Еліміздің, соның ішінде өңіріміздің мәдени кеңісігінде жаңа серпінмен бой көтеріп келе жатқан жас ұжымдардың бірі – Екібастұз қалалық «Өнер» мәдениет сарайы жанынан құрылған «Ертіс-Баян» театры. Жасақталғанына көп уақыт болмаса да, тың бастамаларымен, шығармашылық ізденістерімен және сахналық батыл шешімдерімен көрермен ықыласына бөленіп үлгерген бұл театр өзінің алғашқы гастрольдік сапарын Павлодар қаласында өткізді. Бұл жаңа ұжымның шығармашылық есебі ғана емес, өңірлік мәдени байланысты нығайтқан маңызды оқиға ретінде де бағаланды.

 «Ертіс-Баян» театры үшін Павлодарға жасалған бұл сапардың символикалық мәні ерекше. Себебі гастрольдік қойылымдар қазақ әдебиеті мен руханиятының ірі өкілі Жүсіпбек Аймауытов есімімен аталатын облыстық театр сахнасында өтті. Облыстық театр – өңіріміздегі қазақ өнерінің қара шаңырағы, талай дарынды актер мен режиссердің шығармашылық жолына бағыт берген қасиетті орда. Жас театр үшін рухани сабақтастықтың, мәдени байланыстың, тәжірибе алмасудың жарқын көрінісі деген осындай болса керек-ті.

«Ертіс-Баян» театрының негізін қалаушы, «Өнер» мәдениет сарайының директоры Талғат Сағынтаев атап өткендей, екібастұздық ұжым үшін облыстық сахнада өнер көрсету – үлкен мәртебе әрі аса зор жауапкершілік. Театрдың қалыптасу кезеңінде павлодарлық әріптестердің ақыл-кеңесі мен қолдауы айрықша рөл атқарған. Сондықтан алғашқы гастрольді осы өңірден бастау – ризашылықтың белгісі әрі рухани сабақтастықтың айқын дәлелі.

Гастрольдік сапар 12–13 мамыр күндері өтті. Екі күн бойы павлодарлық көрермен «Ертіс-Баян» театрының екі түрлі жанрдағы қойылымын тамашалады.

Алғашқы күні сахналанған шығарма – қазақ поэзиясының мұзбалақ ақыны Мұқағали Мақатаевтың «Қош, махаббат» драмасы. Бұл туынды – адам жанының терең иірімдерін, махаббат пен сағыныштың, үміт пен өкініштің күрделі психологиясын ашып көрсететін шығарма. Қойылымның режиссері – Бибіажар Дихан. Оның режиссерлік шешімінде поэтикалық мәтін мен сахналық әрекет үйлесім тауып, көрерменді ерекше әсерге бөлейді.

Екінші күні ұсынылған «Ғашықтар хикаясы» – қазіргі заман тынысын бейнелейтін шығарма. Туынды авторы – Қанат Жүнісов, ал сахналаған режиссер – Әділет Ақанов. Бұл қойылымда махаббат тақырыбы жаңа қырынан ашылып, заманауи қоғамдағы қарым-қатынас, сезім мен таңдау мәселелері қозғалады.

Екі қойылым да бір-біріне ұқсамайтын, бірақ ортақ идеялық желіге құрылған дүниелер. Бірі – поэтикалық драма, екіншісі – заманауи прозалық қойылым. Бұл театр ұжымының жан-жақтылығын, әртүрлі стильде жұмыс істей алатынын, шығармашылық тұрғыдағы терең ізденісін, көрермен талғамын сараптай білетінін көрсетеді.

Әлбетте, кез келген ұжым үшін көрермен ықыласы – басты баға. Осы гастрольдік қойылымдардың басты ерекшелігі – жұртшылықтың зор қызығушылығы. Екі күн қатарынан зал лық толып, өнерсүйер қауым жас театрдың өнеріне, актерлердің шеберлігіне куә болды. Мұның өзі «Ертіс-Баян» театрының шығармашылығына деген сенім мен ынта-ықыласты танытты.

Көрермендер қойылым соңында ұзақ қол соғып, актерлерге құрмет көрсетті. Әсіресе жас актерлердің шынайы ойыны, сахнадағы табиғилығы мен эмоционалдық тереңдігі көпшілікті тәнті етті. Театр ұжымының кәсіби деңгейі қаншалықты жоғары екені осындан-ақ аңғарылады.

 Гастрольдік сапар аясында Павлодар облысы әкімінің атынан арнайы алғыс хат табысталды. Құттықтауды  облыстық мәдениет және тілдерді дамыту, архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан оқып берді. Онда жас театрдың алғашқы гастролі тарихи маңызға ие екені атап өтіліп, ұжымның болашағына сенім білдірілді. Сонымен қатар театр ұжымына облыс әкімінің атынан ықылас гүлі ұсынылды. Бұл – өңірлік деңгейде мәдени бастамаларға көрсетілген үлкен құрмет пен қолдаудың белгісі.

 «Ертіс-Баян» театры – құрылғанына аз ғана уақыта өтсе де, үлкен мақсаттар мен межелерді көздеген ұжым. Театрдың негізгі мақсаты – өңірлік мәдениетті дамыту, қазақ театрының жаңа тынысын қалыптастыру және көрерменге сапалы, ойлы туындылар ұсыну.

Режиссер Бибіажар Диханның айтуынша, қазіргі таңда жаңа қойылымдарға дайындық қызу жүріп жатыр. Ұжым мүшелері шығармашылық ізденісте, жаңа идеяларды жүзеге асыруға дайын. Сонымен қатар, алдағы уақытта гастрольдік сапар аясын кеңейтіп, еліміздің басқа өңірлерінде де өнер көрсету жоспарланған.

 Бұл гастрольдік сапар бір театрдың жетістігі ғана емес, жалпы өңірлік мәдениеттің дамуына қосылған үлес. Өнер – өңірлерді біріктіретін үлкен күш. Қос шаһар – Екібастұз бен Павлодар арасындағы мәдени байланыс нығайып, өнер арқылы рухани үндестік қалыптасты.

«Ертіс-Баян» театрының бұл сапары жас ұжымдардың да үлкен сахнада өз орнын таба алатынын көрсетті. Ең бастысы – өнерге деген адалдық. Еңбек пен ізденіс бар жерде табыс та болатыны анық.

Павлодардағы алғашқы гастроль – «Ертіс-Баян» театры үшін жаңа белес, жаңа бастама. Бұл сапар арқылы ұжым өз мүмкіндігін көрсетіп қана қоймай, көрермен жүрегінен орын таба білді. Алдағы уақытта да бұл театрдан тың туындылар, батыл эксперименттер күтуге толық негіз бар.

Қазақ театрының көкжиегін кеңейтіп келе жатқан осындай жас ұжымдардың қадамы нық, болашағы жарқын боларына сенім мол.

Асыл ӘБІШЕВ.

Добавить комментарий