпті әлгі шұңқырларды әзірше тегістей тұратын ауыр техника да таба алмады. Аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен Мырзашоқы таң-шаңғы кешенінде тұрған «Вершина» ЖШС-нің ауыр техникасын жіберуді ұйғарып отырмыз. Бұл мәселе бойынша аудан басшысы Ардақ Кісентаев Жұмат Шанин ауылына барып, тұрғындармен кездесті. Тағы бір айта кететін мәселе, үй жануарларының траншеяға түсіп өлгені туралы фактілер анықталмаған, себебі ауылдық ветеринарлық дәрігерде ондай жайттар тіркелмеген, – дейді  аудандық экономиканың нақты секторы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бекен Жанахметов.

Ауыл тұрғыны Нұрдәулет Айтбаевтың айтуынша, әлгі қазылған орларға 5 бас қара малы түсіп, өліп қалған. Оның үстіне былтыр күзде тағы 5 бас сиырын ұрлатқан отағасының салы суға кетіп отыр. Су құбырын жүргізіп жатқан компания өкіліне өтемақы төлей ме деген үмітпен хабарласып көрген екен, ондағылар: «Аулақ жүр, малыңның өлгеніне біз кінәлі емеспіз» деп, шағымын тыңдаудан бас тартқан. «Мал ашуы – жан ашуы» деген. Бір жарым млн теңгеге жуық шығынға ұшыраған азамат басқа амалы қалмағандықтан сотқа шағымданамын деп отыр.

– Ауылдың іші мал тұрмақ, адамдардың жүріп-тұруына қиын. Қайда барсаң да қазылған ор, үйілген жал-жал топырақтар. Үйдегі бала-шағамыз орға құлап, жазым бола ма деп қорқып отырмыз. Бізді бұл фирманың жауапсыз әрекеті кәдімгідей үрей құшағында ұстауда. Тым құрымағанда ауылда шағымымызды қабылдайтын бір өкіл де жоқ. Былтырдан бері 12 бас қара малым шығын болды. Оның бесеуі шұңқырға түсіп арам қатты. Бүйте берсе, бала-шағамды қалай асыраймын, маңдай теріммен жиған малымның сұрауы болмай қалатын түрі бар, – деп мұңын шақты Н.Айтбаев.

Ауылдағы кейбір тұрғындардың пайымынша, мердігердің ауылға техника жібергісі келмей отырғанында бір гәп бар сынды. Ауыл әкімі Әлібек Сапабеков былтыр жаңа жыл мерекесі қарсаңында әлгі фирманың өкіліне хабарласып, жергілікті аз қамтылған отбасылардың балаларына сыйлық жасаймын деп қомақты қаражат алған көрінеді. Енді мердігер Жұмат Шанин халқына демеушілік жасадым деп бәлсінсе, ауыл басшысы ақша алып қойған соң оларға мәселені тікесінен қоюға бата алмай отыр деп болжайды ауыл үлкендері.

Мәселенің ізімен Әлібек Сұңғатбекұлына да хабарластық.

– Мердігерден былтыр желтоқсан айында 50 мың теңге көлемінде ақша алғанымыз рас. Ол қаражатқа аз қамтылған отбасылардың балаларына сыйлық сатып алынды. Ауылда құдыққа мал түсіп өлді деген соң мердігерге 13 наурызда хабарласып, ресми хат та жолдадым. Алайда олардың қозғалғысы жоқ. Мұнда фирмаға тиесілі шағын трактор бар, орларды тегістеуге оның қауқары жеткіліксіз. Қозғалтқышы кемі 3 текше метрлік тракторлар қажет. Ондай техника бізде жоқ, амалсыздан ауданнан көмек сұрадық,- деп жауап берді ауыл әкімі.

Бір қызығы, «Көлсай Строй» компаниясының кеңсесі Алматыда орналасса, ал фирманың Баянауылдағы су құбырын тарту жобасы бойынша жауапты өкілі Шымкент қаласында тұрады. Өзін Арман Иримбетов деп таныстырған фирма өкілі: «Жұмат Шаниндегі жер қазу жұмыстарына кірісіп кете алмай отырмыз, себебі аудандық әкімдік рұқсат талонын бергісі жоқ деген сылтау айтты. Жалпы сомасы 390 млн теңге тұратын жобаны толық аяқтап шығамыз, оған әлеуетіміз жеткілікті», – дейді сеніммен.

«Біздің фирма барлық техниканы жалға алады. Баянауыл әкімдігі бізге құрылысты жалғастыруға рұқсат бермей отыр. Талон алған күннің ертеңінде-ақ жұмысты жалғастыруды бастаймыз. Қарағанды мен Екібастұз қалаларынан 4 ауыр экскаватор апарып, жер қазу жұмыстарын жеделдетіп бітіруді жоспарладық. Жоба осы жылдың 30 желтоқсанында аяқталуы тиіс. Дегенмен, бәрі ойдағыдай болса біз қыркүйек айында аулаларға су жеткізіп береміз. Ауылда шамамен 80-85 түтін бар. Су мұнарасының резервуарын күрделі жөндеп, жаңадан сутартқыштар орнатамыз. Құрал-жабдықтарымыз бен қондырғыларымыз бар», – деп жауап берді А.Иримбетов телефон арқылы тілдескенімізде. Сондай-ақ ол орға түсіп, арам өлген түлікке фирма ешқандай өтемақы төлемейтінін де ескертті. Үй жануарларына иелері өздері жауап беруі керек деп санайды.

