«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді қазақ. Бесіктің түзулігі – баланың ғана емес, бүтін елдің болашағына қатысты мәселе. Ал мемлекеттің бесігі қайсы? Әрине, астана.

Астана – картадағы қала ғана емес, ол – мемлекеттің саяси тынысы сезілетін, билік шешім қабылдайтын, халықтың үміті тоғысатын төр. Елдің айбыны да, айнасы да осында көрінеді. Сондықтан Елорданың мәртебесін заңмен бекіту – тек қаланың атауын не шекарасын белгілеу емес, бұл – мемлекеттің түпқазығын орнықтыру ісі.

2026 жылғы маусымда қабылданған «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» Конституциялық заң осы тұрғыдан айрықша мәнге ие.

Заңның алғашқы бабында Астана Қазақстанның елордасы әрі мемлекеттің саяси және әкімшілік орталығы ретінде айқындалған. Бұл – бір қарағанда белгілі дүниені қайталау сияқты көрінер. Бірақ заң тілінде орынсыз жазылған бірде-бір артық сөз болмайды.

Астана – елдің саяси шешімдері тоғысатын бас қала. Мұнда Президенттің резиденциясы, Парламент, Үкімет, Жоғарғы Сот және өзге де орталық мемлекеттік органдар орналасқан. Конституциялық заң осы мәртебені құқықтық тұрғыдан берік етіп бекітеді. Демек, елорданың қалыпты жұмыс істеуі – тек бір қаланың ғана шаруасы емес. Астанадағы өзгеріс Қазақстанның жалпы даму ырғағына тікелей әсер етеді. Елорда қалай тыныстаса, елдің даму қарқыны да содан көрінеді.

Заң не үшін жаңарды? Себебі, заман өзгерді. Қала өсті, халық пен көлік көбейді, құрылыс қарқын алды. Кеше ғана шеткері аумақ болып көрінген жерлер бүгін қаланың қақ ортасына айналды. Бұрынғы инфрақұрылым бүгінгі жүктемені көтере алмай жатыр. Қаланың бір шетіндегі түйінді мәселе енді екінші шетіндегі тіршілікке де әсер етеді. Сондықтан оны басқарудың заман талабына сай тетіктері қажет. Жаңа Конституциялық заң елорданың жұмысына қатысты құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық негіздерді нақтылайды. Мұнда қала құрылысы, инфрақұрылым, жер қатынастары, көлік қозғалысы, сәулеттік келбет секілді өзара сабақтас салалардың басын бір арнаға тоғыстыру көзделген. Бұрын әр заңның тармағынан іздейтін талаптар енді астананың мәртебесін айқындайтын біртұтас құқықтық арнаға келтірілді.

Мұның қарапайым тілге салғандағы мағынасы мынау: Астананы басқаруда жауапты кім, міндеті қандай, шешім қалай қабылданады деген сұрақтардың жауабы бұрынғыдан да айқын болуы тиіс.

Астананың тағдыры туралы сөз қозғағанда, тек құрылыс көлемін ойлау жеткіліксіз. Қала дегеніміз – тек ғимараттардың жиынтығы емес.

Қала – адам. Адам жүретін жайлы көше. Бала ойнайтын қауіпсіз аула. Қарт тынығатын саябақ. Арбадағы азамат кедергісіз кіретін нысан. Жұмысқа асыққан жұрт мінетін қоғамдық көлік. Ауруханаға дер кезінде жететін жедел жәрдем.

Осының бәрі үйлесім тапқанда ғына қала деген ұғымның шын мағынасы ашылады. Сондықтан жаңа заңда астананың инфрақұрылымын дамытуда әр түрлі санаттағы азаматтардың қажеттілігін ескеруге басымдық берілген. Қолжетімді орта – мүмкіндігі шектеулі жандарға жасалған «жеңілдік» деп ойлау әбестік, бұл – өркениетті қоғамның басты өлшемі.

