(Жазушы, дінтанушы, 2023 жылғы «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының иегері Абай Мауқараұлы туралы)

Абай бала кезінен өте қиялшыл еді. Төртінші кластан екеуіміз жұбымызды жазбайтынбыз. Ол, сол кезде «Аспан сыры» деген кітапты оқып алып, бізге жер шарымыз күнді айналып қана қоймай, күн тағы бір жұлдыздарды айналатынын олар да солай шексіз айналыспен жалғаса беретінін аузының суы құрып әңгімелейтін-ді. Менің санама айтқандары аса қона қоймаса да әдемі ертегі тыңдағандай әсерде болатынмын. Кейін астрономия сабағын, химия, квант физикасы сияқты пәндерді жоғары оқу орнында өткенде «Абай досым бесінші класта жүріп осы құбылысты қалай терең түсінген» деп таңданған едім. Бұл қияли Абай досымның мені таңғалдырған бірінші қыры еді.
Абай екеуміз де әдебиетке оқушы кезден жақын болдық. Төртінші кластан бастап Жәкен мұғалімнің әдебиет үйірмесіне бірге барып, алғашқы өлеңсымақтарымызды жазып мәз болып жүрдік. Бірақ мен инженерлік мамандығына, ол дәрігери оқуға түсті. Мен Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласында мамандығым бойынша қызмет істеп, әдебиеттен мүлдем алыстап кеттім. Абай дәрігери мамандығын шыңдауға Ұланбатырға түрлі курстерге келіп жүргенде өзінің әдебиеттен әлі де алыстамағанын, қайта моңғол әдебиетіне ден қойып, кейбір моңғол шығармаларды қазақ тіліне ал қазақ туындыларды моңғолшаға аударумен айналысып жүргендігін айтатын. Тіпті, студент жүргенде қазақтың атақты ақыны Қадыр Мырза-Әліге хат жазғанын, қазірде хабарласып тұратынын айтқанда аса сене қоймаған-мын. Абай сол кезде өзіміздің өмір сүріп отырған социалистік қоғамды қатты сынайтынын, өзі соның белді қызметкері болып жүрсе де, оның көптеген кемшіліктерін тайға таңба басқандай ашып айтатынын аса жақтырмаушы едім. Бірақ досымның көңіліне қарап, айтқанын құптағандай түр көрсетіп ішімнен: «Партия қайда болса, жеңіс сонда» деп отыратынымды несіне жасырайын…
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында Моңғоияда демократиялық жаңару басталғанда Абай осы қозғалыстың алдыңғы қатарында болды. Бұл Абай досымның мені таңғалдырған екінші қыры еді.
Екі жыл бұрын ғана Партияның жоғары мектебін бітіріп, біраз уақыт Ұланбатыр қалалық партия комитетінде бөлім бастығы болып істеп, Моңғолияның құрылыс министрінің орынбасары лауазымына тағайындалуға дайындық ретінде Багануур қаласының құрылыс трестісін басқаруға азғана мерзімге партияның жолдамасымен кеткен басым ескі жүйе жағында қала бердім. Осылайша екі дос өзеннің екі жағасында қалғандай күй кештік. Ұзын құлақтан: «Абай демократиялық қозғалыс жағынан туған ауылымыздан Ұлы Хұралға депутаттыққа атын ұсыныпты»- деп естідім. Ұзамай депутаттыққа екі дәрігер қатар аттарын ұсынған екен халық жасы үлкен, тәжірибелі әрі бұрынғы партияны қолдайтын Жүніс ағайды таңдапты. Абай болса ренжіп Қазақстанға көшетін болыпты»- деген хабар келді. Осылайша ол ауылымыздан жеті отауды алып, 1991 жылдың басында Қазақстанға көшіп кетті. Мен аң-таң болып жұмыс-шаруаммен айналысып Багануурда қала бердім.
