Жастық шағын өнер мен білімге арнап, шығармашылық ізденіспен жүрген жастардың бірі – Әміржан Нұрлы. Ол – Торайғыров университетінің студенті, жас ақын, дәстүрлі әнші әрі өнерпаз. Университеттегі қоғамдық-мәдени шараларға белсене қатысып қана қоймай, өңірлік мәдени іс-шараларда да өнер көрсетіп, қатарластары арасында танылып келеді.

Нұрлының шығармашылық ізденісінің өзегінде ұлттық өнерге деген сүйіспеншілік жатыр. Ол домбырамен дәстүрлі әндерді нақышына келтіре орындап, қазақтың әншілік дәстүрін студент жастар арасында насихаттап жүр. Оның репертуарында Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде», Үкілі Ыбырайдың «Қызыл асық» сияқты елге кеңінен танымал әндері бар. Әншілікпен қатар, өлең жазуға да ден қойған жас ақынның шығармашылық ізденісі мен қарымы байқалады.
Университеттің қоғамдық-мәдени өміріне белсене араласатын Әміржан түрлі шығармашылық кештер мен мәдени шараларға тұрақты қатысады. Белгілі ақын, журналист Мақпал Мысаға арналған кездесу кешінде арнау өлеңін оқып, көрермен ықыласына бөленді. Осындай шығармашылық орта жас ақынның поэзиядағы ізденісін тереңдетіп қана қоймай, сахнада өзін еркін ұстауына, орындаушылық шеберлігін шыңдауына да ықпал етіп келеді.
Жас өнерпаздың ізденісі ән мен поэзиямен ғана шектелмейді. Ол Торайғыров университеті жанындағы «Мұрагер» студенттік театрының құрамында өнер көрсетіп, актерлік қырын да танытып жүр. Ән, поэзия және театр өнерін қатар алып жүруі оның шығармашылық мүмкіндігінің кеңдігін, өнердің әр саласына қызығушылығын аңғартады.
Өнермен қатар ғылымға да ден қойған Нұрлының ізденіс аясы кең. Торайғыров университетінің оқытушысы Р. О. Жұманбаеваның жетекшілігімен қазақ тіл білімі мен әдебиеттанудың өзекті мәселелеріне арналған ғылыми-тәжірибелік конференцияларға қатысып, зерттеу жұмыстарына араласып келеді. Бұл – оның шығармашылықпен бірге ғылыми ізденіске де мән беретінін көрсетеді.
Әміржан Нұрлының ақындық, әншілік және актерлік қабілеттерінің тоғысуы оның шығармашылық болмысының жан-жақтылығын танытады. Ұлттық өнерді дәріптеп, білім мен ғылымға қатар ұмтылған жас дарынның ізденісі – өнер мен білімді қатар алып келе жатқан бүгінгі студент жастың жарқын үлгісі. Оның шығармашылық жолы алдағы уақытта да жалғасып, ұлттық өнердің насихатына өзіндік үлесін қосады деп сенеміз.
***
Бір сезімге жауап іздеп тулаған,
Баянсыз бір махаббат бар тумаған.
Көктем келіп жайқалады бір талай,
Ал мен сол бір қоңыр күзде қурағам.
Саған бәлкім, байқалмады ұшқыным,
Сол ұшқынды бере алмасам кеш, күнім.
Ғашық болып қала берем өзіңе,
Жолықтырып қалған кезде кешқұрым.
Сені көрсем, ұмытамын уайымды,
Сен едің шын түсінетін жайымды.
Жаным жүдеп, оңаша да қалғанда,
Аңсап жүрем сенің қоңыр шайыңды.
Дәл осылай сағынудың мәні не?
Сырын таппай, зырғып келем әлі де.
Бәлкім, бізді сағындырған әні ме?
Сахынаны айналдырған сәніне.
Жан емеспін құр сезіммен жаулаған,
Себепші өзің дидарымды баураған.
Сен бар кезде шоқтай едім лаулағанғ
Ал бүгінде күрең күзбін…жаураған.