***

Жоғарыда Жұмат Шанинды басынан мәселе арылмаған деп тегін атаған жоқпыз. Ауылда ауызсудан бөлек, жол мәселесі, мектеп пен мәдениет үйінің ескілігі бар. Ал ауылдық округке қарасты Шоманкөл бөлімшесінің жолы да көп жылдар бойы қараусыз қалып қойған.

Соңғы жылдары ауыл халқының ауызбіршілігіне қатысты да түйткілдер жиі кездесіп қалып жатады. Себебі елдімекен ішіндегі мәселелерді ақылдасып шешуге арналған «ауылдық қауымдастықтың» мүшелеріне қатысты кілтипан мол. Жергілікті жас азаматтардың Теміртай Әбиев, Ерсін Бәкіров сынды ел ағалары (бұлар қауымдастықтың белді мүшелері) ортақ ұстанымдарға келгенде бұра тартып, өз пайдаларына шешім қабылдайды деген шағымдарын жиі естиміз. Мысал үшін күзде ауылдықтар шөп бағасын ортақ шешіммен белгілейді. Әлгі ел ағаларының шаруашылықтары, кәсіптері бар.  Олар жазда мал азығын дайындау науқанында мемлекеттік бөлінген бағасы арзан трактор отынын сатып алуға елдің алды болып ілігеді. Үкіметтің талабы бойынша, арзан жанар-жағармай алғандар өз ауылдастарына қарайласып, шөп бағасын тұрғындардың қалтасына тимейтіндей етіп ұсынулары керек. Алайда шаруашылық басшылары күзде ол уәделерін ұмытып, ауылда не техникасы, не артық қаражаты жоқ отбасыларға шөпті қымбатқа сататын көрінеді.  Амалы қалмағандар шөптің арбасын кемі 50 мың теңгеден сатып алуға мәжбүр болады. Оның үстіне шөп тиегіш техника өз қызметі үшін 4 мың теңге алады. Сонда бір арба шөп 54 мың теңгенің үстіне шығып кетеді. Әлгі шаруа қожалықтары ауылдастарына арзандатып сатқанның орнына, шөпті аудан орталығына апарып қымбатқа өткізуді ар көрмейтін көрінеді. Осындай әділетсіздіктерден шаршаған отбасылар ауыл әкіміне жергілікті қауымдастық мүшелерін өзгерт деп талай мәрте талап қойыпты. Алайда Әлібек Сапабековтың оларға тісі батар емес.

Жалпы қазіргі ауыл әкімінің жүргізіп отырған жұмысына да жұрттың көңілі онша-мұнша толмайтынын байқадық. «Бұрынғы әкімдеріміз елдің тумасы болғандықтан шығар, шын жаны ашып, кез келген мәселені шешуге бірден жүгіріп кететін. Өкінішке қарай, Әлібек Сұңғатбекұлының бойынан ондай қасиетті көре алмадық. Керісінше, көп істерде қитығып, менің айтқаныммен ғана жүресіңдер деп қыр көрсетеді. Кейбір қоғамдық істерден сырт айналады»,- дейді аты-жөнін атағысы келмеген ауыл тұрғыны.

Осы мақалада есімі аталған Нұрдәулет Айтбаев әкімнің әйелі Қарлығаш Сапабекова ауылдық клубтың әдіскері атануға құлшынып отырғанын айтады. Бұл міндетті ұзақ жылдардан бері Нұрдәулеттың өзі атқарып жүр. Алайда жаңа әкім келгелі Баянауыл аудандық сауықтыру орталығынан Жұмат Шаниндегі мекемеге түрлі қысым көбейіп кеткен. Былтыр тіпті, әдіскерді жұмыстан кенеттен шығарып тастап, ел үлкендерінің сөзімен қайтадан қызметке алыпты. «Клубтың ғимараты ескі, не музыкалық аппаратурасы, не тартатын аспаптары жоқ. Соған қарамастан аудан бізге жұмыс жүргізбей отырсыңдар деп қисынсыз талап қояды. Жабдық шаралары мен той-томалақ өткізгені үшін жергілікті жұрт арендасына біраз қаражат төлейді. Алайда ол қаржы ауданға түседі. Оның есебін біз білмейміз. Бізде банктік есепшот, бухгалтер деген атымен жоқ. Мені күтпеген жерден жұмыстан шығарып жіберіп, қайтадан қабылдады. Осының барлығы маған қарсы жасалған әділетсіз жағдайлар», – деп қынжылады ол.

