ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде орыс модернизмі мен еуразиялық екпіннің ең арынды, ең қатерлі де қасиетті нүктесінде тұрған Павел Васильев шығармашылығы – біздің ұлттық әдеби санамыз үшін сырттан келген құбылыс емес, өз ішімізден, өз топырағымыздан бүр жарған, бірақ орыс тілінде толғанған төл перзенттік жыр. Алтай мен Тарбағатай, Сауыр мен Сайқанның асқарынан басталып, Ертістің ендігімен құлдилайтын, Баянауылдың қарағайлы қиялары мен Зайсанның жусанды белдерін шарлаған бұл асау романтизм – қазақтың дәстүрлі жырының табиғатымен іштей тамырлас, тағдырлас дүние.
Павел Васильевтің Даладан тамыр үзбеген асқақ үні мен халықтық тұлғасы замандастары мен кейінгі қаламгерлер қауымына орасан зор ықпал етті. С. Поделков, В. Фёдоров, Б. Ручьёв сияқты танымал ақындар одан үлгі алғандарын ашық мойындаса, Цыбиннің «Туған дала» поэмасы мен Прокофьевтің «Ресей жайлы жыр» толғауынан Васильевтің өзіндік сарыны анық сезіледі. Бұл еліктеу мен шығармашылық байланыстар туралы Д. Ковалёв өз мақалаларында арнайы тоқталған. Сонымен қатар, ақынның тағдыры мен бейнесі өзге де сөз зергерлерінің туындыларына арқау болды: И. Шухов, В. Лебедев, Н. Трегубовтар оған поэмаларын арнаса, А. Алдан-Семёнов, А. Поперечный, Я. Смеляковтар өз жырларымен естелік-ескерткіш қашады. Ал Варлам Шаламов «Воспоминания о П. Васильев» атты естелігінде, Валентин Сорокин «Дело №11254» повесінде ақын бейнесін оқырман жүрегіне жеткізсе, композитор А. Градский Васильевтің сөздеріне жан тебірентерлік романстар жазып, оның поэзиясын музыка тілімен асқақтатты.
Ақын мұрасын ғылыми тұрғыдан зерделеу ісінде де отандық және шетелдік зерттеушілердің қосқан үлесі орасан зор. П. Выходцев, С. Черных, Г. Тюрин, В. Казак сияқты ғалымдардың еңбектерімен қатар, Е. Евтушенконың «Орыс поэзиясының он ғасыры» және А. Фоминнің «Васильевтанудың қысқаша тарихы» атты монументалды дүниелері ақын ғұмырын үлкен сүйіспеншілікпен суреттегенімен дараланады. Халықаралық деңгейде украиндық әдебиеттанушы Елена Бураго ақын шығармашылығы бойынша көп жылдар бойы арнайы курстар жүргізсе, жерлесіміз К. Рахымжанов «Ақын П. Васильевтің негізгі өмірлік университеттері жайлы» атты құнды зерттеуін жарыққа шығарды. О. Григорьева, Л. Кашина, С. Гранская сияқты зерттеушілердің ізденістерімен сабақтасқан үлкен бір арна – павлодарлық васильевтанушы Баян Әлкебаеваның «Бір Отанның қос перзенті» атты мақаласы. Автор бұл еңбегінде Павел Васильев пен Мағжан Жұмабаевтың тағдырластығы мен рухтастығын қатар өрбітіп, ақындардың жарлары мен туған інісі Виктордың тартқан азапты ғұмырын терең талдай отырып, ұлы таланттардың мұрасы халық жадында мәңгі сақталатынын дәлелдеп берді.
Васильев поэзиясының қазақ тіліне аударылу, қабылдану және қайта туу тарихына үңілу – тарихи танымның терең қабаттарына бойлау, ұлттық мәдени кодтың өзге кеңістікте өзін-өзі тану үдерісін зерделеу.
