(Шарбақты ауданында өткен Ғабдыл-Уахит хазіреттің 170 жылдығына арналған аймақтық ақындар айтысына шолу)

Айтыстың бірінші айналымын екібастұздық Рауан Қайдаров пен Павлодар ауданының намысын қорғаған Алтай Қадірбек түйіндеді. Рауан – журналист болса, Алтай – ұлттық өнерді ата кәсіппен ұштастырған азамат. Достар арасындағы қалжыңға толы болған бұл сөз сайысын қала мен дала ақынының айтысы десек те жарасатын секілді.

Айтысты Рауан бастады. Екі сағат бойы тапжылмай айтыс тамашалап отырған қауымға сәлем беріп: «…Айтыстың ең соңынан біз шыққанда, Көрермен қала ма деп қорқып едім… Төл өнерді құрметтеп шыдап отқан, Төзіміңнен айналдым, алтын елім», – деп халыққа риза көңілмен жыр арнады. Ақынның бұлай деуіне негіз де жоқ емес. Бұған дейін өткен бірнеше айтыста – жастар арасында, оқушылар арасында өткен айтыстарда куә болғанымыздай, көрермен соңына дейін отырмай тарап кететін еді. Ал, бұл айтыста жұртшылықтың шашырап кетпей, шыдап отыруы, біріншіден, елдің өнерге деген құрметі мен сағынышы десек, екіншіден, айтыстың жоғары деңгейде өткендігі.

Рауан, елдің қошеметіне бірден бөленді.

«…Ақтоғай мен Шарбақты – егіз ұғым,

Тектілік терезесі буланбаған.

…Хорланның қонысында бір көсілсін,

Естай жатқан ауылда туған балаң», – деген ақын сөзіне жиналған қауым дүркірей қол соқты.

Рауан қарсыласты шалып жығудың тамаша әдісін әзірлеп келіпті. Ақын аудандық мәслихат депутаттығына сайлауға түскен досын сынай сөйледі. Сынын сықақпен сүйемелдеді:

«…«Аманаттың» курткасын киіп алып,

Сенімді өкілдерін жиып алып,

120-мен шапты ғой шапқанда да.

…Дауыс сұрап кіргенің белгілі ғой,

Бата сұрап барғанда қарттарға да.

Есеп үшін жасап ап соның бәрін,

Елім үшін қылдым деп аттандама!

Ақырында дауысы жетпей қалып,

Аудандық мәслихатқа өтпей қалып,

Барлығын жоғарыға жапқан бала.

…Сайлауда өтпей қалып, ең соңында,

Жайлауда мал күзетіп жатқан бала», – деп таныстырды Рауан Алтайды шарбақтылық ағайынға.

Алтай болса, досының бұл сынына салмақты жауап қайырды:

«…Мандат алмай мал бағып жүрсем-дағы,

Мың алғыс алып жүрмін қалың көптен.

Кабинасы артық қой трактордың,

Ар-иманы азайған кабинеттен», – деді ол.

Алтайдың келесі сөзі Рауанға қарымта болғанымен, қалың қауымның қалтасын қаққан қымбатшылықты айтқан жыр болды. Досын етпен қамтамасыз еткен «малшы ақын»:

«…Пакет-пакет азықты жіберуші ем,

Ет пен шұжық, қымызды ысталмаған.

Себебі басқалардың бағасы удай,

Қымбатшылық бүйірден қысқан заман.

Қарап тұрсам, күйің де жаман емес,

Қамшыдай жылтырайсың ұсталмаған.

Ауылда жатып ап, қайран қазақ,

Астананы шығардық қыстан да аман», – деп астаналық қарсыласын қажай түсті.

Алтайдың алқымнан алған бұл сөзіне Рауан, тақырыпты қозғай кетіп:

«…Кешегі Хазіреттер қандай еді,

Күтетін ризық нығметін басты Алладан.

Етін беру дегенің былай тұрсын,

Жанын беріп кетуден жасқанбаған», – деп жауап бергендей болды.

Бұл шумағында Рауан «Астана аштан өліп қалмайды ғой» дегенімен, келесі толғауында ауылды аспанға көтере жырлады. «Астана ауылдарға қарыздар», – деп, өз сөзіне өзі қарсы пікір білдірді.

«…Мен емеспін ауылды күлкі қылмақ.

Қаладағы қаптаған көп көліктен,

Ауылдағы сиыр мен жылқы қымбат.

Қаланың «иогруты» мен «кефирінен»,

Ауылдың айраны мен құрты қымбат.

Қаланың жылтыраған жиһазынан,

Ауылдың сынық сайман, мүлкі қымбат.

Айтыс десе жер асын жерге қойған,

Ауылдың өздеріңдей жұрты қымбат», – деді Рауан.

Рауан да қарсыласты көздей бермей үлкен мәселелерді қозғауға тырысты. Мысалы,

«…Ал, енді Ғабдыл-Уахит Хазіреттің,

Білімі білген сайын өрістеді.

