(Шарбақты ауданында өткен Ғабдыл-Уахит Хазіреттің 170 жылдығына арналған аймақтық ақындар айтысына шолу)

Төртінші болып қарағандылық Мақсат Ақанов пен ақтоғайлық Бейбіт Бөжен жұп құрады. Алыптар айқасы айтыссүйер ағайынның қызу қолдауымен өтті. Қос ақынның әр шумағы, әр қайырымы қошеметпен көмкеріліп, күлкімен астасып жатты.

Сөзді Мақсат Ақанов бастады. «Шатаспасам, Шарбақтыға бәрі қарыз, «Балдырғанмен» ер жеткен балалардың», – деп балалар әдебиетінің бағбаны – Мұзафар Әлімбаевтың ұшан-теңіз еңбегін қос тармаққа сыйғысып, шеберлігін танытты.

«Шаруасын ысырып Шарбақтыны шабытпен жырлауға жетіп келген» Мақсаттың келесі шумақтары шымшымаға ұласты. Күлкіге қарық болған қауым: «Бүйтпесең, Мақсат болармысың?!» дегенді ұқтырып, ақынға ықылас танытты.

«…Бұрын тек қыздарменен айтысушы ем,

Біржаннан бізге қалған із екен деп.

«Бейбіт, Бейбіт» дегенге қайдан білейін,

Қуанып мәз боп келсем, қыз екен деп?!».

Мақсат қарсыласқа әзірлеп келген сөз-сойылын осылай бір сілтеп алды. Одан кейін:

«Көзімде жанып кеп ем шоқ бар құсап,

Енді міне отырмын жоқтауды сап.

Бейбітпен дуэт болам деп жүр едім,

Әйгілі әнші Серік Тоқтар құсап…»

Және:

Сыбанып, жетіп келсем, білегімді,

Құдайым бердің-ау деп тілегімді.

Сөйтсем, бұл Бейбіт деген еркек екен,

Сұлу деп ойлап жүрсем, гүл ерінді.

…Асығат-ау, түсіндіріп айтпайсың ба,

Осылай үзгенің не күдерімді?!

Тоқтар болам деп келіп отырғанда,

Тоқтата жаздадың ғой жүрегімді», – деп қағытпа қалжыңдарын үсті-үстіне төпелетіп, көрерменді күлкіге көміп тастады.

Бейбіт ақын қарсыласының әзіл сөзіне әзілмен жауап берді. «Кәрі әтешке бәрі тауық боп көрінді» деп бастап, Мақсат ақынды Шарбақтыға көшіп келуге үгіттеді. Қыздарменен айтысуды жақсы көретін қонағын:

«…Саломкинмен бірігіп жол саласың,

Супподрядчик боп алып долясына.

Көмір тасып жүресің жолдас болып,

Қарашашевтің КамАЗ-ист Колясына.

Ольгинканың қыздарына көз қысасың,

Поляковтың жүргендей полясында…», – деп қызықтырып, көзін қызартты.

Бұлай «қол бұлғап» шақыруға Мақсат елең ете қалды. «Несі бар көшпейтіндей Шарбақтыға, Ел кезіп жүрмейді ме ақын адам?!», – деп керемет ұсыныстан кетәрі еместігін білдірді. Оның үстіне Шарбақты ауданының әкімі Әзілхан Әбеуовты арқалана сөйлеп, «Жаңарқадан кеп мұнда ел басқарған, Жаныма жүрген жоқ па жақын адам?!» деп ағасының атына кір келтірмей жұмыстың бәрін қатырарына сендірді. «…Қораға емес, інім, қол қойып мен, Акиматтың төрінде отырар ем», – деп жоспарларымен де бөлісіп үлгерді. Бірақ ол ойынан тез айныды. Ақынды бұл ойынан айнытқан – қарсыласының белді де беделді журналист екендігі.

«…Алдап-сулап ауылыңа шақырып ап,

Артымды отырсың-ау қазайын деп,

«Әкім жинап жатыр, – деп, жерлестерін»,

АП-ға отырсың-ау жазайын деп».

Мақсаттың бұл шумағы да халықты разы қылды, көрерменнің езуінен ұшқан күлкілер Шарбақтыны шарлап кетті.

Бұдан кейін Мақсат қарсыласқа тағы тиісті. Тағы да есімімен байланысты әзілді еселеді. Бейбіттің «Шарбақты – палуандардың елі» деген сөзін ілмегіне іліп алған ол:

«…Маған мынандай, Бейбітжан, ой кеп отыр,

Айта бермей бұл ойды іс қылайық.

