Қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын Әнуарбек Дүйсенбиевтің бүлдіршіндерге арналған жырларын балғын оқырмандарымызға ұсынамыз. Өлеңдер «Ziyat» баспасынан жарық көрген «Ақ мамам» кітабынан (құрастырушы – Асылан Тілеген) алынды.

Ақылшым – мұғалім
Сәбилік көңілден
Арналды бұл әнім.
Баулитын өмірге
Ақылшым – мұғалім.
Тіліңді аламын,
Айтқанды ұғамын.
Мен сендей боламын,
Ақылшым – мұғалім.
Арқаңда өзіңнің,
Адам боп шығамын.
Бәрі алтын сөзіңнің,
Ақылшым – мұғалім.

Біз өмірдің гүліміз
Зеңгір көктен,
Нұрын төккен,
Ортақ біздің күніміз.
Жайнап өскен,
Жайдары өскен
Біз өмірдің гүліміз.
Бал достыққа,
Жолдастыққа
Шақырады әніміз.
Тыныштықта,
Нұр құшақта
Бақыттымыз бәріміз.

Мектеп-ана
Гүл толы қала, далада,
Гүл толы бүгін омырау.
Шақырып мектеп-анаға,
Соғылды тұңғыш қоңырау.
Қадірлі мектеп – бұл мектеп,
Оқыған ата-анамыз.
Атыңды сенің құрметтеп,
Әрқашан еске аламыз.
Сүйеміз мектеп ұлы ана,
Партаңды, карта, тақтаны.
Ержетіп талай ұланың,
Еңбегін ел мақтады.

Ақ мамам
Ел жатқанда жатпаған,
Мен деп тыным таппаған.
Бақыты үшін баланың
Аман-сау бол, ақ мамам.
Күлімдеген көзіңнен,
Күн мейірімі сезілген.
Бұл жалғанда балаға
Жақын жан жоқ өзіңнен.
Өзің маған мият күн,
Сен деп таңым жиі атты,
Ақ мамамның айқайы,
«Айналайын» сияқты.
Құшырланам өпкенде,
Күлкің нұрлы көктемдей,
Жақсылығын жалғанның
Саған үйіп-төккендей.
Қуат беріп құшағың,
Қанат бітіп ұшамын.
Естіртемін алып кеп
Ел білмейтін құс әнін.
Көрсетемін күллі елді,
Жарық етем түндерді.
Өсіріп мен сыйлаймын,
Жұрт көрмеген гүлдерді.
Мен деп кірпік қақпаған,
Менсіз тағам татпаған.
Бақыты үшін балаңның,
Аман-сау жүр, ақ мамам!
