Қазақстанның жаңа Конституциясына орныққан маңызды жаңалықтардың бірі – Қазақстан Халық Кеңесінің конституциялық мәртебеге ие болуы. Бұл институттың ерекшелігі неде? Оның құрылуы қарапайым азаматқа не береді? Өңірлерде көтерілген мәселе республикалық деңгейдегі шешімге қалай ұласуы мүмкін? Осы сауалдарға Конституция нормалары мен Павлодар облысының нақты мысалдары негізінде жауап іздеп көрелік.

2026 жылғы 15 наурыздағы республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы 1 шілдеден бастап күшіне енді. Жаңа Негізгі заң мемлекеттік басқару жүйесіне бірқатар өзгеріс енгізумен қатар, қоғам мен билік арасындағы байланыстың жаңа тетіктерін де бекітті. Соның бірі – Қазақстан Халық Кеңесі.

Конституцияның 70-бабының 1-тармағында Қазақстан Халық Кеңесі Қазақстан Республикасы халқының мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган ретінде белгіленген. Ал осы баптың екінші тармағына сәйкес оның құрамы Қазақстан Республикасының азаматтарынан жасақталады.

Бұл жерде «халықтың мүддесін білдіретін» деген анықтаманың салмағы ерекше. Қазақстан – аумағы үлкен, әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктері әркелкі мемлекет. Сондықтан әр өңірдің елдік деңгейде көтеретін өз мәселелері бар. Маңғыстау үшін өзекті мәселе Павлодар үшін бірінші кезекте тұрмауы мүмкін. Сол сияқты Ертіс-Баян өңірінің де өзіндік күн тәртібі қалыптасқан.

Павлодар облысы – еліміздің ірі өнеркәсіптік аймақтарының бірі. Сондықтан біз үшін өндіріс пен энергетика, экология, жұмысшы мамандықтарын даярлау, ауылдардың дамуы, денсаулық сақтау, білім сапасы, Ертіс өзенінің жағдайы секілді мәселелердің маңызы ерекше.

Осы тұрғыдан қарасақ, Халық Кеңесінің қызметін тек елордада өтетін жиындармен өлшеу жеткіліксіз. Оның шынайы маңызы  өңірдегі азаматтың мәселесін жалпыұлттық күн тәртібіне шығара алуында жатыр. Ал бұл мүмкіндік Конституцияда нақты өкілеттіктермен бекітілген.

Негізгі заңның 71-бабына сәйкес Қазақстан Халық Кеңесі мемлекеттің ішкі саясатының негізгі бағыттары, қоғамдық келісім, жалпыұлттық бірлік пен ынтымақты нығайту, жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілету жөнінде ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлейді.

Жаңа құрылым – Кеңестің өкілеттігі мұнымен шектелмейді. Конституция оған Құрылтайға заң жобаларын енгізу және жалпыхалықтық референдум тағайындау туралы бастама көтеру құқығын да береді. Мұның мәні аса зор. Егер қоғамда маңызды мәселе туындаса, ол тек әлеуметтік желідегі пікір немесе қоғамдық талқылау деңгейінде қалып қоймай, тиісті тетіктер арқылы мемлекеттік шешім қабылдау деңгейіне дейін көтерілу мүмкіндігіне ие болады.

Әрине, бұл жерде бір мәселені нақты ажыратып алған жөн. Конституция әр азамат Халық Кеңесіне өзі тікелей заң жобасын енгізе алады дегенді білдірмейді. Кеңестің құрамын қалыптастыру тәртібі мен қызметі конституциялық заңмен айқындалады.

Дегенмен, Халық Кеңесінің құрылуы азаматтық бастама мен мемлекеттік шешім арасындағы тағы бір институционалдық арнаның пайда болғанын білдіреді. Мысалы, Павлодар облысында экологияға, өндірістік қауіпсіздікке, білімге, медицинаға немесе ауыл тұрғындарының жағдайына байланысты жүйелі мәселе көтерілді делік. Қоғамдық ортада пісіп-жетілген ұсыныс азаматтық қоғам институттары мен Халық Кеңесінің мүшелері арқылы Кеңестің күн тәртібіне жетсе, ол ұсынысқа, ұсынымға, ал тиісті жағдайда заңнамалық бастамаға ұласуы мүмкін.

Қарапайым азамат үшін Халық Кеңесінің маңызын осыдан іздеген дұрыс: бұл – оның үнін мемлекеттік деңгейге жеткізудің қосымша мүмкіндігі.

 2026 жылғы 22 қыркүйекте Президент Жарлығымен Қазақстан Халық Кеңесінің құрамы бекітілді. Кеңес құрамында Павлодар өңірінің өкілдері де бар.

