Мұрат АЯҒАНОВ

Алаш арыстары мен тұтас халқымызға қарсы жасалған кеңес өкіметінің зұлымдық саясатын бүгінгі қоғам кеңінен тани түсті. Дейтұрғанмен зұлмат жылдарға қатысты өңірлердің мұрағаттары аз зерттелгені, әлі күнге құпия күйінде ұсталып отырған құжаттардың көптігі рас. Сталиндік қуғын-сүргін мен ашаршылықтың алапат дауылынан Ертіс-Баян өңірі ерекше зардап шеккенін де енді біліп жатырмыз. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі өңірлік комиссияның белді мүшесі, ақын Бейбіт Бөженді әңгімеге тартып, шаң басқан архивтерден табылған тың деректермен бөлісуді сұраған едік.

– Өткен ғасырдың 20-50-жылдарындағы қуғын-сүргін құрбандарын құқықтық және саяси тұрғыдан ақтау үшін архив материалдарын, тарихи дереккөздер мен құжаттарды зерттеу бойынша бір кісідей дәйекті жұмыс жүргізіп жүргенінді білеміз. Соңғы жылдар дересінде архивтердің шаң басқан сөрелерінен тапқан олжаларың жайлы не айтасың?

– Ең әуелі былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойғаны біздің арқандаулы қолымызды шешкенін айтып өтейін. Бұл құжат қуғын-сүргін жылдарындағы тарихты қопарып жүрген азаматтар үшін аса маңызды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінен полиция департаментіне берілген архивтік құжаттарды сүзіп, көптеген деректерге куә болудамыз. Әрине, оның барлығын жариялауға, айтуға болмас. «Аса құпия» жазуы бар істер де кезігіп жатады. Ең бастысы сол тар замандағы қылмыстық істер қорын қолымызбен ұстап, көзімізбен көрдік. Қуғын-сүргінге ұшырап, кейіннен ақталған 131 алашордашының есімдерін анықтадық. Құжаттарға сүйенсек, Павлодар уезінде Алашорда комитеті құрылғанда жергілікті байлар жаңадан құрылған ұлттық үкіметімізге ерекше қолдау жасағанын байқаймыз. Семейде 1,5 мың адамдық Алаш әскері жасақталғанда, Ертіс-Баян өңірінің «Бөріктал» деген жерінде 150 адамнан тұратын сарбаздар жасағы құрылады. Тарихи деректерге ден қойсақ, бұл жасақтың ішер асы мен мінер атын Әйтім Райысов қамтамасыз еткен. Аса дәулетті, заманында болыстық қызмет атқарған Әйтіммен бірге бұл кезеңде алаш идеясын қолдап шыққандар қатарында Алашорда үкіметінің Павлодар уездік кеңесін басқарған Қабыш Бердалин, сондай-ақ Иманқұл Бәтісов пен Сүлеймен Оразбаев болған. Жергілікті жұрт бұл әйгілі жерлестерімізді «Тоғайдың төрт арысы» атап кеткен. Сүлеймен Оразбаев Алаш қозғалысының қайраткері, алғашқы жоғары білімді қазақ агрономы, Абай және Міржақып өлеңдерін алғаш орыс тіліне аударушы Сатылған Сабатаевтың Ленинградқа барып білім алуына қомақты қаржы берген. Ал И.Бәтісов Алаш комитеті құрылғанда Павлодар өңірінің қазынашылығын ұстаған. Қазіргі Ақтоғай өңіріндегі халыққа алғаш болып егіншілік кәсібін үйреткен. Өкінішке қарай, бұлардың барлығы кейін кәмпескеге ілігіп, жер аударылып кетті.

Соңғы деректерден Ертіс бойындағы алғашқы қазақ фельдшері Арын Сүлейменовтің де есімін кездестірдік. Ол облыс орталығында киіз үй тігіп, келушілерді сонда емдеген. Жергілікті жұрт ол жерге кейін тұрғызылған ғимаратты «ақ аурухана» атап кеткен екен. Бұл кісі де сталиндік қуғын-сүргіннің құрбаны болып, атылып кетеді. Қолымызға түскен тұлғалардың істерін қарап отырсақ, айыпталған арыстарымыздың барлығы арнайы тізбекпен торға түскенін байқауға болады. Мәселен 30 азаматтың есімі бір-бірінің «қылмыстық істерінде» қайталанып атала береді. Мақа Бейсен деген азамат Т.Рысқұловпен, Р.Мәрсекпен байланысы болған деп айыпталған. Шындығында сол кезде қуғын-сүргін құрығына ілінгендерге көбіне бір тектес айыптар тағылған: кеңес өкіметіне, саясатына қарсы, өкіметке қарсы астыртын ұйымдасқан топ құрды, тағысын-тағылар.

