Жас қаламгер Марғұлан Жанбау Аққулы ауданы, Аққулы ауылының жалпы орта білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі болып жұмыс істейді. Ол айтыскерлік қырымен және жазба поэзиясымен көпшілікке танылып үлгерді. Сонымен бірге, детектив жанырында да өз соқпағын салуға талаптанып келеді. Бұған дейін бірнеше шығармасы әдеби сайттарда жарияланған болатын. Сайт оқырмандарына «Редакция» әңгімесін ұсынамыз.
Редакция (детектив)
Университет қабырғасындағы төртжылдық оқуын аяқтаған жас студенттің ойы сан-сақта. Дәріс беріп жүрген профессор апайларының бірі бауыр басып қалған, бірақ өзіне жат қалада жұмыс ұсынып, ұстаздық жолдың орнына лауазымды депутаттың жанында көмекші болғанын қалап еді. Студентінің ой ұшқырлығы мен бойындағы дарынын басқа салаға емес, дәл осы мемлекеттік қызметкердің жанында жүріп, біраз жетістікке жеткенін қалап еді. Әлбетте, ұядан ұшқан балапанға желкесінен жетелеп жүріп, қолдау берген адам қалай жаман болсын?! Тасқын қара пиджагының қалтасынан темекісін алып, тұтатты да, шылымның жеңіл түтініне ұзақ қарап ойланды.
– Ех, шіркін, менің де өмірім темекіні тұтатқандай оңай болса ғой…
Екінші курс оқып жүргендегі жас баланың қызық көріп бастаған ермегі есіне түсіп кетіп, күліп жіберді. Жанындағы жолдас балалардың ең алғаш түтінді қақала жұтып, сабағынан үзілгелі тұрған қызанақтай, екі беті қызарып жарылардай жөтелгені – бұл үшін жылы естеліктердің бірі еді.
– Алло?
– Қалың қалай, балам?
– Жақсы, ептеп…
– Не істейтін болдың?.. Дипломың құтты болсын. Ауылға қайтарсың, анаң екеуміз күтіп отырмыз, жағдайды білетін шығарсың…
– Жақсы, әке. Бұйырса, жақында жолға шығамын.
Телефонын өшірген күйі, темекі түтінін ішіне ұзақ тартып, бір күрсініп сыртқа үрледі.
– Бұны да тастайтын уақыт келді-ау…
***
Ауылға келген Тасқынды жерлестері Гарвард бітіріп келгендей күтіп алды. Өзі іштей ұялып жүр. Тамыз айында мектепке мұғалім болып тұрмақшы. Құжаттарын қайта-қайта тексеріп, дайындалып жүр. Әйтеуір, аудан орталығындағы мектептен орын тапты. Мұғалімдік қызметті алғашында қызық көріп, оқушылармен тіл табысып кетті. Студенттік шақта көрген оқиғаларды айтып, балалардың сабақ оқуға деген ынтасын, әдемі әңгімелермен тудырып алған-ды…
Тасқынның тұрақты жайы өз ауылында болған соң, аудан орталығында алыстан туыс болып келетін Қуатбек ағасының үйінің бір бөлмесін жалдауға тура келді. Қысылатын Тасқын жоқ. Өз үйіндей жылулық көріп, бірден үй ішіндегі жайлылыққа еті үйреніп алды. Алғашында көңілі орнына түспей жүретін. Ауру қалса да, әдет қалмайды деп, түннің бір уағында, бәрі ұйықтап жатқан шақта, күртешесін іліп алып, ағаш қораның артына барып, темекісін тұтатып, бір рахатын көретін. Бұл қылығын іштей ақтап алып:
– Е-е, біз пендеміз ғой. Пендеге Құдайдың тыйым салған амалдары әрқашан тартымды болып көрінеді. Адам ата мен Хауа анаға жұмақ бағындағы алма ағашының жемісі қандай сабақ көрсетті? Бірақ, менің темекім ондай үлкен қауіп келтірмейтін шығар, – деді де, мырс етті. Темекінің шоғын басып, бес минуттай далада жүріп, үйге бірақ кіретін.
