Қазақ өнерінің алып бәйтерегі, қоғам үшін құдіреті мен құны өлшеусіз сахнаның, көгілдір экранның нағыз аңыз тұлғасы Асанәлі Әшімовтің бұйрығы бес күнге татыр осынау тірліктегі дәм-тұзы түгесіліп, дүниеден өткені туралы суық хабарды естіген сәтте, ең алдымен көз алдыма оның асқақ үні емес, сабырлы жүзі, салмақты сөзі, сахнаға деген шексіз құрметі елестеді. Бұл – өнерге ғұмырын арнаған біртуар адамның қайталанбас һәм бірегей бейнесі еді. Бұл – бір әулеттің ғана емес, күллі қазақ руханиятының қабырғасын қайыстырған ауыр қаза.

Театр мен кино өнерінің тарланы, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, сахна мен экранда сан алуан бейнелерді сомдаған Асанәлі Әшімов – бір рөлдің, бір театрдың немесе бір кезеңнің ғана емес, тұтас қазақ руханиятының символына айналған тұлға. Шыны керек, ол сахнаға шыққанда, уақыт тоқтап қалғандай әсер қалдыратын. Өйткені ол образ ойнамайтын, керісінше, кейіпкердің тағдырын өміршең шындыққа айналдыратын.

Қазақ өнерінің қырық атанға жүк боларлық салмағын қайыспай, қаймықпай арқалап-көтерген дәуір адам еді. Оның әр рөлі – ұлттық болмыстың, мінез бен тағдырдың көркем көрінісі. Ол сомдаған кейіпкерлер арқылы бірнеше ұрпақ өмірді, адамдық қасиетті, намыс пен арды таныды.

Асанәлі Әшімов театр мен киноға бар жан-тәнімен берілген, рөлге бар болмысымен енетін сирек талант иесі болды. Сахнада да, кинода да жасандылықтан ада, шынайы ойнады. Сондықтан да көрермен оны әрдайым шын көңілмен, ыстық ықыласпен, ынтық жүрекпен  қабылдады.

Көрнекті актердің фильмдердегі образдары қазақ киносының алтын қорына айналды. Әр кейіпкері – уақыттың, қоғамның, адам жанының айнасы. Ол тек ойнаған жоқ, ол өмір сүрді, көрерменмен бірге күйзелді, бірге қуанды.

Ұлы тұлға тек сахна саңлағы ғана емес, жастарға бағыт-бағдар берген, жөн мен жосықты танытқан, қолдау мен жанашырлық көрсеткен үлкен жүректі ұстаз еді. Өнер атты әлемнің  асқан жауапкершілік екенін, атақ емес, адалдық пен еңбек бірінші орында тұруы керектігін үнемі жас буынға айтудан жалықпады.

«Өнер – халыққа қызмет ету» деген ұстаным оның бүкіл ғұмырлық жолының темірқазығы болды.

Ұлы өнер иесі Павлодар өңіріне де жиі ат басын бұрып, өңірдің мәдени өмірімен етене араласты. Ертіс бойындағы өнер ордалары үшін Асанәлі Әшімовтің келуі – үлкен мереке, рухани оқиға болатын. Жергілікті көрермен Асанәлі Әшімовті тек танымал актер ретінде емес, рухани тірек, өнердің темірқазығы ретінде аса жоғары бағалап, әр келген сапарында жақыннан табылуға, есендесіп, пікірлесіп қалуға ұмтылатын-ды. Өйткені ол біздің өңірдің мәдениетіне деген құрметін нақты ісімен, ауқымды қолдауымен айқын көрсетті.

Ол Павлодар қаласында өткен театр фестивальдеріне, соның ішінде Ертіс өңірінде дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келген халықаралық және республикалық театр форумдарына құрметті қонақ, қазылар алқасының мүшесі ретінде бірнеше рет келді. Әсіресе, өңір сахналарында өткен Ертіс бойындағы халықаралық театр фестивальдері аясындағы кездесулер талай жас актердің жадында мәңгілікке сақталғаны анық.

Фестиваль сахнасында отырған Асанәлі Әшімов – тек қазылар алқасының мүшесі емес, тірі мектеп, өлмейтін өлшем еді. Оның бір ауыз пікірі кейде ұзақ жылдық тәжірибеге татитын. Ол жас актердің бір ғана қозғалысынан, бір ғана интонациясынан болашағын байқап, дәл әрі әділ баға бере білетін. «Сахна – киелі. Оған өтірік көтеріп шықсаң, көрермен кешірмейді», – деген сөзі өнер әлеміне бет алған әрбір жас әртісі үшін өмірлік қағида, шығармашылық жолдағы басты ұстанымға айналса, қане.

Асанәлі Әшімовтің ұлылығы – оның қарапайымдылығында. Ертіс-Баян атырабына ат басын бұрған сапарларында ол өзін ешқашан биік ұстамады. Керісінше, жастармен қатар отырып, олардың ойына құлақ түріп, өнерге деген алаңдаушылығын ашық айтатын. Ол үшін атақ емес, сахнаға адалдық бәрінен биік тұрғанын аңғару кез келген жан үшін қиын емес-ті.

Енді, міне, дархан даламыздың дауылпаз дарыны, көк аспанның нағыз қыраны Асанәлі Әшімов арамызда жоқ. Бірақ оның Павлодар сахнасында айтқан сөздері, фестивальдерде қалдырған тағылымы, жас актерлерге берген батасы – бәрі де өңір мәдениетінің рухани жадында сақталып, қалам ұстаған іні-бауырларының жазбаларында көрініс тауып, ғасырлар бойы жатталып қала берері даусыз.

Өнердегі биігімен қатар, Асанәлі Әшімовтің адамдық келбеті де ерекше еді. Қарапайым, сабырлы, сөзге шешен, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білетін зиялы азамат болды. Ол үшін атақ емес, ар бірінші орында тұрды.

Асанәлі Әшімов өмірден озғанымен, оның өнері өлмейді. Қазақ ұлтының бірегей Асанәлісі үшін сахна шамдары мәңгілікке сөнгенімен, оның өнері, телегей мұрасы, рухани қазынасы ешуақытта  сөнбейді. Нақтырақ айтсақ, ол – тұтас ұлттың рухани қазынасы. Ертістің Павлодар өңірінің жұртшылығы да тұтас қазақ халқымен бірге қайғырып, енді оны сағынышпен еске алатын болады.

 Ұлт өнерінің асқары – Асанәлі Әшімов мәңгі ел есінде.

Асыл ӘБІШЕВ.

Добавить комментарий