Еш жерде айтылмай келген деректің бірі – Мемлекеттік думаның депутаты болған, атақты «Қарқаралы петициясын» орыс тіліне аударған Темірғалы Нұрекеновтің ұлы Соқыр Омардың қайраткерлік қыры. Ол кеңес өкіметі алғаш құрылған жылдары жергілікті банда топтарымен бірігіп, қызылдарға қарсы соғысқан. Соқыр Омар көзінің кемдігіне қарамастан ат бауырына жата қалып, нысанаға дөп тигізетін мерген, батыр тұлғалы болыпты. Жанындағы 25 сарбаз шетінен сайдың тасындай іріктелген азаматтар екен. Талай мәрте қызылдарды жусатып салған. Омар Темірғалыұлының фотосуретін архивтарды ақтарып жүріп, тауып алдық. Осы уақытқа дейін оны көбі Қытай асып кеткен деп жүрген. Өкінішке қарай, оның қолға түсіп, қызыл командирлердің пәрменімен атылып кеткенін енді біліп отырмыз.

Бұдан басқа Тереңкөл елінің болысын 70 жылдан астам басқарған Жанқариндер әулетінің соңғы болысы – Құсайын Жанқараұлы жайында да деректерді айтуға болады. Ол да кәмпескеленіп, қиыр шетке жер аударылған.

– Сөзің аузында, кеңес өкіметі орнаған алғашқы жылдары байлар мен ауқатты қазақтардың мал-мүлкі тәркіленіп, жер аударылды. Бұл зобалаң Кереку жерін айналып өтпегені белгілі ғой…

– Анықтағанымыздай Ертіс-Баян өңірінде кәмпескелеу туралы алғашқы тізімге 33 бай іліккен. Мал-мүлкі тартып алынған дәулетті отбасылар негізінен Ақтөбе мен Қызылордаға, Ресейдің қазіргі Славгород өңіріне жер аударылған. Бұл адамдардың барлығы бай тізімінде болғанымен, ел-жұртқа жанашырлығымен жаққан, дарынды жастардың Ресей мен Бұқара жеріндегі оқу шығындарын көтерген атымтай жомарттар еді. Байлар ол тұста қазақ ауылдарының экономикасының қазығы, жұмыс берушісі ғана емес, жергілікті мектептерге мұғалім жалдайтын да солар болды. Қазақтың қаймақтары еді. Алашордашылардың кез келгенін алсақ байдың тұқымдары екенін аңғарамыз. Олар сол кездегі қазақ зиялыларының элитасы саналды. Баянауылдағы атақты Зында бай, жоғарыда айтқан Қабыш Бердалин, түйемен тұз тартқан Шәукен бай, мыңдаған жылқысын кеңеске бергенше арам қатырайын деп сорға түсіріп жіберген атақты Рыспек бай, Әлжан Қазанғапов, Құсайын Жанқараұлының туысы Жолат есімді бай осы зобалаңда жер ауып жүріп көз жұмды. Кейін кәмпескенің тұзағы орташа дәулетті адамдар мен кедейлердің мойнына түсті. Ет, сүт салығынан бөлек, қыл арқан, шүберек салығы дегендер ойлап табылды. Астық өсірілген өңірлерде «Астық дайындауды тиісті деңгейде ұйымдастырмаған» деген жаламен жүздеген іскер азаматтар атылып, атылмағаны ондаған жылдар бойы түрмеде жазықсыздан-жазықсыз жапа шекті.

– Әйгілі отыз жетінің қуғын-сүргіні қаншама Алаш ардақтыларын құрбан етіп, асылдарымыздан айрылдық. Алаш ардақтыларын ақтау, оларды құрметтеу шараларына азамат ретінде көңілін тола ма?

