Қоғам мен биліктің арасындағы көпір туралы көп айтамыз. «Диалог керек» дейміз. «Халықтың үні естілуі тиіс» дейміз. «Қоғамдық пікірмен санасу қажет» дейміз. Бірақ бір қарапайым сұрақ бар: халықтың айтқаны қай жерге дейін жетеді? Айтылады. Тыңдалады. Талқыланады. Ұсыныс жасалады. Сосын? Міне, мәселенің салмағы осында.
Қоғамдық диалогтың құны оның әдемі сөзінде емес, нақты шешімге әсер ету мүмкіндігінде. Халықтың пікірі хаттамаға түсіп қана қоймай, мемлекеттік саясатқа ықпал етсе – сонда ғана диалогтың жөні бөлек. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан Халық Кеңесінің жаңа конституциялық мәртебесі қоғамдық-саяси жүйедегі елеулі өзгерісті білдіреді.
Бұл – жаңа атау ғана емес. Бұл – қоғамның мемлекеттік шешімдерге қатысуының құқықтық тетігін күшейтуге бағытталған жаңа институт. Сөзден – іске көшу ләзім. Бұған дейін де қоғамдық пікірді жинақтайтын алаңдар аз болған жоқ. Пікірталас өтті. Сарапшылар сөйледі. Қоғам белсенділері ұсыныс айтты. Түрлі консультативтік органдар жұмыс істеді. Бірақ олардың бір осал тұсы бар еді: ұсыныс пен шешімнің арасында қашықтық жататын. Енді сол аралықты қысқартатын құқықтық механизм пайда болды. Жаңа заң Қазақстан Халық Кеңесіне нақты өкілеттіктер береді. Кеңес Қазақстан Республикасының Құрылтайына заң жобаларын енгізе алады. Бұл үшін Кеңес мүшелерінің кемінде үштен бірі бастама көтеріп, Сессия мүшелерінің кемінде үштен екісі қолдауы қажет. Бұл – заң шығару процесіне қатысудың нақты мүмкіндігі.
Тағы бір маңызды тетік бар. Кеңес жалпыхалықтық референдум тағайындау мәселесін көтере алады. Мұндай шешім қабылдау үшін Сессия мүшелерінің кемінде төрттен үшінің қолдауы керек.
Демек, қоғам атынан сөйлейтін институттың сөзі енді мемлекеттік маңызы бар шешімдердің күн тәртібіне шығатын құқықтық арнаға ие. Тыңдау бар. Енді ескеру бар ма? Заңда тағы бір маңызды норма бекітілген. Кеңес әзірлеген тұжырымдамалық тәсілдер, ұсыныстар мен ұсынымдар мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар тарапынан міндетті түрде қаралуға тиіс.
Осы жерге екпін түсірейік. Қаралуға тиіс. Бұл сөздің заңдағы орны бөлек. Өйткені демократиялық диалогтың ең әлсіз тұсы – ұсыныстың жауапсыз қалуы. Азамат сөйлейді, орган тыңдайды, жиналыс аяқталады. Әрі қарай не болғаны белгісіз. Ал міндетті түрде қарау нормасы осы үзілісті жоюға бағытталған. Әрине, қарау – ұсынысты міндетті түрде қабылдау деген сөз емес, мемлекеттік шешімнің өзге де құқықтық, қаржылық, әлеуметтік өлшемдері болады. Бірақ қоғамның айтқанын қарамауға енді болмайды. Бұл – маңызды айырмашылық.
126 адам – 126 дауыс емес, 126 өкілдік. Кеңестің құрамы да назар аударарлық. Заң бойынша оның құрамына: этномәдени бірлестіктерден – 42 адам; қоғамдық бірлестіктер мен өзге де коммерциялық емес ұйымдардан – 42 адам; Астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттары мен қоғамдық кеңестерінен – 42 адам кірді. Барлығы – 126 мүше. Мұнда сан қуалаудың қажеті жоқ. Маңыздысы – өкілдік принципі. Өйткені қоғам біртекті емес. Қоғамның ішінде әртүрлі пікір бар. Әртүрлі мүдде бар. Әртүрлі тәжірибе бар. Сондықтан халық атынан сөйлейтін институттың ішінде де осы алуандықтың көрініс табуы заңды.
