(Шарбақты ауданында өткен Ғабдыл-Уахит Хазіреттің 170 жылдығына арналған аймақтық ақындар айтысына шолу)

Әкімдіктегі жұмысы мен ақындықтағы ұлы ісін қатар алып жүрген ақтоғайлық Абзал Қабдраш пен түбі – Түркістан, бүгінгі қонысы Астана болған азулы ақын Еркебұлан Қайназаров – үшінші жұпты құрап, сахнаға көтерілді.

Сөзді Абзал ақын бастады. Екінші жұпта өнер көрсетіп, жерлестерінің алдында өлең өрген шарбақтылық ақын Қайролла Хафизді алға ұстаған ол:

«Біз едік төл өнердің барыстары,

Бойында бар рух пен намыстары...

…Қайырлы күн, сіздерге сәлем бердім,

Қайролла Хафиздің таныстары», – деп бір тыныс алды.

Абзалдың шүу деген беттегі осы шумағы аса сәтті өрілмеді. Қорғасын құйған сақадай мығым әрі шымыр шумақпен бастағаны жөн еді. Мүмкін Еркебұлан сынды азулы әрі атақты ақын емес, өзіне дейін айтысып кеткен ақындар, не Бөкен, не Нұрбек, не Мәрес қарсылас болғанда осылай сөз бастаса, өтімді болар ма еді!? Бұл сөз талай тартыста тақымының тастай берік, арпалыстарда азуының найзадай өткір екенін танытқан Еркебұланды еш састырмады.

Және де, Абзал айтқандай, шарбақтылық ағайынның дауысы Қайролланы шабыттандырып қана қатты шыққан жоқ. Олар алдыңғы екі жұптағы 4 ақынға да жан ұшыра жанкүйерлік танытып, қызу қолдау көрсетіп отырды. Бұл – жұрттың ұлы өлең-ұлттық өнерге сусап қалғандығынан еді. Сондықтан Абзалдың бұлай деуі қисынсыз.

Келесі шумағында Абзал:

«Көрмеген аттан құлап, салттан да ауып,

Берілген несібесі Хақтан дарып.

Ассалаумағалейкум қазақ деген,

Шарбақтыны жайлаған мақтан халық», – деп жырлап, «Көк жәшіктен жаңалық тыңдамайтын, ақпарат, жаңалықты WhatsAppтан алатын, қызыл-жасыл дүниеге қызығып, кредиттің қызығына бататын, Kaspi кредитті басқа банктен кредит алып жапқан, қаланың байлығына бас қатырмай, бақытын ауылынан тапқан халыққа» сәлем берді. Бұл шумағы жеңіл ұйқас, оңай әдіске құрылғанымен, ақын әлеуметтің әлеуметтік мәселелерін қозғап өтті.

Абзал келесі шумағында қарсыласына бұрылды. Ол «Ең сенімді қорғаныс – шабуылға» сенім артты.

«…Жиында жасы үлкендер сөз бастайды,

Айтысқа да жарасқан қағидат – бұл.

Сайысты сен баста деп жол бергенде,

Ойланып қалды біздей бар ұятты ұл.

Сіз бірақ Оңтүстікте туған ұлсыз,

Түркістаннан бұйырған фәни – ақ нұр.

Бірінші маған сөзді бергеніңіз,

Бойыңызда ақыл менен ар ұят тұр,

Немесе ар-ұяттың ар жағында,

Меніңше Южанский вариант тұр!», – деп бірден ашық айқасқа көшкен Абзалдың бұл жыры да жұғымды болмады. Ақын: «Сайысты сен баста деп жол бергенде, Ойланып қалды біздей бар ұятты ұл…», – деген кезде өзінің анау бір жылдары Түркістанда қызмет еткенін, сол жақта ұлды болғанын айтып, енді міне, ауылына қонақ болып келген қарсыласының «Абзалжан, сен баста», – деп сөз бергені – Түркістанда тұғырға қонған азаматқа құрметі екенін айтар деп күтіп отыр едік. Бірақ Абзал «Южанский вариантты» айтып жағдайын қиындатып алды. Өзі айтқандай, сөзден ұстатпайтұғын әккі екенін біле тұра, қарсыластың қақпанына өзі ұрынды. Себебі қарсыласы осы бір шашыраңқы шабуылға 4-5 дәл әрі дөп соққымен жауап қайтарды.

