Бүгін – Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Шахановтың туған күні. Ол – әлем мойындаған ақын. Оған мына пікірлер дәлел:

Шаханов поэмасына ЮНЕСКО тарапынан ерекше назар аударылуының басты себебi қазiргi кезеңдегi Орта Азия қоғамдық-философиялық ойлау деңгейiнiң жаңа белестерге қол артқандығынан емес – осы дара ақын туындысының бүгiнгi əлемдiк поэзиядағы жаңа биiктiк ретiнде мойындалуында жəне оның өз сана-түйсiгi арқылы ХХ ғасыр тудырған келеңсiздiктерге батыл күрес ашуында жатса керек.

Ханс-Петер ДЮРР,

Нобель сыйлығының лауреаты.

 

***

Ол – жаңаша ойлау дүниесiнiң өренi. Менiң пайымдауымша, мұндай өзгеше мəн-мазмұнға ие ақын бүгiнге дейiн күллi Азия əдебиетiнде болған жоқ.

Бұған көз жеткiзгiңiз келсе, оның поэмалардан құралған «Жазагер жады космоформуласы»  (Шыңғыс ханның пенделiк құпиясы) атты алып тынысты романын оқыңыз. Нақ осындай заңғар деңгейдегi ақын ХХ ғасырмен ХХI ғасыр аралығында бой көрсетуi керек-ақ едi. Ол ақынның Мұхтар Шаханов екенi даусыз.

Шыңғыс АЙТМАТОВ.

 

***

Өзгелерге деген немқұрайлылықтан туған жеке бас тəуелсіздігі көбіне-көп өзімшілдікке ұласады, ал өзге ұлт өкілдеріне құрметсіздіктен туған жеке ұлттық тəуелсіздік мəдениетсіздіктің ең қауіпті қалпына айналып, адамзат атаулыға қатер төндіреді. Олар сөзсіз топастанып, тұйықталып, өз майына өзі шыжғырылған бойда азғындауға бет алады. Əсіре ұлтшылдық  –  кез келген ұлтты азып-құлдырауға бастайтын жол. Ал Мұхтар, сен үшін мен бақыттымын, себебі, сен кең құшақты дарқан тұлғасың. Сен Қазақстанға да, Ресейге де, жəне бүкіл адамзатқа да бірдей ұлтжандылық ете аласың! Сен – қара қылды қақ жарған əділетті адамсың жəне болашақтың қазағысың!

Евгений ЕВТУШЕНКО.

 

***

Қалай десеңдер, олай деңдер, Мұхтар Шаханов – ұлт мүддесiн қорғаушылардың ең алдыңғы сапында келе жатқан қайсар, тұлғалы биік ақын. Кешегi Желтоқсан көтерiлiсi кезеңiнде, ел ерге, ер жерге қараған сын сағаттарда сонау Мəскеудегi қылышынан қан тамған тоталитарлық жүйенiң алпауыттарына басын бəйгеге тiге отырып қарсы шыққан, сөйтiп, ұлтымызды үлкен əдiлетсiздiктен қорғап қалған осы жiгiт едi ғой. Арал қасiретiне күллі əлемнің назарын бұрған да – Шаханов. Ұлтымыздың iрiлi-ұсақты проблемаларының маңында ылғи да осы ақын келе жатқан жоқ па?! Тiптi, қа-зiргi өздерiң тойлап жүрген Наурыз мерекесiн де Колбинмен жағаласып жүрiп осы бала тiрiлтпеп пе едi? Елдік мазмұндағы ерен істері үшін бұл дара азаматқа дұрыстап алғыс та айтпаппыз-ау. Алғыс түгілі, оның əлем, ЮНЕСКО мойындаған шығармалары төңірегінде өз ішіміздегі кейбіреулер жалдамалы жазғыштар арқылы əртүрлі дау-дамай ұйымдастырып, кедергі жасаумен келеді… Ендi тiл мəселесi ауқымында «ертең ұлт боп қаламыз ба, қалмаймыз ба?» деген зарлы күдiк алдымызды ораған сəтте тағы да Шаханов орнынан көтерiлдi. Бұл iсте де бiз оны қолдамасақ, ұтылатынымыз айқын. Өйткенi, оның түйсiгi – таза ақындық пайым-парасатпен  ұлттық санаға терең тамыр жiберген, жалғандыққа жаны қас шыншыл түйсiк.

Қасым ҚАЙСЕНОВ.

***

Мұхтар Шаханов – өзiнiң адасқақ дүлей дəуiрiнiң белсендi ар-ұжданы. Оны билiк тұғырындағылар бағалай қояр ма екен? Бiрақ мен осындай азаматтың өзiме жақын дос екенiн мақтан етемiн.

Расул ҒАМЗАТОВ.

 

***

М.Шахановтың Евразия кеңістігінде үлкен тербеліс тудырған «Жазагер жады космоформуласы» атты поэмасын урду тіліне ерекше ықыласпен аударып, Пəкістанда жарық көрсеттім. М.Шахановтың бұл жаңа туындысы əлемдік заманауи поэзияға  қосылған зор үлес екені даусыз.

Саид АХМАД,

Пəкістан ақыны.

 

***

Əлемдік парасат биігіне Орта Азия ежелден өзінің ұлы ойшылдары мен ақындары арқылы көтеріліп отырған. Заманауи поэзияда М.Шаханов – сол бабалар рухының ғасырлар аралатып жарқ еткен бірегей жұлдызы. Əлемнің екінші Аристотелі атанған, Отырардан шыққан философ Əбу Наср əл-Фарабидей ұлы бабасы секілді М.Шаханов қазіргі өркениеттің жайын əрі соншама батыл, əрі соншама ауқымды парасат биігінде талқылайды. Мен фин оқырмандарына ұсынғалы отырған «Жазагер жады космоформуласы» атты бұл – берік, кең тынысты поэтикалық роман бүгінгі таңның барлық үрейіне орнықты да қажетті жауаптар бере білген. Заманымыздың осы көреген ақынын оқыған шақта өз басым ерекше толғанысқа түстім.

Юкка МАЛЛИНЕН,

жазушы, Фин ПЕН – клубының басқарма мүшесі.

 

***

Мұхтар Шахановтың «Өркениеттің адасуы» атты туындысы – құрылымы бойынша да, мағынасы жағынан да таңғажайып шығарма. Ал «Жазагер жады космоформуласы» атты шығармасында автор тағы да алуан кезең, алуан елдер мен мекендерді қатар шарлап, барлығының негізін адамгершіліктің жалпы түйініне əкеп тірейді. Яғни, адами парасатты күл-талқан ететін нарық заманы тудырған күйбең өзімшілдік пен жалпы дарақы мəдениеттің көзсіз шабуылына қарамай рухани құндылықтар қашанда үстемдік етуі тиіс. Мынаны айтудан тайсалмаймын: осы күрделі философиялық мəселелерді түйсініп, түйіндеуде М.Шаханов қазіргі заман ақындарының бірде бірі жете алмаған шырқау биікте тұр.

Анар,

Əзербайжан Республикасының халық жазушысы.

 

«Ғашықтық ғаламаты» өлеңдер, балладалар, поэмалар жинағынан (Алматы: «Өнер», 2012) алынды.

Добавить комментарий