Қазақстанның Азаматтық альянсы «ҰСТАНЫМ» Ұлттық пікірталас клубының «Конституция: Қазақстанның тарихи таңдауының айнасы» тақырыбына арналған отырысын өткізді. Талқылау елімізде жүзеге асырылып жатқан конституциялық өзгерістер аясында өтті.
Жиынға сарапшылар қауымдастығының өкілдері, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, еліміздің 20 өңіріндегі азаматтық альянстардың көшбасшылары, сондай-ақ Қоғамдық кеңестердің төрағалары мен мүшелері қатысты. Бұл алаңның кең өңірлік және кәсіби өкілдікке ие болуын қамтамасыз етті.
Күн тәртібінде азаматтық қоғам институттарының конституциялық реформаны іске асыруға қатысуы, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру және реформаларды әзірлеу мен талқылау үдерісіне қоғамның кеңінен қатысуын арттыру мәселелері қаралды.

Отырыс қорытындысы бойынша Қазақстанның Азаматтық альянсы конституциялық реформаны қолдау жөнінде ресми мәлімдеме жасап, оның елдің саяси жүйесін одан әрі дамытудағы маңызын атап өтті. Сондай-ақ Конституциялық комиссия мүшелеріне атқарған жұмысы және азаматтық қоғам ұсыныстарына назар аударғаны үшін алғыс білдірілді. Мәлімдемеде былай делінген:
Біз, Қазақстанның Азаматтық альянсының өкілдері, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын талқылай отырып, қоғамның сұраныстарына мұқият қарап, ауқымды жұмыс атқарғаны үшін Конституциялық комиссия мүшелеріне алғысымызды білдіреміз. Күн сайын азаматтармен тікелей өзара іс-қимыл жасай отырып, біз халықтың нақты мәселелері мен үміт-тілектерін көріп отырмыз. Негізгі заңға ұсынылып отырған өзгерістер мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы ынтымақтастықтың заманауи негізін қалыптастырады, азаматтардың елді басқару ісіне қатысуын кеңейтеді және қоғамдық бақылау тетіктерін, оның ішінде Халық кеңесіне қатысты ережелерді күшейтеді.
Халық кеңесін құруды біз тұрақты қоғамдық диалогты институционалдандыруға, ашықтық қағидаттарын нығайтуға және азаматтардың мемлекеттік шешімдерді әзірлеу процесіне кеңінен қатысуына бағытталған маңызды қадам ретінде бағалаймыз. Ашық қалыптастыру және қоғамдық мүдделердің нақты өкілдігі қамтамасыз етілген жағдайда, бұл институт қоғам мен мемлекет арасындағы ұстанымдарды келісудің, сондай-ақ елдің орнықты дамуына бағытталған бастамаларды ілгерілетудің қосымша алаңына айнала алады.
Жеке деректер мен цифрлық құқықтарды қорғауды күшейту ерекше маңызға ие, бұл азаматтардың мемлекеттік сервистерге деген сенімін арттырады. Сондай-ақ адам құқықтарын қорғаудың құқықтық кепілдіктерін нығайту және халықаралық стандарттарға сай келетін «Заң және тәртіп» қағидатын бекіту маңызды қадам болып табылады. Білім беру, ғылым және адами капиталды дамытуға басымдық берілуін қолдаймыз. Бұл ағартушылықты дамытуға, әлеуметтік бастамаларды іске асыруға және жергілікті қауымдастықтардың өсуіне жаңа мүмкіндіктер ашады. Қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға және елдің табиғи мұрасын сақтауға бағытталған экологиялық өзгерістер блогы да айрықша мәнге ие. Конституция жобасы адамның мүддесін қорғауға, денсаулық сақтау мен әлеуметтік қолдау салаларындағы әлеуметтік кепілдіктерді сақтауға, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар қызметінің ашықтығын арттыруға бағытталған. Бұл қоғамның азаматтық секторға деген сенімін нығайтады. Біз ұсынылып отырған өзгерістер мемлекет пен азаматтар серіктес ретінде әрекет ететін әділетті әрі жауапты қоғамды қалыптастыруға жағдай жасайды деп сенеміз.
Қазақстанның Азаматтық альянсы реформаларды іске асыруға белсенді қатысуға және еліміздің болашағы жолында мемлекетпен бірлесе жұмыс істеуге дайын. Біз — күшті қоғам, әділетті мемлекет және Қазақстанның ортақ
болашағы үшінбіз.
