Мектеп… Бұл – әр адамның жүрегінде сақталатын ерекше мекен. Адам өміріндегі ең қызықты, ең алаңсыз әрі ең бақытты шақтары мектептің қабырғасында өтеді. Мектеп бізге тек білім беріп қана қоймай, өмір сүруді, достықты, сыйластықты, адамгершілікті үйретеді. Ал сол балалық шақ пен үлкен өмірдің арасын жалғайтын ерекше сәт – соңғы қоңырау.

Қоңырау үні мектеп өмірінің ажырамас бөлігі сияқты. Таңертең сабаққа шақырған, үзіліске шығарған, қуаныш пен асығыстыққа толы сол қоңырау үні әр оқушыға ыстық. Бірақ жылдар өте келе сол таныс әуен мүлде басқа мағынаға ие болады. Әсіресе соңғы қоңырау кезінде оның үні ерекше естіледі. Өйткені бұл – балалықпен қоштасудың, жаңа өмірге қадам басудың белгісі.

Соңғы қоңырау – жай ғана мерекелік шара емес. Бұл – оқушы жүрегіндегі уайым мен сағынышқа толы күн. Осы күнде мектеп бітіруші түлектер өздерінің он бір жыл бойы бірге жүрген ұстаздарын, достарын, сыныптарын ерекше сезіммен еске алады. Кеше ғана мектеп табалдырығын кішкентай бүлдіршін болып аттаған балалар бүгін ер жетіп, болашаққа қанат қағуға дайын жас түлектерге айналды.

Мектептегі әр сәт – естелік. Алғашқы ұстаздың мейірімді үні, алғашқы баға, достармен өткен қызықты күндер, мерекелік кештер, жарыстар мен олимпиадалар – мұның бәрі оқушы жүрегінде сақталып қалады. Кейде сабақтан қашып кетен күндер де, бақылау жұмыстарынан қорыққан сәттер де кейін тәтті естелікке айналады. Сондықтан соңғы қоңырау күні әр түлек өткен күндерге көз жүгіртіп, мектеп өмірінің қадірін терең түсінеді.

Ұстаз – мектептің жүрегі. Соңғы қоңырау күні оқушылар ең алдымен өздерінің ұстаздарына алғыс айтады. Себебі мұғалім тек пән үйретуші ғана емес, ол – бағыт беруші, тәрбиеші және жанашыр жан, сол себепті “ұстаз – екінші ана” деген сөз бекер айтылған жоқ. Ұстаздың берген білімі мен тәрбиесі адамның бүкіл өміріне жол ашады. Сондықтан түлектер үшін соңғы қоңырау – ұстаздарға тағзым ететін ерекше күн.

Бұл мерекенің тағы бір ерекшелігі – достықтың қадірін ұғындыруы. Бір сыныпта бірге оқып, қуаныш пен қиындықты бірге бөліскен достар енді әртүрлі жолға түседі. Бірі дәрігер болуды армандаса, енді бірі мұғалім, инженер, журналист немесе ғалым болуды қалайды. Бірақ оларды мәңгі байланыстыратын ортақ мекен бар. Ол – мектеп.

Соңғы қоңырау адамның бойына ерекше жауапкершілік сезімін де ұялатады. Себебі мектептен кейін үлкен өмір басталады. Әр түлек өз болашағын өзі қалыптастыруы керек. Бұл – арманға ұмтылудың, мақсатқа жетудің алғашқы баспалдағы. Сондықтан соңғы қоңырау – тек қоштасу емес, жаңа өмірдің бастауы.

Қоңырау үні кейде көңілді, кейде мұңды естіледі. Оның ішінде балалық шақтың күлкісі де, жастық арман да, ұстаз үміті де бар. Сол себепті «Қоңырау – әсем саз, әдемі, мектептің сүйікті әуені» деп айту бекер емес. Өйткені бұл үн әр адамның жүрегінде өмір бойы сақталады.

Уақыт өтсе де, мектепке деген сағыныш ешқашан жоғалмайды. Жылдардан кейін адам өз мектебіне оралғанда, дәл сол қоңырау үнін естігендей болады. Ол үн өткен күндерді еске түсіріп, жүрекке жылулық сыйлайды. Мектеп – білімнің ордасы ғана емес, адам өмірінің ең жарқын естеліктері қалған қасиетті шаңырақ. Сондықтан соңғы қоңырау – әр адамның өміріндегі ең қымбат әрі ұмытылмас мерекелердің бірі. Ол – балалықпен қоштасу, ұстазға тағзым, достыққа құрмет және болашаққа бастар үлкен қадам.

 

Әли ӘЛІБЕК,

«Жас Дарын» мектеп-лицейінің оқушысы.

Добавить комментарий