
Ұстаздың ең үлкен жетістігі атақпен де, марапатпен де өлшенбесе керек. Оның шынайы жеңісі – шәкіртінің санасына сәуле түсіріп, бойындағы қабілетін оятып, үлкен өмірге бағыт бере алуында. Осындай ұстаздардың бірі – Павлодар қаласындағы «Келешек мектептері» жобасы аясында ашылған №48 мектептің география пәні мұғалімі Серік Балықбайұлы Төлегенов.
Серік Балықбайұлы – өз ісіне үнемі ізденіспен қарайтын, дәстүрлі білім беру мен заманауи оқыту технологияларын ұштастыра білетін тәжірибелі педагог. Оның кәсіби еңбегі 2020 жылы республика көлемінде бағаланып, «Үздік педагог» атағына ие болды.
Алайда кейіпкеріміздің болмысын бір ғана ұстаздық қырымен шектеу қиын. Ол – берекелі отбасының тірегі, сүйікті жар, өнегелі әке. Спортты серік еткен ұстаз волейболдан педагогтер арасындағы спартакиадалар мен турнирлерде бірнеше мәрте жеңіс тұғырынан көрінген. Әріптестері арасында сыйлы, шәкірттеріне жақын, үлкенге ізетті, кішіге қамқор азамат.
Мұғалім күні қарсаңында Серік Балықбайұлымен ұстаздық жолдың жауапкершілігі мен қызығы, бүгінгі оқушының болмысы, жаңа технологиялар мен жасанды интеллект дәуіріндегі мұғалімнің орны, отбасы, спорт және ұстаз бақыты туралы әңгімелестік.
– Серік Балықбайұлы, әңгімені мамандық таңдаудан бастасақ. Неліктен ұстаздық жолды, оның ішінде география пәнін таңдадыңыз? Бала күнгі арманыңыз мұғалім болу ма еді?
– Ең қызығы, әулетімізде мұғалімдер жоқ. Мектепте жақсы оқыдым, білімге ынтам жоғары болды. Біз Ұлттық бірыңғай тестілеу енді енгізіле бастаған кезеңнің екінші легінде оқыдық. Ол кезде қазіргідей кәсіби бағдарға көп мән берілмейтін. «Өскенде кім боласың?» деген сауал да бүгінгідей жиі қойыла бермейтін шығар. Шынымды айтсам, болашақ мамандығымды бала күнгі арманның жетегімен таңдадым дей алмаймын. Басты мақсатым – ата-анама салмақ салмай, грант ұтып, тегін білім алу еді. Сондықтан өзіме жақын әрі жеңіл көрінген география пәнін таңдадым. Төрт мамандықтың қатарына экономика, қаржы, менеджментті енгізіп, географияны ең соңына қойдым. Бірақ өмірдің өзі басқа арнаға бұрды. Кейде «мамандықты мен емес, мамандық мені таңдады» деп ойлаймын. Кездейсоқтықтың өзі кейде кездейсоқ болмайды ғой.
– Ұстаздық жолыңыздағы алғашқы сабағыңыз есіңізде ме? Бүгінгі тәжірибелі Серік Төлегенов пен сол кездегі жас мұғалімнің арасындағы ең үлкен айырмашылық неде?
– Алғашқы сабақтың әсері ұмытылмайды. Торайғыров университетінде оқып жүрген кезімізде пәндік, ғылыми білімге жақсы көңіл бөлінді. Бірақ сынып алдына алғаш келгенде белгісіздік пен сенімсіздік басым болды: «Бар білімімді алдымда отырған жиырма балаға қалай жеткіземін?» деген ой мазалайтын. Дәстүрлі әдістер мен оқу құралдарына сүйенген жас мұғалімнен түрлі заманауи тәсілдерді ұштастыра алатын педагогқа дейінгі жолға биыл 16 жыл болыпты. Бұрын мұғалім көбіне білім мен тәжірибені жеткізуші ретінде қабылданса, қазір басты сауалдың бірі – «Оқушыны қалай қызықтырамын, оның зейінін қалай ұстаймын?» деген мәселе.