Бұқарада білімін бітірерде,

Қалсаңшы дегендермен келіспеді.

Тектілік осы емес пе

Хазіреттің

Туған жерге арналса, көп істері,

Бұқарада жинаған бар білімін,

Бұқара жұртыменен бөліскені», – деп шет елде білім алып, сол білімін елінің келешегі үшін жұмсамай жатқан жастарды сынға алды.

Рауан осылай бір ойқастап алып, досына қайта оралды. Қарсыласын «Төрт түлік малының зекеті мен садақасын бөлді ме, мешіт пен медіресе сап берді ме, ата-ананы қажылыққа апарып келді ме, жетім менен жесірге жәрдемдесіп, хәл сұрап есігінен енді ме?», – деп тергеді.

«…Жауабын енді өзінен сұрайықшы,

Мал бағып, майлы тамақ жеп жүргесін.

Нұрекендей бай мырза деп отқанда,

Шықбермейтін Шығайбай боп жүрмесін», – деп тағы «тоқпақтады».

Алтай болса, «Көзім тірі кезімде сұрамашы, Қабірде қойылатын сұрақтарды», – деп досының құрған қақпанына түсіп қалмай, құтылып кетті.

Ал, «мыңғыртып мал айдаған байлығы» туралы келесі шумағында жыр етті.

«…Сен мені байларменен шатастырма,

Жағдайым маңдайымнан білініп тұр», – деп өзінің қаншалықты дәулетті екенін дәлелдеуге тырысты. Бұл жердегі «Жағдайым маңдайымнан көрініп тұр» деген тіркес ұтымды қолданылғанымен, жеткізу формасы кем соқты. Алтайдың төбе шашы сиреп, кере қарыс маңдайы жалтырап жүргенін жанындағы жақындары жақсы білгенімен, көпшілік хабарсыз. Осы сөзді айтқанда Алтай тақиясын шешіп төбесін көрсетсе, жиналған қауым жағдайының қандай екенін тура түсінер еді. Осы сәтте ақынға әртістік қабілет жетпей қалғаны өкінішті.

Ал, «Малдың бәрін қарызға алған едім,

Сондықтан жомарттығым сүрініп тұр.

…Кіретін есікте де үйімдегі,

Кредиттің кестесі ілініп тұр, – деп жалпы малшылар қауымының мұңын айтып, мәселенің шетін шығарды.

         Өз кезегінде Алтай да, тақырыпты жырлауға дайын екенін көрсетті.

«…Дінді үйреніп, Құранды оқи білсең,

Қабірдың ішіндегі атаң оңар.

Бұрында дін білгендер атақты еді,

Қазіргілер тик-токта атақ алар.

Баласы медресеге бермек түгіл,

Мешітке кіргізбейтін ата-ана бар», – деп қоғамды жайлаған тағы бір кеселді «көпшіліктің көзіне көрсетті».

Жалпы алғанда, Алтайдың қарсыласқа тиіссе де, жауап қайтарса да, тақырыпты толғаса да, белгілі бір мәселені көтере кететін шеберлігі барын аңғардық. Жоғарыдағы онысын бірнеше рет мысал еттік.

Көременді осылай сан түрлі ойға жетелеп алып, Алтай досы жайында анық ақпаратты айтты. Рауанның ақын қызбен бас құрап, отау тіккенін жария етті де:

«…Шайыр қызбен шай ішіп отырғанда,

Айтысып кетпейсің бе қайым қағып?

Әулиенің айтысына келдің бе екен,

Әйеліңмен айтысып дайындалып?!», – деп тағы тиісті. Бұған Рауан әзіл айтып әуре болған жоқ. «Әйелдің баптауы емес, ең бірінші, Анамның батасымен келіп тұрмын», – деп саспай, салиқалы сөз сөйледі.

Одан кейін Рауан елге деген ықыласын жаудырды:

«…Шарбақтым, қасиетіңнен айналайын,

Қазақтың әр баласын рухты еткен.

Жылап келген адамдар күліп кеткен,

Құлап келген адамдар тұрып кеткен», – деп Хазірет жатқан жердің қасиетін жыр етті.

Рауан түйін шумағында: «Есігінен аттады, шүкір, Алла, Еркіндік деп аталған дарбазаның», – деді. Есікті ашатынын, босағаны аттайтынын өз ісінің жілігін шағып, майын ішкен маман – журналист жақсы білетін болар?! Бұл қателіктің себебін айтыс үстіндегі қобалжудан іздейміз сондықтан.

Екі ақын да айтысты тәтті тілекпен түйіндеді. Рауан:

«…Алладан тілейтінім әрқашанда,

Алашты жолықтырма ханға залым.

Бесік пенен бейіттің арасында,

Берекелі күн кешсін бар қазағым», – десе,

Алтай қарсыласына да дос пейілін танытып:

«…Биік боп тұғырың мен абыройың,

Айтыста жарқырай бер, алдаспаным.

Малшының Шарбақтыға тілегі сол,

Аман-есен болса екен мал-бастарың!», – деді.

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

Пікір үстеу