– Шындықты жасырсаң, атасы өледі деген. Арыстарымыздың ішінде біздің ел атақты алашордашы Ахметолла Барлыбаевтың еңбегін әлі күнге кеңінен тани алмай отыр. Баянауылдың Қызылтау болысында дүниеге келген оның алғашқы еңбек жолы мұғалімдіктен басталып, Павлодардағы орыс-қазақ училищесінде Қаныш Сәтбаев, Жүсіпбек Аймауытов сынды ұлт мақтаныштарын білім нәрімен сусындатқан. Кейін Алашорда өкіметін Павлодар уезінде құруға белсене атсалысқан. Алаш идеясына жан-тәнімен берілген тұлға Алаш комитеті таратылған соң да елдің, жердің тұтастығы үшін тер төгеді. 1920 жылы жергілікті ревком басшылары Павлодар уезін Семей губерниясының құрамынан алып шығып, Омбыға, яғни Сібір ревкомына қосу жөнінде шаралар қабылдай бастайды. Осы тұста А.Барлыбаев пен Ысқақбай Балпаңгереев бұл шешімге қарсылық танытып, асқан табандылықпен аумақтың тұтастығын сақтап қалған. Келесі жылы Баянауылда «Қырғыз АССР-ін құру туралы» декреттің қабылданғанына жыл толуына орай ұлан-асыр той өтіп, оны ұйымдастыру комитетін Қаныш Сәтбаев қолға алады. Осы тойда Қажымұқан, Жаяу Мұса, Мәшһүр Жүсіп, Майра Уәлиқызының болғаны туралы деректер бар. Бұл тұста А.Барлыбаев жергілікті төңкеріс комитетіне төрағалық еткен. Бұл той шын мәнінде қазақтың жері ешкімге берілмейтіндігін кеңес өкіметіне жеткізудің бір құралы еді. Ахметолла Ақтайұлы 1937 жылы Түрксіб совнаркомының прокуроры болып жүрген жерінен ұсталып, атылып кеткен. Араға 20 жыл салып ақталса да, жан-жақты зерттелмеген тұлға ретінде қалып отыр. Алаш ардақтысына Керекудің қақ төрінен үлкен ескерткіш қойылса деген ұсынысымыз бар.

Мәселе әйтеуір Алаш арыстарына құрмет көрсету жөнінде болып отыр ғой. Мына бір көңілге кірбің түсіретін жайтты айтып өтсек. Біздің қаламызда революционер С.Тепловтың ескерткіші әлі күнге қасқайып тұр. Ал қалалық саябақта балға мен орақ ұстаған, кеңестік ескі идеологияны аңғартатын мүсін сақталып қалған. Бұлар идеологиялық тұрғыдан әбден ескірген. Оларды ысырып тастаса болар еді. Теплов жергілікті алашордашылардың көзін құртумен, Алаш идеясын жұрттың санасынан өшірумен шұғылданған белсенді. Біз сонда кімдерді әспеттеп отырмыз?

Қазіргі Аймауытов атындағы қазақ драма театрының алды Алаш ардақтыларына арналған сквер ашуға ең оңтайлы жер. Сол жерге тұлғаларымыздың мүсіндерін орнатып, гүлдендіріп жіберуге болар еді. Бұл ұсыныстарды көптен бері айтып келеміз. Алайда айтқанымызға құлақ асатын басшылар байқалмайды.

– Қазақтың басына төнген ең үлкен нәубет – ашаршылық. Голощекиннің «Кіші Қазан» науқанының біздің өңірдегі зардаптары қандай болды?

