
2026 жыл – жасанды интеллект және цифрлық даму жылы. Осыған орай біз жаңа жүйенің түрлі салаларда енгізілуіне байланысты жазбаларымызды жалғастырудамыз. Энергетика саласы – еліміздің аса маңызды тетіктерінің бірі. Міне, осы салаға цифрлық жаңашылдықтарды енгізу бойынша ауқымды жұмыс-жобалар қолға алынып отыр. Еліміздің Үкіметі бұл бағытты тұрақты назарына алып, барлық мүмкіндіктерді жан-жақты қарастыруда. Бұл ретте салалық министрліктерге нақты тапсырмалар беріліп, бірыңғай үйлестіруші платформаларды өміршең ету жүктелген.
Интеллектуалды энергетика – уақыт талабы
ХХІ ғасырдың алғашқы ширегі адамзат өркениетін бұрын-соңды болмаған технологиялық өзгерістерге алып келді. Егер өткен онжылдықтар ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуымен ерекшеленсе, бүгінгі кезеңнің басты феномені – жасанды интеллект. Әлемнің жетекші мемлекеттері бұл технологияны экономиканың барлық саласына енгізіп, жаңа индустриялық дәуірдің негізін қалап жатыр. Сарапшылардың пікірінше, алдағы он жылда жасанды интеллект электр қуаты немесе интернет секілді кез келген мемлекеттің стратегиялық инфрақұрылымының ажырамас бөлігіне айналады.
Энергетика – цифрлық технологиялардың мүмкіндігін толық пайдалануға болатын салалардың бірі. Өйткені электр энергиясын өндіру, жеткізу және тұтыну процестері үздіксіз бақылауды, нақты есептеуді және мыңдаған техникалық көрсеткіштерді бір мезетте сараптауды қажет етеді. Мұндай жағдайда үлкен көлемдегі деректерді адамның ғана күшімен өңдеу барған сайын күрделене түседі. Сондықтан дамыған мемлекеттер соңғы жылдары энергетика саласын цифрлық трансформациялауға ерекше басымдық беріп келеді.
Қазақстан да бұл жаһандық үрдістен шет қалған жоқ. Мемлекет басшысының бастамасымен 2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жариялануы елдің технологиялық дамуындағы маңызды белеске айналды. Бұл бастама мемлекеттік басқару жүйесін ғана емес, ұлттық компаниялардың жұмыс тәсілін де түбегейлі жаңғыртуға бағытталған.
Осындай өзгерістердің алдыңғы қатарында еліміздің Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің сенімді жұмысын қамтамасыз ететін «KEGOC» АҚ тұр. Компания соңғы жылдары жасанды интеллектіні корпоративтік басқару, өндірістік талдау және инженерлік шешімдерді қолдау жүйесіне белсенді енгізіп келеді. Бұл – Қазақстан энергетикасының интеллектуалды басқару моделіне қарай бет бұрғанының нақты дәлелі.
Компания жасанды интеллект бағытындағы барлық жұмыстарын бір жүйеге біріктіріп, 35 жобадан тұратын кешенді даму бағдарламасын қалыптастырды.
Бағдарлама бірнеше маңызды бағытты қамтиды. Олар – корпоративтік сервистерді дамыту, өндірістік қызметті цифрландыру, электрондық құжат айналымын жетілдіру, басқарушылық процестерді автоматтандыру, ұзақ мерзімді цифрлық шешімдерді енгізу.
Бұл жұмыстар Энергетика министрлігінің цифрлық трансформация жөніндегі бағытымен қатар, «Самұрық-Қазына» АҚ және KEGOC-тың жол карталары аясында іске асырылуда.

Цифрлық көмекшілердің жаңа буыны
Қазіргі уақытта компания ішінде мамандандырылған жасанды интеллект агенттері жұмыс істейді. Олардың қатарында еңбек қауіпсіздігі және экологиялық бақылау (HSE) жөніндегі ассистент, PR және сыртқы коммуникациялар агенті, ЖИ-рекрутер, ішкі нормативтік құжаттар бойынша агент бар.
Бұл жүйелер корпоративтік білім базасымен жұмыс істейді. Яғни қызметкер белгілі бір құжатты немесе нормативтік талапты ұзақ іздеп отырмайды. Жасанды интеллект қажетті ақпаратты тауып қана қоймай, оны талдап, қысқаша мазмұндап, қажетті материалды дайындауға көмектеседі. Осының нәтижесінде мамандар қағазбастылықтан арылып, негізгі кәсіби міндеттеріне көбірек уақыт бөле алады.
Қаржылық талдаудан бастап өндірістік мониторингке дейін
Компанияның келесі маңызды қадамы – қаржылық талдау жүргізетін арнайы ЖИ-агентті іске қосу.
Бұл құрал қаржылық көрсеткіштерді жедел салыстыруға, есептілікті автоматты түрде дайындауға, жоспар мен нақты көрсеткіштердің айырмасын анықтауға, сондай-ақ басқарушыларға қажетті аналитикалық мәліметтерді жылдам ұсынуға мүмкіндік береді.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай құралдар басқарушылық шешімдердің сапасын арттырып қана қоймай, тәуекелдерді де ертерек анықтауға жағдай жасайды.
Жасанды интеллект енді өндірістің өзегіне енуде
KEGOC үшін ең маңызды бағыттардың бірі – өндірістік талдау жүйесіне жасанды интеллект енгізу. 2026 жылы компания электр энергиясы нарығын талдау, рационализаторлық ұсыныстарды сараптау, шығындар мен ауытқуларды анықтау, жөндеу науқанының орындалуын бақылау бағыттарында жаңа цифрлық шешімдерді іске қосуды жоспарлап отыр.
Бұл – энергетикадағы жоспарлау сапасын арттырып, өндірістік тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік беретін маңызды қадам. Мәселен, бұрын бірнеше бөлімнің қатысуымен жүргізілетін жоспар-факт талдауын енді жасанды интеллект санаулы минуттар ішінде орындап, ықтимал қауіптерді алдын ала көрсете алады.
Бүгінде компаниядағы шамамен 2750 қызметкердің жасанды интеллект құралдарын пайдалану мүмкіндігі бар. Ең көп қолданылатын сервистердің қатарында қазақ және ағылшын тілдеріне аударма құралдары, нормативтік құқықтық актілер бойынша агент, сатып алу жөніндегі ассистент, ИСЭЗ бойынша кеңесші, валюталық операцияларды үйлестіру агенті, техникалық ерекшеліктерді талдау жүйесі, электрондық құжат айналымына енгізілген бірнеше ЖИ-агент бар.
Бұл цифрлық орта компанияның барлық құрылымдық бөлімшелерін біртіндеп қамтып келеді.

Статистика өзгерістің нақты дәлелі
Жасанды интеллектінің тиімділігі пайдаланушылар саны арқылы ғана емес, нақты көрсеткіштер арқылы да байқалады. Алғашқы кезеңде ай сайын шамамен 1 417 сұраныс өңделсе, бүгінде бұл көрсеткіш 6 500-ден асып, төрт жарым еседен артық өскен.
Мұның өзі бірнеше маңызды қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Біріншіден, қызметкерлер жаңа технологияларға сенім білдіре бастады.
Екіншіден, жасанды интеллект тәжірибелік эксперименттен нақты өндірістік құралға айналды.
Үшіншіден, цифрлық көмекшілер күнделікті жұмыстың ажырамас бөлігіне айналып келеді.
Әлемдік тәжірибеге көз жүгіртсек, энергетикадағы жасанды интеллект негізінен электр энергиясын тұтынуды болжау, жабдықтардың істен шығуын алдын ала анықтау, энергия теңгерімін есептеу және диспетчерлік басқаруды оңтайландыру бағыттарында кеңінен қолданылады. Қазақстан да осы үрдістен шет қалып отырған жоқ.
KEGOC тәжірибесі еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде цифрлық технологиялардың мүмкіндігі артып келе жатқанын көрсетеді.
Әсіресе электр энергиясына сұраныс жыл сайын өсіп отырған жағдайда үлкен көлемдегі деректерді жылдам өңдеу, тәуекелдерді ерте анықтау және басқарушылық шешімдерді дәл қабылдау ерекше маңызға ие.
Үнемі айтып жүрген қағидатымызды тағы бір қайталап, еске сала кетейік: жасанды интеллект адамды алмастыру үшін емес, оның мүмкіндігін күшейту үшін енгізілуде.
Энергетика сияқты стратегиялық салада соңғы шешімді әлі де тәжірибелі инженерлер мен диспетчерлер қабылдайды. Алайда сол шешімдердің дәл әрі жылдам қабылдануына жасанды интеллект сенімді көмекші бола бастады.
KEGOC жүзеге асырып отырған жобалар цифрлық технологиялардың тек кеңсе жұмысын жеңілдетумен шектелмейтінін дәлелдеп отыр. Олар өндірістік процестердің тиімділігін арттырып, тәуекелдерді азайтуға, корпоративтік басқару мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді.
Қазақстанның энергетика саласындағы бұл тәжірибе алдағы уақытта басқа ұлттық компаниялар мен өндірістік кәсіпорындар үшін де тиімді үлгіге айналуы әбден мүмкін. Өйткені цифрлық трансформация – бүгінгі күннің талабы һәм ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын маңызды факторлардың бірі.
Асыл ӘБІШЕВ.