Бәрі қымбат, ал сезімнің – аз құны,
Осы дерсің ғашық жанның азғыны.
Қанша сүйіп қосылсаң да жек көріп,
Шын сүйгеннің бітпейді екен мазмұны.
Ақпанға
Айдын жүзі,
Күздің сызы,
Бәрі, бәрі – тоңғақ мұң.
Атар таңның
Аппақ лебін
Көз жасыммен құрғаттым.
Жан жүрегім
Самал соғып тұрған кезде
Кенеттен,
Ақ парақтан аппақ қардай
Ақпан келді – қымбаттым!
Сағыныш бар,
Жалыныш бар,
Тыныс тартқан бұл айға.
Қанық болған
Жазық-далаң толы емес пе шырайға.
Тұман торлап бара жатыр
Барады әне…мұнарды.
Мен көрмеген биік аспан бүгін тағы құлай ма?
Сен – сұлусың,
Сен – жылусың
Жаны жүдеп тоңғанға.
Үсік шалса,
үзік сөзім, бекер-босқа толғанба.
Ақпаным-ай
Ақ таңымсың оятатын сәнімен.
Сенен сұлу айдың жүзі бұрын соңды
БОЛҒАН БА?
Дүние – жалған
Өтеді де кетеді екен аңдаусыз,
Дәл осындай қалыппенен әркімдерде қалды-ау сыз.
Күрең күзде,
Кілең мұзда,
Жатыр мұңмен алысып,
Шолақ өмір – біреуге бақ, біреуге оқ – тұрлаусыз.
Кім түсінсін
Кім күрсінсін, білмесе өмір астарын,
Ашылғанда алып қақпа – көктен жерге қақпаным.
Мен кетермін,
Сен келерсің осы күні жан бітіп,
Қадіріңді білмей кетсем,
Кешір мені АҚПАНЫМ…
***
Ауыл тыныш…
Бауыр тыныш…
Бір түнде,
Тыныштықта өмір сүру мүмкін бе?
«Әй, қарағым, қал жақсы ма, барсың ба?»
Деп сұрайтын әжем де жоқ бұл күнде.
Аспан жердің жоғалтқандай көрігін,
Шаңырағы шайқалыпты-ау көбінің.
Жылы жерге жас тамады, қарасам,
Жағасына шайып толқын көбігін.
Жаңбыр асты көлеңкем де, су денем,
Мұң шалқыса, мың шалқиды бұ неден?
Балалықтың таусылып тағаты
Көкке ұшып, жоқ боп кетті-ау буменен…
***
Сүйемін суретіңді,
Көрсетпей көпшілікке.
Себебі жыр егілді ,
Сөнбейтін от жүрекке.
Жаныма жылу берсең
Жайнайды ғаламшарым.
Жазады біздер жайлы
Өлеңді қалам шағын.
Суытпай арамызды
Сезіммен тергеп ойна.
Қақ бөліп қара мұзды
Сағынсаң мен деп ойла!
Көңілге шуақ өрген.
Жүзіңнің бардай мәні.
Кетпесін мен келгенше,
Сезімнің балдай дәмі.
Ай менен күн секілді
Қашықтың мың арада.
Тұтылар бір күндері
Тоғысып бір арнаға.
Сен мені ұмытпашы,
Ойлашы баяу ғана.
Шыдай түс, шыда тағы,
Ең соңғы аялдама.
***
Сөнбейтін сезім сәулені
Үдетіп алдым, қарағым.
Қабағым кетіп мұнарлап,
Бүркеді түгел қара мұң.
Ғашықтың тілі – тілсіз тіл,
Болғаны бұлай, құрысын.
Соғамын деген жүректің
Тежеді солай жұмысын.
Бола ма мұндай махаббат,
Бола ма мұнда қайғыру?
Борышы әрбір ғашықтың –
Болмысын жарық ай қылу.
Аз ғана уақыт ішінде
Жанымды нұрға толтырдың.
Сөзіңді үнсіз түсініп,
Көңілді қара тор қылдым.