Оқиғаны Қуатбек ағасының көзімен қарайық. Қуатбек – зейнетке шыққан полиция қызметкері. Кезінде облыс көлемінде үлкен қылмыстың бетін ашқаны үшін Құрмет грамотасымен марапатталып, сый-сияпат көрген кісі. Қызметіне адал, кірпияз адам. Байқағыштығы мен сезгіштігімен жарыстыратын адам таппайсың. Күндердің бір күнінде үйіне келген жас баланы сырттай зерттеп шыққан зейнеткерге жігіттің артық қылығы көрінбейтін. Әке-шешесі жақсы адамдар. Алма өз ағашынан әрі түспейді ғой, балалары неге жаман болсын… Алғашқы таныстығы жақсы өткенмен, үйде жатып зеріккен адамға жас жігіттің қылықтары оған үлкен ермек болатын. Ұйықтағанда сақ жататын бұрынғы полиция қызметкерінен ешнәрсені жасырып қала алмайсың. Түннің бір уағында телефонының жарықшамымен үйден ұрланып шығатын баланы барлауға көшті. Өзінен тіке сұрамайды. Тек аңдиды. Дәлел іздейді. Күртешесінен шыққан иіс, бәтеңкесінің табанындағы күл іздері, үйде жүрген уақыттағы жөтелдің бәрі ойында жүрген күдіктің анық екенін дәлелдейтін. Қыс уақытында тіпті қиын. Аяз күртешесінің үстіндегі иісті жойып жіберетін, ал етігіне жабысқан ұлпа қар, су боп еріп, барлық дәлел-дәйектерінің күл-паршасын шығаратын еді. Қылмыс орынын бақылап, далада бірдеңелерді шұқылап жүріп, адам ізі жатқан жердің барлығын тексеріп шығатын. Бұның барлығы – зейнеткердің бос уақытын өлтіруге арналған ермек еді…
Тасқын мұғалімдік қызметтің тіптен оңай емес, ауыр жұмыс екенін, жыл сайын келетін тексеріс комиссиясы кезінде байқайтын. Қыруар қағаз көз алдында Эвересттің аппақ шыңы құсап, үйіле бергенде көзі компьютердің ультра күлгін сәулесінен шаршап, жымың-жымың қағып, басын бір қасып қоятын. Үйге қайтып бара жатып, қалың ойға түсетін. Шынымен, қамсыз жүрген күндер кімге ұнамасын, қанша есейіп, көріп-түйген шытырман оқиғаларың кітап жазарлықтай көп болғанмен, ересектік өмірдің өз заңы мен тәртібін осылай жылдам ұғынғандығы көңіліне кірбің ұялататын. Жастық шақтан қатал өмірдің шекарасын қай кезде, қашан өтіп үлгергенін ойлауға уақыт та болмапты…
Санасында сан күдік ұяласа да, үйдің үлкені қалтасын күн көрістің қазығына айналдырды. Мектептегі жұмыстан тыс уақытта аудандық газет редакциясында тілші болып жұмысқа тұрғанына екі айдан асты. Газет бетіне студенттік шағында жазбаларын шығарып, жұмыс ләззатын алуға болатынын байқады. Тасқынның өмірі осылай бірқалыпты, еш өзгеріссіз жалғасып жатты. Күндердің бір күні тағы бір қамсыз шағында өмірін түбегейлі өзгерткен бір жайт орын алды. Таңғы 5-тер шамасында терезені қаққан дыбыстан үйдегі Қуатбек ағасы оянып, есік ашты. Есік алдындағы қонақ құлаққа естілер-естілмес хабарламаны айтып, қуыс бөлмеде жатқан Тасқынды түрткілеп, жанында тұрып алды.
– Аға лейтенант, Арынов, Тасқын Саламатұлы сіз бе?
Көзін ашар-ашпас, ұйқы сұраған баладай, орнында жатып: «Иә, мен. Не керек еді?», – деді.
– Сізді бөлімшеге алып кетуім керек. Редакциядағы әріптесіңіз адам өлтіру қылмысымен ұсталды. Показание беруіңіз керек.
– Кім? Не істеп қойыпты?
– Бөлімшеде бәрін түсіндіремін, тездетсеңіз жақсы болар еді.
Кинодан көретін бөлімшелердің бірінде, тергеушінің алдында отырғанына әлі де сене алмай жан-жаққа жылтыңдап қарауын тоқтатпады. Аса сақтықпен орындығын алға жылжытып, ыңғайланып алды.
– Тасқы-ы-ын. Дұрыс па?
– Иә.
– Сіздің әріптесіңіз Қали Темірович, адам өлтіру фактісімен уақытша ұстау изоляторында отыр. Бүгін түнгі 2-лер шамасында Қали жолдастарының бірін пышақпен бауыздап, ешкімге білдіртпей көміп кеткен. Ешқандай күдік жоқ. Қылмыс жасалған қаруды тәркіледік. Медэкспертизаның жауабы бірер сағаттан соң шығады.
