2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген Қазақстан Республикасы Конституциясына сәйкес еліміз жаңа саяси жүйеге қадам басты. Конституциялық реформалардың аса маңызды тұсының бірі – бұрынғы қос палаталы Парламенттің орнына бір палаталы Парламент – Құрылтай институтының енгізілуі. Мұның алдындағы жазбаларымызда атап өткеніміздей, бұл өзгеріс заң шығару жүйесін жетілдіруге, шешім қабылдау үдерісін жеделдетуге және саяси жауапкершілікті арттыруға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланып отыр.

Осы тарихи өзгерістер аясында Құрылтайдың алғашқы сайлауы 2026 жылғы 23 тамызға белгіленді. Осылайша, елімізде жаңа Конституцияның өміршеңдігін іс жүзінде айқындайтын маңызды саяси сынақ бастау алды.

Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай сайлауына қатысатын жеті саяси партияның кандидаттар тізімін толық тіркеді. Бұл рәсім сайлау науқанының келесі кезеңіне өтуге құқықтық негіз қалыптастырды.

Құрылтай сайлауының бекітілген күнтізбелік жоспарына сәйкес, бүгін, яғни 2026 жылғы 23 шілдеде сағат 18:00-де барлық жеті партия ресми түрде сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын бастайды. Дәл осы сәттен бастап әрбір саяси партияның республикалық және өңірлік сайлау штабтары толыққанды жұмысқа кірісіп, өз бағдарламаларын халыққа таныстыруға мүмкіндік алады.

Сөз жоқ, алдағы бір ай елдің қоғамдық-саяси өміріндегі ең белсенді кезеңдердің біріне айналмақ. Партиялар өздерінің бағдарламаларын ұсынып, кандидаттарын таныстырып, азаматтардың сеніміне ие болуға бар күшін салады. Бұл кезеңде пікірталастар, кездесулер, қоғамдық талқылаулар мен түрлі ақпараттық іс-шаралар жиілейтіні анық. Бұл туралы оқырмандарымызды қал-қадірінше құлағдар етіңп отырмақпыз.

Айта кетелік, жаңа Конституцияға сәйкес Қазақстан Парламенті – Құрылтай құрамында жалпы саны 145 депутат болады.

Ең маңызды ерекшелік – депутаттар толықтай партиялық тізім бойынша анықталады. Демек, сайлаушылар нақты жекелеген кандидаттарға емес, саяси партиялардың бағдарламалары мен ұстанымдарына дауыс береді. Соның нәтижесінде Құрылтайдың депутаттық корпусы жеті партия арасындағы саяси бәсеке арқылы қалыптасады.

Бұл модель саяси партиялардың жауапкершілігін арттырып қана қоймай, олардың қоғам алдындағы есептілігін де күшейтеді. Өйткені әрбір партия алған халық сенімін нақты заң шығару қызметі арқылы ақтауға міндетті болады.

 Қазақстанның бір палаталы Парламент моделіне көшуі соңғы жылдардағы ең ауқымды саяси реформалардың бірі ретінде қарастырылып отыр.

Бұл өзгерістің негізгі мақсаты – заң шығару үдерісін оңтайландыру, бюрократиялық кедергілерді азайту және мемлекеттік шешімдердің қабылдануын жеделдету. Сонымен қатар жаңа жүйе депутаттардың жеке және ұжымдық жауапкершілігін күшейтіп, қоғам сұранысына уақытылы үн қататын тиімді заңнамалық орган қалыптастыруға бағытталған.

Сондықтан алдағы Құрылтай сайлауы тек депутаттарды іріктеу науқаны ғана емес, жаңа конституциялық модельдің тиімділігін айқындайтын маңызды демократиялық институт ретінде қабылданады.

Сөйтіп, алдағы бір ай бойы саяси партиялар өзара ашық әрі өркениетті бәсекеге түседі. Бұл кезеңде әрбір саяси күш өз бағдарламасының өміршеңдігін дәлелдеуге, мемлекет дамуына қатысты көзқарасын көрсетуге және азаматтардың қолдауына ие болуға ұмтылатыны даусыз.

Дегенмен қазіргі кезеңде қоғам үшін бағдарламалардың көптігінен бұрын олардың орындалу тетіктері, нақты нәтижеге бағытталған ұсыныстары және халықтың күнделікті өміріне ықпалы маңыздырақ. Сондықтан сайлаушылар да бұрынғыдан әлдеқайда талапшыл әрі сарабдал таңдау жасауға назар аударады.

Өркениетті мемлекеттердегі тәжірибе көрсеткендей, саяси бәсекенің сапасы ең алдымен сайлауалды үгіттің мәдениетімен, заң талаптарының сақталуымен және қарсыластарға деген құрметпен өлшенеді. Бұл қағидалар Қазақстандағы жаңа саяси кезең үшін де айрықша маңызға ие.

Сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары заң талаптарына толық сәйкес, ашықтық пен тең мүмкіндік қағидаттары негізінде жүргізілген жағдайда ғана оның нәтижесіне деген қоғамдық сенім нығая түседі.

Саяси партиялардың барлығы үгіт-насихат кезеңінде құқықтық нормаларды қатаң сақтап, өзара мәдениетті әрі әділ бәсекеге түседі деген сенім бар. Өйткені жаңа Конституция негізінде өтетін алғашқы Құрылтай сайлауының әділ әрі ашық ұйымдастырылуы тек бүгінгі саяси науқанның ғана емес, еліміздің болашақ демократиялық даму бағытының да маңызды көрсеткіші болмақ.

2026 жылғы 23 тамызда қазақстандықтар жаңа Құрылтайдың құрамын анықтай отырып, іс жүзінде елдің жаңарған саяси жүйесінің алғашқы депутаттық корпусын қалыптастырады. Сондықтан бұл сайлауның тарихи салмағы бұрынғы науқандардан өзгеше. Ол жаңа Конституцияның нақты іске асуының, саяси жаңғырудың және қоғамдық жауапкершіліктің маңызды кезеңі ретінде ел тарихында өз орнын алмақ.

Асыл ӘБІШЕВ.

Добавить комментарий