Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты, Жазушылар одағының мүшесі Жарқынбек Амантайұлы – әдебиет пен қоғамдық ойды қатар алып жүрген тұлғалардың бірі. Қаламгерлік пен пен депутаттықты ұштастырған қайраткердің ұстаным-пайымы, азаматтық көзқарасы бүгінгі қоғамдағы рухани жаңғыру, жастар тәрбиесі, кітап оқу мәдениеті және елдегі саяси өзгерістер тұрғысынан ерекше қызығушылық тудырады.
Біз бүгінгі сұхбатта халық қалаулысының заң шығару саласындағы жұмысы, мемлекет дамуындағы маңызды бастамалар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі жуырдағы Жарлығы, сондай-ақ қаламгердің жеке шығармашылық әлемі туралы әңгіме өрбітеміз.

– Жарқынбек Амантайұлы, Павлодарға кезекті жұмыс сапарымен келген сәтіңізді пайдаланып, Өзіңізбен сұхбаттасуды ұйғарған едік. Ұсынысымызды қабыл алып, ықылас танытқаныңызға оқырман атынан алғыс білдіреміз. Депутат ретінде өңірлерге жиі шығып, халықпен кездесіп жүрсіз. Ел ішіндегі өзекті мәселелер қатарында Сізді ерекше алаңдататын қандай түйткілдер бар?
– Әңгімеге шақырғандарыңыз үшін рақмет. Иә, жұмыс бабымен сапарға жиі шығып, тұрғындармен ұдайы кездесулер өткіземіз. Халықпен кездескен сайын елдің шынайы ахуалын тереңірек сезінесің. Бүгінде жұртты алаңдататын мәселелердің басында – әлеуметтік теңсіздік, жастар арасындағы жұмыссыздық, өңірлердегі инфрақұрылымның әлсіздігі және рухани құндылықтардың әлсіреуі тұр. Әсіресе, ауыл мәселесі – өте өзекті. Кейбір ауылдарда мектеп, интернет, медицина, мәдениет ошақтарының жағдайы әлі де көңіл көншітпейді.
Тұрғындар мемлекет пен қоғам арасындағы байланыстың нақты нәтижесін көргісі келеді. Қазір халық сұлу сөз бен құрғақ уәдені емес, нақты нәтижені күтеді. Сондықтан депутаттың міндеті – тек заң қабылдау емес, жергілікті халықтың үні мен назын, қалауы мен тілегін билікке жеткізу.
Сонымен бірге, бізде жастардың көші-қоны да маңызды мәселеге айналып отыр. Дарынды жастарымыздың шетелге кетуі немесе үлкен қалаларға шоғырлануы өңірлердің әлсіреуіне әсер етпей қоймайды. Бұл тек экономикалық емес, ұлттық қауіпсіздікке қатысты да өткір мәселе.
Сондықтан халқы тығыз оңтүстік өңірлерден солтүстіктегі шекаралық аудандарға жастарды көптеп қоныстандыру ісін мейлінше күшейтіп, көші-қон бағдарламасының сапасы мен нәтижелілігін арттыру – демографиялық қауіпсіздік пен аумақтық тұтастықты нығайтудың маңызды тетігі. Осы бағытқа маңыз беріп, назар аудару, нақты іс-шаралар қабылдау мәселесін алға тартып келеміз.

– Соңғы жылдары елімізде саяси реформалар мен басқару жүйесінде өзгерістер жүзеге асып жатыр. Осы өзгерістердің қоғамға берер басты пайдасы неде деп ойлайсыз?
– Еліміздегі реформалардың басты ерекшелігі – мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынасты барынша арттырып, жаңа диалог мәдениетін қалыптастыруға жасалып отырған ұмтылыс. Бұрын саяси процестерге халықтың қатысуы шектеулі болды деген пікірлер жиі айтылатын-ды. Ал қазіргі уақытта қоғамдық бақылау, пікір алуандығы, ашықтық мәселелері көбірек көтеріліп жатыр.
Мысалы, Конституциялық Соттың құрылуы және Конституциялық реформалар – азаматтардың құқықтық мүмкіндігін кеңейткен айтулы қадамдар. Әлемдік тәжірибеге зер салсақ, дамыған әрі ахуалы тұрақты мемлекеттердің бәрінде институттардың күшеюі маңызды рөл атқарған. Мәселен, Скандинавия елдерінде халықтың билікке сенімі жоғары болған сайын әлеуметтік тұрақтылық та күшейген. Біздің еліміз де осындай мысалдарды негізге алып, жаңа бетбұрыстарға ден қойған жайы бар.
Мұндағы өзгерістердің ең басты пайдасы – қоғамның саяси санасы өседі. Халық ел тағдырына бейжай қарамайтын деңгейге жетуі керек. Себебі демократия – тек құқық емес, жауапкершілік мәдениеті.