Айтпақшы, Ә.Сапабеков әңгіме барысында ауылдағы белсенді тұрғындардан жаңадан комиссия құру бастама сәтсіз аяқталғанын, енді елдімекеннің әр көшесіндегі жұрт сөзін тыңдайтын үлкендердің басын құрасам деп жоспарлап отырғанын жеткізді. Ауыл жұртының ынтымағы мен ауызбіршілігін арттыру былтыр ғана сайланған әкімге үлкен сын болып тұрғанын түсіндік. Ел ішінде қырсықтар табылады. Дегенмен, ауыл басшысы ортақ мәмілені, таразы басын теңселтпей ұстай білуі шарт. Мемлекеттік қызметте ант қабылдап, тұтас ауылдық округті өз жауапкершілігіне алған соң бұл міндеттің салмағы да ауыр. Сондықтан әкім мырза бұл сынақтан да абыроймен өтеді деп сенім артамыз.

Екіншіден, ауыл әкімінің жоспарында ауылдық мектепті күрделі жөндеуден өткізу, жаңадан клуб салу, ауыл ішіндегі жолдарды асфальттау (шамамен 9-10 шақырым), жедел жәрдем көлігін жаңарту шаралары тұр. Бұл істерді де жұрт көңіліне жағатындай атқарып шығу абзал. Былтыр ауыл әкімдігінің пәрменімен Шоманкөл ауылының 7 шақырымдық жолы ауданның балансына алыныпты. Оған дейін ол жол иесіз қалып келген. Енді бұл автожол да жөндеуді сұрап тұр. Бұған қоса ауданмен екі ортаға қатынайтын жолды асфальттау жобасы да аяқталған жоқ. Бұл мәселелерді биыл қосымша пысықтаған жөн болар.

Үшіншіден, ауыл ішінің тазалығы, ескі үйлердің орнын ысырып тастау, саябақ құру мәселелері толық іске аспай отыр. Жаңа әкім бұл жайтқа да көңіл аударғаны абзал.

Қысқасы, Жұмат Шанин ауылының бүгінгі жағдайы мәз емес. Ауылда жас отбасылар көп дегенмен, жыл санап жан басы азайып бара жатқаны айғақ. Ауызсу, жол мәселелері шешілмейінше, адамдардың сыртқа қоныс аударуы тоқтамайды. Ал елдімекендегі мәселелерге билік жедел көңіл аударып, шұғыл шешіп тастауға талпынса, халықтың көңілі тоқ болар еді.

Баянауыл ауданы,

Күркелі ауылдық округі,

Жұмат Шанин ауылы

4 thoughts on “Жауапсыздықтың құрбанына айналған Шанин жұрты

  1. Ассалаумағалейкум жерлестер.
    Қал жағдайларыңыз қалай?!

    Арызды кім жазады? Әрине, қоғамнан әділдік іздеп, күштіге қарсы тұрар дәрмені жоқ кейбір адамдар тиісті органдардан көмек сұрап, арыз жазады. Былай қарасаң, бәрі орынды.

    Бірақ кешеден бері жазып жатқанға менің өз айтарым да шағымым да бар.
    Ауылымызға жаңа әкім Әлібек Сұңғатбекұлы отбасымен келді.
    Бар жоғы қызметте жүргені, саусақпен санасақ өткені 7 ай ғана.
    Осы уақыт ішінде қысқы жылыту маусымына толық жұмыс жүргізді, қыс айлары бойы жұмысты дұрыс ұйымдастыра білудің арқасында округ ауылдарының ішкі және сыртқы жолдары үнемі тазаланып тұрды. Оны көрдіу.
    Осы уақытқа дейін, жасыратыны жоқ мәдениетіміз, яғни Мәдениет үйінің жұмысы өте төмен жағдайда болды. Көп сылтаулар айтылды. Мәдениет үйінің әдіскері Нұрдаулет Айтбаевтан ғимарат апатты жағдайда деп бір айтты, апаратура жоқ деп бір айтты, өз жұмысына салғырт қарауының нәтижесінде, ұйымдастырушылық басқару мәдениеті болмағандықтан жұмыс мүлде өткізілмеген деп ауыз толтырып айтуға болады.
    Оған ел ағалары мен жастары көп шағымдар да айтқан.
    Нұрдаулет Айтбаев үнемі жұмысқа кешігіп келеді, себепсізде мүлде болмаған күндері де болған. Өзі тәртіпті дұрыс ұстамағаннан соң, ұжымына не айтарымыз бар.
    Қайта Жаңа әкім келген соң, қатты қадағалаудың арқасында Жаңа Жыл, Аналар мерекесі, Әз Наурызымыз өте жоғары денгейде өтті.
    Ол жасыратын емес. Барды бар, жоқты жоқ деу керек.
    Содан Нұрдаулет Айтбаевқа қайта ескерту жасағанын көтере алмай неше түрлі жазғаны да осыған себеп, жала жауып халықты яғни біздің мұң мұқтажымызды пайдаланып, өзінің жеке көзқарасын шешіп отыр. Ол енді дұрыс емес.

Пікір үстеу