Павлодар қаласындағы Естай атындағы мәдениет сарайында Қазақстанның халық жазушысы Мұзафар Әлімбаевтың 100 жылдығына орай «Ақынның сыйлығынан сөзі қымбат» облыстық ақындар айтысы өтті. Сөз сайысын Павлодар қаласының әкімдігі ұйымдастырды.

Дүбірлі додада республикалық деңгейде ысылған тәжірибелі ақындар да, үлкен сахнаға жаңа қадам басқан жас талапкерлер де өнер көрсетті.

Ақындардың өнерін атақты айтыс ақындары – Павлодар облысының Құрметті азаматы, Ақтоғайдың Қара нары Бейсенбі Мұқажан, Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағы Павлодар облыстық филиалының директоры Асығат Тұрғанбек, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Бейбіт Бөжен мен Айбек Оралхан және Алтын домбыра иегері Аспанбек Шұғатай бағалады.

Айтыс нәтижесі бойынша, Бас жүлдені және 500 мың теңгелік сыйақыны баянауылдық Нұрбек Бәкір ұтып алды. Бірінші орынды шарбақтылық Қайролла Хафиз иеленді. Екінші орынды баянауылдық Нұрқанат Қайрат пен успенкалық Бөкен Жігер иеленді. Үшінші орынға павлодарлық Оразбек Саяхат пен баянауылдық Нұрсұлтан Рымбай лайық деп танылды.

Зекебай Солтанбайұлы атындағы арнайы жүлде Ертіс ауданының ақыны Алпысбай Хонжға берілді. Аталған марапатты Зекебай Солтанбайұлының шәкірті Асығат Тұрғанбек табыстады. Ал, Арман Қани атындағы арнайы жүлде Май ауданының ақыны Ерлан Аманқожаға бұйырды. Бұл жүлде иегерін Арман Бақтанұлының жары Бақыт Аханбаева марапаттады.

Бұдан бөлек, Ибраһим Қазыбек, Гүлшекер Батай, Бексұлтан Қайдар, Мизан Жұмалі Алғыс хаттармен мәртебеленді.

Ақынның сыйлығынан сөзі қымбат екенін жырымен дәлелдеген ақындар бәсекесін ұйымдастыруда айтыскер ақын, Павлодар қаласы әкімінің кеңесшісі Абзал Қабдраштың еңбегі елеулі екенін атап өткен жөн. Мұзарт Мұқағали айтқандай, ақынды ақын оятпаса болмайтынын жан-жүрегімен ұғынып, замандастар көңілінің түкпірінде мүлгіген жыр тұлпарын дүбірге қосқан азаматтың әр бастамасы берекелі болсын!

Қадірлі оқырман, сөз сайысында ақындар айтқан шымыр шумақтарды назарларыңызға ұсынамыз.

Нұрбек БӘКІР:

…Қарттары Құран ұстап Хақты ойлаған,
Жастары көкпар шауып, атта ойнаған.
Шапықтың ауылынан кеп тұрғасын,
Қалайша шаршы топта шаппай қалам?!
Менің ақын жүрегім бір сөйлесін,
Аққудың қанатына хат байлаған.
Басында Баянтаудың туған соң ба,
Тасың да көрінеді тақтай маған.
Тұрлаусыз бес күн жалған дүниеде,
Тура айтсам, туғаныма жақпай қалам.
Бас идім Ертіс-Баян өңіріне,
Төрінен құт, басынан бақ таймаған,
Кермиығым, кербезім Керекуім,
Павлодар деген сайын қатты ойланам.
Сен маған байдың ұлы секілдісің,
Көз тиіп кетеді деп ат қоймаған…

Қайролла ХАФИЗ:


…Жырына ел сүйсініп дос қараған,

Мұзағам – Алатаудай асқақ адам.

Ұлы Отан соғысында жауынгер боп,
Қан майданда күрескен қасқа балаң.
Жандарын шүберекке түйіп өткен,
Болсын деп елім аман, жастар аман.
Соғыстың майданында ерлік жасап,
Әдебиет майданында көш қадаған.
Жалынды жазған жырын балаға арнап,
Жылуы мен шуағын шашқан адам.
Сәби көңіл, әкелік жүрекпенен,
Көркем ойдың тұнығын ластамаған.
Қайраткер ақыны еді қазағымның,
Қаламы мен қаруын тастамаған…

Бөкен ЖІГЕР:


…Бітпеген Мұзафардай әркімге тіл,
Ал оны құп алады халқым нөпір,
«Кел, балалар, оқылық!», – деді Ыбырай,
Бар еді ағартуда әртүрлі өкіл.
Мұзафар Ыбрайдың жолын жалғап,
Деп өтті:
Ұрпақ, оңал!
Салтым, жетіл!
Ұлт пенен ұрпақты тұтастырған,
Мұзафар Әлімбаев – алтын көпір…

Нұрқанат ҚАЙРАТ:


…Айтысқа шықпасам да Сал Біржан боп,
Айтатын сахынада тағдырлар көп.
Кеңестің заманында кең көлемде,
Балалар әдебиеті жаңғырған жоқ.
Мұзафар Әлімбаев қолына алды,
Қара басты ойлаумен қам қылған жоқ.
Сырбай мен Қадырларға жол көрсетіп,
Көшімді алға сүйреді алғырлар боп,
Еңбегін тау тұлғаның ел ұмытпас,
Төбедей әдебиетті тау қылған деп.
Ширек ғасыр журналда қызмет етіп,
Қазаққа тәлім берді «Балдырған» боп.
Аруағынан айналдым атамыздың,
Жалғанда өлең қуды, мал қуған жоқ.
Өзі жетім өссе де балалардың,
Әдебиетін тұл жетім қалдырған жоқ!…