Павел Васильевтің қазақ оқырманының, әсіресе қазақ ақындарының жүрегіне ешқандай кедергісіз, бірден жол табуының сыры геопоэтикалық тұтастықта жатыр. Тілдік тұрғыдан орыс мәдениетіне тиесілі болғанымен, оның суреткерлік интуициясы, бейнелеу жүйесі, тіпті өлеңдерінің ішкі ырғақтық динамикасы көшпелілердің ат тұяғының дүбірінен, кең даланың шексіздігінен нәр алған. Васильев – осы даланың өз ішінен шыққан, оның қасіреті мен қуанышын терең сезімімен қабылдаған суреткер. Оның «Тұз бүлігі» поэмасында патшалық империялық жүйенің қазақ ауылдарына әкелген зобалаңын, еркіндікті аңсаған дала адамдарының трагедиясын ашына, қабырғасы сөгіле жырлауы – жүрегінің соғысы қазақпен бірге болғанының бұлтартпас айғағы.
– Шап! – деп, Корнила Ильич сонда ақырды,
Түлкіге шүйілген бүркіттей болып атылды:
– Тосылдың неге? Жасыдың неге, боқмұрын?
Шап!
Григорий Босой, ірілме!
Қылма ғапылдық!
Семсерінің сыңғыр етті де, солды үні.
Сүрінген аңдай жығылды қолы сермелген.
Қыз тұрды сасып, қыз тұрды кешіп сергелдең.
– Атаман?!
– Шап!
– Қолым бармайды… – деді – сермеуге!
Корнила Ильич қабарды қаны қарайып,
Ақ қырау мұрты тікендей, көзі алайып.
Түйілген қасы қос төбеттейін қарпысып,
Тұрғандай бейне арсылдап келіп талайын.
– Шап, казак!
– Атаман, болмайды! – деді тағы тек,
– Ой, атаңның аруағы… әкең… лағынет!..
Ессіз құл! Өзің қазаққа дос боп шықтың ба?!
Қаһарлы жасын ойнаған көзден оқ атты,
Григорийдің маңдайын дойыр жарды кеп… («Тұз бүлігі» поэмасынан, аударған А.Оралхан).
Васильев мұрасының қазақ тілінде насихатталуы ХХ ғасырдың 60-жылдарынан бастау алғанымен, 80-90 жылдардағы толқын – Жұматай Жақыпбаев, Иранбек Оразбаев, Әмірхан Балқыбек және кейінгі толқыннан Ержан Алаштуғандар – Васильев өлеңдерін аударуды мүлде жаңа, эстетикалық тұрғыдан жоғары деңгейге көтерді.
Ақын мұрасының қазақ баспасөзіндегі зерттелу хронологиясына көз жүгіртсек, П. Васильев шығармашылығы ондаған жылдар бойы үзіліссіз зерделеніп келгенін көреміз. Бұл орайда С. Сырымбетовтің 1967 жылы «Коммунизм туы» газетінде жарияланған «Павел Васильев туралы сөз» атты мақаласы, Ә. Нілібаевтың 1970 жылғы «Қазақ әдебиеті» басылымындағы «Дала жыршысы» зерттеуі, Б. Жұмаділдиннің 1982 жылы «Лениншіл жас» газетінде жарық көрген «Қырда туған жырлар» еңбегі, Ә. Қайырбаевтың 1990 жылғы «Коммунизм туы» газетіндегі «Зайсан топырағында туған талант» туындысы, О. Жандарбекованың 1997 жылғы «Дидар» газетіндегі «Әлі сендерді ақтайды, адамдар» атты жазбасы, С. Қинаятқызының 2000 жылы «Дидар» басылымында шыққан «Арқалы ақын» мақаласы, «Ақын бесігі – қаршығалы өлке» мақаласы және Қ. Бұрынбетованың 2010 жылы «Достық» басылымында жарық көрген «Зайсан табиғатын жырлаған ақын» атты зерттеуі, 2010-2015 жж. С.Сатыбалдин, С.Баязитов сынды керекулік қаламгерлер ақынның Павлодардағы өмір кезеңін қамтитын туындыларын тәржімалап, өлеңдерімен қатар очерктерін аударды. Бұл – П.Васильевтің тағдыр-талайы мен қазақ топырағымен сабақтасқан шығармашылық байланысын жан-жақты айшықтайтын құнды шежіре іспетті.