Тасқын жаңалықты шытырман оқиғаның басты кейіпкері сияқты аң-таң тыңдап отыр. Жанында жүріп, біраз шаруа атқарған жап-жақсы жігіттің бұндай әрекет жасағаны ойландырып жіберді. Адамгершілікке салып, кімнің басынан өтпейді десе де болмай, қорыта алмай жатыр.
– Бірге қанша уақыт жұмыс жасадыңыз? Жұмыс барысында біреумен кикілжіңі, ұрыс-керіс, төбелес сияқты әңгімелер айтатын ба еді? Психикалық тұрғыдан қандай баға берер едіңіз?
Тасқынның ойы екіге бөлінді. Оның жауабы Қалиды дарға асатын салмақты дәлел сияқты көрінді. Сәл жинақталып, тергеушінің алдында тұрған шылымға назарын аударып сөйледі: «Жігіттердің бәрі дерлік қиялында болсын, өмірде болсын біреуді жазалағаны, біреуді жеңгені, бір мәселені жұдырықпен шешкені туралы айтады емес пе? Қалидың да сондай әңгімелері болды, мен де бірдеңелерді айттым. Бірақ, дәл осындай шаруа тындырғаны немесе тындыратыны жайлы мүлдем естімедім. Жөні-түзу жігіт қой. Қариялардың ай сайынғы су, жарық төлемдерін төлеп беріп, алғысын алып жүрген қарапайым бала еді. Психология жағынан ештеңе айта алмаймын. Мен маман емеспін. Тіпті, жұмыс істеп жүріп, ондай бәлелермен басыңды ауыртпайсың да ғой. Со-о-ол…»
– Қалтасында бәкі немесе үшкір заттар ұстайтын ба еді?
– Ондайы болған жоқ. Көрмедім де.
– Жақсы. Барлығы осы. Үйге жүре берсеңіз рұқсат, тек сырттағы құжаттарға қол қойып кетсеңіз…
Тасқын орнынан ыңғайсыздау тұрып, сыртқа шығуға асықты. Бөлімшенің алдына шығып, қалтасынан темекіні алып аузына салды. Полиция қызмет көлігінің жыпылдаған көк-қызыл жарығы көзіне қайта-қайта түсіп, тасалау жерге барып тұрды. «Не болды екен?».
Үйге жеткен соң, ұйықтамай бірден мектепке барды. Сабағын іле-шала бітіріп, үйге асықты. Бар ойы – редакцияда. Көп ойланбай, ішінде өртенген сұрақтың жауабын іздеуге кірісті. Редакцияға келіп, Қали отырған компьютерді ақтарды. Мардымды дүние таппаған соң, басы қатып, дел-дал болды. «Қали басқа не істейтін еді?».
Екі күндей детективтік жоспарлары іске аспай, өз-өзіне көңілі толмай, не жұмысы өнбей, не ұйқысы қанбай әйтеуір күндерді өткізіп жүрді.
Бір күні бас редактор шақырып алды. «Тасқын, жағдайды естіген шығарсың? Уақытша демалыс ал. Тек қайтарда мына газеттерді қоймаға апарып қоя салшы», – деді егде тартқан басшы.
