Бүгін Ақтоғай ауданының «Құрметті азаматы», мемлекеттік қызмет саласының ардагері Алин Жақсыбек Тілеуғабылұлының «Туған еліме тағзым» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті.

Туған жеріне ат байлап, қасиетті мекеннің топырағынан табаны ажырамай, мемлекетіміздің гүлденуі жолында аянбай еңбек етіп, үлгілі де өнегелі отбасын құрып, ұл-қыз өсіріп, немере-жиен сүйген ағамыз құрметті еңбек демалысына шыққан соң өмірден білген-түйгенін ақ қағазға түсіріп, кейінгі ұрпаққа өнегелі естелік ретінде қалдыруды жөн деп санаған. Бүгінгі таңда Жақсыбек Тілеуғабылұлының кітабы басылып шығып, оқырманға жол тартты.

Автор бұл кітапта Қазақстанның Кеңестік дәуірі мен Тәуелсіздікке аяқ басу кезеңі аралығынан қазіргі Жаңа Қазақстанның куәгері болған тұлғаның еңбек жолын сипаттайды. Екі дәуірлік саяси және әлеуметтік ахуал айырмашылықтарын салыстыра отырып, оқырманға терең ой салады және бұл еңбегінде сынаптай сырғып өткен ең қызықты да, тәтті естеліктері жазылған.

Кітаптың тұсаукесер рәсімін Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Бибігүл Оспанова және мемлекеттік қызметтің ардагері Нығман Пішенбаев кесті.

Келген қонақтарға баспадан шыққан судай жаңа кітаптар тарту етілді.

Аталған кешке зиялы қауым өкілдері, әріптестері, дос-жарандары, туған-туыстары және кітаптың құрастырушы авторы – Әсел Жұмабекова келіп, кітап жайлы кеңірек тарқатып берді.

«Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» демекші, Жақсыбек Тілеуғабылұлының ұстазы Жамал Жүсіпова арнайы келіп сөз сөйледі.

Кеш соңында С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханасы мен Ақтоғай аудандық кітапханасына ілтипат білдіріп, кітапханаға арнайы кітап сыйланды.

Әйгерім СОЛТАН

Добавить комментарий