– 2020 жылы республика бойынша «Үздік педагог» атағына ие болдыңыз. Бұл жетістікке жеткізген басты қасиетіңіз бен ұстаздық ұстанымыңыз қандай?
– Айқын мақсат, табанды еңбек, шәкірттер мен әріптестердің қолдауы, мектеп әкімшілігінің дұрыс бағыт-бағдар беруі талай жетістікке жол ашты. 2014 жылы төрт жылдық еңбек өтілімен қалаға көшіп келіп, Абай гимназиясының табалдырығын аттадым. Қазақ мектептерінің қара шаңырағы саналатын сол білім ордасы кәсіби бағымды ашты. Сапалы орта баланың да, ересек адамның да өсуіне ықпал етеді. Менің кәсіби дамуым Абай мектебімен тығыз байланысты. Дарынды шәкірттерім берген білімімді еселеп, талай білім белесін бағындырды. Директордың орынбасары Қапия Қабиденқызы да «Серік, сен «Үздік педагог» атануың керек» деп жиі жігерлендіретін. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген рас.
– «Үздік педагог» атағынан кейін адамның өзіне қоятын талабы да күшейетін шығар. Бұл атақ сізге мәртебеден гөрі жауапкершілік жүктеді ме?
– Мен оны ешқашан жай мәртебе деп қабылдаған емеспін. Керісінше, өзіме қоятын талабым да, өзгелердің маған деген талабы да күшейді. Жауапкершілік артты. Бұл атақ атқарылған еңбектің нәтижесі ғана емес, жаңа белестердің бастауы болды. Белгілі бір биікке шығу бір бөлек, сол деңгейге лайық болып қалу – одан да маңызды. Мұндай жетістік адамды үнемі ізденуге, бәсекеге қабілетті болуға, тоқтап қалмауға үйретеді.
– Бүгінгі оқушыны осыдан он жыл бұрынғы оқушымен салыстыруға бола ма? Балалардың ойлау жүйесі мен білімді қабылдауында қандай өзгеріс байқайсыз?
– Әр ұрпақтың өз заманына сай артықшылығы мен әлсіз тұстары болады. Бұрын оқушы білімді негізінен оқулықтан алатын. Оқулықпен жұмыс істеу, оқығанын түсіну, талдау – оқу сауаттылығын, ой еңбегін қалыптастыратын. Қазір оқушылар жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланып, кейде дайын жауапты ойланбастан көшіріп алуға бейім. Сондықтан үй тапсырмасының сипаты да өзгеруі керек. Баланы ойландыратын, жеке пікірін білдіруге, дәлелдеуге жетелейтін тапсырмалар қажет. Қазіргі жағдайда оқу мәдениетін күшейту мен мектептегі телефон қолдануды реттеу мәселесінің өзектілігі де осымен байланысты деп ойлаймын.
– География сабағында баланы елең еткізіп, пәнге қызығушылығын арттыратын қандай әдістерді жиі қолданасыз?
– Бүгінгі білім беру үдерісінде ұжымдық оқыту, коммуникацияға негізделген әдістер маңызды. Олар оқушыны сөйлеуге, өз ойын ашық айтуға, бірлесіп әрекет етуге үйретеді. Географияның екінші тілі – карта. Сондықтан картаның тілін білу, оны оқи алу – негізгі дағдылардың бірі. Картамен жұмыс оқушылар үшін әрдайым қызықты. Жалпы, география – визуализацияға, себеп-салдарлық байланыстарды түсінуге кең мүмкіндік беретін пән. Сонымен қатар ол мектеп курсында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға да елеулі үлес қосады.
– Жасанды интеллект білім саласына белсенді еніп келеді. ЖИ мұғалімнің бәсекелесіне айнала ма, әлде оның мүмкіндігін арттыратын көмекші құрал бола ма?