Қазақ ақындары Васильевті аудару барысында өздерінің де шығармашылық потенциалын кеңейтті, орыс өлеңіндегі футуристік, имажинистік ізденістер мен далалық номадтық интуицияның қалай шендесетінін шабытты шумақтармен дәлелдеді. Павел Васильев сияқты экспрессиясы шегіне жеткен, интонациясы дедектеген, дыбыстық ассонанстар мен аллитерацияларға құрылған ақынды аударуда сөзбе-сөздік – шығарманың рухын өлтірумен тең. Васильев өлеңінің басты ерекшелігі – оның ішкі екпінінде. Ол – байсалды, бірқалыпты баяндайтын ақын емес, ол – Ертістің тасқынындай арындаған, шарт-шұрт еткен найзағайдай тілгілейтін суреткер.
Жұматай Жақыпбаевтың тәржімасындағы «Хат» өлеңі – осы ішкі динамика мен нәзік лиризмнің қазақ сөзімен өрілген тамаша үлгісі. Орыс өлеңінің ішкі иірімдерін қазақтың байсалды, бірақ астарлы мұңына сыйғызған Жұматай:
«Үшкіл қанат шағалаша ай аунап,
Қалқып ұшып, құм көмкерген су түбі
Қарайды да, бірте-бірте баяулап,
Көне күміс секілденді жылтылы» – деп басталатын шумақтар арқылы Ертіс бойындағы ымырт шақтың суретін ғана емес, Васильев жанының күйзелісін де дәл береді. Мұндағы «көне күміс» бейнесі – тек судың бетіндегі ай сәулесі емес, уақыттың, сағыныштың, өткен күннің ескірмейтін нышаны. Жұматай аудармасында Васильевтің кеңестік идеологияға, Родов секілді пролетарлық сыни топастыққа деген ақындық қарсылығы өте айқын, өткір естіледі:
«Өтірік сөз дейсің бе тек дау ғана,
Соңғы соққы, көр осыдан жығылмай.
Тым көп екен өмірді де саудаға
Айналдырсам дейтұғындар бірыңғай.
Одан-дағы қалғаным жөн тірі өліп,
Мен нұсқаумен жазу үшін тумағам…»
Бұл – Васильевтің ғана емес, оны аударып отырған, кеңестік цензураның қыспағын көрген Жұматайдың да ішкі үні, ақындық позициясы. «Тезистер мен анкеттер боп өлеңі, Кім тезистер, анкеттермен әндетпек?!» деген жолдар екі ақынның тағдырлас, мақсаттас рухын біріктіріп тұр. Жұматайдың Васильев стихиясына бойлауы «Азиат» өлеңінде мүлде бөлек сипат алады. Ол Васильевтің орыс диссиденттік, есениндік «бұзақы» сипатын қазақшалағанда сыпайы, қалыпты өлең өлшеміне салып жібермей, оның тарпаңдығын сақтайды:
«Сары болсын қатқыл шашым,
Біз ұқсаспыз көп орайда.
Қоя беріп аттың басын,
Теңге іле алам көкорайда» – деген жолдардан далалық еркіндік пен орыс романтизмінің синтезі менмұндалайды. Ал Иранбек Оразбаевтың дәл осы «Азиат» өлеңін мүлде басқа ырғақта, өзіне тән өршіл, экспрессивті интонациямен аударуы – бір мәтіннің қазақ топырағында бірнеше нұсқада қайта туа алатынының дәлелі:
«Астамсынба!
Аласұрма!
Алқынба!
Қалдың азиат, баяғы таз қалпыңда:
Қалың малға сатылмайды бұл әйел,
Сатылмайды ақшаға да, алтынға!»
Иран-Ғайып аудармасында Васильевтің стиліндегі «скифтік», дөрекілеу, бірақ асау мінез доминантты рөл атқарады. Ол өлеңнің екпінін үтір мен леп белгілері арқылы бөлшектеп, оқырманды дедектетіп отырады. Бұл екі аудармадан біз сөзбе-сөз аударманың емес, көркем тәржіманың, яғни қос ақынның Васильевті өз шығармашылық лабораторияларынан қалай өткізгенін көреміз.
Иранбек (Иран-Ғайып) Оразбаевтың «Түйе» өлеңін аударуы да қазақ әдебиетіндегі үлкен ізденіс. Орыс суреткері Виктор Уфимцевке арналған бұл туындыда Шығыстың, Түркістанның бүкіл тауқыметі мен мифтік болмысы түйе бейнесі арқылы ашылады. Иран-Ғайып қазақ этнопоэтикасының бүкіл қуатын пайдаланады:
«Сахарада сан қиямет өткеріп,
Ақтарылған ауызынан ақ көбік,
Азияны – Түркістанды ақтаған,
Төсі менен төрт табанын шоқ көміп.
