Сапарғали Шұғыла
Абай атам алаштың – