
Margulan University-тінде «Өткеннен өнеге, бүгінге тағылым» тақырыбындағы қазақ тілі апталығы аясында журналист-публицист, Aiqara.kz сайтының бас редакторы Асыл Әбішевтің «Сөздің салмағы: медиа, тіл және жауапкершілік» атты мотивациялық алаңы өтті. Студенттер, магистранттар мен оқытушылар қатысқан кездесуде қазіргі медианың тілге ықпалы, әлеуметтік желідегі сөз мәдениеті, журналистік жауапкершілік пен жасанды интеллект дәуіріндегі қазақ тілінің болашағы сөз болды.
Кездесуді ұйымдастырып, үйлестірген – филология ғылымдарының кандидаты Жұлдыз Сағынтаева.
Мотивациялық алаң дәстүрлі дәріс үлгісінде емес, спикер мен аудиторияның еркін пікір алмасуына құрылған ашық кездесу форматында өтті. Тіл тек тіл мамандарына қатысты мәселе емес, ол – баршаға ортақ құндылық, ал қазіргі уақытта оның дамуына тікелей ықпал ететін үлкен күштердің бірі – медиа.
Кездесудің негізгі өзегіне «Сөздің салмағы неде?» деген сауал алынды.
Бүгінде ақпарат тарату мүмкіндігі кәсіби журналистердің ғана қолында емес. Смартфон ұстаған кез келген адам әлеуметтік желі арқылы үлкен аудиторияға ақпарат жеткізе алады. Бір кездері санаулы адам ғана еститін пікір қазір бірнеше минут ішінде мыңдаған, тіпті миллиондаған адамға тарауы мүмкін. Сондықтан әр адамның өзі ақпараттық үдерістің қатысушысына айналып, айтқан және жазған сөзіне деген жауапкершілігі де арта түсті.
Спикер сөздің салмағын оның әсерлі айтылуымен ғана өлшеуге болмайтынына назар аударды. Салмақты сөз – терең ой, дәлдік, сауаттылық, өзгенің ар-намысын құрметтеу, жалған ақпарат таратпау және айтқаныңа жауап бере білу.
Өйткені журналистикада жария болған сөз енді жеке адамның ғана сөзі болып қалмайды – ол қоғамдық ақпаратқа айналады. Бір дұрыс сөз адамға қанат бітірсе, жауапсыз айтылған бір сөз адамның абыройына нұқсан келтіруі мүмкін.

Аудиторияда ерекше қызығушылық тудырған тақырыптардың бірі – әлеуметтік желінің қазақ тіліне әсері. Instagram, TikTok, YouTube, Telegram тәрізді платформалар адамдардың ақпарат қабылдау дағдысын ғана емес, сөйлеу және жазу мәнерін де өзгертіп келеді. Қысқа мәтін, қысқа видео, қысқа сөйлем басымдыққа ие болды.
Бір жағынан, интернет кеңістігіндегі қазақша контент көлемінің артуы қуантады. Екінші жағынан, оның сапасы қандай деген мәселе бар. Әлеуметтік желіде қате жазылған сөзді қайта-қайта көрген адамның уақыт өте келе оны дұрыс норма ретінде қабылдап кету қаупі де жоқ емес. Осы тұстан медиа мен контент жасаушының тіл алдындағы жауапкершілігі басталады.
Кездесу барысында студенттер осы мәселелер төңірегінде өз ойларын ортаға салды. «Әлеуметтік желі қазақ тілін дамытып жатыр ма, әлде тіл сапасын төмендетіп жатыр ма?», «Қаралымы көп контент міндетті түрде сапалы контент пе?», «Журналист пен блогердің жауапкершілігінде қандай айырмашылық бар?» деген сауалдар пікірталасқа негіз болды.
Мотивациялық алаңда қазіргі уақыттың ең өзекті мәселелерінің бірі – жасанды интеллект пен тілдің арақатынасына да кеңінен тоқталды. Жасанды интеллект қазір бірнеше секундта мәтін жазып, аударма жасап, тақырып ұсынып, сценарий құра алады. Бұл – адамзатқа берілген үлкен технологиялық мүмкіндік.
Алайда басты мәселе технологияны адамның орнына ойлайтын күшке емес, адамның мүмкіндігін арттыратын құралға айналдыра білуде.
Кездесуде айтылған негізгі тұжырымның бірі де осы болды: «Жасанды интеллект мәтін құра алады. Бірақ сөздің салмағын адам сезінеді».
Осы тақырып студенттердің де қызығушылығын туғызды. Жасанды интеллект журналисті алмастыра ала ма? ЖИ көмегімен жасалған мәтінде жалған ақпарат кетсе, оған кім жауап береді? Қазақ тілі жасанды интеллект дәуіріне қаншалықты дайын?

Бұл сауалдар технологиямен қатар адамның сыни ойлауы, фактчекинг, журналистік этика мен авторлық жауапкершілік мәселелерін де талқылауға мүмкіндік берді. ЖИ тек құрал, ал жарияланған ақпарат үшін соңғы жауапкершілік адамда қалатыны атап көрсетілді.
Кездесудің тағы бір маңызды бөлігі жастардың медиадағы жаңа мүмкіндіктеріне арналды.
Қазіргі студенттің қолында бұрын тұтас редакцияның мүмкіндігі саналатын құралдар бар. Ол смартфонмен видео түсіріп, монтаж жасап, подкаст жүргізіп, мақала жариялап, өзінің жеке аудиториясын қалыптастыра алады. Жасанды интеллект құралдарын да еркін пайдалана алады. Басқаша айтқанда, бүгін әр жастың қолында өзінің шағын медиасы бар. Алайда мүмкіндік артқан сайын жауапкершілік те өсе түседі.
Осы орайда спикер жастарға: «Көп сөйлеңдер» демеймін – «Салмақты сөйлеңдер» дегім келеді. «Көп жазыңдар» демеймін – «Ойланып жазыңдар» дегім келеді. «Танымал болыңдар» демеймін – «Сенімді болыңдар» дегім келеді, – деген ой тастады.
Өйткені болашақтағы ең бағалы капитал адамның әлеуметтік желідегі оқырмандарының санымен ғана емес, оның сөзіне қанша адамның сенетіндігімен өлшенбек. Ал сенім сауаттылықтан, білімнен, адалдықтан және жауапкершіліктен қалыптасады.

Кездесу барысында студенттер мен магистранттар тарапынан көптеген сауал қойылып, медиа, тіл, журналистика, әлеуметтік желі және жасанды интеллект мәселелері жөнінде еркін пікір алмасу өтті.
Әсіресе ақпараттың шынайылығын тексеру, жалған ақпаратты ажырату, әлеуметтік желідегі жауапкершілік, блогер мен журналистің айырмашылығы, қазақша контенттің сапасы секілді бүгінгі ақпараттық қоғам үшін маңызды мәселелер қозғалды.
Кездесудің түйінді ойы – технология қаншалықты дамыса да, адамның білімін, ізденісін, сауаттылығын және жауапкершілігін ешбір құрал алмастыра алмайды. Қолдағы смартфон адамды өздігінен журналист етпейді. Сөздің салмағын сезініп, ақпаратқа жауапкершілікпен қарай білгенде ғана медиа қоғамға қызмет етеді.
Шара соңында университет профессоры, филология ғылымдарының докторы Бекен Сағындықұлы спикерге мазмұнды кездесу үшін алғыс білдіріп, алдағы уақытта өзара әріптестік пен шығармашылық ынтымақтастықтың нығая түсуіне тілектестігін жеткізді.
«Өткеннен өнеге, бүгінге тағылым» қазақ тілі апталығы аясында ұйымдастырылған бұл кездесу тіл мәселесін тек оның тазалығы немесе сауатты жазу аясында ғана емес, заманауи медиа, әлеуметтік желі, жасанды интеллект және жеке адамның қоғамдық жауапкершілігімен сабақтастыра қарастыруға мүмкіндік берді.
Өйткені қазақ тілінің болашағы тек ресми құжаттарда немесе тіл туралы жиындарда шешілмейді. Ол әрқайсымыздың күнделікті сөйлеген сөзімізде, жазған мәтінімізде, әлеуметтік желіге жариялаған әр жазбамызда қалыптасады.
Сөзіміз сауатты, ойымыз еркін, ақпаратымыз шынайы болса, сөздің де салмағы артады. Ал сөздің салмағын сезінген қоғамның тілге деген жауапкершілігі де жоғары болмақ.
Aiqara.kz