Кейін Абайдың расында да Моңғолиядағы демократиялық қозғалыстың алдыңғы шебінде болып, оның толық жеңіске жетуіне атсалысқанын, тіпті елдің өсектегеніндей депутаттыққа сайланбай қалғанына ешбір ренжімегенін, қайта туа қалған мүмкіндікті пайдаланып, алды-артына қарамай Атажұртқа ат басын бұрғанын білдім. (2011 жылы Уланбатырға келіп Құраннның моңғолша тәпсірін аударған кезде, «Өдрийн сонин» газеті сұхбат алып, артынша «Монголын Ардчилсан хувьсгалын ахмад зүтгэлтэн» деген атақ беріпті) Бұл досымның мені таңдандырған үшінші қыры еді…
Ақыры тарихи мүмкіндіктен шет қалмай бізде 1991 жылдың жазында Баянауылдың Жаяу-Муса ауылына ат басын тіредік. Күзде бауырларыммен бірге екі отар қойды қабылдап алып,қора салып жатқанымда Талдықорғаннан мені әдейі іздеп Абай досым келді. Ол менің ойыма кіріп-шықпаған қоныс аударып келген біздің құқымыз, азаматтық мәселеміз туралы сөз қозғап, мені алыс шетте қалып қоймай сол кездегі ел астанасы Алматыға барып осы мәселенің толық шешілуі үшін күш қосып бірге күресуіміз керектігін айтты. Мен әрине қарсы болдым, құптамадым. Бірақ, осы кездесуден кейінгі жылдары басымнан өткен келеңсіздіктер Абайдың айтқандарының растығына амалсыздан көзімді жеткізген еді. Өзім де содан кейін тіріле бастадым. Бұл оның мені таңғалдырған төртінші қыры еді.
Жаңа көшіп келген біздер аяқ-қолымызды таба алмай жүрген сол тоқсаныншы жылдары Абай «Тілін қорғай алмаса тәуелсіздіктен не пайда!», «Әуелі ұлт қамы, сосын қарын қамы» , «Жүз жылғы көші-қон» тсс. көптеген мақалаларды бірінен кейін бірін бұрқыратып жазып, өзінің дәрігерлік мамандығынан қол үзіп, жазушылық, журналистік жолға түсті. 1996 жылы сол кездегі Еңбек министрі Коржованың бастамасымен Көші-қон туралы жаңа заң дайындалды, деп естідік. Бұл жаңалыққа аса мән бере қоймаған едім. Бір күні Алматыдан Абай досым телефонмен хабарласып, бір сағаттай сөйлесіп маған көп жағдайды түсіндіріп, Парламентке Үкіметтің ұсынған Көші-қон заңына балама жаңа заң дайындау керектігін айтты. Шеттен келген зиялы қауым өкілдері басын қосып осы бастаманы қолдауымыз қажеттігін айтып мені Алматыға шақырды. Бұл жолы бас тарта алған жоқпын… Алматыдағы Абайдың үйінде бірнеше ай болдым. Әкім Ысқақ бастаған азаматтармен жақын танысып, біраз нәрсеге көзім ашылып қайттым. Әсіресе Абайдың арқасында қазақтың ұлы ақыны мен ұлы жазушысы Қадыр Мырза-Әлі және Мұхтар Мағауин ағалармен жолығудың сәті түсті. Бір топ өлеңдерім «Жұлдыз» жұрналында жарық көрді. Досымның Қадыр ағамен ертеден таныс, сырлас екендігіне осы жолы көзім жетті. Бұл оның мені мені таңғалдырған бесінші қыры еді.
Екі мыңыншы жылдың басында отбасым Павлодар қаласына көшті. Менің көші-қон саласындағы ресми еңбек жолым басталды. Облыстық көші-қон басқармасының күзетші-әкімшісінен бастап басқарма бастығы, көші-қон департаменті басшысының орынбасары сияқты қызмет баспалдақтарын қуалап жүріп досымнан тағы алыстап кетсем де, ол мені «Қазақ Елі», «Көш» деген республикалық газеттердің облыстық тілшісіне тағайындатып, көші-қонға қатысты көптеген мақалаларымды жариялатты. Осы журналистік қызметінен кейін Абайдың дін жолына мықтап түскендігін, Түркияға кетіп Құранның түрікше тәпсірін үйренгенін, кейін қасиетті Құранды моңғол тіліне аударып жүргендігі т.б әртүрлі алып-қашпа өсектерді ара-кідік естіп жүретінмін.
Бірде досым, күйеу балам Жырғаудың қызы қайтыс болғанына көңіл айтуға Павлодарға келді. Бала досымды көргеніме қатты қуанғаныммен ол туралы естіген әртүрлі өсектерден бе кім білсін, бұрынғыдай ашылып сөйлесе алмадым. Әйтсе де, ол маған Халифа Алтай атамыздың аударған қоңыр Құранын ұстатып, кетерінде: «Қолың тисе оқи жүр» деп өзінің жазған «Құбыланама» атты кітабын бергені ойландырып тастады…
Осы рухани көмегі әсер еттіме діни кітаптарды оқуға кірістім… Осылайша, менің алдымнан басқа әлем ашылғандай болды… Бұл досымның мені таңғалдырған алтыншы қыры еді… Аман жүр мен үшін бала Абай-дана Абай.
Мұхит ЖАҚСЫЛЫҚҰЛЫ,
Павлодар қаласы.