Кеңес мүшелігіне қойылатын талаптар да нақты. Үміткер 18 жасқа толған болуы керек. Қоғамдық қызметте кемінде үш жыл тәжірибесі болуы, тиісті ұйымда кемінде бір жыл қызмет атқаруы және сотталмаған болуы талап етіледі. Өкілеттік мерзімі – төрт жыл. Яғни бұл орын жай ғана қоғамдық мәртебе емес. Бұл – міндет. Өкілеттік бар жерде тәртіп болуы керек. Кез келген органға құқық берілсе, оған жауапкершілік те жүктеледі. Осыны заң шығарушы ұмытпаған.
Кеңес мүшелерінің әдеп нормаларын сақтауын бақылайтын Әдеп жөніндегі комиссия қарастырылған. Мүше өз міндетін тиісінше орындамаса немесе әдеп талаптарын бұзса, оның өкілеттігін тоқтату мәселесі көтерілуі мүмкін. Бұл да маңызды. Қоғамдық мінбер – жеке бедел жинайтын орын емес. Қоғамдық өкіл болу – халықтың сенімін арқалау. Ал сенімнің жүгі әрқашан ауыр.
Диалогтың тамыры өңірлерде жатыр. Тағы бір мәселе – Кеңестің жұмысы тек Астанамен шектелмеуі. Заңда өңірлік деңгейдегі тетіктер де қарастырылған. Кеңес қызметі жергілікті қоғамдық кеңестер арқылы жүзеге асырылмақ. Бұл өте қажет. Өйткені елдің әлеуметтік көңіл-күйін тек орталықтағы кабинеттен өлшеу мүмкін емес. Өңірлерде мәселе басқа. Бір жерде жұмыс мәселесі өткір тұр. Бір жерде инфрақұрылым маңызды. Бір жерде экология, бір жерде ауылдың жағдайы, бір жерде жастардың болашағы алдыңғы қатарға шығады. Халықтың нақты мәселесі төменнен жоғары көтерілуі керек. Сонда ғана қоғамдық диалог формалды жиыннан мазмұнды механизмге айналады.
Жаңа Конституциялық заңның қабылдануына байланысты 2008 жылғы «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңның күші жойылды деп танылып, осы бағыттағы құқықтық реттеу жаңа конституциялық арнаға көшті. Атаудың өзгеруі – мәселенің бір жағы. Екінші жағы – мазмұн. Ал мазмұнды уақыт көрсетеді. Заң қабылданды. Құқықтық негіз жасалды. Өкілеттік белгіленді. Енді қоғамның алдында да, мемлекеттік институттардың алдында да бір үлкен міндет тұр. Осы мүмкіндікті қалай пайдаланамыз? Өйткені заңның жақсы жазылуы бір бөлек. Оның тиімді жұмыс істеуі – бір бөлек. Халықтың сөзі естілсе екен… Бізде бір әдет бар. «Халықтың сөзі – халықтың сөзі» деп айтамыз. Бірақ халықтың сөзі тек айтылып қана қоймай, салмақты болуы керек. Салмақ дегеніміз – айқай емес. Салмақ дегеніміз – дәлел. Салмақ дегеніміз – ұсыныс. Салмақ дегеніміз – қоғамдық мүдде. Ал сол сөздің мемлекеттік шешімге әсер ететін құқықтық жолы болса, оның мәні тіпті арта түседі. Қазақстан Халық Кеңесінің жаңа мәртебесі осы жолды қалыптастыруға бағытталған.
Қоғам өз сөзін жауапкершілікпен айтуы керек. Билік сол сөзді тыңдап қана қоймай, заңда белгіленген тәртіппен қарауы керек. Сонда ғана «диалог» деген ұғым кезекті саяси термин болып қалмайды. Шын мәніндегі қоғамдық институтқа айналады. Халықтың сөзі билікке жетуі – бір мәселе. Халықтың сөзі мемлекеттік шешімге айналатын тетікке ие болуы – мүлде басқа мәселе. Жаңа кезеңнің басты өлшемі де осы болмақ.
Айбек ОРАЛХАН
