Шілде
Шыжыған шілде-ай, көлеңкеге кел,
Желпиін көңіл желімен.
Жол қарап бізге сонау төбе, бел,
Сағымға батып еріген.
Аязды қыс боп жолықты күндер,
Сағыныш сонда құтқарған.
Алыста қалған көрікті күндер,
Көйлегін киіп шықты алдан.
Деміңде сенің өсіп едім мен,
Қарсы алды сен боп шаттығым.
Жалаңаяқ аптап кешіп едім мен,
Құмыңа сіңіп кетті мұң.
Ей, шілде,
Ыстық самалыңды іштім,
Жамылайын аптап-торғынды.
…жалғандық атты жабағы-қыстың,
Долы күлкісі тоңдырды.
Оңайгүл ТҰРЖАН.
Шілдедегі сезім жайлы…
Шілдедегі сезім жайлы
Танымайтын өзің жайлы
Не деймін?!
Айтылмайтын бір сыр еді,
Сені ойлап жел күрсінеді
Демеймін.
Сені ойлап күн тұнжырады,
Ай дидары бұлдырады –
Кім едің?
Сезімі жоқ өлеңді арнап,
Сағынышсыз сәлем жолдап,
Жүр едім.
Үнсіздігің мазамды алды,
Ойымды түн тез аңғарды
Күрсінді.
Таңда Шолпан таң қалғандай
Алыс тұрып аңғарғандай
Бір сырды…
Жанат ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ.