Қоғамның саяси көңіл күйі мен азаматтардың мемлекеттік саясатқа деген көзқарасын бағалау – кез келген ел үшін маңызды көрсеткіштердің бірі. Мұндай зерттеулер халықтың әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістерді қалай қабылдап отырғанын, мемлекеттік институттарға деген сенім деңгейін, сондай-ақ азаматтардың сайлау үдерісіне қатысуға дайындық дәрежесін айқындауға мүмкіндік береді.

Осы тұрғыдан алғанда, DATAmetrics компаниясының Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының тапсырысы бойынша жүргізген кезекті әлеуметтанулық зерттеуі қоғамдағы қоғамдық-саяси ахуалдың қазіргі көрінісін айғақтайды.

2026 жылғы 13 маусым мен 2 шілде аралығында өткен зерттеу Қазақстанның барлық облыстарын, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларын қамтыды. Бетпе-бет («face-to-face») форматында ұйымдастырылған сауалнамаға 18 жастан асқан 8 мың азамат қатысты.

Әлеуметтануда азаматтардың елдің даму бағытына берген бағасы қоғамдық көңіл күйдің негізгі индикаторларының бірі болып есептеледі. Өйткені бұл көрсеткіш мемлекеттік саясатқа деген сенім деңгейін, жүргізіліп жатқан реформалардың қоғам тарапынан қабылдануын және елдің болашағына қатысты қоғамдық көзқарасты сипаттайды.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, сауалнамаға қатысқандардың 87,8 пайызы Қазақстан дұрыс бағытта дамып келеді деген пікір білдірген. Бұл көрсеткіш қоғамның басым бөлігінің мемлекеттің қазіргі саяси бағытын қолдайтынын аңғартады.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай көрсеткіштер әлеуметтік тұрақтылықтың маңызды факторларының бірі саналады. Өйткені қоғамның ел дамуына сенімі мемлекеттік реформалардың тиімді жүзеге асуына да ықпал етеді.

Зерттеу барысында азаматтардың алдағы Құрылтай (Парламент) сайлауына қатысуға деген ниеті де анықталды.

Сауалнама жүргізілген кезде сайлау күні әлі жарияланбағандықтан, респонденттерге шартты түрде: «Егер алдағы жексенбіде Құрылтай сайлауы өтсе, Сіз дауыс беруге барар ма едіңіз?» деген сұрақ қойылған.

Нәтижесінде қатысушылардың 75,6 пайызы сайлауға қатысуға дайын екенін білдірді. Оның ішінде: 44,2 пайызы міндетті түрде дауыс беретінін; 31,4 пайызы сайлауға қатысуы ықтимал екенін айтты.

Бұл деректер азаматтардың басым бөлігінің елдегі саяси процестерге қатысуға қызығушылық танытатынын көрсетеді.

Зерттеу аясында респонденттердің саяси партияларға қатысты таңдауы да сараланған. Сауалнама нәтижесіне сәйкес:

«Әділет» партиясын – 54,2%;

«Ауыл» партиясын – 7,3%;

«Ақ жол» партиясын – 4,6%;

«Respublica» партиясын – 3,4%;

Жалпыұлттық социал-демократиялық партияны – 2,4%;

Қазақстан Халық партиясын – 2,1%;

«Байтақ» партиясын – 1,1% қолдайтынын білдірген.

Ал респонденттердің 2,3 пайызы «Барлығына қарсымын» деген жауап нұсқасын таңдаған.

Сонымен қатар, зерттеу тағы бір маңызды үрдісті көрсетті. Азаматтардың 22,6 пайызы, яғни шамамен әрбір бесінші сайлаушы қай партияға дауыс беретінін әлі нақты шешпеген.

Бұл алдағы сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарының саяси партиялар үшін ерекше маңызды болатынын аңғартады. Себебі дәл осы топтың таңдауы сайлау қорытындысына елеулі ықпал етуі мүмкін.

Демократиялық мемлекеттерде қоғамдық пікірді зерттеу тек статистикалық көрсеткіш жинау емес. Оның басты мақсаты – халықтың көңіл күйін, сұранысын және қоғамдық үдерістерге қатысты көзқарасын зерделеу.

Мұндай зерттеулер мемлекеттік органдарға, ғылыми орталықтарға және саяси институттарға қоғамдағы өзгерістерді бағалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар саяси партиялар үшін де сайлаушылардың көңіл күйін түсінуге, өз бағдарламаларын жетілдіруге және қоғаммен тиімді байланыс орнатуға негіз болады.

Зерттеу нәтижелерінің сенімділігі оның әдіснамасына да байланысты. Бұл сауалнама Қазақстан халқының негізгі әлеуметтік-демографиялық құрылымын ескере отырып жүргізілген. Іріктеу барысында қала және ауыл тұрғындарының үлесі, жыныстық және жас ерекшеліктері сақталған.

Зерттеудің сенімділік ықтималдығы 95 пайызды, ал статистикалық қателік шегі ±1,1 пайызды құрайды. Мұндай көрсеткіштер алынған нәтижелердің ғылыми тұрғыдан негізді екенін көрсетеді.

 Жоғарыда да атап өттік, қазіргі әлемде қоғамның пікірін тұрақты түрде зерттеу мемлекеттік басқарудың маңызды құралдарының біріне айналды. Халықтың елдегі өзгерістерге деген көзқарасын білу мемлекеттік саясатты жетілдіруге, қоғамдық сұранысты ескеруге және тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

DATAmetrics жүргізген соңғы зерттеу нәтижелері қазақстандықтардың басым бөлігінің елдің даму бағытын қолдайтынын, азаматтардың сайлау процесіне қатысуға дайын екенін және қоғамдағы саяси белсенділіктің сақталып отырғанын көрсетеді.

Сонымен бірге, едәуір бөлігінің саяси таңдауын әлі жасамағаны алдағы сайлауалды кезеңде партиялар арасындағы бағдарламалық бәсекелестіктің өзекті болатынын аңғартады. Бұл өз кезегінде қоғамдық пікірдің динамикасын әрі қарай да тұрақты зерттеудің маңызын арттыра түседі.

Айта кетейік, аталған зерттеу нәтижелері Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2026 жылғы 3 шілдедегі № ОСК-11-07/ЗТ-К-29 хабарламасы негізінде жарияланды.

 

Добавить комментарий