(Шарбақты ауданында өткен Ғабдыл-Уахит хазіреттің 170 жылдығына арналған аймақтық ақындар айтысына шолу)

Шарбақты ауылында өткен Ғабдыл-Уахит хазіреттің 170 жылдығына арналған аймақтық ақындар айтысының дүбірі әлі басылмады. Шарбақты ауданы әкімдігінің қолдауымен «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер Халықаралық одағы» Павлодар облыстық филиалы ұйымдастырған сөз сайысында сынға түскен ақындардың өнеріне «Aiqara.kz» тілшісі талдау жасады.

Аламан айтыстың шымылдығын Павлодар қаласының намысын қорғаған Баянауылдың түлегі Нұрбек Бәкір мен Успенканың абыройын арқалаған Бөкен Жігер түрді.

Нұрбек ақындардың кенжесі болса да, бас болар бала екенін танытып, тайсалмай сөз бастады. Оның:

«Қарттары болған екен Құранға ие,

Қаршығасы болған екен Тұранға ие.

Жайылған қазақ деген халық едік,

Түйір тасының өзі тұмар, кие.

Қайран өмір бір күні суалады-ау,

Секілді әжем сауған шұбар бие…

…Армысың, Ертіс-Баян қазақтары,

Әр ауылына түнеген бір әулие.

Мәңгі кімнің басында тұрар дейсің,

Мың әулиеден көшкен мынау дүние», – деп өрілген өлеңі құлаққа жағымды, көңілге қонымды болды. Осы шумағымен-ақ ақын тартысқа тас-түйін дайын екенін бірден аңғартты. Ізденіп, оқып жүрген жастардың қатарынан екенін де көрсетті.

Бірақ бұл шумағында ақын ескермеген екі қателікті көріп қалдық: «Хазіреттің басына шауып келдік», – дейді ол. Қазақ бейіттің басына, буылға шауып келуші ме еді?! Шауып кіруші ме еді?! Ал, «Тарихи тұлғаларын ұлықтаған, Жаңарып жатыр екен мынау жүйе» деген саяси ойды астарлайтын жолдардан ескі мен жаңаның, бұрынғы мен қазіргінің сұлбасы көрінеді. Жаңа жүйені жырлаудың да әдебі, жөні бар. Әркім ескеруге тиісті жайт – осы. Әйтпесе, бұған дейін тұлғалар ұлықталып, тарих айтылып, айтыс ұйымдастырылмағандай.

Шаппа-шапта шамасының қандайлық екенін көрсеткісі келді ме, Нұрбек келесі шумақты батыл бастады. Бөкеннің жақында Өскеменге айтысқа барып, тоғыз балмен бағаланғанын, жұмыс орыны – «Шаңырақ» орталығы тіктіріп берген шапанын да ақтамай бос қайтқанын айтып тиісті:

«…Жылтыратып қойғанмен сырт жағыңды,

Мынау жұрт қобызыңа алданар ма?

Өскеменнен қанжығаң бос қайтыпты,

Секілді жолда қирап қалған арба.

Қобызбенен айтам деп Өскеменде,

Тоғызбенен қайтыпсың Павлодарға».

Ал, сыпайы, сыйласып айтыспақ болған Бөкен «Жә!», – дегеннен жанжалды бастап кеткен Нұрбекке қарата айтқан сөзінде қазіргі қоғам адамына тән мінездерді тізіп шықты:

«…Жар сала жасытуға құмарлығың,

Қаншама жақсыларды қиға көмді.

Хазіреттер аттанғалы арамыздан,

Қазақтың ішіндегі иман өлді…». Бұл сөздер Нұрбекке қарата айтылғанымен, оған арналмаған. Ақын ойының түкпірінен қазақтың алағайлы-бұлағайлы шақтардағы талапайлы тағдыры көмескілене көрінеді.

Осылай бір орғып алған Бөкен Нұрбектің сынына аспай-саспай салмақты жауап берді. Кілең тоғыздың арасынада бір 10-ы барын айтып:

«…Үніне қобызымның тамсанған соң,

Үйірімен бір тоғыз сыйға берді», – деп тоқтады. Одан кейін өзі де қарсыласқа шүйлікті. «Жығылған қисайғанға күлмес болар, Жезтаңдай болған жоқсың жетіп ерең», – деп қарсыласының да бір әттеген-айы барынан хабар берді.

«Жеті қазына» айтысына барамын деп,

Жер болып қайтпап па едің жетіменен?!», – деп кекетті Нұрбекті.

Екі ақын да аңдысып ұзақ жүрмеді. Бірден жұлқыласты. Алғашқы адымнан-ақ қос ақынның да өлең құрау шеберлігі мол екені анық көрінді. Әсіресе, Бөкеннің «Бұлт басқандай қылмашы бұйра белді», «Белден аса алмайды бекімеген»,«Сүрінегеннің білмейді не екенін, Қозғалмай бір орында жатқан адам» деген секілді тіркестері татымды болды.