Олардың қатарында Павлодар облыстық мәслихатының депутаты, Ғ.Сұлтанов атындағы Павлодар облыстық ауруханасының директоры Арман Мұсабеков, Павлодар облысы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, Торайғыров университетінің оқытушысы Борис Поломарчук, Павлодар облысы білім басқармасының №8 мектеп-лицейінің мұғалімі, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы Лилия Стадникова және қоғам қайраткері Николай Арсютин бар.

Сайып келгенде, Халық Кеңесі еліміздің барлық өңірлерімен байланысты барынша нығайта жұмыс жүргізеді.

Мәселен, дәрігердің Кеңес құрамында болуы денсаулық сақтау саласындағы түйткілдерді кәсіби тұрғыдан көтеруге мүмкіндік береді. Ұстаз білім саласындағы жағдайды жақсы біледі. Қоғамдық кеңес мүшесі тұрғындар арасындағы көңіл күй мен қоғамдық мәселелерден хабардар. Яғни олардың міндетін тек жиындарға қатысумен өлшеуге болмайды. Негізгі нәтиже – өңірден қандай мәселе көтерілді, қандай ұсыныс айтылды және оның елдік деңгейдегі шешімге ықпалы қандай болды деген сауалдармен бағалануы тиіс.

Халық Кеңесінің саяси-құқықтық салмағын тағы бір конституциялық норма айқындай түседі. Конституцияның 92-бабында Негізгі заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі жалпыхалықтық референдум Президенттің өз бастамасымен ғана емес, Құрылтайдың, Үкіметтің және Қазақстан Халық Кеңесінің бастамасы бойынша Президент қабылдаған шешіммен де өткізілуі мүмкін екені көзделген. Түсіне білгенге, бұл өте маңызды өкілеттік. Өйткені Конституция мемлекеттің құқықтық іргетасы болса, сол Негізгі заңға қатысты референдум бастамасын көтеруге қатысу – Халық Кеңесінің мәртебесін қарапайым қоғамдық кеңес немесе пікір алмасу алаңы ретінде ғана қарастыруға болмайтынын аңғартады.

Жалпы, кез келген жаңа институттың тиімділігі қағаз жүзіндегі өкілеттігімен емес, нақты нәтижесімен бағаланатыны анық. Сондықтан алдағы уақытта Халық Кеңесіне қатысты бірнеше маңызды сауалға қоғамның өзі жауап іздейтіні сөзсіз.

Өңір тұрғындарының ұсыныстары Кеңеске қаншалықты жетеді? Кеңес мүшелері өздері өкілдік ететін ортаның мәселелерін қаншалықты белсенді көтереді? Қоғамнан түскен ұсыныстың тағдыры не болады? Оның қайсысы мемлекеттік органға ұсыныс ретінде жолданды, қайсысы заңнамалық бастамаға айналды?

Халық Кеңесінің қоғамдық беделі де осы сұрақтарға берілетін нақты жауаптарға байланысты қалыптасады. Павлодар облысы үшін де Кеңестегі өкілдердің аты-жөнінің ресми тізімде тұрғанынан гөрі, олардың өңірдегі нақты проблемаларды республикалық деңгейде көтеруі маңыздырақ.

 Мәселелердің өңірлік деңгейден республикалық күн тәртібіне жетуі үшін мемлекет пен қоғам арасында тұрақты кері байланыс қажет. Жаңа Конституциядағы Халық Кеңесі осы байланыстың бір тетігі болуға тиіс. Мұның түпкі негізі Конституцияның өзінде жатыр. Негізгі заңның 4-бабында халық мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және Егемендік иесі екені бекітілген. Халық билікті референдум мен еркін сайлау арқылы тікелей жүзеге асырады, сондай-ақ өз билігін мемлекеттік органдар арқылы жүргізеді. Халық Кеңесінің конституциялық мәртебеге ие болуын осы негізгі қағидатпен сабақтастыра қарастырған жөн. Өйткені демократиялық мемлекеттің қуаты азаматтың өз пікірін еркін айтуымен ғана өлшенбейді. Ең маңыздысы – сол пікірдің естілуі, қоғамдық ұсыныстың мемлекеттік шешім қабылдау үдерісіне жетуі және оның нәтижесінің қайтадан халыққа түсіндірілуі.

Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан Халық Кеңесінің алдында үлкен мүмкіндікпен бірге үлкен жауапкершілік те тұр. Конституция оған құқықтық мүмкіндік берді.

Ендігі мәселе – сол мүмкіндіктің нақты мазмұнмен толығуында. Егер өңірдегі қарапайым азаматтың орынды ұсынысы Халық Кеңесі арқылы республикалық мінберге жетіп, мемлекеттік шешімге ықпал ете алса, жаңа институт өзінің басты міндетін орындады деуге негіз болады. Өйткені халықтың үні естілген жерде ғана халықтың мүддесі нақты шешімге айналады.

Асыл ӘБІШЕВ

Добавить комментарий