
Шілде айының алғашқы жексенбісінде аталып өтетін Ұлттық домбыра күніне орай Павлодар облысында мазмұнды мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылады. Биылғы мерекелік бағдарлама облыс орталығымен қатар барлық қала мен аудандарды қамтып, ұлттық өнерді ұлықтауға, күйшілік дәстүрді дәріптеуге және жас ұрпақтың рухани тәрбиесіне бағытталған түрлі концерттерді, әдеби-музыкалық кештерді, викториналарды және күйшілер байқауларын біріктіреді.
Мерекелік шаралардың шымылдығы 5 шілде күні сағат 12:00-де Павлодар қаласындағы Batyr Mall сауда орталығында өтетін «Ұлттық Домбыра» – «Шаңырақ сазы» мерекелік бағдарламасымен ашылады.
Осы күні сағат 14:00-де Павлодар қаласының Орталық мәдениет және демалыс саябағында «Қасиетті домбыра» атты мерекелік концерттік бағдарлама ұйымдастырылады.
Кешкісін сағат 19:00-де Павлодар қаласындағы Ertis Promenade сахнасында Ұлттық домбыра күніне арналған басты мерекелік концерт өтеді. Бұл кеште өңір өнерпаздары ұлттық күй өнерін насихаттап, қазақтың қасиетті қара домбырасының құдіретін дәріптейтін шығармаларды орындайды.
Мерекелік іс-шаралар облыстың барлық өңірінде де жалғасады. Ақсу қаласының Орталық кітапханасында сағат 11:00-де «Домбыра – ұлт үні» атты әдеби-музыкалық кеш ұйымдастырылса, Екібастұз қаласындағы «Атамұра» мәдени-демалыс орталығында дәл осы уақытта «Домбыра, жүрегіммен үндес едің…» атты концерт көрерменге жол тартады.
Аққулы ауданында мерекелік көңіл күй кешкі сағат 19:00-де Аққулы ауылының орталық алаңында өтетін «Нағыз қазақ – домбыра!» атты мерекелік бағдарламамен жалғасады.
Баянауыл ауданында сағат 15:00-де аудандық мәдениет үйінде жастарға арналған «Dombyra Party» викториналық ойыны ұйымдастырылады.
Ал Ақтоғай ауылындағы аудандық мәдениет үйінде дәл осы уақытта «Домбыра – халықтың жүрек үні» атты концерт өтеді.
Ертіс ауданында Ұлттық домбыра күні сағат 10:00-де Ертіс ауылының Орталық кітапханасында өтетін «Домбыра – халқымның мұрасы» ақпараттық-музыкалық іс-шарасымен басталады.
Железин ауданында сағат 11:00-де аудандық мәдениет үйінде «Қазақты танытқан – домбыра» атты челлендж ұйымдастырылса, Май ауданындағы Көктөбе ауылында аудандық мәдениет үйінде дәл осы уақытта «Асыл мұра – домбыра» мерекелік бағдарламасы өтеді.
Павлодар ауданында Кемеңгер ауылындағы аудандық мәдениет үйінде сағат 11:00-де «Күй күмбірі» атты аудандық күйшілер байқауы ұйымдастырылады.
Успен ауданында осы уақытта аудандық мәдениет үйінен «Ұлттық домбыра күні – баба үніне құрмет» атты музыкалық керуен жолға шығады.
Тереңкөл ауданында мерекелік шаралар сағат 16:00-де Тереңкөл ауылының жағалауында өтетін «Күмбірле, қоңыр домбыра!» атты мәдени бағдарламамен жалғасады.
Шарбақты ауданында сағат 15:00-де аудандық мәдениет үйінде «Домбыра үнін тыңда» атты музыкалық-поэзиялық кеш ұйымдастырылып, ұлттық өнерді ұлықтайтын әсерлі шығармалар көпшілік назарына ұсынылады.
Осылайша, Ұлттық домбыра күні Павлодар облысының барлық қала және аудандарында кең көлемде аталып өтеді. Ұлттық өнердің алтын қазығына айналған қасиетті домбыраны ұлықтауға арналған мерекелік іс-шаралар қазақтың күй өнерін, ұлттық мәдениеті мен рухани мұрасын кеңінен насихаттап, өскелең ұрпақтың бойында ұлттық құндылықтарға деген құрметті арттыруға бағытталған.