Бірақ екеуінің де бір-біріне «Сен мына айтыста 9 алдың, анау айтыста 7 алдың деуі» аса бір ұтқыр, әрі ұтымды шешім емес деп ойлаймыз.

Інісінің шымшымасы Бөкеннің шымбайына батса да, ағалық танытқысы келгендей Нұрбекке сенім арта сөз арнады:

«…Тектілер туып-өскен төрден келдің,

Баянтаудың айтайын қай дүлділін?!

Шоң бидің иісі шықсын шумағыңнан,

Сорпадан ұрттағандай майдың нілін.

Сұлтанмахмұт атаңдай  бір сөйлеші,

Сәуірде үзгендей қып сайдың гүлін.

Тұлпарлардың елінен келіп тұрып,

Арқалай алмай қайтпа тайдың жүгін».

Бұл жолдардағы сөз кестесі сіздің де ой-көзіміздің жауын алып, жұтындырып тұрған болар, қадірлі оқырман.

Нұрбектің екінші кезекті алып, сөз бастарда домбыраның ішегін іліп шертіп, Сәкеннің «Тау ішінде» әнінің әуезін өзінің негізгі мақамы – «әгигәгәмен» үйлестіре құйқылжытқаны, тамылжытқаны қандай әсерлі болды. Көрермен де елітіп, еріп кете жаздап, «Беу!» десіп барып орнында бір қомданды. Айтыс мақамындағы осындай иірімдерді сәтті пайдаланса, ақындардың өнері өрнектеле түсер еді деп ойлаймыз.

Бірақ, Нұрбектің: «Баянды қатты-қатты толғадың ғой, Сол жақта туып-өскен адам құсап» деп жауап қайтаруы ақылға қонымсыз сөз болды. Қазаққа аты мәлім атырапты жырлау үшін Баянауылда туып-өсу керек деген мөрленген заң жоқ қой.

Ал, екінші деммен айтқан мына бір сөзі жалынды жасқа тән жігерлі сөз болды:

«…Бабалардың жалғасы өзім болам,

Дауысын естіп келдім дүбіріңнің.

…Дәл бүгін тұлпарлармен қатар шапса,

Өскені осы шығар құлыныңның!?» («Жетілгені емес пе құлыныңның!?» десе, тіпті тамаша болар еді?!)

Бұдан кейін Нұрбек тақырыпқа тоқталып, Ғабдыл-Уахит Хазірет жайлы толғанды. Қай бір жылы даланы алапат өрт шарпығанда тілсіз жау жолындағын жалмап келіп, баба бейітіне жетіп тоқтапты. Ел куә болған осы оқиғаны баяндай келе:

«…Зиратына жақындап қызыл жалын,

Бірақ та одан ары бара алмаған.

Содан соң өрттің беті қайтарылып,

Қалыпты елім де аман, далам да аман.

Мазардың қасиеті осы шығар,

Тілсіз жаудың өзі де ала алмаған», – деп қасиеттен сыр ұқтыруға тырысты. Нұрбек тақырыпты осылай бір толғап алып, қарсыласқа тағы бұрылды:

«…Мықты болсаң, жырыңмен дәлелдеші,

Сөздерің таусылмаса қорыңдағы.

…Бөкенді Бөкен қылған сөзі емес,

Қобыздың құдіреті қолындағы», деп Бөкеннің ақындық шеберлігіне күмән келтіре сөйледі.

Ал, өз кезегінде Бөкен «қоржыны қара өлеңге бай екенін» жырымен дәлелдеді. Түйдек-түйдек тармақтарымен түйіп-түйіп айтқанда күмән пердесін түріп-түріп тастады.

Бөкен алғаш Жезқазғанда өткен республикалық айтыста көзге түсті. «Жүрсіннің жүйріктерінің» сапына қосылды. Бірақ одан кейінгі бірнеше айтыста бағы жанбады. Бастапқы сәттілікті қобызбен байланыстырғандар болды. «Бөкен алғаш қобызбен шыққанда бәрі таң қалған еді, қазір бұл көзге үйреншікті болып қалды» дегенді біз де естідік. Нұрбектің Бөкен жайлы жаңағыдай айтуының себебін біз осыдан іздейміз.

         Бөкен де тақырыпты аз жырлаған жоқ. Біздіңше, оның жырының көркемдігі мол, мазмұны бай болды. Өткен тарихты қозғап, оның ғибратынан мән іздеуде, оны бүгінгі күннің мәселесімен байланыстыра жырлауда ұтқыр әрі ұшқыр болды деп есептейміз.

Бұнысы Бұқарада білім алған сапарынан қайтып келе жатқанда Хазіретті түнде жылан қоршап алғаны туралы аңызды айтып ақтарылғанда анық аңғарылды.

«…Көп жыланды дұға оқып қайтарыпты,

Күңіренген үн қосылып күзгі желге.

