Зекебай Солтанбаевтың туғанына – 95 жыл

Баянауыл өңірі – небір ұлы тұлғаларды тудырған киелі де қасиетті мекен. Осындай киелі мекендегі мәдени ошақтың бірі академик Қ.И.Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық музейінде жыл бойы рухани мазмұндағы кештер мен кездесулер жиі ұйымдастырылады. Осындай кештердің бірі Ақбеттаудың абызы болған ардагер ұстаз, журналист – ақын, сазгер, КСРО Халық ағарту ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин атындағы медаль иегері, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі Зекебай Солтанбайұлының туғанына 95 жыл толуына орай «Баянауыл перзенті» атты еске алу кеші ұйымдастырылды.
Кеш шымылдығы өңірімізге танымал Егінді еркенің төл перзенті, әрі Зекебай Солтанбаевтың шәкірті Таңат Қуанұлы Ахатовтың арнау өлеңімен бастау алды. Кешке ақынның ұрпақтары – Әсемғали, Төлеуғали, Айсұлтан, Ақертіс Солтанбаевтар және келіндері мен немерелері арнайы шақырылды. Ұрпақтарынан Егіндібұлақ ауылындағы ұлдарының үлкені Әсемғали Солтанбаев –әкемізді еске алып, мерейтойы қарсаңында ескеріп музейде өтіп жатқан кешке ризашылығын білдірді. Бүгінгі күні ауылдағы қара шаңырақта отырған Құндыз келіні «Атамыз бар кезде еліміздің әр өңірінен үйге ақын-жазушылар, журналистер көп келетін» деп сағынышпен бастады. Зекебай Солтанбайұлының қолында өскен немерелері бүгінгі күні еліміздің бас қаласында жоғары оқу орынында білім алып жатқан Күннұр мен Ершуақ атасы мен немересі арасындағы естеліктерді айта отырды. Зекебай Солтанбайұлы өзінің әкесіне арнап шығарған «Әкеме» деген өлеңін Күннұр домбыраға салып орындап берді. Немерелері Ерзат Айсұлтанұлы «Сыбаға», Айсезім Айсұлтанқызы «Ел Баян» өлеңдерін оқыды. Екібастұз қаласында тұратын шөбересі Замзам Дарханқызы – «Ана тілі» өлеңін оқып видеоға түсіріп жіберген екен, көпшілік алдында өлеңі тыңдалды. Осындай немере – шөберелердің поэзияға құштар болуына атасының да үлесі болған шығар.
Зекебай Солтанбайұлымен тіршілігінде жақсы қарым-қатынаста болып сыйласқан Абдығомар Салықов ақсақал – өзінің «Өмірім – өлең жырларым» атты кітабын жазып шығарғанда Зекебай Солтанбайұлы алғы сөзін жазып бергендігін дүйім жұрт алдында алғы сөзін оқып берді. «Қозған» руының шежіре кітабын жазу кезінде құрылтай болған екен, сол құрылтайда Зекебай Солтанбайұлының сөйлеген сөзі видеоға жазылған екен, видео тыңдалды. Әріптестері – Ғалия Әубәкірқызы – абыз ақсақалдың ғұмырындағы қиындығы мен қуанышы қатар жүретін ұстаздық жолындағы ерекшеліктерін, адамгершілігін, қарапайымдылығын, мәдениеттілігін атап өтті. Ауыл мектебінде жұмыс істей тұра облысқа, тіпті республикаға танымал трек мектебінің директоры болғаны, «Халық педагогикасы» атты семинардың өткізгендігі туралы айтылды. Сара Кенжебекқызы – әріптесі Зекебай Солтанбайұлы өзінің мамандығына ерекше құрметпен қарайтынын, алдына келген әр оқушыны тұлға ретінде ескеретіні, киім кию үлгісі, ұқыптылығын айтса, Бекболат Құнтайұлы – диплом бойынша сурет – сызу, еңбек пәнінің ұстазын, музыка пәнінің мұғалімі қылып шығарғанына ерекше ықыласпен алғысын айтып еске алды. Шәкірті кейін әріптесі болған Қайрат Егінбайұлы да ұстаздардың ұстазы деп қысқа қайырды. Зекебай Солтанбайұлы Егіндібұлақ орта мектебінде 43 жыл ұстаз болып жұмыс істеді, соның ішінде 34 жыл мектеп директоры болды.
Зекебай Солтанбаевпен үнемі рухани байланыста болған қарындасының бірі, ауданымыздың театр өнерін талай жыл өрге сүйреген, ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Қазақ аналар – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің Баянауыл ауданы бойынша төрайымы, көркемсөз оқудың хас шебері, режиссер, Жамбы Ипатқызы Мәшім апамыз –Наурыз мейрамы алғаш тойланып жүрген уақыттарда орталық алаңда Ұлттық мерекенің жоғары дейгейде өтуіне ерекше көңіл бөлгенін, әңгімелескен кезде мәдениет саласына жанашырлықпен қарайтыны сезіліп тұратынын әңгімеледі. Жампы Ипатқызы түрлі конкурстарға қойылым дайындағанда Зекебай Солтанбайұлы өлеңдерін арқау еткен, насихаттаушы, дәріптеуші десек те артық болмас. Соның бір дәлелі ретінде ақын Зекебай Солтанбаевтың «Баян» өлеңін мәнерлеп оқып берді.