«Қара шайға қасықтап бал салғандай мерекеңе береке кіргізген, Маралдыға Естай кеп ән салғандай арқаны қоздырған» Еркебұлан Қайназаров:

«Бісміллә, төккен жырым кәусар балдай,

Бастайын жақсылыққа жар салғандай.

Ассалаумағалейкум, қалың қазақ,

Алғыс пен ақ батаңды алсам қандай…», – деп ел-жұртқа сәлем беріп, бірден Абзалға бұрылды.

«..Бар ма деп Қайролланың таныстары,

Бүгін келіп айтысқа өң беріпсің.

Южанский вариант деп қояды,

Өзіңше туған елде тербеліпсің…

…Айтыстан тамыр-таныс іздеп жүрсең,

Вариантты менен жақсы меңгеріпсің», – деп бір қағытты.

Одан кейін:

«…Үй иесі бастасын деп отырмыз,

Қай жері бұл ісімнің олақ, кәне?!

Шаңырақтың иесі «Қош келдің!» деп,

Айтпаса, көңіл күпті болад және…

…Ауылдың алты ауызы айтылғасын,

Артынан айтылмай ма қонақкәде?!», – деп екінші толқынмен төпеледі!

Абзалдың сөз бастағандағы бұл әдісі айтыстағы «Шырға тарту» тәсіліне келіңкірейді. Бірақ әдіс сәтті жасалмады. Еркебұлан Абзалға «Топтан озған дүлдүлсің» деп бір ес жиып алуға мүмкіндік берді де, «Алтын торда сайраған бұлбұлсың», – деп қайтадан соққы бағыттады.

«…Жай ғана тұрған жоқ қой еңбек етіп,

Бір ұлы Түркістанда туды деді.

Демек, сенің балаң да южанин ғой,

Өй, әкесі неге онда бүлдіреді?!

Біреуге күліп, бауырым, не қыласың?

Ұлың қандай боларын кім біледі?

Ұлың да өзің айтқан вариант қылса,

Күнің қандай боларын кім біледі?!», деп Абзалдың Түркістанда ұлды болғанын бірінші айтып, қарсыласының алдын орап кетті.

         Еркебұланның қарсыласты соққының астына алуы бұнымен шектелмеді. Шарбақты ауданындағы Орловка, Сосновка, Галкина, Малиновка, Медведьевка, Назаровка ауылдарын тізіп шыққан ол, «Хазіреттей ел естісін еске алып, көмескісін жаңғыртып жатқан» тойда Павлодар әкімінің кеңесшісіне ел естісін деп сұрақ қойды:

«…Бауырым, осыларды өзгертпесең,

Несіне бір әкімге көмекшісің?!

Абзалжан, шыныңды айтшы қызыметте,

Онлайн жүрген біреу емеспісің?!»

Осы сұрақпен Еркебұлан қарсыласын мытып-мытып алды.

Қарсыласының қарымы қандай екеніне көзі әбден жеткен Абзал екінші қайырымда ғана ес жиғандай болды. Соққылардан есеңгіреп қалмай, еңсесін тіктеп үлгерді. Өзі бастаған қауіпті ойынды өзі жалғастырды. Әзілді әзілмен жалғап алып келіп, үлкен әрі өзекті мәселені алға шығарды.

Үш баланың әкесі Абзал «Хандардың қасиетті бесігінде туған» ұлының алдыңғы екеуінен ерекше екенін айтып жауап қайтарды.

