Еламан ҚАБДІЛӘШІМ

Адам баласы ізгілік іздесе, адамдыққа ұмтылса, ілім-білімге талаптанса, Абай айтқан «Толық адам» категориясына жетуге талпынса, алдыңғы кезектердің бірінде ғұлама, әулие Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының өмірінен өнеге, еңбегінен тағылым алуы керек.

«Не нәрсе талаптансаң табылады» деген екен Мәшһүр баба. Тамшыдай ізденіс пен таудай талаптың жемісі ретінде дүниеге келген «Мәшһүр жол» аудиокітабы зейінді де, зерек, талапты да талантты әр жанның, әсіресе, жастардың жан серігіне айналса екен. Заман ағымына, уақыт талабына сай туындаған туынды баршаға – ортақ, бәріне – қолжетімді.

Бүгін «Шаңырақ» облыстық орталығының ұйымдастыруымен айтыскер ақын, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы, Мәдениет саласының үздігі, «Алтын домбыра» иегері Аспанбек Шұғатаевтың авторлық жобасы – «Мәшһүр жол» аудиокітабының таныстырылымы өтті.

Таныстырылым барысында көрермен қауым аудиокітаптан үзінділер тыңдап, Жүсіпбек аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының әртісі, “Мәдениет саласының үздігі” Бек Тоқатовтың сомдауында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының моналогына куә болды.

Іс-шараға Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының ұрпақтары, зиялы қауым өкілдері, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының Павлодар облысы бойынша бас имамы, «Сенімен болашақ» ҚҚ құрылтайшылары, ақын-жазушылар мен өнер адамдары қатысты.

«Мәшһүр жол» аудиокітабы оқырмандар мен тыңдармандарға ойшыл, фольклортанушы, этнограф, тарихшы, ақын, қазақ мәдениетінің белгілі тұлғасы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының туғанына 165 жыл толуына орай ұсынылып отыр.

Аудиокітаптың тұсауын облыс әкімі Асайын Байханов пен Мәшһүр Жүсіптің шөбересі Абай Шәрапиев кесті.

Асайын Қуандықұлы құттықтау сөзінде ғұлама ғибратын насихаттауда елеулі еңбек еткен Аспанбек Ерікұлына алғыс білдірді.

“Мәшһүр бабамыздың баға жетпес мұрасын одан әрі дамыту ісінде, барынша қолдау көрсетіп, тиісті деңгейде ұйымдастыруға күшімізді саламыз.

Мәшһүр атадай әулие туған киелі топырақтың тумасы ретінде бұл мен үшін де үлкен жауапкершілік деп білемін.

Қалың тыңдарман қауымға жол тартқан бірегей жоба бәрімізге құтты болсын. Бұл жоба – жаңа заманның жәдігеріне айналары сөзсіз.
Осы аудиокітапты шығару жолында маңдай терін төгіп еңбек еткен Аспанбек Шұғатаев пен зиялы қауым өкілдеріне алғысымды білдіремін”, – деді Асайын Қуандықұлы.

Кездесуде ҚМДБ-ның Павлодар облысындағы өкілі, «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің бас имамы Жолдас қажы Қоспақұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының ұрпақтары Абай Шәрапиев пен Әсет Пазылов, «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы, өнер жанашыры, ұлттық құндылықтардың қамқоршысы Нұркен Асанов, жазушы, ақын, «Қанжығалы Бөгенбай», «Мәшһүрдің мұңы», «Бақ-бұғау» кітаптарының авторы, ф.ғ.к., Торайғыров Университетінің профессоры Серік Елікбай Мәшһүр Жүсіп туралы тебірене сөйлеп, бұл аудиокітаптың өскелең ұрпаққа өрелі өнеге екенін айтты.

Аудиокітапта ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының әңгімелері, өлеңдері, этнографиялық мақалалары, қисса-дастандары, шығармашылық еңбектері мен философиялық толғамдары топтастырылды. Аудиокітапты құрастыру барысында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 20 томдық шығармалар жинағын пайдаланылған.

Аталған жоба Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының дүниетаным турасындағы, өмір, ұлт жайлы толғамдарын баршаға қолжетімді, заманауи үлгісін жасау; Ғұламаның өнеге-өсиеттерін, халқымыздың рухани байлығына өлшеусіз үлес қосқан шығармаларын жас буынға үлгі ету; Әулеиенің шығармаларын смартфондық үлгіде таныстыру, жаңа замандық нұсқада халық арасына кеңінен таныту мақсатында жүзеге асырылды.

Аудио нұсқада Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығармалары «APPSTORE», «PLAY market» қосымшаларына орнатылды.
Кез-келген қолданушы ойшылдың кітабын смартфонына жүктеп, тыңдай алады.

Жиынды Аспанбек Шұғатаев арнау жыр айтып түйіндеді.

«Бір адамның ішінен адам шығады, бір адамның ішінен ғалам шығады. Бүгінгі адам ұмытып топырақтығын, дүниенің боп кетті хабаршылары. Маған осы шығар деп аудио кітапты, адам келіп айтқан жоқ, заман сұрады. Қазір біз үйдегі балаларымыздан бастап төрдегі үлкендерімізге дейін ғаламтордың торына шырмалып, смартфонның ішіне еніп кеткеніне куәміз. Инстаграмм, тик-токты арзан сөз, жабайы әзіл, жеңіл дүниелер жаулады. Біздің санамызды улап, бойымызды ластап жатқан сол күшке қарсы тұру әрбіріміздің міндетіміз. Мен сол міндетті атқаруда – Мәшһүр ғұламаға жүгіндім. Енді, әулиенің өлеңдерін, әңгімелерін, ғибратты сөздерін кез-келген жерде, кез-келген уақытта тыңдап жүрегімізді жылыта аламыз, жанымызды жұбата аламыз.

Баба мерейтойындағы осы жобамды қолдаған азаматтарға алғысымды білдіремін» , – деді жоба авторы Аспанбек Шұғатаев.

Мәшһүр баба айтқандай: «Кедейлік үш ағайынды болады: үлкені – кежірлік, ортаншысы – еріншектік, кенжесі – ұйқы». Сіз бен біз тек мал кедейлігіне ғана емес, жан кедейлігінен қорқуымыз керек. Кежірліктен құтылып, еріншектікті жеңіп, ұйқымызды ашсақ рухымыз кемелдене түспек. Бұл үшін бізге темірқазықтай жол сілтейтін – Мәшһүр сөзі мен Мәшһүр жолы.

Суреттерді түсірген: Есенжол ИСАБЕК

Пікір үстеу