– Бір кездері «болашақта мұғалімді робот алмастырады» деп әзілдеп те, шындап та айтатынбыз. Бірақ меніңше, бұл мүмкін емес. Себебі білімді балаға эмоциялық байланыссыз толық жеткізу қиын. Әсіресе бастауыш сыныптағы балаға мұғалімнің мейірімі мен қолдауын ешбір технология дәл сол қалпында бере алмайды. ЖИ – мұғалімді алмастырушы емес, оның көмекшісі, уақытын үнемдейтін құрал. Мұғалім уақытын техникалық жұмыстардан үнемдеп, сол мүмкіндікті оқушымен тікелей жұмысқа бағыттай алса, технологияның шынайы пайдасы сонда.
– Ақпарат бірнеше секундта табылатын заманда география мұғалімі оқушыға дайын мәлімет беруден бөлек, ең алдымен нені үйретуі керек?
– Қазіргі география интеграциялық білімге сүйеніп, өмірдің көптеген саласымен байланысады. Сондықтан басты міндет – практикалық және функционалдық сауаттылықты қалыптастыру. Мәселен, табиғаттағы себеп-салдарлық байланыстарды түсіну, табиғи апаттардың ықтималдығын бағалау, тіпті үй салатын аумақты таңдағанда табиғи жағдайларды ескеру – мұның бәрі өмірлік маңызы бар дағдылар. Сонымен бірге тұрақты даму тұжырымдамасы аясында табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру да маңызды.
– Ұстаздық еңбегіңіздің бекер еместігін сезіндірген, жүрегіңізде ерекше қалған сәт бар ма?
– Бір кезде «оқушыдан еңбегіңіз үшін тікелей алғыс күтпеңіз» деген сөз санамда қалып қойды. Мұғалім баланың жақсы да, жағымсыз да қылығын көреді. Кейде жұмсақ айтып, кейде талап қоясың. Бірақ мақсат біреу – оның санасына ой салу, ақылын ояту. Ұстаз еңбегінің нәтижесі міндетті түрде салтанатты алғыс түрінде көріне бермейді. Кейде оны баланың күнделікті жылы жанарынан, күлімдеген жүзінен-ақ сезесің.
– Кейде баланың сабаққа қызықпауының астарында қабілетсіздік емес, ішкі күйзеліс жатуы мүмкін. Мұғалім баланың көңіл күйін қаншалықты сезіне білуі керек?
– Педагогикалық-психологиялық сүйемелдеудің маңызы соңғы жылдары арта түсті. Баланың ішкі күйзелісі көбіне мінез-құлқынан, көңіл күйінен байқалады. Мұғалім осындай белгілерді дер кезінде аңғара білуі керек. Өзі мәселені шеше алмаса, психолог маманға немесе сынып жетекшісіне хабарлағаны дұрыс. «Мұғалім – бала жанының бағбаны» деген сөз бар. Сондықтан эмпатия да педагогтің кәсіби дағдыларының біріне айналып келеді. Бұл тұрғыда сынып жетекшісінің орны ерекше, өйткені ол баланы пән мұғаліміне қарағанда жақынырақ таниды.
– Сіз спортты өмір салтына айналдырған ұстазсыз. Волейболдан педагогтер арасындағы жарыстарда бірнеше мәрте жеңімпаз атандыңыз. Спорт сізге не берді?
– Спорт – бала кезден қалыптасқан жақсы әдетімнің бірі. Мұғалімнің күнделікті жұмысы эмоциялық тұрғыдан оңай емес. Адамның ресурсы шексіз емес. Ал спорт жұмыстағы ауыр ойдан арылуға, эмоциялық-психологиялық тепе-теңдікті қалпына келтіруге көмектеседі. Оқушылармен бірге ойнаған кезде спорттың тағы бір қырын байқадым: бала мұғалімнің ісінен үлгі алады. Бізге қызығып, кейін өздері де ойнап, жарысқа түскісі келетін оқушыларды талай көрдім. Балалар үшін мұғаліммен бірге доп ойнаудың өзі ерекше әсер.