– Парламент қабырғасында қабылданып жатқан заңдардың халықтың күнделікті өміріне әсері қандай деңгейде сезіліп отыр?
– Иә, кез келген заңның шынайы бағасы – оның халық өміріндегі әсерімен өлшенеді. Егер қабылданған заң қарапайым азаматтың тұрмысын жақсартпаса, онда оның құны төмен болады. Мұның қысқа-нұсқа пайымы осы.
Бізде соңғы жылдары әлеуметтік қорғау, балалардың қауіпсіздігі, әйел құқықтары, банкроттық, кәсіпкерлікті қолдау секілді бағыттарда қабылданған заңдардың қоғамдағы оң ықпалы мен нақты әсері байқалып жатыр. Мәселен, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң көптеген азаматтың қаржылық қысымнан шығуына мүмкіндік берді. Мемлекет өз азаматтарына осындай мүмкіндіктерді тудырып-ақ келеді.
Дегенмен, заң қабылдау жеткіліксіз. Оның орындалуы, түсіндірілуі және қоғамға жетуі мемлекет үшін, депутаттар үшін аса маңызды. Кейде жақсы заңның өзі бюрократияның кесірінен толық іске аспай қалады. Сондықтан қазіргі кезеңде «Заң мен Тәртіп» қағидасы ерекше маңызға ие. Бұл бағдарлама арқылы заң ормаларының жаппай сақталып, орындалуына, бұлжымауына маңыз берілуде.
– Айтыңызшы, Мемлекет басшысының кітап оқу мәдениетін дамыту және «Зерделі ұлт» қалыптастыру жөніндегі Жарлығы қоғам үшін қаншалықты маңызды құжат деп есептейсіз?
– Бұл – стратегиялық маңызы бар құжат. Себебі әлемде интеллектуалдық бәсеке күн өткен сайын күшейіп келеді. XXI ғасырда табиғи байлық емес, білім мен ой капиталы шешуші күшке айналды.
Кітап оқитын қоғам – ойлайтын қоғам. Ал ойлайтын қоғамды адастыру қиын. Мысалы, Жапония, Оңтүстік Корея, Финляндия сияқты мемлекеттер білім мен оқу мәдениетін ұлттық саясаттың өзегіне айналдырды. Соның нәтижесінде технологиялық әрі мәдени серпіліс жасады.
«Зерделі ұлт» идеясы – тек кітап оқу емес, ұлттық сана сапасын көтеру. Егер қоғам тек қысқа ақпаратпен өмір сүрсе, әлбетте, терең ойлау қабілеті, дұрыс пайымы мен түйіні, оң шешім қабылдау түйсігі әлсірейді. Ал кітап адамды сабырға, сараптауға, рухани тереңдікке тәрбиелейді.
Менің түсінігімде, кітап оқитын ұлт пен газет оқитын ұлт қатар қалыптасуы керек. Себебі кітап адамды терең ойлауға тәрбиелесе, газет қоғамдағы саяси-әлеуметтік үдерістерден хабардар болуға үйретеді. Газет оқитын адам елдегі жаңалықтарды саралап, салыстырып, ақпаратқа сыни көзқараспен қарай алады. Ал мұндай қабілет – саналы қоғамның басты белгілерінің бірі.
– Қазіргі жастардың кітап оқуға деген қызығушылығы туралы не айтар едіңіз? Жастарды рухани-танымдық әдебиетке жақындату үшін қандай жұмыстар қажет?
– Жастар мүлде кітап оқымайды деу – қате түсінік. Қазір жастардың оқу форматы өзгерді. Электронды кітап, аудиокітап, қысқа форматтағы контент көбейді. Бірақ мәселе – көлемде емес, мазмұнда және оны қабылдауда.
Екінші мәселе – біз жастардың қызығушылығы мен талғамына сай кітаптар жаза алып жүрміз бе? Осы жағын да терең ойлануымыз керек. Өйткені бүгінгі жас буынның сұранысы, дүниетанымы мен ақпарат қабылдау тәсілі өзгерді деп отырмыз. Сондықтан әдебиет те уақытпен бірге жаңарып, оқырманмен жаңа форматта тілдесе білуі қажет.
Бүгінгі буын ақпаратты тез қабылдайды. Сондықтан әдебиетті жаңа форматта насихаттау керек. Мысалы, кітап клубтары, әдеби подкасттар, TikTok пен YouTube-тағы әдеби жобалар жақсы нәтиже бере алады. Қазір әлемде «BookTok» деген үлкен мәдени құбылыс пайда болды. Соның әсерінен көптеген кітаптың сатылымы қайта артты.
Ең маңыздысы – жастарға кітапты міндет ретінде емес, өмірлік қажеттілік ретінде түсіндіру керек. Отбасындағы кітап мәдениеті де үлкен рөл атқарады.