…Атың менен затың да кеп тұр екен,

Өзіңе жасасаңшы істі лайық.

Белгілі палуан боп шығарсың сен,

Бейбіттен қай жерің кем Ыстыбаев?!», – деп қағытты. Бұл шабуылға да Бейбіт ақын орайын тауып тойтарыс берді.

«Жеңісімді аламын күштесем де…

Ыстыбаевпен күрессем, жеңіп кетем,

Астында жатып алып тістесем де», – деп әйгілі «Брюс Лидің әдісін» қолдануға шебер екенін көрсетті.

Бір сөзінде Мақсат қарсыласының айтысқа көп шықпайтынын айтып қалды. Ол сынын да Бейбіт жауапсыз қалдырмады. Тарихтың қатпарларын қазып, ел-жер шежіресін жазып жүрген ақын:

«…Бауырлардың аяғына тұсау болмай,

Құрбандыққа шалынғаным аз ба менің?!», – деп ағалық жолмен жастарға жөн көрсетіп жүргенін айтты.

Тақырыпты да естен шығармаған ол:

«…Атамын деп кеп қалған солдаттарды,

Дұғаның қасиетімен дойырлатқан», – деп Ғабдыл-Уахит Хазіреттің қасиетін сөз етті. Осы шумақта ақын «Сүренің сәулесімен сойылдатқан» деген тіркес қолданды. «Сүремен сойылдатқанды» құп көргенімізбен, «Сәулемен сойылдатуды» қабылдай алмай қалдық.

Бейбіт ақын қарсыласының төрт қыздың әкесі екенін айтып, қамшыұстарының жоқ екеніне алаңдаушылық білдірді. Сол жанашыр көңілмен  қонақ ақынға ел ішінде кең таралған жөн-жоралғыны пайдалануға кеңес те берді:

«…Жеңгемді алып келші кесенеге,

Өзіңменен жалғассын көшің бірге.

Қайран жеңгем, бір ұлға жерік болып,

Бурадай бір ұл келсін бесігіңе», – деді Бейбіт.

Қонақжай қарсыласының кең көңіліне, ақ ниетіне алғыс білдірген Мақсат:

«Бірақ мен жаңағы сен айтып берген,

Амалдың істемеймін біреуін де», – деп әулиенің басына келіп бала тілемейтінін айтты. Себебі:

«Бейбіт айтты екен деп бейітке кеп,

Әйеліммен алысып жүремін бе?!»

Осындай  әзілдермен көременді разы қылған Мақсат, тақырыпқа кезек беріп, шарбақтылық қауымның мерейін өсірді.

Мақтаулы Мақсаттың мына шумақтары есімізде ерекше қалыпты:

«…Құранға қылған шексіз қызмет үшін,

Құдайым дәрежесін биіктеткен.

Алданбай дүниенің боқтығымен,

Аллаға амалы ғой сүйікті еткен.

Басына мылтық тіреп тұрса-дағы,

Әз басын тек Аллаға иіп кеткен.

Немесе:

«…Алланың тура жолы тұрған кезде,

Ақ патшаның жолымен жүрмей кеткен.

Күні-түні дәріптеп бір Құдайды,

Күн көсемді көзіне ілмей кеткен»

Немесе:

«…Шекараның шетінде отырған ел,

Біз айтып тауыса алмайтын толғау екен.

Шарбақты бұл жай ғана шарбақ емес,

Аюдан қорғап тұрған қорған екен».

Айтыстың соңында Бейбіт ақын:

«…Жолың жарқын болсыншы әрқашанда,

Өмірдің кезікпегін ауырына», – деп қарсыласына тілек білдірді.

«Мақсатқа бір шапалақ ұрыңыздар,

Күнде ақын келмейді ауылыңа», – деп қарсыласына шарбақтылық ағайынның шапалағын сыйға тартты.

Аға-буын ақындардың бір-бірімен зілсіз әзілдесіп, әр сөзден мән іздесіп сөз сайыстыруы – жарасымды болды. Ақындардың кез-келген сыннан тәжірибеге табан тіреп сүрінбей өте шығатыны көрінді. Әсересе, Мақсаттың мәнері бөлек, жыры мығым екені көзге ұрып тұрды.

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

Пікір үстеу