Қала да адамның жүзі секілді, оны алыстан маңдайын жарқыратып танытатын өзіндік сипаты болуға тиіс. Астананың бірыңғай сәулеттік келбеті мен дизайн-кодына қатысты талаптардың заңда көрініс табуы содан маңызды. Сәулет – қаланың мәдени жады. Көшеге көз салған адам сол шаһардың рухын, мінезін сезінуі керек. Астанаға келгенде елордада жүргеніңді жүрегіңмен ұғуың қажет. Бір-біріне ұқсайтын бейберекет ғимараттардың тобы емес, өзіндік сәулеттік тілі бар Елорда болғаны жөн. Заңда Елорданың өңірлік ерекшелігі мен нышаны да қарастырылған. Бұл – қала болмысының тек әкімшілік шеңбермен шектелмейтінін көрсететін белгі.

Астананың дамуын Павлодардан, Өскеменнен немесе Шымкенттен бөліп қарау мүмкін емес. Өйткені елдің экономикалық тамыры – өңірлерде. Елордаға адам келеді, аймақтан өнім келеді, зауыттан тауар келеді, ауылдан азық-түлік келеді, оқу орнынан жас маман келеді. Бір сөзбен айтқанда, астана – Қазақстанның әр түкпірінен ағылған еңбек пен үміт тоғысатын қасиетті орын. Сондықтан Елорданың өркендеуі өңірлердің әлеуетіне сүйенеді, ал аймақтардың тынысы ондағы қабылданған шешімдермен тығыз байланысты.

Кез келген жаңа заң қабылданған бойда керемет нәтиже бере қоймайды. Заң – бағыт көрсететін темірқазық, ал сол жолмен дұрыс жүру – басқару жүйесінің, жергілікті биліктің, қоғам мен әр азаматтың ортақ жауапкершілігі. Жаңа Конституциялық заңның да мәні баптардың көптігінде емес, ел астанасының мәртебесін елдің бүгінгі даму талабына сай құқықтық тұрғыдан жаңа сапаға көтеруінде.

Бұдан былай елорданың сәулеті де, инфрақұрылымы да, көлік жүйесі де, қоғамдық кеңістігі де бір-бірінен бөлек қарастырылмауға тиіс. Қала – тұтас ағза. Оның бір жері сырқаттанса, өзге тұсы да оны сезінбей қоймайды.

Ең бастысы – қалада адам тұрады. Кейде біз қаланы тек биік ғимараттармен өлшейміз: қанша үй салынды, қанша жол төселді, қанша шаршы метр баспана берілді? Бұл – тек құрғақ статистика. Ал қаланың шынайы өлшемі басқаша көрініс табуы керек:

Адам таңертең жұмысқа кедергісіз, уақытында жете алды ма?

Бала мектепке алаңсыз, қауіпсіз бара ма?

Қарт адам аулада тыныш серуендей ала ма?

Ауасы таза ма?

Адам өзін осы қалада керекті тұлға сезіне ме?

Міне, қаланың шын мәніндегі есебі – осы. Астананың мәртебесі туралы жаңа Конституциялық заңды осы тұрғыдан оқуымыз керек. Өйткені Астана – тек биліктің ғана емес, бүкіл халықтың қаласы. Елордадағы әрбір жаңа көше, әрбір мектеп, аурухана немесе саябақ түптеп келгенде қарапайым адамның игілігі үшін салынуға тиіс.

Елдің төрі – елдің жүгі. Астана – Қазақстанның төрі. Төр дегеніміз – тек үкім айтатын не төрелік ететін орын емес, қонақты құрметпен қарсы алатын, елдің абыройын асқақтататын маңызды мекен. Сондықтан елорданың ажары мен айбыны ең алдымен елдің өзіне деген сый-құрметінен басталады. Дегенмен, сыртқы сәулеттен бұрын ішкі тәртіп керек. Заңның үстемдігі керек. Жауапкершілік пен әділдік керек. Адамға деген шынайы ілтипат керек.

Жаңа Конституциялық заң осы құндылықтардың берік құқықтық іргетасын қалауға бағытталған. Астананың мәртебесі – тұтас елдің мәртебесімен егіз ұғым. Елордамыз еңселі болса, ол еңселі елдің рухын паш етеді. Алайда, көк тіреген биік ғимараттардан бұрын санада биік мұрат тұруы тиіс. Сол мұраттың түп төркіні – елдік.

Астана сол елдіктің төрінде тұр. Ал бұл төрді ұстап тұру, көркейту – баршамызға ортақ қасиетті міндет.

 

Айбек Оралхан

Добавить комментарий