Оразбек САЯХАТ (Ақын Павлодар қаласы әкімдігінде жұмыс істейді. Қайын атасы бір ауылдың әкімі. Оразбектің қарсыласы осы жайттарды алға тартып, ақынды «Қайын атаңнан үлгі алып жүрсің» деп қағытты):


…Еліктеп жүрсің, – дейді қайын атаңа,
Сенің бұлай сөйлеуің жай ма тоба?!
Әр адамнан бірдеңе үйренесің,
Жігеріңді білсе егер қайрата да.
Мен бұл күні жақындап ел ісіне,
Қызметті үйрендім жайната да.
Сен құсап қайын жұртта зыр жүгірмей,
Қалың жұрттың тірлігін қайната алам.
«Жаралған намыстан» деп Мұзағаңдай,
Қызмет қылсам, онымды қайғы атама.
Мұзафарға еліктеп Отанды ойлап,
Елім деген жігіттер жай жата ма?!…

Нұрсұлтан РЫМБАЙ:


…Мұзафар тарихтағы тау тұлғамыз,
Жазып кеткен жырында жалын жатыр.
Бар ғұмырын арнаған балаларға,
Қазағымның ойлаған қамын батыр.
«Балдырғандай» журналын ашып көрсең,
Қаншама тәрбие мен тәлім жатыр.
Ширек ғасыр басқарып сол журналды,
Ұрпақтан аямаған бәрін батыр.
Бүгін сол Мұзафарлар болмағасын,
Қазақтың ертеңінде қауіп жатыр.
Қазақша мультик болмай,
Балалардың
назары орысшаға ауып жатыр.
Бүгінгі бүлдіршіндер тәрбиені,
«Маша и Медведьтен» тауып жатыр.
Одан қалса, «По полям, по полям» деп,
«Синий трактор» әніне салып жатыр.
Ағайын, сондықтан да ойланайық,
Балалар қандай тәлім алып жатыр?
Ертеңгіге бүгіннен қам қылмасақ,
Ұрпағың құрып кетер шағында тұр.
«Көк трактор» тіркеп ап «кәселкесін»,
Көк Түріктің тамырын шауып жатыр….

Алпысбай ХОНЖ:

…Жақсы адамдар жақсыға жар болады, ә!

Шын жақсылар өлсе де бар болады, ә!

Жетімдікті Мұзағам көп көргенмен,

Рухани Әке болды әр балаға…

Ерлан АМАНҚОЖА:

…Ететін ерін әркез елі мақтан,

Мұзаға, халқың үшін терің аққан.

Мұзағамның айтайын мол еңбегін,

Атқандай көкіректен жадырап таң,

Әдебиеттің шұрайлы жайлауына,

Құлынға арнап алтыннан желі қаққан.

Ибраһим ҚАЗЫБЕК:


…Еске алып бір Алламның жар екенін,
Әдемі жырларымды ән етемін.
Кім білген Әлімбаев Мұзағамның,
Балалар әдебиетін сән етерін.
«Балдырған» журнал ашып балаларды,
деп өтті ең бақытты жан етемін.
Атам сол уақытта біле білген,
Жастардың жайқалатын дән екенін.
«Балдырғанмен» дәлелдеп кетті емес пе,
Балаларда болашақ бар екенін…

Гүлшекер БАТАЙ:


…Жер жатыр жібек матадай,
Түрлентіп желпіп көрпесін.
Қарт Ертіс жатыр есіліп,
Қандырып нәрлі суына
Халқы мен түгел жер төсін.
Баянның бұйра таулары,
Қалтқысыз еске салады,
Жампоздың жайдақ өркешін.
Ерлерін туған бір бөлек,
Еңбек еткен бір бөлек,
Өзгеден гөрі ерексің,
Өзгеден гөрі еркесің.
Бала жанының бағбаны,
Балаң өмірдің бағланы,
Балдырған жырдың тарланы,
Балалық шақтың арманы,
Мұзафар Әлімбаевтың,
Музасы болған өлкесің…

Бексұлтан ҚАЙДАР:


…Әрекет жасағанмен әркім дара,
Біледі әр нәрсенің парқын бала.
Маралдыда өскенменен
Бұл күндері
Мойынқұмда жерленген марқұм баба.
Аянбай қазағым деп еңбек етті,
Қарасақ Мұзағадай  нар тұлғаға.
Жақсы менен жайсаңға мекен болған,
Жасасын Маралдыдай халқым дара.
Ұлылардың киелі ұясына,
Бас бармақпен береді әркім баға.
Қазыққа байлап қоймай қазанатын,
Қазақ үшін туатын алтын дала…

Мизан ЖҰМАЛІ:


…Жұртыма сыбаға қып жыр берсем бе,
Толғанып тоты құстай түрленсем бе?!
Дипломның көптігін әңгіме қып
Нұреке, сылдыр сөйлейсің мүлдем сен де.
Білім  қуған ұлыңның біреуі едім,
Деп жүрген биік шыңды бір көрсем бе!
Отаныма абыройлы қызмет қып,
Деп ойлаймын бәріне үлгерсем бе! 
Ата жұртқа алыстан келгеннен соң,
Сағынып сахнадан сыр бөлсем бе?!
Отаным сені қайта таңдар едім,
Адам болып өмірге мың келсем де.
Көшінде осы жұрттың жүрсем болды
Көшелерін сыпырып күн көрсем де….

Әзірлеген: Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

Пікір үстеу