2026 жылдың 23 тамызында Қазақстанда жаңа Конституция негізінде алғаш рет Парламент – Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді. Бұл – еліміздің саяси жаңғыру үдерісіндегі маңызды белес әрі мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған тарихи қадам.

Конституциялық реформалар аясында жүзеге асып жатқан бұл өзгерістердің басты мақсаты – халықтың еркін барынша айқын білдіретін, заң шығару қызметінің тиімділігі мен жауапкершілігін арттыратын жаңа саяси модель қалыптастыру. Сондықтан алдағы сайлау әрбір азаматтың ел болашағына деген жауапкершілігін айқындайтын маңызды науқан болмақ.

Осыған орай Aiqara.kz ақпараттық-әдеби порталында қоғамның әр саласында абыройлы еңбек етіп жүрген азаматтардың пікірлерін жариялауды жалғастырамыз. Қоғам өкілдерінің басым көпшілігі Конституциялық жаңаруларды қолдап, елімізде жүзеге асып жатқан саяси реформалардың мемлекетіміздің тұрақты дамуына, қоғамдық келісімнің нығаюына және жарқын болашақтың қалыптасуына берік негіз қалайтынына сенім білдіруде.

– Биыл алғаш рет жаңа Конституция негізінде Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді. Бұл саяси науқанның тарихи маңызын қалай бағалайсыз?

– Алдағы сайлаудан қандай нәтиже күтесіз?

Бүгінгі шығарылымда жоғарыдағы сауалдарды Торайғыров университетінің профессоры, саяси ғылымдарының докторы Арман Айтмұхаметұлы Акишевке және Бұқар Жырау атындағы Павлодар облыстық мәдениет және өнер музейінің директоры, жазушы-өлкетанушы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Ербол Мәтіұлы Қайыровқа, сондай-ақ жас ұстаз, қоғам белсендісі, спортшы, «Жігіт сұлтаны – 2026» байқауының жеңімпазы Нұрсұлтан Ахылбекке қойған едік.

Арман Айтмұхаметұлы АКИШЕВ, Торайғыров университетінің профессоры, саяси ғылымдарының докторы:

1. Жаңа Конституциядағы ең маңызды жаңашылдықтардың бірі – еліміздің заң шығарушы билігінің құрылымдық реформасы, яғни бір палаталы Құрылтайдың құрылуы. «Құрылтай» ұғымының өзі қазақ халқының тарихында ерекше орын алады. Ол – ел тағдырына қатысты маңызды мәселелер талқыланып, ортақ шешім қабылданатын дәстүрлі кеңес институты. Сондықтан бұл атаудың қазіргі мемлекеттік басқару жүйесінде қайта жаңғыруы – ұлттық тарихи сабақтастықтың көрінісі. Сонымен қатар, бұл өзгеріс ұлттық бірегейлікті нығайтуға, халықтың заң шығару үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтуге және өкілдік демократияны жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам деп есептеймін.

2. Тәуелсіз Қазақстанның парламенттік жүйесі мен сайлау институтының қалыптасқанына биыл 35 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде елімізде мол саяси тәжірибе жинақталды, заң шығару жүйесі жетілдірілді. Енді жаңа Конституция аясында енгізілген өзгерістер сайлау үдерісін жаңа сапалық деңгейге көтеруге мүмкіндік береді деп сенемін. Жаңартылған сайлау жүйесі халықтың еркін білдіру тетіктерін күшейтіп, өкілдік демократияның одан әрі дамуына, мемлекеттік басқарудың тиімділігі мен ашықтығының артуына оң ықпал етеді. Бұл – еліміздің саяси жаңғыруының кезекті маңызды кезеңі.

 

Ербол Мәтіұлы ҚАЙЫРОВ, Бұқар Жырау атындағы Павлодар облыстық мәдениет және өнер музейінің директоры, жазушы-өлкетанушы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері:

1. Бұл саяси қадамды тарихи бұрылыс және саяси жүйені түбегейлі жаңартудың шешуші кезеңі деп бағалауға болады. Құрылтай депутаттарының сайлауы – елдің саяси архитектурасын қайта құрудың, билік пен қоғам арасындағы келісімді артыратын жаңа модельге көшудің нақты көрінісі.

Жаңа Конституция мемлекеттік басқару жүйесін теңгерімді етіп, өкілетті өкілдік органдардың ролін күшейтуге бағытталған. Осы негізде өтетін сайлау реформалардың тек қағаз жүзінде емес, іс жүзінде жұмыс істей бастағанын дәлелдейді. «Құрылтай» ұғымының өзі – халықтың барлық жігінің үнін жеткізетін дәстүрлі әрі заманауи институционалдық алаң. Жоғары заң шығарушы органды осындай концептуалды жаңа негізде жасақтау Заң шығару бастамаларына қоғамның тікелей қатысуын арттырады.

2. Алдағы сайлауды партияаралық бәсекелестіктің жаңа серпіні деп атауға тұрарлық. Партиялық тізімдер арқылы өтетін сайлау жүйесі саяси партиялардың жауапкершілігін арттырып қана қоймай, партиялар арасында идеологиялық бағдарламалар мен жобалар бәсекесі күшейеді. Саяси аренада жаңа көшбасшылар, сарапшылар мен қоғам белсенділерінің танылуына жол ашылады. Ал ең бастысы бір палаталы Құрылтай форматы заң жобаларын қарау мен қабылдау мерзімін бюрократиясыз қысқартуға мүмкіндік береді деп сенеміз.

Нұрсұлтан АХЫЛБЕК, ұстаз, спортшы, «Жігіт сұлтаны – 2026» байқауының жеңімпазы:

1. Бұл сайлау – еліміздің саяси өміріндегі жаңа кезеңнің бастауы. Жаңа Конституция халықтың билікке тікелей қатысуын қамтамасыз етті. Құрылтай – бұл өңірдің, жастардың, зиялы қауымның дауысы естілетін ортақ алаң. Сондықтан бұл науқанды мен ұлттық бірлікті нығайтып, азаматтық жауапкершілікті арттыратын тарихи қадам деп бағалаймын.

2. Алдымен әділ және бәсекелі сайлау өткізуді күтемін. Нәтижесінде халықтың мәселесін нақты білетін, өз ісінің маманы, жауапкершілігі жоғары азаматтар Құрылтайға келуі тиіс. Менің ойымша, жаңа құрамдағы депутаттар қабылдайтын шешімдерімен қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтып, еліміздің дамуына нақты үлес қосады.

Өзім де қоғам белсендісі болғандықтан, әрбір Қазақстан азаматы осы маңызды шараның өтуіне атсалысып, қолдау көрсетуі керек деп есептеймін. Өйткені елдің болашағы – бүгінгі біздің таңдауымызда. Егер әр жастарымыз «мен не істей аламын?» деп, қол қусырып отырмай, белсенділік танытса, онда ертеңгі Қазақстан одан да мықты болады.

Бұйырса алдағы жылдары өз тәжірибемді нығайтып, депутаттық қызметке өзімді ұсынып көру де ойымда бар. Еліміз бен халқымыздың жарқын болашағы үшін аянбай еңбек ету – менің басты мақсатым.

Ұстаз ретінде шәкірттерге білім берсем, спортшы ретінде елдің намысын қорғасам, енді қоғам қайраткері ретінде халқыма қызмет еткім келеді.

Себебі нағыз жігіттік – сөзбен емес, іспен дәлелденеді. Ал нағыз отаншылдық – ел үшін еңбек етуден басталады.

 

Әңгімелескен – Асыл ӘБІШЕВ.

Добавить комментарий