– Ашаршылық қазақтың басына 1916 жылдарда-ақ келіп қалған. Одан соң 1920-шы жылдардағы ашаршылық, ең соңғысы 1931-1932 жылдардағы ұлы нәубеттен халықтың қынадай қырылғанын тарихшыларымыз аз жазып жүрген жоқ. Облыстық мемлекеттік архивтан алған деректерге сүйенсек, зобалаң жылдары Павлодар облысынан 125 мыңдай адам көршілес өңірлерге бас сауғалап көшіп кеткен. 1930-шы жылдардың басында саналған 40 мың ірі қарадан 1935 жылғы статистикада небары 4 мың басы қалған. Ал 1932 жылдың ішінде бір ғана Павлодар ауданында аулалар саны 11 мыңнан үш мыңға дейін қысқарғаны айтылады. Нақты қаза болған адам шығынын тап басып айту мүмкін емес. Кезінде қариялардан естігеніміздей, Павлодар қаласының көшелеріне күн сайын таңертең өлген адамдардың мүрдесін жинайтын көліктер шығарылып, ол аз уақыт ішінде лық толып қалады екен. Қаншама бала жетім қалды. Оларды біздің жақ Омбыдағы жетімдер үйіне есепсіз жібере берген. Әлгі балалардың көбі жолда аштықтан көз жұмған. Тірі қалғанын Омбының жетімдер үйі қабылдамай, кері қайтарып отырған. Осы екі ортадағы жолда қаншама балалар қыршын кетті. Ол кезде адам басын құжаттандыру дұрыс жүргізілмегені себепті, статистиканы да сөйлету қиын.

– Қынадай қырылып, сүйектері сай-салада шашылып қалған мыңдаған қазақтардың зираттарын соңғы уақытта тауып, бастарына белгі тас орнату жалғасып жатыр. Бұл бағыт бойынша не айтасың?

– Өкінішке қарай, ұжымдастыру мен ашаршылық зардаптарына қатысты барлық мәліметті жариялай алмай отырмыз. Себебі, ол кезде халық арасында бірін-бірі көрсетіп, ұстап беру жиі болған. Мәселен, бір ер азамат әйелі бала туып бере алмағаны үшін «қырманнан бидай ұрлады» деп жала жауып, бәлен жыл отасқан жұбайын айдатқызып жіберген. Әлгі әйел жер аударылып, Читаға дейін барып келген. Қазақстанға қайтып оралғанда әлдебір ер адаммен көңіл қосып, одан сәбилі болады. Бұл тектес оқиғалар көп. Әлгіндей бірін-бірі көрсету жайттарына қатысты азаматтардан бүгінде ұрпақ өрбіп отырғаны айқын. Егер ата-бабаларының аты-жөндері БАҚ беттерінде жарқырап шыға келсе, оның соңы жақсы болмайды. Оларды қаралаудың да реті жоқ деп ойлаймыз.

Енді ашаршылық құрбандары көмілген зираттар мәселесіне қайта оралсақ. Біздің облыста мұндай зираттарға аса көңіл бөлінбей отырғаны жанға батады. Ақтоғайдағы Өтес ауылы маңында екі бірдей зират, Ақкөл-Жайылмада, Ертіс ауданында, Баянауылда және өзге де өңірлерде мұндай көп адам жерленген зираттар бар. Алайда олардың барлығына бірдей белгітас орнатылмаған. Жергілікті әкімдіктер осы бір кемшілікті назарға алады деп сенеміз. Екіншіден, ашаршылық жайында бүгінгі жас ұрпақ аз біледі. Жастар етектей мақалаларды оқымайтыны, деректі фильмдерді көрмейтіні шын. Ендеше олардың талғамына сай 1-1,5 минуттық танымдық роликтер түсірілсе дейміз. Жастар ашаршылық ақиқаты мен Алаш ардақтыларын тануы керек. Үшіншіден, облыстағы кез келген музейге бас сұғып көріңіз, аштық тақырыбына, қуғын-сүргінге қатысты бірде-бір бұрыш жоқ. Бұл – тарихымызды танудағы әлсіздігіміз деп ұғынамын. Павлодар қаласында Алаштың небір ұлылары отырған «Ақ түрме» және қазіргі Сытина баспаханасы орналасқан ғимаратта кеңестік түрме болған. Сол ғимараттарды сатып алып, зобалаң жылдардың куәсі ретінде тарихи ғимаратқа сай музей жасаса деген ұсынысым бар. 1997 жылы елімізде «Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» деп жарияланғанда көптеген ақтаңдарымыз жарыққа шыққаны мәлім. Өткен ғасырдың алғашқы екі ширегі бойынша тарихымызды тереңнен тану үшін мемлекет тарапынан сондай бір ауқымды шешімдер қажет сияқты.

Пікір үстеу