«…Еркебұлан, бірақ та жерлесіңіз,

Ана екеуін аямай жығып жатыр.

Тамаққа шақырсаң да бірінші кеп,

Ұнамаған адамын ұрып жатыр.

Бақшада ойыншыққа таласқанда,

Басқаларды шетінен қырып жатыр…». Абзал осылай әзілдеп алып, тереңнен сөз қозғауға көшті. «Ата жұртты сағынып, Қытайдың даласында тұрып жатқан, Азат күнде азаттық ала алмай Монғолияда өмір сүріп жатқан» қандастарды жырлады. Түркістанда туып, бұл күнде Южандығын қылып жатқан ұлының кіндік қаны Алаштың топырағында туғанына шүкір етті.

«…Шекарадан өте алмай бері қарай,

Шет елде қанша қазақ туып жатыр», – деп түйді ақын сөзін.

Ауыл аттарына қатысты сынға да салмақты жауап берді. Мемлекетке қызмет ету үшін мемлекеттік қызметтен қорықпау керектігін үнемі айтып, үлгі етіп жүретін ақын:

«…Саясат оттан ыстық, қылдан нәзік,

Ұршықтай оны қолда кім ұстады?!

Біз соны өзгерту үшін келдік,

Кеудеміз еркіндікте тыныстады.

…Сананы өзгертуден басталмай ма,

Даланы өзгертудің жұмыстары», – деп бір тоқтады.

Одан кейін ұзақ жыл мүмкін болмай келген Ленинск атауының Атамекен болып өзгергенін, өзге де ескірген атаулардың қазақшаланатынын айтты.

«…Көш деген жүре-жүре түзелмей ме,

Мейлі қанша жерден қолқалаңыз.

…Өлімнен басқасына ем тапқандай,

Қабірден басқасына жол табамыз», – деп құлшынса, қолдан келмес іс қалмайтынын алға тартты.

Абзал екінші қайырымда барынша еркін әрі сенімді болды. Қарсыластың шабуылына тойтарыс беріп, өзі де қарымта соққылар жасады. «Құдайсыз патшалардың заманында медресе ашып, шәкірт оқытқан» Хазіретті мысал етіп, Еркебұланның да ұстаз екеніне ерекше назар аударды. Шәкірттерді үй салғанда пайдаланатынын, осындай айтыстарға ертіп келіп өнеге көрсетпейтінін айтып қағытты:

«Ал, аға, сол шәкірттер қайда қазір,

Шабытымен өлеңді шашқан әр күн.

…Өнердің кірпіші боп қалана алмай,

Кірпішін қалап жүр ме баспанаңның».

Бұдан кейін:

«…Шарбақты тойын тойлап жатқан кезде,

Бабамыз қалмасын деп бағаланбай.

Бір сұмдықты естідім Түркістаннан,

Жауабыңды бересің, аға, қандай?

Біреудің тесігіне күлгенің не?

Өзіңнің жыртығыңды жамап алмай», – деп тағы мінез көрсетті.

Абзалдың бұл шабуылдарына Еркебұлан түгел жауап қайырды.

Алдымен Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің алдында, Түркістан төрінде ЛГБТ жалауын желбіреткендер жайлы «Етегін ашқан жандар кіре алмайды, Ежелгі Ер Түріктің бесігіне», – деп қандай кеселге болсын кесе-көлденең тұра алатынын танытты. Бірақ бұл айтқаны сананы селт еткізбеді. Еркінсігендердің қасиетті төрге кіріп, туын іліп, күліп кеткеніне өзі де қынжылған Еркебұлан бұл жауабының ұтымды болмағанын сезіп, бірден қарсы шабуылға ұмтылды:

«Бір жағым – әлі күнге Ленинизм,

Бір жағым болып кетті-ау феминизм.