Көшпендінің басындағы бақ-талан –
Ойсылқарадан асатын жоқ көлік!»
«Ойсылқара» ұғымын енгізу арқылы аудармашы Васильевтің мәтінін қазақтың төл дүниетанымымен шендестіріп жібереді. Өлеңнің екінші бөлігіндегі «Күллі Шығыс түйе үстінде жүр көшіп» деген жол тарихи-философиялық масштабты аңғартады. Ал ақынның махаббат лирикасының шоқтығы биігі – «Анастасия» өлеңіндегі трагедиялық сезім мен Ресейдің тағдыры қатар өрілген сәттерді Иран-Ғайып үлкен драмалық қуатпен жеткізеді:
«Анастасия, Настя, көңіл-көгіңнен
Тамшы жас боп Россия түсті ағып!..» – деген жолдардан Васильевтің жеке басының қасіреті мен ХХ ғасыр басындағы аласапыран заманның үрейлі бейнесі анық көрінеді.
Павел Васильев поэзиясын қазақшалаудағы ең күрделі белдердің бірі – оның орыс тілінде жаза отырып, станица казактарының психологиясы мен қыр қазақтарының мінезін іштен көрсетуінде еді. Бұл деңгейге Әмірхан Балқыбектің «Мұқан Башметовтің өлеңі» атты аудармасы арқылы иек артамыз. Орыс қызына ғашық болған қазақ жігітінің ішкі намысы, өкініші мен махаббаты шығыстың дәстүрлі лиро-эпостық жырларының сарынымен беріледі:
«Өр едім мен, ездік ермен ойнар ма,
Көп ішінде ерекпін деп ойлайтын!
Мың сан құрым жұрт жиналған тойларда
Бұқаларды жығып салып тойлайтын.
Қызғаныштан айналғанда жауға дос,
Өрекпитін жайым бар-ды он есе.
Көншімейтін көкпар тартсам делебем…»
Әмірхан бұл аудармада Васильевтің мәтінін қазақтың сал-серілік мәдениетінің, көкпар мен балуандық өнердің лексикасымен байытады. Васильевтің орысша мәтініндегі Мұқан қазақша сөйлегенде өз үйіне, өз Отанына оралғандай болады. Мұндағы «Мұқан! Мұқан! Заң қатал ғой біздегі, Қалай елге көрсетесің төбеңді» деген жолдар екі түрлі мәдениеттің, рулық заң мен сезім еркіндігінің арасындағы қақтығысты, ұлттық психологияның нәзік тұстарын дөп басады.
Бұл тұрғыда ақын мұрасына іргелі ізденіспен келіп, өзіндік соқпақ салған алдыңғы буын тәржімашылардың еңбегі әрқашан құрметке лайық. Ал солардың ішінде Павел шығармашылығының ішкі иірімдері мен қазақы болмыстың астарлы қатпарларын үндестіре білген Ержан Алаштуған жасаған тәржімалардың орны мүлде бөлек, бітім-болмысы оқшау. Оның аудармасындағы ақынның тағдырлы да қасіретті үні, асқақ пафосы мен трагедиялық тереңдігі төл тіліміздің шұрайлы бояуларымен өрнектеліп, құдды бір қазақтың өз жырындай лапылдап отқа оранады. Мысалы, ақынның адам баласында сирек кездесетін қасиет иесі екендігін бағамдататын «Жүрек» атты өлеңінің мына бір шумағындағы ішкі күй мен үндестік Ержан қаламымен асқан шеберлікпен кестеленген:
… Үрейсіз үңілдім әлемге, тым асқақ,
Гүл өссе құт тұнып, бір ғажап ұқтырып.
Жендеттің алдында ерлігін растап,
Қаңсыған қап-қатты сүйекке құлаштап,
Лақтырды жүректі түнектің тұтқыны.
Ертіс туралы өлеңін аудара отырып, «Енді Ертісті сүймей көріңіз… Мүмкін емес! Шабытты асқақ шайыр ғой, сүйдіреді, сүйсіндіреді. Ол керемет қабілетіне өзгелерді тәнті етеді» – дейді Е.Алаштуған.
