Pavlodar, KZ
Mostly Cloudy
Мұрат АЯҒАНОВ

Әйгілі кентанушы Қосым Пішенбаев жайлы мәліметтерді іздеп жүріп, Баянауылда бұрын ел естімеген деректерге кенелдік. Ауданның қақ төрінде кезінде Қанағаң ұзақ уақыт аялдаған, жазушы Қалмұқан Исабаев дүние есігін ашқан көне үй сақталып қалыпты.

Ақбеттаудың баурайын бойлай қонған Баянауыл кенті Сабындыкөлдің солтүстік жағалауында, таулы-тасты жерде салынған. Тарихы терең елді мекендегі үйлердің біразы кезінде тау арасында тұрғызылыпты. Біз сөз еткелі отырған, бір ғасырдан астам уақыт бұрын бой көтерген тарихи ғимарат та жақпар тастар арасында орналасқан. Оны 1907 жылы жергілікті фельдшер Леонтий Бельдининов тұрғызыпты. Төңіректегі адамдарды дәстүрлі және халық емімен емдеп, шипалы қолдарымен талай жанға өмір сыйлаған Л.Бельдининов заманында Қаныш Сәтбаевпен өте жақын араласқан. Қанағаң Томскіде оқып жүргенде суық тидіріп, өкпе ауруына шалдыққанын білген соң туған жеріне келіп ұзақ емделеді. Сол уақытта фельдшер Леонтий Бельдининов оны Баянауылдағы ауруханада, кей уақытта өз үйінде қабылдап, қымызбен емдейді. Кейінгі жылдары да ғалым туған еліне келгенде ақ желеңді абзал жанның үйіне барып сәлемдесіп, қона жатып кетіп отырған.

Бұл оқиғаны бізге Баянауылдың жергілікті тұрғыны Михаил Баёк айтып берді. Михаил Михаилович – Л.Бельдининовтің шөбересі. Арғы атасынан қалған үйді отбасы, ұрпақтарымен әлі күнге паналап отыр.

– Менің әжем Капитолина Черкашинаның Қаныш Сәтбаевқа деген ықылас-құрметі өле-өлгенше ерекше болды. Кезінде Қаныш Имантайұлы осы үйде жиі болып, тіпті біраз уақыт тұрған да екен. Әжем әңгімелеп бергендей, арғы атам Леонтий адамдарды емдеген. Шағын емдеу пунктінде сабаннан төсек-орындар жасап, ем сұрап келгендердің меселін қайтармапты. Ал бұл баспана кең әрі бөлмелері көп болғандықтан түпкір бөлмелерді біраз адамдарға жалға берген екен. Бұл жерде Баянауылдан шыққан көптеген тарихи тұлғалар аялдап, біраз уақыт тұрған. Соның ішінде Қаныш Сәтбаев та бар. Әжеміз қазақ тілінде жетік сөйлейтін, балалайкамен қазақтың күйлерін шертіп, ән салатын. Қ.Сәтбаевпен жазысқан хаттары көп болды. Академикпен бірге түскен фотосуреттер және әйгілі кентанушы Қосым Пішенбаевтың суреттері, түрлі құжаттар көп болатын. Өкінішке қарай, бұлардың барлығын әжеміз дүниеден өтер алдында жинап, өртеп жіберді. Неге олай жасағанын түсіне алмадық, – дейді М.Баёк.

Бұл үйде Қаныш Сәтбаевтың Баянауылға келген сапарларының бірінен жалғыз сурет қана сақталып қалыпты (сурет ұсынылды). Өкінішке қарай, суреттің қашан, қай жерде түсірілгені, ғалымның жанындағы адамдардың кім екендігі жайлы мағлұмат жоқ. Суреттің бұған дейін БАҚ беттерінде жарық көргені, көрмегені де белгісіз…

Қош. Сонымен Михаил Михаиловичті әңгімеге ары қарай тарта түстік. Ол 2003 жылы үйлеріне майдангер жазушы Қалмұқан Исабаев арнайы келгенін жеткізді. Қаламгер әжесімен ұзақ сөйлесіп, бұл көне ғимарат өзі үшін ыстық екенін айтады.

«Сөйтсек Қалмұқан аға осы үйде дүниеге келіпті. Арғы атамыз фельдшер болғанын айттым ғой. Тағдырдың жазуымен анасын осында босандырған екен. Қаламгер тебіреніп сөйлегені есімізде. «Мен осы үйде дүние есігін ашыппын. Кейін есейе келе анау тұрған диванда жатып шыққаным да бар», деді. Бөлмелерді аралап жүріп естеліктер айтты. Сосын далаға шығып, шылымын тұтатып алып, бір сәт ойланып тұрып қалды. Ол кісімен фотосуретке түсіп едік, өкінішке қарай, ол да сақталмай қалыпты», – дейді ол қынжылыспен.

М.Баёктың атасы Александр Черкашин заманында өлкетанушылықпен айналысқан адам екен. Жергілікті кентанушылар туралы деректер іздестіріп, Қосым жайлы көптеген мәліметтерді іздеп тапқан. Бұл бағытта Қалмұқан аға да онымен байланыс орнатып, Қ.Пішенбаевтың есімі Ертіс-Баян жерінде салтанат құруына көп еңбек сіңірді. Қаламгер Екібастұз көмірін Қосым Пішенбаевтың ашқанын дәлелдейтін мақалаларды дүркін-дүркін жариялап, журналистік зерттеулер жүргізеді. Верхотурлық бірінші гильдиялық көпес, тау-кен кәсiпкерi Александр Бенардакидiң 1867 жылдың 21 маусымында жазған хатында  сол жылдың 12 маусым күнi Екiбастұз көлiнiң шығысындағы «Қарабидайық» деген жерде Қосым Пiшенбаев бастаған баянауылдық 5 қазақ көмiр кенiн ашқаны баяндалғанын тауып, жарыққа шығарады. Бұл деректі ол Киев қаласының мұрағаттарынан тапқан. Кейін Екібастұз қаласына Қосымның ескерткішін орнатуға атсалысты. Қазіргі «Богатырь» көмір кенішіне Қаныш Сәтбаев Қосым Пішенбайұлының есімін беру әділетті болатынын кезінде айтып кеткен екен. Ғұламаның бұл пікірін Қалмұқан Исабаев нақтылай түскенін білеміз.

Осынау тарихи баспанада тұрып жатқан Михаил Баёк пен оны жұбайы Галина Баёк бүгінде жергілікті Шапық Шөкин атындағы №2 мектепте сабақ береді. Зейнет жасына жетіп қалған қос ұстаз ұлдары Михаил де бүгінде Ресейдің Томск қаласында, Қаныш оқыған институтта білім алып жатқанын мақтанышпен жеткізді. Қоштасар сәтте: «Үйіміздің қабырғасына Қанағаң мен Қалмұқан Исабаевтың есімдері жазылған тақтатас орнатылса» деген ниеттерін де бүгіп қалмады.

Пікір үстеу