Жалықтың екен неліктен
Жылуды жағып тұрудан?
Жалықтым екен мен неге
Жылудан емес – сұлудан.
***
Ей, ғашықтық,
Біздерді шын ғашық қып,
Салдың неге араға мың қашықтық?
Сеніменен сезіммен сыр ұқтырып,
Сеніменен сеніммен шыңға шықтық.
Шын ғашықтық.
Махаббатқа бағымды байландырып,
Қойдың неге басыма байлам құрып?
Біліп тұрмын әуелден айлаңды ұғып,
Айлаңды көп салмашы айналдырып.
Ашып құлпын жүректің, ғашық қылма,
Ғашық қылып, тағы да қашып тұрма.
Жалғыз арша жаралы жар басында,
Құйын айдап, құлауға асықтырма.
Махаббат жоқ өлеңге бұрынғыдай,
Жоқ сезімге көп жерде ұрындым-ай.
Жобалаған өлеңнің жолыменен
Жоламаудың жолына бұрылдым-ай.
Сүйікті етші
Шашылып күннің шапағы
Жауһардай жаушы жаныма
Үлдемен бүрке сезімді,
Бүлдеге орап жамыла.
Ұрлатып нұрлы күлкіңді
Жүрекке салма өкпені
Есіңді алса, ескі мұң
Есіңе салшы, тек мені.
Құшағы ашық ғаламға
Болушы едің анамдай.
Жабылған сәтте қабағың
Жаныңа жүрмін бара алмай.
Шағылып көзге сәулелер
Шағала қаптап жағаны.
Толқынға қарап ойланам,
Толғанып жансыз жараны.
Суретін сүйіп айна да
Жалықты дейсің сүйіп кім?
Айнадан көрген әлемді
Сүйікті етші, сүйіктім…
Мақпал Мысаға
Жылы өлең жетелеп жылғаларға,
Жылы тиіп, жүректе ырғалар ма.
Мақпал өлең ішінен ақтарылсам,
Жүрегіме кірпіштен жыр қалар ма.
Еркелетіп өлеңмен көсілейін,
Қыр гүлімді өшірмей, өсірейін.
Еркелете беремін мәңгі бірақ,
Ерке Ертістің кетпесе көші кейін.
Әппақ дүние, арылтқан тас түнекті,
Өлеңдері – толқыған тасқын епті.
Жібек, шіркін, әр жолы, әрі майда,
Жібітеді қатайған тас жүректі.
Жүрген әрбір қалдырған ізі мекен,
Фариза мен Майраның көзі ме екен?
Үш жүзге аты мәлім бұл күндері
Ақан сүйген Мақпалдың өзі ме екен?
Ақындардың қашанды жауы ішінде,
Сезінеді бұралған тал күшін де.
Сәкен тірі демесең, сәлемімді
Тау қызына салайын «Тау ішінде».
***
Ауылға барам, ауылға барам асыға
Таулардан биік, асудан төмен асыра.
Бала кезімде бойыма өнер дарытқан,
Атамның барам топырақ сүйген басына.
Ауылға барам, ауылға барам сағына,
Оралып қайта бал дәурен өткен шағыма.
Көтерген көкке көрсеткен күннің сәулесін
Өз жұртым емес, нағашы жұрттың жағына.
Ауылға барам, сағынып сазын ауылдың,
Қабыл ал сәлем төсіңде өскен тау ұлдың.
Ауылға барам, ауылға барам деп жүріп,
Қарашы тағы өлеңмен кенет ауырдым.
Құдай-ау, міне тапсырдым бітті сессиям
Дайын ба апа-ау балаңа берер пенсияң.
Затымды қамдап, қарт Ертіс бойлап барамын
Еліме қайту ендігі менің миссиям.
Ауылға барам, көңілім шіркін осындай,
Баратын жолым болып та кеткен досымдай.
Ауылда жұртым отыр ма күтіп, кім білсін,
Өрісте өскен сағына күтіп қозыңды-ай.
Фотосурет tou.edu.kz сайтынан алынды.