…Ертіс – кезбе
бар өзеннен түздегі,
Шайып өтсе сан кінәнің салмағын,
Көрсе кейін… жас орнына жүздегі
Толқын атқан асау тамшы қалғанын.
Тәржімадағы мына жыр жолдарынан да ақынның еркін тынысы мен албырт мінезі есіп тұр: «Түтіндетіп тапталмаған түзді қар, / Борандарда құрымастай қамдандым, / Қолғабыма сұқсам қолды қыздырар / Аптап еді, ауызындай арланның!» немесе «Мүлде ісі жоқ… көрмейді екен ар тіпті, / Әлдеқашан сөз қадірлі емес-ті, / Қарғаларды қарық қылып, тартыпты / Жырдың алтын күрсісі де көмескі! / Жырым менің! Қанға қанды шетінен, / Барша жауым. Өзің барда бұл күні, / Қабылдаймын сойқан атын, жетіген / Желдірмесі болса – күннің күркірі!» (аударған: Е.Алаштуған).
Ал кеңестік кезеңдегі ауыл өмірінің ауыр күйі, жүйенің жауыздығы мен әділетсіздік туындының тұғырына айналған, тұтастай трагедия болып өрілген ақынның ең негізгі поэмаларының бірі «Кулаки» дастанынан Дала баласының рухы мен мінезін танытар мына бір тұс қуатты қаламнан шыққаны анық:
Тыным тап та… Тыңда! Сонау түмен табын дүбірі –
Сүргін сүрлеу жолдарменен таңғы шөптің шығында,
Тозғын тері топ жамылып, көшіп-қонған ғұн ұлы
Түздің обыр жәндігіндей ұмтылған-ды Ұрымға!
Күнді де ауыр от шарпыған, тұман тұтқан ызғарлы.
Көтерілген желі қыңыр, қаталдығы дүр тіпті.
Жусаны ащы құсасындай тұтқындағы қыздардың,
Ауылдардың зарлы әніндей, саңқылындай бүркіттің (аударған Алаштуған).
Осы аудармашы-ақындар арқылы Павел Васильев ана тіліміздегі төл әдебиетіміздің де ажырамас бөлшегіне айналса, Виктор Поликарпов сынды павлодарлық суретшілердің Васильев поэзиясына арнап графикалық топтамалар жасауы, қазақ ақындарының оған қайта-қайта айналып соғып, жыр арнауы – ақын рухының біздің топырақпен тамырластығының өміршеңдігін танытады. Павел Васильев – Ертіс ендігінің, Алтай мен Сарыарқаның арасындағы ұлы даланың өз перзенті. Тәржімаланған өлеңдері – мәңгілік даланың өзіндік интонациясы, асау да асқақ үніне айналып отыр.
Дүниеде талант атаулының тағдыры әртүрлі. Адам баласы шынайы талантпен, хас өнердің құдіретімен бетпе-бет келгенде, қашанда бойындағы ұсақ сезімдер мен күнделікті тірліктің күйбеңінен арылып, тазарып сала береді ғой. Қаламгер Галина Серебрякова өзінің «О других и о себе» кітабында тағдыры талқыға түскен боздақтың ішкі айбатын дөп басып суреттейді. Ол ақынның жақында ғана тергеуден босап шыққанын, абақтының тар қапасында отырса да, бейне бір жер асты патшалығына түскен Орфейдей жыр төгіп, өзін тергеген тергеушілердің жүрегін сиқырлы поэзиясымен жібіткенін де естігенін жазады.
Павел Васильевтің өлеңдерін алғаш парақтаған сәтте, менің де алдымнан бұрын-соңды естілмеген далалық интонацияның дүлей екпіні лап қойған еді. Галина Серебрякова дұрыс айтады: «Оның жырларын оқи бастаған сәтте көз алдыңда жарқын әлем жайнап сала береді: бейне бір үйдің қабырғалары сөгіліп кеткендей болады; бөлмеге ұранды айқайы мен еркіндік әні қатар ескен, аңызға бергісіз, дүлей де қуатты байтақ Дала құйындатып еніп келгендей әсер қалдырды. Сұрғылт Сібірдің казактары ат ойнатып, тұлпарлардың тұяғының астында егін жапырылып, лаулаған күн бір батып, бір шығып жатқандай».
Ал жүздіктер сол сәтте-ақ
Түз төсіне төгілді.