– Сіздің ойыңызша, бүгінгі қазақ жастарының басты артықшылығы мен басты кемшілігі неде?
– Қазақ жастарының басты артықшылығы – бейімделгіштігі мен еркін ойлауы. Қазіргі жастар технологияны тез меңгереді, әлемдік ақпаратқа ашық, бірнеше тіл білуге ұмтылады. Бұл – үлкен мүмкіндік.
Ал басты кемшілігі – тұрақсыздық пен асығыстық. Қазіргі дәуір жылдам нәтиже мәдениетін қалыптастырды, рас. Көп жастар табысқа бірден жеткісі келеді. Бірақ үлкен жетістік уақыт пен табандылықты қажет етеді ғой.
Тағы бір мәселе – ақпарат көп, бірақ сараптау аз. Жастарға сыни ойлау қабілеті ауадай қажет деп есептеймін. Себебі ақпараттық соғыс заманында сананы сақтау – белсенділікті қажет ететін үлкен күрес.
– Жастардың шығармашылыққа, әдебиетке, өнерге бет бұруы ұлт болашағына қалай әсер етеді деп түсінесіз?
– Өнері әлсіз қоғамның рухы да әлсірейді. Әдебиет пен өнер – ұлттың ішкі иммунитеті. Егер жастар шығармашылыққа бет бұрса, онда қоғамда сезім, ойлау, мәдени талғам сақталады.
Тарихқа қарасақ, ұлттың өрлеу кезеңдері көбіне мәдени жаңғырумен қатар жүрген. Алаш зиялылары да әдебиет арқылы ұлттық сананы оятты. Өнер тек эстетика емес, өнер аталулы – қоғамдық ойдың айнасы.
Қазір технология дамығанымен, адам жанының қажеттілігі өзгерген жоқ. Сондықтан рухани мәдениет әрқашан маңызды болады.
– Ақын ретінде қоғамдағы өзгерістерді жүрекпен қабылдайсыз. Бүгінгі заманда ақынының миссиясы қандай болуы керек деп ойлайсыз?
– Бұрын ақын елдің мұңын айтатын. Қазір де сол міндет өзгерген жоқ. Бірақ бүгінгі ақын тек сезім емес, сана ақыны болуы керек шығар. Ол қоғамдағы құбылыстарды терең түсініп, уақыттың тамырын баса білуі қажет.
Қазіргі ақпарат тасқыны дәуірінде адамның жан дүниесі жұтаңдап кетпеуі үшін, әрине, поэзия керек. Ақын қоғамға эмоциялық тепе-теңдік береді. Сонымен бірге, бүгінгі ақын ұлттық кодты сақтайтын рухани көпір болуы тиіс деп санаймын.

– Өзіңіздің шығармашылық жолыңызға тоқталсақ, поэзияға келуіңізге кімдер немесе қандай өмірлік оқиғалар әсер етіп еді?
– Поэзияға келу – кейде тағдырдың өзі. Адамның жүрегіне әсер еткен оқиғалар, қоғамдағы өзгерістер, туған жердің рухы, ата-ананың тәрбиесі – бәрі ақынның болмысын қалыптастырады.
Қазақ поэзиясының алыптары – кез келген жеткіншек пен жас үшін үлкен мектеп. Абайдың тереңдігі, Мағжанның сезімі, Мұқағалидың шынайылығы – әр буынға әсер етпей қоймайды. Поэзия мен үшін тек өнер емес, ішкі әлеммен сұхбат.
– Депутаттық қызмет пен шығармашылықты қатар алып жүру оңай емес. Сіз үшін саясат пен әдебиеттің өзара байланысы неде?
– Саясат – қоғамның сыртқы болмысы болса, әдебиет – ішкі рухы. Екеуі бір-бірінен алыс көрінгенімен, түпкі мақсаты ортақ: адам мен қоғам тағдыры.
Әдебиет адамды сезінуге үйретеді. Ал саясат халықтың тағдырын түсінуді талап етеді. Егер саясатта жүрек болмаса – ол құр механизмге айналады. Ал әдебиетте азаматтық үн болмаса – ол тек әсем сөз күйінде қалады.
Сондықтан мен үшін әдеби әлем – рухани жауапкершілік, ал депутаттық – қоғамдық жауапкершілік. Саясаттың да, әдебиеттің де тоғысатын тұсы – халыққа қызмет ету.
– Жарқынбек Амантайұлы, қарбалас жұмыс арасынан бізге уақыт тауып, оқырманды қызықтырған сауалдарға жауап бергеніңіз үшін алғыс айтаймыз. Ісіңізге нәтиже, шығармашылығыңызға өріс тілейміз!
Әңгімелескен – Асыл ӘБІШЕВ.