Идеологияны дұрыстап басқарар деп,

Әкім мен кеңесшіге елегзимін…».

Ал, шәкірттер жайлы шумаққа жастар мәселесін көтеріп, толғана жауап берді. Жастар орысқа да, өзбекке де жалтақтамай өз ісіне өзі жарау үшін, өз жыртығын өзі жамау үшін оларға әкесіндей қамқорлықпен қарау керегін баса айтып:

«…Сондықтан балалардың ерте жастан,

қабырғасы мықты боп өсу үшін,

Қазығын бастан дұрыс қадау керек.

Тіл мен дін,

Еңбек пенен тәрбиенің,

Төрт кірпішін қатарлап қалау керек», – деді.

Еркебұлан қарсыласын бір ұстаса, жұдырығын тас қылып бекітіп, сілкілеп-сілкілеп, жұлқып-жұлқып жамбасқа алады екен. Қарсыластың әр сөзінен іліп қалып, шалып қалып сүріндіруге, жауырынын жерге тигізуге әзір тұрады екен.

Ақынның тағы бір ерекшелігі – қарсыласқа жауап қайтарып отырып, бірден шабуыл жасай алады. Ұзақ толғатпай 1-2 тармақ қана қыстыра кетеді. Онысы бадырайып көрініп, көзіңді бақырайтып қояды. Бұл тәжірибемен келген шеберлік болар. Талантын еңбекпен, ізденіспен ұштаудың жемісі болар. Айтыс барысында осыған көзіміз әбден жетті.

Мысалы,

«…Атамызға ас беріп жатқан кезде,

Ақындардың жиналған кезін көрдім.

…Аспанбек те келмепті бұл айтысқа,

Өзінің ауылынан безінген кім?», – деп шәкірттерді түгендеп отырған Абзалдың өзінің айналасының түгелдігін, ортасының бүтіндігін тексеріп үлгерді.

Аспанбек Шарбақтыдағы айтыспен қатар өткен басқа республикалық аламанға аттанған болатын. Бірақ, Абзал Аспанбектің бұл айтыста неге төбе көрсетпегеніне жауап бермей кетті. Еркебұланның өз әдісімен, «…Уақ-түйек балаларды жұмсай салмай, Уақтарға уақыт тауып өзім келдім», – деген сөзін негізге алып жауап беруге  болар еді?! «Сізді інілеріңіз ардақтап бізге жібергендей, біз де ағамызды арқаландырып Алатауға аттандырдық» дегендей…

«Шәкірттермен асарлатқанын» тәрбиемен байланыстырғанын айттық. Келесі тығырықтан үй салу азабын әзілге жығып сытылып шығып кетті:

«…Менімен кездескендер үйді айтады,

Абзалдың да әңгімесі сарқыт болды-ау.

Әйтеуір, сендер үшін рахат болды,

Азабын Еркебұлан тартып болды-ау.

Менің салған баспанам

Нұрсұлтанның,

Астана салғанынан артық болды-ау».

Еркебұлан Абзалға толық жауап беріп болып, енді өзінің көңіліндегі мәселелерге көшті. Ішкі көші-қон бағдарламасымен Оңтүстіктен Солтүстікке қоныс аударып келген 151 отбасының «арманы мен мақсаты ғапыл шығып» қайта көшіп кеткенін айтты. Абзалдың «Білек сыбанып, бел байлап кіріссек, шешілмес шаруа жоқ» дегенінен айырылмай ұстап алып:

«…Бауырым, сен ақыры уәде бердің,

Берем деген нәрсеңді бер!

Тауып бер!

Өлімнен басқасына ем таба алсаң,

Әуелі жан жарасына ем тауып бер!

Қабірден басқасына жол таба алсаң,

Қадірді қашырмайтын жол тауып бер!».

Еркебұланның бұл қайырымдағы осы түйінді жыры өзекті әрі өткір болды!