Жұмыр жердей дөңгелек
Шаң көтеріп шөгінді.
Даңғырасын даңға ұрып,
Сортаңның мұзын үгітті.
Шашыраған жұлдызын
Шұбар жерге жаудырып (аударған А.Оралхан).
Павел Васильев – тек орыс әдебиетінің аясына сыймайтын, болмысы бөлек еуразиялық кеңістікке құлаш ұрған ақын. Оның бесігін тербеткен – Ертістің асау толқыны мен қазақ даласының еркін желі. Ол орыс-казактың қандық-генеалогиялық тамырын сақтай отырып, көшпенділердің дүниетану философиясын, олардың кеңістікті сезіну инстинктін бойына сіңіріп өсті. Батыс пен Шығыстың, отырықшы казак мәдениеті мен көшпелі қазақ өркениетінің тоғысқан жері – Ертістің бойы – ақынның жалын атқан поэзиясының метафизикалық өзегі.
Мұны біз ақынның әйгілі «Тұз бүлігі» («Соляной бунт») поэмасынан анық көреміз. Бұл туындыда Дала құрғақ декорация деңгейінде қалмаған; ол – өз заңымен өмір сүретін, жаны бар, сыры терең, алып бір киелі кеңістік. Мен осы поэманы қазақ тіліне аудару барысында ақынның сөз саптауындағы, дыбыстық үйлесіміндегі қазақы ұғымдардың табиғилығына таңғалған едім. Автор даланы сипаттағанда, көшпендінің көзімен қарайды:
Дала да көкке бұлқынып,
Әр гүлімен тімтініп,
Іңір нұрын иіскейді.
Әр сәулеге ұмтылып.
Көкжиекте көп бұлт,
Екі инін құлатты.
Көктен төмен сырғыды,
Қар көшкіні сияқты.
Құлама құз күп-күрең
Бұйра буды қылғыды.
Сонау бұлттың ішінде
Дәулер менен сан өгіз,
Бұлшық еті бұлтылдап,
Бақайлары сыртылдап,
Ауыр жұмыс үстінде,
Алпарысар, қараңыз!
Танауынан бу атып,
Талпынысар, қараңыз!
Шапер жары қарсы алды,
Буалдыр бұрым асынып.
Қыз емшекті төбесін,
Мас мұнарға жасырып.
Дала жолы тым ұзақ,
Шөпке аунасаң – шын ғажап!
Құдайға нәзір майшамдай,
Тұтатты алау кіл казак.
Құдайы күлше орнына,
Сорпаны судай ұрттасты.
Киелі дұға орнына
Келістіріп боқтасты (аударған А.Оралхан).
Осы жолдарды қазақшалау үстінде халқымыздың байырғы жыршылық мектебінің, жыраулық поэзияның интонациясын біреу құлағыма сыбырлап тұрғандай сезілді. Оның «Родительница степь» немесе «Приртышье» жырларындағы кеңістік ұғымы орыстың классикалық мұңды пейзажынан мүлдем бөлек, бұл «Задонщина» жырындағы: «Боз жігіт лашын болып ұшты, /Қайғы соңына тарғақ болып түсті.// Боз жігіт көк кептер болып ұшты,/Қайғы соңына қаршыға болып түсті» дегеніне келмейді, ол Ілияс Жансүгіровтің «Күй» поэмасындағы түйдекті арынды, Махамбеттің өлеңдеріндегі өрлікті еске түсіреді. Васильев пен Жансүгіровтің рухани үндестігі де осы кеңістіктің шексіздігінде, даланың арынды екпінін сөзбен суреттеу шеберлігінде жатқан жоқ па!?
Галина Серебрякова айтқандай, Павел Васильевтің шолоховтық масштабтағы, бітімі бөлек, тылсым құдіретке ие ғажайып жырларынан рухани ләззат аламыз. Васильев поэмаларының әуезділігі, сөз орамдарының құнарлылығы мен кейіптеулерінің сонылығы, табиғат бояуларының қанықтығы, өлеңінің өн-бойынан ескен алапат эмоционалды күш оқырманын баурап алады. Бірақ сол қуатты жырлардағы Сібір диалектизмдері мен қазақы тұрмыстық атаулардың астарлы мәнін бұзбай, ұлттық тілдің ырқына бағындыру – аудармашы үшін нағыз рухани майдан. Мысалы, ақынның табиғатты жанды кейіпкерге айналдыратын мына бір тұсын алайық:
Ертегі осы емес пе – айдан да асқан
Шөп соқпақтан от іздеп жайнаңдасқан,
Күркетауық түсіндей көрік созып,
Сырнайшысыз сырнайлар сайраңдасқан.
