Қалкен Жәмінұлының туғанына – 100 жыл

Биыл геология-минералогия ғылымдарының кандидаты, профессор, академик Қаныш Сәтбаевтың шәкірті Қалкен Жәмінұлының туғанына 100 жыл толып отыр. Оның өмір жолы — қазақ халқы бастан өткерген күрделі дәуірлердің шежіресі ғана емес, білімге адалдықтың, табандылықтың және елге қызмет етудің жарқын үлгісі.

Қалкен Жәмінұлы Баянауыл өңіріндегі қазіргі Жұмат Шанин ауылына қарасты Үрпектас жерінде 1926 жылы дүниеге келіп, 2004 жылы 78 жасында Алматы қаласында қайтыс болып, сол қалаға қарасты Бағанашыл қорымында жерленді. Інілері Баянауылдың гранит тасынан арнайы жасалған құлпытасын апарып, басына орнатты.

Баянауыл — қазақ даласына ұлы тұлғаларды сыйлаған қасиетті мекен, қазақ руханияты мен ғылымының алтын бесігі. Бұл өңірдің табиғаты ғана емес, рухани ортасы да талай дарынды тұлғаның қалыптасуына ықпал етті. Қаныш Сәтбаев, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Жұмат Шанин, Әлкей Марғұлан сынды алыптардың ізі қалған ортада өскен Қалкен Жәмінұлының дүниетанымы да өзгеше қалыптасты.

Ауыл ақсақалдарының Абай мен Мәшһүр туралы әңгімелері, ел ішіндегі көне шежіре мен тарихи жады, білім мен парасатты қастерлейтін орта оның санасына ерте жастан ұлттық рух пен ғылымға құрмет сезімін сіңірді. Сондықтан Қалкен Жәмінұлының ғылымға ұмтылысы — жеке тағдыр таңдауы ғана емес, Баянауыл топырағындағы ұлтқа қызмет ету дәстүрінің заңды жалғасы еді. Осындай текті ортада туған ұрпақтың бойына елдік рух, әділдікке адалдық және халыққа қызмет ету қасиеті ерте сіңді.

Алайда оның балалық шағы қазақ халқының ең ауыр кезеңдерімен тұспа-тұс келді. Тәркілеу, күштеп ұжымдастыру, ашаршылық — мұның бәрін ол өз көзімен көрді. Кейінгі естеліктерінде Қалкен Жәмінұлы 1931–1932 жылдардағы халық қасіретін жүрек сыздатар шындықпен баяндайды. Аштықтан әлсіреген ауыл адамдары, жаппай қырылған ел, жуа мен қымыздық теріп күн көру — мұның бәрі оның жадына өмір бойы сақталды.

Сол қиын кезеңдер оның мінезін шыңдады. Жоқшылық пен жетімдікке қарамастан, ол мойыған жоқ. Әсіресе әкесі Жәмін Ысқақұлының айтқан бір әңгімесі оның тағдырын өзгертті. Жас кезінде Қанышпен қатар өскен әкесінің бір ауыз өсиеті оның өмірлік бағытын айқындап берді. Кезінде бірге өскен Қаныш пен Қамиттың білім қуып елден кеткенін, кейін солардың үлкен ғалым, беделді маман болғанын айтып: Қаныш оқыды, сондықтан елге танылды. Адам болам десең, сен де оқы, — деп ұлына аманат айтады. Осы әңгіме Қалкеннің жүрегінде мәңгілік арман болып сақталды.

Кісі үйінде жатып оқыған жылдары оның қайсарлығын арттырды. Өз естеліктерінде жат босағадағы баланың еркі шектеулі болатынын ерекше толғаныспен жазады. Соған қарамастан, ол білімге деген ынтасын жоғалтпады. Мектепті үздік бітіріп, кейін Ұлы Отан соғысы жылдарында әскер қатарына алынды.

Ұлы Отан соғысы жылдары ол әскер қатарына алынып, жеті жыл әскери қызмет атқарды. Ашхабад, Баку, Нахичеван қалаларында болып, соғыстың ауыр зардабын, халықтар арасындағы қақтығыстарды, жер аударылған жұрттың қайғысын көзімен көрді. Жеті жылдық әскери өмір оны тәртіпке, төзімге, жауапкершілікке тәрбиеледі.

Соғыстан кейін туған елге оралған Қалкен Жәмінұлы Алматыдағы тау-кен институтының геология-барлау факультетіне түседі. Геологияны таңдауы кездейсоқ емес еді. Оның бала күнгі арманы — Қаныш Сәтбаевтай елге пайдалы геолог болу болатын.

Институтты аяқтағаннан кейін ол Қазақстан Ғылым академиясының Геология институтына қызметке орналасады. Осы жерде оның өміріндегі ең үлкен арман орындалды — Қаныш Сәтбаевпен жүздесіп, оның қарамағында еңбек ету бақыты бұйырды. Қалкен Жәмінұлы үшін Қаныш Сәтбаев жай ғана академик немесе басшы емес, бала күннен санасына сіңген үлкен арманның бейнесі еді.

Қаныш Сәтбаев жас ғалымның ізденісін бірден байқады. Оның еңбекқорлығы мен ғылыми ойлау қабілетін жоғары бағалады. Әсіресе Жезқазған кеніндегі ренийді зерттеу жұмысына үлкен сенім артып, тікелей қолдау көрсетті. Бұл кездегі Қанекеңнің көрегендігі ерекше байқалды. Ол қосалқы металдардың болашақта стратегиялық маңызы зор болатынын ерте түсінді.