– Спортта да, ұстаздықта да тәртіп, табандылық, командалық рух маңызды. Волейбол алаңындағы Серік Төлегенов пен сыныптағы Серік Төлегеновтің ұқсастығы неде?
– Спортта әуесқой деңгейде ойнасам да, өзіме үнемі жоғары талап қоямын. Бәсекеге ұмтылу, жеңіске жетуге талпыну, үздіксіз даму – мені алға жетелейтін ішкі уәж. Бұл қасиеттер сыныпта да қажет. Ұстаз да үнемі ізденіп, өзін жетілдіріп отырмаса, бір орында қалып қояды.
– Сіз – әкесіз. Өз балаңызға ең алдымен қандай құндылықтарды сіңіруге тырысасыз?
– Қызыма жеткілікті уақыт бөлемін деп мақтана алмаймын. Байқағаным, мұғалімдер кейде өз баласынан гөрі мектептегі шәкірттеріне көбірек уақыт бөліп кетеді. Бірақ бала тәрбиесіндегі ең басты қағида – жеке үлгі. Бала сөзге қарағанда іс пен қылыққа көбірек қарап өседі. Қызымның қоғамдық жерде жарықты қажетсіз жақпайтынына, қоқысты жерге тастамай, жәшікке жеткізетініне қарап, өз әрекетімнің оған әсер етіп жатқанын байқаймын. Адалдық, ар-намыс, адамгершілік пен қарапайымдылық – баламның бойынан көргім келетін басты қасиеттер.
– Мұғалім күні қарсаңында мамандық беделі туралы сұрамай кетуге болмайды. Ұстазға деген шынайы қоғамдық құрметті не қалыптастырады?
– Меніңше, мұғалімнің қоғамдағы орны ешқашан маңызын жоғалтпайды. Кейде оқушы есейіп, мектептен кеткеннен кейін ғана ұстазының жанашырлығын, өзіне жасаған жақсылығын тереңірек түсінеді. Дегенмен тәрбиенің негізі отбасынан басталатынын ұмытпауымыз керек. Тәрбиенің бар міндетін мектепке жүктеу дұрыс емес. Мектеп баланы қоғамдық ортаға бейімдеп, өзін ұстау мәдениетін қалыптастыруға көмектеседі, ал негізгі құндылықтар отбасынан дариды. Ата-ананың қолдауы жас мамандардың мектепте қалып, кәсіби өсуіне де ықпал етеді. Білім саласында талантты, жігерлі жастар көп. Соларды ұстап қалу, қолдау – маңызды мәселе.
– Соңғы сұрақты шәкірттеріңізге арнасақ. Арада жиырма-отыз жыл өткенде олар сізді қандай ұстаз ретінде еске алғанын қалар едіңіз? «Серік ағай маған…» деген сөйлемді қалай жалғастырса, өзіңізді бақытты ұстаз санар едіңіз?
– «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» дейді ғой. Шәкіртім «Серік ағайдың сабағы маған қатты ұнайтын, қызық өтетін, сабағына қуана баратынмын» десе, соның өзі жүрекке жылы тиер еді. Мұғалімін іздеп келген шәкірт пен оның бір ауыз жылы сөзі – еңбектің ең жоғары бағасы, ең үлкен марапат. Одан артық ештеңе керек емес. Осындай сәттерге жетсем екен деген арман адамды жігерлендіріп, өткенге ризашылықпен, болашаққа үмітпен қарауға жетелейді.
– Әңгімеңіз үшін оқырмандар атынан алғыс айтамыз. Мерекеңіз құтты, еңбегіңіз жемісті, шәкірттеріңіз зейінді бола берсін!
Сұхбаттасқан – Асыл ӘБІШЕВ.