Шешініп алып, судан тайынатын Абзал емес. Ашық айқасты одан ары жалғады. Көші-қон жайына бірден жауап берді. Елге ел қосылып құт болуы үшін, қоныстанған қауымға жағдай жасалып, үй де, көлік те берілгенін айтты. Ал, кері қайтқан азаматтар туған жерін сағынып аттанғанын айтты.

«…Жерлестерің ауылға кетіп жатса,

Оған мені несіне тергеткенің.

Тойған жерден талтаңдап үй салатын,

Туған жерге қайтпайтын сен деп пе едің?!», – деп жауабын шабуылмен астастырды. Бұл жерде Абзалдың өткірлігі, батылдығы көрінді. Халық ұтымды жауап естіп, қол соқты. Сол сәтте біз қойын дәптерімізге «Қатты айтты!» деп жазып қойыппыз. Иә, ақын жүректі болмаса, бәрі бекер.

Сөзін түйіндегенде Абзал ініге тән ізеттілік танытты:

«…Айтыста қалжыңдасу, қамшыласу,

Бұрыннан қалыптасқан заң емес пе?!

Ағам деп мен өзіңді құрметтеймін,

Абзал жол білетін жан емес пе?!

Ұлым да саған тартса, жаман болмас,

Өйткені жерлес болған бала емес пе?!…», – деп аяқтады сөзін ақын.

Айбарлы қарсыласының мысы басып тұрса да, абыройы асып тұрса да үгітіліп кетпей, берік мінез, темірдей төзім танытқан ақынның табандылығын айрықша атап өткен жөн.

Еркебұлан болса, соңғы қайырымында да тартыстан танған жоқ.

«…Қайран менің қазағым, көшпей қайтсін,

Келгенде әкімдіктің сесі болса?!

Сеніп келген адамы тойған жерге,

Қайтыңдар деп алдынан тосып алса.

…Әкімге әңгімем жоқ енді менің,

Кеңесшінің кеңесі осы болса», – деп, қарсыласын тағы тұқыртты.

Одан кейін:

«…Оңтүстік

Солтүстік деп не қыласың,

Онсыз да аз қазақпыз, бөлінбегін!

Бұл жаққа қалың қазақ қону керек,

Өйткені шекараның шебінде елің.

Сенің бабаң Қоқанмен соғысқанда,

Түркістанда кимеп пе еді кебіндерін?!

Менің бабам орыспен соғысқанда,

Осы жерде қимап па еді өмірлерін?!

…Астанада тойғаннан жүрген жоқпын,

Ол – әлемге танытар төрім менің.

Аяғым жеткен жерде алшаңдаймын,

Қай жерде үзілсе де демім менің.

Шекараның ішінде болса болды,

Екі араның барлығы менің жерім», – деп елді бірлікке, татулыққа, тұтастыққа шақырды! Осы қорытынды шумағының өзінде ақын халықпен қоштасып үлгерді, ішкі көші-қонның маңызын айтып үлгерді және Абзалға жауап беріп үлгерді.

Біздіңше, бұл сөз сайысында аға мен іні тартысты. Таласқан жоқ. Сөздері нысанаға дөп тиіп, дәл түсті. Екеуі де сыйластықтан ары асқан жоқ. Ең бастысы, адуынды ақынмен алысқан Абзал шынықты, қайралды. Жеңіс – осы.

Абзалдың айтысқа дайындық барысында ұтымды сөз, ұтқыр ой айту үшін ізденгені көрініп тұрды.

«…Ел-халық бір керемет әсер алсын,

Екі ақын мықтылығын танытқандай.

Қожа Ахмет Яссауи мен Ғабдыл-Уахит,

Жайнамаздың үсінде жолыққандай»

және

«..Тірі атасын танымас ұл туады,

Жеті атасын білмейтін жігіттерден», – деген сөздерін мысал етсек, сөзіміз жалаң болмас.

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

Пікір үстеу