
6 шілде – Астана күніне орай Павлодар облысында тұрғындар мен қала қонақтарына арналған ауқымды мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылады. Мерекелік бағдарлама облыс орталығымен қатар барлық қала мен аудандарды қамтып, концерттерді, көрмелерді, әдеби-музыкалық кештерді және мәдени бағдарламаларды біріктіреді.
Облыстағы басты мерекелік концерт кешкі сағат 19:00-де Павлодар қаласындағы Ertis Promenade сахнасында өтеді. Бұл концертте өңірдің шығармашылық ұжымдары өнер көрсетіп, Астана күніне арналған мерекелік бағдарламаны көпшілік назарына ұсынады.
Павлодар қаласында мерекелік іс-шаралар таңғы уақыттан басталады. Сағат 11:00-де Теміржолшылар шағын ауданындағы клубта «Жаса, Астана!» атты мерекелік бағдарлама ұйымдастырылады.
Ақсу қаласында Астана күніне арналған мерекелік іс-шара сағат 12:00-де Ақсу тарихи-өлкетану музейінде өтеді.
Екібастұз қаласының тұрғындары мен қонақтары «Елорда – Тәуелсіздіктің тұғыры» атты мерекелік шараны сағат 19:00-де «Өнер» мәдениет және спорт кешенінде тамашалай алады.
Аққулы ауданында мерекелік көңіл күй кешкі 19:00-де Аққулы ауылының орталық алаңында өтетін «Әнге бөленген Астана» бағдарламасымен жалғасады.
Баянауыл ауданында тұрғындар мен демалушыларға арналған «Жаңарған, жайнаған Астана!» атты концерттік бағдарлама мен би кеші сағат 19:00-де Баянауыл ауылындағы Сабындыкөл жағалауында ұйымдастырылады.
Ақтоғай ауданында «Астана – бас қала» атты мерекелік іс-шара сағат 19:00-де Ақтоғай ауылындағы Тәуелсіздік саябағында өтеді.
Ертіс ауданында мерекелік концерт сағат 11:00-де Ертіс ауылының орталық алаңында ұйымдастырылып, «Асқақтай бер – Астанам!» атты концерттік бағдарлама ұсынылады.
Железин ауданында «Астана – елдің жүрегі» атты концерттік бағдарлама сағат 17:00-де Железин ауылындағы К. Әлсейітова атындағы аудандық мәдениет үйінде өтеді.
Тереңкөл ауданында тұрғындар мен қонақтарға арналған «Елімнің жүрегі – Астана!» мерекелік концерті сағат 19:00-де ауданның орталық жағажайында ұйымдастырылады.
Май ауданында «Еңселі Елорда, асқақтаған Астана!» атты мерекелік концерт пен көрме сағат 11:00-де Май ауылындағы «Мәдени ойын-сауық орталығы» мен музейде өтеді.
Павлодар ауданында Астана күніне арналған «Сүйікті менің Елордам» мерекелік бағдарламасы сағат 10:00-де Чернорецк ауылындағы Мәдениет үйінде басталады.
Успен ауданында «Астана – атағы әлемге жеткен бас қала» атты мерекелік концерт сағат 19:00-де Успен ауылындағы Сауық орталығында ұйымдастырылады.
Ал Шарбақты ауданында мерекелік шаралар сағат 20:00-де Шарбақты ауылының орталық алаңында өтетін «Ел жүрегі – Астана» атты мерекелік концертпен қорытындыланады.
Астана күні Павлодар облысының барлық қала және аудандарында кең көлемде аталып өтеді. Мерекелік бағдарламалар елорданың қалыптасу тарихын, тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерін және ұлттық бірлік пен патриоттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған. Облыс тұрғындары мен қонақтары өнер ұжымдарының концерттерін тамашалап, көрмелерге қатысып, мерекелік көңіл күйді бірге бөлісе алады.