Қазір де айналамыз қалың жылан,

Дербестеніп тигенмен тізгін ерге.

Визасыз кіред дейді қалың қытай,

Құлқын үшін қаптамақ құзғын елге.

…Шығыстағы жыланды інге тығар,

Бір Хазірет жетпей тұр біздің елге», – деп, тақырыпқа тоқталып, соның бейнесінде өзінің саяси көзқарасын, азаматтық ұстанымын алға шығарды.

Бұдан кейінгі сөзінде де ол Хазірет жайлы жырын жалғады.

«…Атамызды ату үшін іздеп кепті,

Қолына қару алған жат қонақтар.

Сонда мылтық атылмай қалған дейтін,

Тарихтан бізге жеткен ақпарат бар.

…Хазірет қазір болса арамызда,

Жанын қиып кетпес еді жас қанаттар.

Кешегі жазықсыздар жан берген Қаңтарда да,

Атылмай қалар ма еді автоматтар?!», – деп кешегі «Қанды Қаңтардың» қасіретін жырлады. Осылай тағы бір мәрте ойының жүйрік екенін көрсетті.

Бұл жырлары қарсыласына берген жауабы еді. Қадірін қобыз ғана арттырып тұрмағанын, сөзінің де салмақты, өзінің де жан-жақты екенін дәл дәлелдеп, ақындық қуатын танытып алып, енді қарсыласқа қадалды.

«…Асабаның бірі едің аузы жеңіл,

Шошаңдаған шоуменсің ортаңда әйгі.

Аузың үйір болған соң арзан сөзге,

Шолақ ойың шоқпардай шолтаңдайды.

Сарыныма дарының жетпес сенің,

Сүлейлердей болмаса сорпаң майлы,

Шибөрі қанша шыр-пыр болғанымен,

Жолбарыс жүрген тауда жорыта алмайды,

Менің жауһар миымнан шыққан сөзді,

Сіздің жаңғақ миыңыз қорыта алмайды», – деді.

Бұған Нұрбек қалай қарымта қайтармақ?! Өз сөзінің қисынсыз екеніне көзі жетті. Қарсыласы азуын көрсетті. Енді лайықты жауап болмаса, сол азуда шайналып кеткелі тұр. Осыны түсінген Нұрбек:

«…Ол рас, сайқымазақ шоумендер көп,

Көкесін көрсететін масқараның.

Мен бірақ оларды еш үлгі етпеймін,

Кешегі көнежолды ластамадым.

Тойымда өлең, терме, жыр оқимын,

Айтқызып жар-жар әнін, жастар әнін.

…Артынан сөз ерердей қылып емес.

Артынан сөз қалардай басқарамын», – деп жауап берді.

Осыдан кейін Нұрбек тақырыпқа тағы тоқталды. «Жүрегі бір Алла деп соққандықтан, Жұртының мәңгі қалды жүрегінде», – деп Ғабдыл-Уахит Хазіреттің ата дінді таратып, насихаттауда жасаған еңбегін ерекше айтып өтті.

Осы шумақта қолданған мына бір тармағын басқаша өрсе, тіпті тамаша болар еді:

«…Жетпіс үш жыл ғұмырды сүрсе-дағы,

Елінің тілеп өткен тілеуін де» (?).

Хазірет салқын ұрған сары гүлдей ерте солған жас ғұмыр иесі болса, «Жиырма жыл» ғұмырды сүрсе-дағы» деуге болар еді. Немесе, «Жетпіс үш жыл ғұмырың әр сәтінде» десе жөн еді. Біздіңше, 73 жыл ғұмыр кешудің еш өкініші жоқ секілді. Біздің бұл сөзімізден Нұрбек өзі қорытынды шығарар. Мүмкін, бұл шумағы «загаловка» емес шығар. Сол сәтте туған жыр болар?! Олай болса, қуанамыз. Дегенмен, жүйрік ойы жағын жаңылыстырмаса керек-ті?!

Нұрбек пен Бөкеннің сөз сайысы сәтті де тәтті өрілді. Сөз бастау қиын екенін ескерсек, алғашқы жұп болып шыққан екеудің батылдығына бөлек қошемет.

Қос ақын да толғауларын тәтті тілекпен түйіндеді.

Нұрбек:

«…Ел шеті жау, іші даудан аман болғай,

Иман кетпей төрде отырған тақсыр-дағы.

…Менің бала көңілім тілейді әйтеуір,

Аузымызға сезілмей жастың дәмі,

Алтын тақтан түспесін қайсар қазақ,

Алтын күн аспанының астындағы», – деді. Ал, Бөкен болса:

«Еске алған Хазіреттей ардақты ұлын,

Шарбақты мекені едің бар жақсының.

…Атақ-даңқы естілген шартарапқа,

Шаңырағы биік болсын Шарбақтының», – деп тіледі.

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

Пікір үстеу