Қалкен Жәмінұлы өз естеліктерінде Қаныштың адамға сенім арта білетін қасиетін ерекше құрметпен жазады. Жас мамандардың пікірін тыңдап, олардың ғылымдағы батыл ізденістеріне мүмкіндік беруі — ұлы ғалымның үлкен мектебі еді.

Бұл жұмыста Таисия Сәтбаеваның да ықпалы ерекше болды. Қалкен Жәмінұлының ғылымдағы қалыптасуына Таисия Сәтбаеваның да ықпалы зор болды. Таисия Алексеевна Жезқазған кендерінің минералогиялық құрамын терең зерттеген тәжірибелі маман еді. Ол Қалкеннің шахталардан жинаған материалдарын мұқият қарап, оның ғылыми мүмкіндігін ерте аңғарды.

Дәл осы кісінің бастамасымен Қалкен Жәмінұлы геохимиялық зерттеулерге бет бұрды. Ол жас ғалымға: Вернадский мен Ферсман еңбектерін оқып шық, геохимияны терең түсінбей бұл іске кірісе алмайсың, — деп бағыт-бағдар береді. Бұл жай ғана тапсырма емес, үлкен ғылыми мектептің есігін ашқан сенім еді.

Көп ұзамай Қаныш Сәтбаевтың тікелей қолдауымен Жезқазған кеніндегі ренийдің таралуын анықтау бойынша жүргізілген ауқымды зерттеулерге атсалысып, ғылыми тәжірибесін шыңдады. Бұл жұмыс кейін Қазақстан геология ғылымындағы маңызды жаңалықтардың біріне айналды. Рений қоры алғаш рет ғылыми тұрғыдан дәл есептеліп, өндірістік маңызы дәлелденді.

Қалкен Жәмінұлы ғылымға тек мамандық ретінде қараған жоқ. Ол үшін ғылым — елге қызмет етудің жолы болды. Ол ғылымды тек зерттеу нысаны емес, ұлт игілігі деп білді. Ол Қазақстан жеріндегі кен байлықтарын тиімді пайдалану, қосалқы металдарды ысырап етпеу мәселелерін батыл көтерді. Ғалым Жезқазған кеніндегі күміс, рений, қорғасын, мырыш секілді бағалы элементтердің өндірісте толық игерілмей жатқанын газет беттері арқылы да батыл көтеріп, оларды кешенді өңдеу қажеттігін ғылыми тұрғыдан дәлелдеді.

Сонымен қатар ол ұлттық руханиятқа ерекше жақын болды. Абай Құнанбайұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы туралы естіген әңгімелерін өмір бойы қадірлеп сақтады. Кейін Әлкей Марғұланның тапсырмасымен Маңғыстау өңіріндегі тарихи мешіттер мен көне орындарды зерттеп, қазақтың мәдени мұрасына да зор қызығушылық танытты.

Қалкен Жәмінұлының өмір жолына үңілген сайын, оның бойындағы ең алдымен көзге түсетін қасиет — қарапайымдылық пен адамға деген жанашырлық. Тағдырдың тауқыметін бала жасынан көріп өскен ол ешқашан мансап пен атаққа мастанбаған. Ашаршылықты, жоқшылықты, соғыстың зардабын бастан кешкен адам ретінде өмірдің шынайы бағасын терең түсінді.

Оның өміріндегі ең басты адамгершілік ұстанымдарының бірі — адалдық еді. Жезқазғандағы ғылыми зерттеулер кезінде кейбір адамдардың күншілдігі мен кедергісіне қарамастан, ол ғылымға деген тазалығын сақтап қалды. Өз еңбегін ешқашан дабыралап көрсетпей, бар күшін ел игілігіне жұмсады.

Әріптестеріне үнемі қамқорлық танытып, жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, қарапайым жұмысшылармен тіл табыса білетін қасиетімен ерекшеленді. Қиындықты көп көрген адам ретінде өзгеге жанашырлықпен қарай білді.

Қалкен Жәмінұлы ұстаздарының сенімін ақтады. Ол ғылымдағы табысын жеке басының жетістігі емес, Қаныш мектебінің тәрбиесі деп білді. Сондықтан өмірінің соңына дейін ұстаздарына деген зор құрметін жоғалтқан жоқ. Ол үшін ғылым — атақ пен мансаптың жолы емес, елге адал қызмет етудің, ұлт болашағына еңбек сіңірудің қасиетті аманаты болатын.

Қалкен Жәмінұлының ғұмыры – ХХ ғасырдағы қазақ зиялыларының тағдырын бейнелейтін өнегелі өмір және қарапайым ауыл баласының қайсарлықпен ғылым биігіне көтерілгенінің айқын дәлелі. Ашаршылықты көрген бала кейін қазақ геологиясының дамуына үлес қосқан ғалымға айналды. Оның өмір жолы – бүгінгі ұрпаққа еңбекқорлықтың, білімге адалдықтың, елге қызмет етудің биік үлгісі болып қала береді.

Ғасырлық мерейтой – тек бір адамның өмірін еске алу ғана емес. Бұл – халқымыздың тарихын, ғылым жолындағы ізденісін, ұлт рухын ұлықтау. Қалкен Жәмінұлы сынды тұлғалардың есімі ел жадында мәңгі сақталары сөзсіз.

 

Жолдыбай НЫҒМЕТҰЛЫ,

Павлодар қаласы.

Добавить комментарий