Самырсын: «Қалыңдықпын», – деп қылымсып,
Мастанған майға қабан маймаңдасқан.
Еңселі емен қарғып орынынан,
Таң атқанша би билеп тайраңдасқан (аударған А.Оралхан).
Орыс тіліндегі көркемдік бейнелілікті қазақтың ертегілік әрі эпостық тіл байлығымен қайта тірілту оңай шығармашылық міндет емес еді.
Поэмадағы мына бір ырғақты, екпінді шумақтардағы суретті кейіптеулердің бояуы қанық, дәлдігі анық:
Кептерді кептер қуғандай,
Етіктер етек қуысып,
Алқымы кеуіп, бір ісіп.
Шыт көйлек боран үйіріп,
Кептерді кептер шиырып,
Тұмсығын төмен салғандай.
Етіктер етек қуысып,
Төскейге шауып озғандай.
Кептерді кептер қуысып,
Қанаты жерді сызғандай.
Біз өкше етік таяп тұр,
Ұшуға жеңіл жылмаңдай.
Ұшымен басып аяқтың
Ұшпақты көріп тұрғандай (А.Оралхан).
Павел Васильев шығармашылығының алтын діңгегі де, шырқау шыңы да – оның сыршыл махаббат лирикасы. Оның ең азапты, алаулы сезімі атақты суретші Пётр Кончаловскийдің қызы, болашақ жазушы, әйгілі режиссерлер Андрон Кончаловский мен Никита Михалковтың анасы – Наталья Кончаловскаяға арналды.
Ақын Большая Садовая көшесіндегі «Кончаловскийлер үйі» терезесінің түбінде түней жүріп, орыс әдебиетінің алтын қорына қосылған «Стихи в честь Натальи» (Натальяға арналған жырлар) топтамасын дүниеге әкелді. Тән сұлулығы мен сезім арпалысын бейне бір аңшыға не жыртқышқа тән ашқарақтықпен, ештеңеден тайынбай ашық жырлаған ақынның бұл туындыларын уақытында Натальяның өзі «нағыз ғажайып» деп бағалаған екен. Қазақ ұғымындағы сұлулыққа табыну мен еуропалық еркін сезім шындығын ұштастыру мынадай жолдармен өрілді:
Ерніңнің еске алсам бал-шырынын,
Алма нәрін етіңнен елтіп аққан,
Дүниенің ұмытам таршылығын.
Дәл солай сүйер төсті тон шешкенде,
Мәскеудің мамыр желі желпіп-қаққан («Наталияға үшбу хат», аударған А.Оралхан).
Сонымен бірге, «Қалалық ару» өлеңіндегі мәскеулік арудың бейнесі мен дала серісінің серіппедей серке мінезі астасып жатады:
Етегің қандай! Еркелеп желмен ұшқаны,
Борандай ұйытқып шыт көйлек, өрттей лапылдап…
Төбеде бұлттың желбіреп түбіт пұшпағы,
Найзағай-жебе, күннің бір қатал қыспағы –
Қапа құрсаққа нөсер қамаған лақылдақ (аударған А.Оралхан).
Ақынның еркіндік сүйгіш асау мінезі, тоталитарлық жүйенің тар шеңберіне сыймайтын «көшпенді рухы» оны ерте ме, кеш пе, қасіретке әкеліп соқтыруы тиіс еді. Болмысы табиғи, дүлей, ішкі түйсігі қанық ол, әрине, періште емес-ті. Оның есімі бүгінде түрлі таласқа арқау болып келеді. Оны алғаш рет 1932 жылы тұтқындады. Ақындар Анов, Забелин, Марков және… Леонид Мартыновпен бірге ұстады. Бұл – Колчакты мадақтады және «Ақ Сібірді қолдады» деп айыпталған «Сібір бригадасының» контрреволюциялық ісі еді. Тұтқындау ордеріне Ягоданың өзі қол қойған.
