(Шарбақты ауданында өткен Ғабдыл-Уахит хазіреттің 170 жылдығына арналған аймақтық ақындар айтысына шолу)

Екінші жұпта шарбақтылық Қайролла Хафиз бен баянауылдық Мәрес Байрон сөз сайыстырды. Екеуінің айтысы құрдастық қалжыңға құралды. Алты жыл интернатта бірге жатып, бір мектепте оқыған сыралғы достар бір-бірінің қырын да, сырын да жақсы біледі.

Қайролла ауылдастарының алдында арқалана сөз бастады.

«Бісміллә, сәтті қылса сапарымды,

Бұзып-жарып кетермін қатарымды.

…Шарбақтының еліне басымды идім,

Орманымен қорғаған Отанымды», – деп ауылының абыройын асқақтатты.

Одан кейін, айтыс тақырыбына тоқталып:

«…Бүгінгі ана тілін білмей жүрген,

Пендені көрген кезде түңілдім мен.

Ел үшін білім алу далада қап,

Бастарын ғаламторға тығып жүрген,

Ғабдыл-Уахит Хазірет қандай болған?

Заманда дүниенің құнын білген.

Оқу-білім керек деп бұқара асып,

Жасынан жеті түрлі ілім білген…», – деп бүгінгі жастардың, замандастарының кемшіліктерін айтып, алаңдады.

Жиналғандарды желпінтіп, қиқулатып алған Қайролла құрдасына мойын бұрды. Ол, әуелі, досының тентектігін, одан кейін бойдақтығын тиісудің тетігіне айналдырды.

«Оқушылар сабақта отырғанда жатақханада ұйықтап жататын, басқалар сыныбында жүргенде асханада болатын, «Төбеңді оямын!» деп төмпештеумен төменгі балаларды желкелеген» досының талайды зар қақсатқан қиқарлығын тізіп шықты. Одан кейін өзі оқыған сол мектепке ұстаз болып келгенін айтып:

«…Бір кезде шулатқан сол мектебіңнен,

Бұл кезде табылыпты-ау ең керегің.

Қалпыңды бала күнгі білгеннен соң,

Қалайша саған енді мен сенемін?!», – деді.

«…Өзің кезінде оқымаған сабағыңды,

Өзгеге қалай беріп жүр екенсің?!», – деп құрдасына «аяушылық танытпайтынын» көрсетті.

Мәрес те қалжыңды қалжыңмен жалғап, досының араға от салуға машық екенін, «Қайроштың айтқандары – жала» екенін айтып, бірден қарсы шабуылға шықты:

«…Ертең кім боларыңды Құдай біледі,

Алланың адамдарын алалама.

Асығат ағамыздың арқасында,

Сен де ақын боп кеттің ғой бара-бара», – деп жауап берді ол.

Бұдан соң Мәрес:

«…Бір кездері Хазіретке келіп кеткен,

Мән бар ғой Мәшһүр Жүсіп сапарында.

Мен сол Мәшһүр ауылынан келіп тұрмын,

Асқақтап шықпаса да атағым да», – деп бастап, құрдасына тағы тиісті.

«Үй жағында күшік те үргіш келер», –

Қазақтың мағына бар мақалында.

…Ақ туы әділдіктің құлай қоймас,

Бөлтірікті мерт қылсам апанында», – деп Мәрес те Қайролланы «қырып-жойып» жіберуге дайын екенін көрсетті.

Мәрес «…Батырларша ауылыңа өзім келдім, көрейік қара жердің түбі болса», – деген сөзімен-ақ дайындығының тас-түйін екенін паш етті. Бұдан кейін құрдасының қорыққаннан туған-туысын, шәкірт-ұстаздарын – бәрін-бәрін жинап алғанын айтып тағы тиісті. Бұл сөзін: «Құдай біледі, оны да шақырар ма ең, Мұзафар Әлімбаев тірі болса», – деген әжуамен аяқтады. Әжуа сөз күлмекке жақсы болғанымен, бұл тіркес тұрпайылау естілді бізге.

Қайролла болса, барша халықтың айтыс деп жиналғанын жұртты бір дүр еткізіп дәлелдеді де:

«Қара ұлын қара жерге қаратпайды,

Қара өлеңнің қадірін білетіндер», – деп түйіндеді.

Қайролла бұдан кейінгі шумақтарында тақырыпқа тыңғылықты әзірлікпен келгенін көрсетті. «Ғабдыл-Уахит болған ғой бөлек адам, Қазіргіде дәл ондай қасиет жоқ», – деп Хазірет тағылымын толғады. «…Бүгінгілер жағдайын жасап алып, Әрі кетсе, хайп қуып, қажылық етпек», – деп асыл дініміздің өзін пасық пиғыл үшін пайдаланғандарды сынады.

Туған жерінің төрінде отырып, Энергетиков, Чкалов, Антонов, Чайковин, Гагарин секілді көшелер «Қазақша атау алып еселенсін, «…Хазіреттей тұлғасын қадір тұтып, Атына ауданынан көше берсін!», – деп мерейтой иесінің атымен бір көшені атауды сұрады.

Осылай мәселе көтеріп, бір тыныстап алған Қайролла ақ құрдасын тағы да нысанаға алды. Бұл жолы оның бойдақтығын бетіне басты.

«…Жиырма алты жасқа кеп әлі күнге,

Бір қызды ертіп бармапсың кафеге де», – деп, достар арасындағы үлкен құпияны жайып салды.

