
Саналы ғұмырын қазақ тарихын зерттеуге, ұлттық журналистиканың да-муына арнаған тарих ғылымдарының докторы, белгілі публицист Қырықбай Аллабергеннің есімі ұлтымыздың рухани кеңістігінде айрықша құрметпен ата-лады. Қазақ баспасөзінің тарихын терең зерттеп, ұлт журналистикасының қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосқан галымның еңбектері бірнеше буын зерттеушілерге бағыт-бағдар болып келеді.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлт-тық университетінде белгілі ғалымның құрметіне арнайы кабинет ашылып, тағылымды шара өтті. Бұл игі баста-ма университеттің 30 жылдық мерей-тойы аясында ұйымдастырылып отыр. Кабинеттің ашылу салтанатында уни-верситет ректоры Ерлан Сыдықов, зиялы қауым өкілдері және журналистер мен ғалымның шәкірттері қатысты.
«Қырықбай Аллаберген осы университеттің журналистика факультетінде жұмыс істеп, жаңа буын журналистерді тәрбиелеуге үлес қосты. Бүгін өмірден өткен ғалымды еске алу мақсатында Қырықбай Аллаберген атында медиа-зертхана ашылып отыр. Осы бастама-ны ғалымның зайыбы Бақыт Баткеева мен жақын туыстары қолдап, зор еңбек сіңірді. Бұл зертхана заманауи құрал-жабдықтармен толықты. Мұнда әртүрлі шағын жиналыстар өтетін арнайы зал мен подкаст түсіретін құрылғы бар. Ал-дағы таңда бұл аудитория жас журна-листердің өз саласын терең меңгеріп, ғалым-ұстаздардан үлгі алуына ой түрткі бола береді», деді Еуразия ұлттық университеті Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің директоры Нұржан Қуантайұлы.
Жиында сөз сөйлеген әріптестері айту-лы тұлғаның қазақ журналистикасының тарихын жүйелеудегі еңбегіне тоқталып, оның ғылыми мұрасы ұлттық руха-ният үшін аса құнды екенін атап өтті. Сонымен қатар ғалым тәрбиелеген шәкірттердің бүгінде ел ғылымы мен ақпарат саласында жемісті еңбек етіп жүргені айтылды.
«Қырықбай Аллабергеннің есіміне бұрыннан таныспыз. Оның осыдан 25 жыл бұрын жазған ғылыми терең талдаған еңбектерін қазір Назарбаев университетінде студенттерге оқытып жүрмін. Кейде америкалық ғалымдар менен: «Деколония туралы бұрын қазақ ғалымдары жазған ба?», деп сұрайды. Мен оларға Қырықбай Аллабергеннің еңбектерін айтамын. Осыдан-ақ ғалым-ның өз елінің тарихы мен тағдырын жақсы білгенін аңғарамыз», дейді ғалым Айгүл Ісмақова.
Жаңа ашылған кабинет студент-тер мен жас зерттеушілерге арналған рухани-танымдық орталыққа айналмақ. Бұл бастама білім-ғылым саласына адал қызмет еткен ғалымға көрсетілген құрмет һәм кейінгі буынға өнеге болатын маңызды қадам.
Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН,
«Egemen Qazaqstan»