Тасқын газетті біртіндеп көтеріп, аузы құлыптаулы қойманы ашып, құпия бөлменің ішін қызықтап жүр. Темір сөрелерде тізіліп, өңі кеткен ескі газеттерді ақтарып, мақалаларды оқып жүр. Осыған дейінгі уайымы сейілгендей, миы демалып, өз орнын тапқандай біраз уақыт қоймада бөгелді. Әлден уақытта, арттан бір тысыр естілді. Бір ғана терезеден кіретін күн сәулесімен жартылай жарық қойманың іші бір сәтке қорқынышты болғандай. Аса бір сақтықпен орнынан жылжып, газеттерді қалай болса солай қоя салып, үнсіз сіресіп қалды. Шыққан тысырдың иесі тышқан ба әлде бөгде біреу ме? Әлгі тысыр бір мезетте үлкен дабырға айналды. Тасқын бірден түсінді. «Тышқан емес». Анықтап қараған адамға қойманың қараңғы түкпірінде сөрелермен қапсырып жапқан ескі ағаш есік көрінеді. Қорқынышты дыбыстың шыққан жері де сол. Аяғын абайлап басып, бақайларының ұшымен ғана жақындап, есікке құлағын тосты. Жүрегінің дүрсілі әлгі дыбысты естуге бөгет жасап, демі жиілеп, мұрнының үсті шым-шым терге толды. Дыбыс қайта шыққан жоқ. Тасқын дереу қоймадан шығып, есігін қайта кілттеп, далаға жүгірді. Бас редактор үйіне қайтып кеткен екен. Редакцияда жалғыз өзі. Біраз демін басты да, ақылға салып, редакция ғимаратының артынан айналып қоймадағы тұрған есіктің орнын іздей бастады. Қоқысқа толған ауланың артынан аяңдап келіп, құлағын қайта тосты. Ештеңе жоқ. Ендігі қорқынышын басып, жерден таяққа ұқсатып алған шыбықты батылдығының бар екенін дәлелдегендей, алдына нұсқап әлгі есікті ашты. Ғажап! Есіктің арғы жағы қойма. Бірақ бұл дыбыс қабырғадан шыққандай болғандай еді. Қалай болғаны? Есікті қайта жауып, кете бергені сол еді, астынан сусып өткен тышқан, Тасқынды есінен тандыра жаздады. Тышқанды жеті атасына дейін боқтап, біраз есіне келе алмай тұрды. Кеш қарайған уақытта тағы бір артық дыбыс естісе сол жерде жан тапсырардай Тасқын жан-жағына алақтап қарауын қоймады. Енді бұрыла беріп еді, гүрс еткен дыбыс оны тентіретіп жіберді. Бірден есікті қайта ашып: «Кім бар? Шық бері. Не істеп жүрсің бұл жерде? Бол, тез!», – деп дауыстады. Қорқыныштан туған айқайдың қалай шыққанын түсініп үлгергенше, көзі есіктің тоспасындағы қуысты байқады. Жарықшамын қосып, құйрықтыларды езіп өлтіруге дайын Тасқын батылдықпен бейтаныс қуысқа қолын созды. Кірпіштері бос, әлдебіреу құпия бөлме жасағандай қалап қойыпты. Бірер уақыттан соң, Тасқынның дыбыс шығармақ түгіл, орнынан бұрылатындай шамасы болған жоқ. Жүгіруге, жоқ, тіпті жүруге батылдық тапсайшы!
Бірер күннен соң, бөлімшедегі сол баяғы тергеушінің алдында отырған Тасқын мен осыған дейінгі кейпі мүлде бөлек еді. Шексіздікке көз сүзген жігіттің қал-жағдайы дұрыс емес екендігін көру қиын емес-ті. Тергеуші өз темекісін ұсынып, әңгімеге тартты:
– Сонымен, Тасқын. Әрі қарай не болды? Қуыстан не көрдің? Маған шынымен қызық, себебі мен сол күні қалада жүр едім, қылмыс орынын көруге мүмкіндік болмады, әрі басқа біреулердің аузынан естігенім қаншалықты шындық екенін білгім келіп барады. Не көрдің?
Шылымды ұзақ сорып, түтінді аузынан шығарғысы келмей, ұзақ ұстап барып, демін шығарды.
– Қалидың соты қашан?
– Оның саған не керегі бар?
– Мен қатыса аламын ба?
– Білмеймін.
– Қа-ап…
– Не істейін деп едің?
– Сұрайын дегем? «Не үшін сөйттің?» деп…
– Тасқын, не көрдің деймін?
***
Тасқын еденді сырқырата орындығын кері жылжытып, орнынан асықпай тұрып кете барды. Сол күні қуыс бөлменің ішінде шүберекке матанған қан жоса үш дененің бірінің үстіне бірі құлап жатқанын көрген-ді. Мәйіттің тұрғанына біршама уақыт өтіп кеткен екен, қоймадан шыққан тысырдың да қайнар көзі осылар екен. Марқұмдар, үй-күйсіз жүрген, шаруа қожалықтарында жұмыс істеген қарапайым жалшылар болса керек. Мәйіттің қалдықтарымен азықтанып жүрген егеуқұйрықтар, қатар-қатар тұрған денелердің орнынан қозғалуына себеп болған. Тасқынның ойынан шықпай жүрген жалғыз қорқынышты көрініс – көзсіз мәйіттердің жүздері еді…
Марғұлан ЖАНБАУ.
(Суреттер ашық ғаламтор желісінен алынды)