Конституциялық реформаларға деген қолдау қоғамның түрлі салаларынан байқалады. Бұл бастамаларды тек тәжірибелі мамандар мен аға буын өкілдері ғана емес, елдің болашағына бейжай қарамайтын жас ғалымдар, жас профессорлар, білім мен ғылым саласының өкілдері де оң бағалап отыр. Олар саяси жаңғыруды – құқықтық мәдениетті нығайтудың, азаматтардың жауапкершілігін арттырудың және жаңа мүмкіндіктер қалыптастырудың маңызды тетігі деп қабылдайды.
Aiqara.kz ақпараттық агенттігі осы маңызды кезең қарсаңында ел дамуына үлес қосып жүрген зиялы қауым өкілдерінің, еңбек адамдарының, қоғам белсенділері мен түрлі сала мамандарының пікірлерін ұсынып келеді. Олардың қатарында жаңа буын зерттеушілері мен жас көшбасшылардың көзқарастары да ерекше мәнге ие. Себебі бүгінгі жастардың белсенді азаматтық ұстанымы – еліміздің саяси және қоғамдық жаңғыруының маңызды көрсеткіші.
Саяси өзгерістердің нәтижесі тек қабылданған шешімдермен емес, азаматтардың оған деген қатынасымен де айқындалады. Қоғамдық сенім, белсенділік және жауапкершілік – тұрақты дамудың негізгі тіректері. Сондықтан алдағы сайлау әрбір азаматтың ел болашағына деген көзқарасын білдіретін маңызды таңдау болмақ.
Осы орайда бүгінгі шығарылымда жаңа саяси кезеңнің мәні, конституциялық өзгерістердің маңызы және алдағы сайлаудан күтілетін нәтижелер туралы Қауымдастырылған профессор, PhD докторы Ташекова Айгерім Тарбиновна өз пікірін білдіреді.
1) Биыл алғаш рет жаңа Конституция негізінде Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді. Бұл саяси науқанның тарихи маңызын қалай бағалайсыз?
– Меніңше, бұл сайлаудың тарихи маңызы ең алдымен Конституцияда айқындалған жаңа қағидаттардың іс жүзінде жүзеге аса бастауымен ерекшеленеді. Кез келген конституциялық реформа нақты институттар мен қоғамдық тетіктер арқылы өз нәтижесін көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда, алдағы сайлау еліміздің саяси жүйесінің кезең-кезеңімен жаңару үдерісінің маңызды бөлігі деп санаймын.
Жас ғалым ретінде мен үшін ең маңыздысы – қоғамдағы тұрақтылық, құқық үстемдігі және азаматтардың қоғамдық өмірге саналы қатысу мәдениетінің нығаюы. Себебі мемлекеттің орнықты дамуы заңның үстемдігіне ғана емес, азаматтардың жауапкершілігі мен белсенді ұстанымына да тікелей байланысты.
2) Алдағы сайлаудан қандай нәтиже күтесіз?
– Ең алдымен, сайлау қоғамдағы өзара сенім мен азаматтық жауапкершілікті одан әрі нығайтуға ықпал етеді деп сенемін. Кез келген сайлаудың басты құндылығы азаматтардың өз таңдауын еркін білдіруі және елдің болашағына бейжай қарамайтынын көрсетуі болып табылады. Сондай-ақ жаңа кезеңде қабылданатын шешімдердің қоғамдық сұранысқа, заң үстемдігіне және ұзақ мерзімді ұлттық мүдделерге негізделгенін көргім келеді. Әсіресе, білім, ғылым, жастар саясаты және адами капиталды дамыту бағыттары әрдайым мемлекеттік дамудың басымдықтарының бірі болып қала береді деп ойлаймын. Өйткені елдің ертеңі ең алдымен білімді, жауапты әрі бастамашыл азаматтармен айқындалатыны сөзсіз ғой.
Әңгімелескен – Айбек Оралхан.
Фотосурет tou.edu.kz порталынан алынды.