«Аллергияң бар ма еді әлде сенің,

Қызды көрсең қашасың, Мәке, неге?», – деп, досына алаңдаулы һәм күмәнді жүзбен қарады. Одан кейін:

«Бір жылдары үкімет үй беріп ед,

Ақынын осылай ел көтере ме?!», – деп, досының баспаналы болғанын айтып, «Бұған үйленуге енді кедергі жоқ» дегенді аңқартты.

«Үйіңді алып берді ғой, сол үйге енді,

келінді де әкімдік әпере ме?!», – деп қарсыласқа құрық тастады.

Бауыржан Момышұлының нақылын алға тартсақ, жиырмадан асып халық жауларының қатарын көбейтіп жүрген Мәрес ақын бұл шалмадан қалай құтылып, сытылып шығар екен?

Бойдақтың мұңындай мұң, бойдақтың жырындай жыр жоқ. Мәрестің жауабы әзір екен. Көсілді-ай келіп.

«…Құдай бізді жаратқан жұп-жұбымен,

Сен одан да жүрекке үміт таста.

Әйтпесе, он әйелі болған ғой деп,

Ешқашан жазылмайды құлыптасқа», – деп өз мәнерінде өрнектей жауап берді Мәрес («Құлыптас» емес «Құлпытас» екеніне мән бермесек, жақсы жауап деп қабылдауға болады).

Ал, «Жалғанда үш әйелмен некелескен, Абай да жалғыз кеткен ана жаққа», – деген қосымша жауабымен «артық қыламын деп тыртық қылып алғандай». Ана жаққа асықпа, Мәрес!

Шарбақтыдағы Абай мектебінің директоры, әңгіме арасындағы бір сөзінде: «Қайролла біздің мақтанышымыз, білікті ұстазымыз. Бірақ қалаға ауысқысы келіп жүр», – деп айтып қалды. Құрдасын қажауға қашанда әзір тұратын Мәрес Қайролланы тағы қағытты. Бұқарда он бес жыл білім алып, еліне оралып бала оқыту ісіне араласқан Ғабдыл-Уахит Хазіретті мысал ете келе, қарсыласының Арқалықта білім алғанын, ұстаздық қызметті ауылдан бастағынан айтты. Осылайша ол күллі мектептің көңілін торлаған күдік бұлтын қалыңдата түсті:

«…Әй, бірақ, сен қалаға қашасың-ау,

Қала деген ауылды ұмыттырад.

Ұмытасың ауылды, ауылдасты,

Бүрегің қала жаққа бұрып тұрад.

Сондықтан бұған қатты сенбеңіздер,

Бұл ертең кетіп қалып былықтырад», – деп досының екіұшты ойда жүргенін жария етті. Ақыры Қайролла ақын – Қайролла ұстаз:

«Қадірімді білетін сол мектептен,

Қайролла теріс қарап қалай кетпек», – деп, ел алдында азаматтық сөзін айтып, құтылды.

Кезек Қайроллаға келді. Бауырының бойындағы жалғыз міні – бойдақтығынан байлап ұстамақ болған оның бұл жолғы шабуылы тіпті өткір болды.

«…Айтпақшы, Шарбақтыда Құс фабрика бар,

Ішіне кіре қалсаң сайран екен.

…Тауықтары күнде сан рет жұмыртқалап,

Жұмыстарын реттеп қойған екен.

…Мәресжан, үкіметке мына сенен,

Шарбақтының тауығы пайдалы екен», – деп үкіметтен алған үйін ақтауға жарамаған құрдасын тағы тығырыққа тіреді.

Қайролла қоштасу шумағында ауылында аламан өтіп жатқанда қолдаған қауымына алғыс жаудырды. «Біздің аудан ешкімді алаламай, Сынақтың төзген талай ауырына», – деп перзенттік пейілін білдірді. Ал, сөзін:

«…Шарбақты, айналайын, кең елсің ғой,

Орысты да басатын бауырына», – деп түйіндеуі, біздіңше, ақынға жарасатын сөз емес. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген Абай тағылымы қайда қалды?!

Мәрес те қорытынды шумағында құрдасының қағытпасына қалқанын тоса алды:

«…Менен көрі фабрика пайдалы дейді,

Бұл сөзден бауырмалдық көрмей тұрмын.

Қатыны бар дегенмен Қайролланың,

Ақылы бар дегенге сенбей тұрмын», – деп жауап берді ол. Мәрес қарсыластың барлық шабуылына шамасы жеткенше қарымта қайырып отырды.  

Жалпы алғанда екі ақын да жан-жақты дайындықпен келгенін көрсетті. Бірін-бірі тақымға салуы да, айтыстың негізгі өзегінен шығып кетпей, тақырыпқа баруы да – бәрі-бәрі шымыр әрі тартымды болды.

Әзілмен басталған айтыс әзілмен түйінделді.

Мәрес сахнадан түсіп бара жатып:

«…Бір айналып алдыңа келер болсам,

Бұдан да күшті нәрсе айтып берем», – деп, финалдан дәмелі екенін астарлап кетті. Әрине, әр ақын ақтық мәреден маңдайы жарқырап көрінгенін қалайды. Айтыстарда талай куә болғанымыздай, ақындардың бірі «Көрерменнің қолдауымен мәреге жетемін» десе, енді бірі «Қазылар әділ бағаласа, финалға шығамын» дейді. Ал, Мәрестің бұл сөзі болса, тым қарапайым әрі қарабайыр болса да, езуге күлкі үйіріп жіберді. «Тапқырлық деген – осы» деп бағаласақ, жарасатын секілді.

 Айтқандай, қос ақын да халық алдына тағы бір шығар болса, бұдан да тартысты, бұдан да әсерлі айтыс жасайтыны сөзсіз. Алдағы аламандарда Мәреске де, Қайроллаға да шалқар шабыт тілейміз.

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

Пікір үстеу