Шығармашылық байланыста болған қарысдастарының бірегейі, Еңбек ардагері, ұлағатты ұстаз Бибігүл Макарова – Зекебай Солтанбаев 30-ға жуық әндер жазып, нотаға түсірген әуесқой сазгер екенін айта келе, Баянауыл балалар өнер мектебінің ұстазы Елена Долякпен бірге біраз әндерінің нотаға түсуіне көмек бергенін айтып өтті. Сол әндердің бірі жоғарыда аталған өнер мектебі «Вокал» сыныбының ұстазы Райхангүл Қайыржанқызының орындауында «Ажы вальсі» әні шырқалды.
Балаларға білім беру, тәрбие беру өнеге көрсету ерекшеліктерімен шәкірттерінің есінде қалған ұстазы жайында шәкірттері – Таңат Қуанұлы Ахатов – ұстаздық жолды таңдауыма себепші болған ұстазым десе, Алма Тұрсынқызы Мукушева – ұстазының жарына деген құрметін еске алып, «Жүрек үні» өлеңін оқыды. Айтжан Мұқатайқызы – ұстазының даралығын, даналығын айтып өтті. Бір баланың бойына мектеп бағдарламасын сіңіріп, өсіріп, жетілдіру үшін 10 жыл керек, демек 43 жыл деген 4 ұрпақты өсіріп тәрбиелеу. Зекебай Солтанбайұлы төрт ұрпақты тәрбиелеп өсірген.
Зекебай Солтанбайұлының шығармашылығын сүйсініп оқып, әсем әндерін әсермен тыңдайтын ҚР Еңбек сіңірген энергетигі Замов Серік ағамыз арнайы Екібастұз шаһарынан келіп жылы әңгімерлерімен бөлісті. Зекебай Солтанбаев бірнеше кітаптар жазғанын соның ішінде жеке дара айтатын кітаптары, эпопеялық поэма 5 кітабын жазуы. Бұл кітап Мәшһүр Жүсіптің стиліменен өлең қалпыменен жазылғанымен ерекшеленетінін айтып өтті.
Зекебай Солтанбаев өмірінің 43 жылын сарп еткен ауылындағы Егіндібұлақ ЖОББМ ұжымы арнайы келіп қатысты. Мектеп ұжымының орындауында «Егіндібұлақ вальсі» хормен орындалды. Болашақта аталған білім ордасына Зекебай Солтанбаевтың есімі берілсе деген ойлар да айтылды.
Аудан орталығындағы озық мектептердің бірі Ш.Айманов атындағы жалпы орта білім беретін мектеп-интернатының басшысы Салтанат Сейтжанқызы Досмағанбетова – бүгінгі еске алу кеші Баянауылдың абызына деген құрмет, биылғы жылдың мерейтой иесіне арналған іс-шаралардың бастауы болсын. Ауылындағы мектебі Зекебай Солтанбаевқа арналған жаңа бағдарламалар енгізсе, біз құптаймыз деп сөзін түйіндеді. Музей басшысы Қайыргелді Қасымтайұлы Абылгазин – әдемі естелікпен бөлісіп, бүгінгі еске алу кешіне келіп қатысқан барша қатысушыларға алғысын білдірді. Осы орайда Зекебай Солтанбаевтың қара шаңырағында отырған ұлы Айсұлтан әкесінің «Адам» атты кітабын музей қорына сыйға тартты. немерелері атасының сөзі мен әніне жазылған әндерін айтып, өлеңдерін оқыды. Әсерлі әңгімелер мен әдемі естеліктер айтылды.
Зекебай Солтанбаев ауылда отырып – ақ, қолынан қаламы түспеген, үнемі ізденісте болған ауылдан шықпай – ақ, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, оның өзі адамның шығармашылыққа бейімділігі яғни жазамын деген адам ауылда отырыпта жазады.
Бір адамдар биікке шығуды мақсат етеді,
Бір адамдар отырған жерін биіктетеді.
Ұстаздық жолдың ұлағатын жырымен де еңбегіменде, өзіндік ізденістерімен де биіктете білген ақын, сазгер, ұстаз Зекебай Солтанбайұлын ешқашан ұмытпаймыз!
Ақын, сазгердің сөзі мен әніне жазылған «Баян гүлдері», «Бауырым», «Балғабай» әндері шырқалды.
Гауһар БАЛАБАЕВА,
академик Қ.И.Сәтбаевтың Баянауыл меморалдық музейінің әдіскері.