Түрмеде, алдымен Электростальда, содан соң Рязаньда отырып ақын, таңғаларлығы, үш бірдей поэма жазады: «Фома ханзада», «Күйеу жігіттер» және «Христолюбов шыты» поэмасының бірінші бөлімі.
Тайганың кейбір тұсы – мұң,
Зардабы соғыс сұсының.
Орманын өртеп, жапырған,
Зеңбірек оғы опырған,
Маңдайы алтын томарлар,
Мылқау жынысқа жұтылып,
Жарылыс үні тосылған,
Канонада ізі басылған.
Жел ғана оны ұмытпас.
Қырылған сансыз қосыннан,
Қыналы сүйек шашылған.
Үстінде оның болып пәс,
Итшешек оттай жанып тұр,
Молада майса жарып бас.
Қардай сіңіп, жайылған
Көктем сайын шайылған.
Фоманың ауыр ізі де
Ізім-ғайым жойылған (аударған А.Оралхан).
Павел Васильев «жоғарыдан бұйрықпен өлең жазбайтынын» ашық айтып, билік жүйесіне осылай сес көрсетті; «Фома ханзада» туындысында өлімнің өзін асқақ, трагедиялық биіктікте суреттесе, «Жаралы жыр» («Раненая песня») өлеңінде ақынның ішкі дүниесі үнемі қуғын мен жаланың қоршауында жүргенін байқаймыз:
Іздеме менен сор таңба,
Соғылған ен жоқ арқамда.
Соңынан өзім сүрініп,
Сорымнан жапа тартам ба!?
Үрей ғып түрлі талауды,
Үйретпе етік жалауды.
Жылтырата алмайды,
Тіліме тікен қадаулы (аударған А.Оралхан).
1933-1934 жылдары Павел Васильевтің даңқы шырқау биікке жетті. Бірақ дәл осы кезде оның тағдыры күрт өзгерді. Кеңестік жүйе оның еркін мінезін кешірмеді. Максим Горькийдің сынынан кейін ақынға қарсы саяси науқан басталды. Баспалар шығармаларын жариялаудан бас тартты.
Асау ақынның тағдыры ХХ ғасырдағы бүкіл зиялы қауымның, соның ішінде қазақ арыстарының басынан өткен қасіреттің айнасындай. Ол 1937 жылы Мәскеуде, ал Ілияс Жансүгіров 1938 жылы Алматыда оққа ұшты. 1937 жылдың 16 шілдесінде Сталин, Каганович, Ворошилов, Жданов, Микоян қол қойған тізім бойынша оны Лефортовода азаптады да, ақындар Михаил Герасимов пен Борис Корниловпен бірге атып тастады. Онымен бірге тұтас бір дәуірдің еркін рухы атылды. Ол тірі оралатынына сенді. Соңғы жырларындағы мұң мен жалғыздық сарыны – өлімді сезген ақын жанының соңғы шырылы:
Суықторғайлар зымырап керім…
Соңыра, сірә, сорымнан
Көрермін көкжал зүміреттерін,
Иен терістік тоңынан.
Мұңлық та… жалғыз… аңқыған қардай,
Жабайы балдай хошымыз.
Бесіні ауып, борпылдап бордай
Бозарар бұйра шашымыз.
Сыр ашам, құрбым, тыңдашы талмай:
«Жел жұлған жапырақ – уақыт» деп.
«Табысқанымыз тым жақсы болды-ай,
Тағдырдың тұзын татып кеп» (аударған А.Оралхан).
Васильевті азаптау үкімі астында қол қойған, қылмысын «айтып берген» адамдардың да көзін жойды: Клычков, Клюев, Наседкин, Карпов және Макаров оққа байланды. Бір жылдан соң Елена Вялованы тұтқындады (18 жыл түрме, лагерь мен айдауда өткізді), екі жылдан соң ақынның бауырын (10 жылға), кейіннен қарт әкесін де ұстады (ол 1940 жылы лагерьде көз жұмды). Ал 1956 жылы олардың бәрі ресми ақталды.
Бүгінде Павел Васильевтің мұрасы әлемдік поэзияның ең қуатты құбылыстарының бірі ретінде бағаланады. Оның есімі мен өршіл жырлары Ұлы Даланың аспанында мәңгілікке қалықтап қала бермек.
Айбек ОРАЛХАН
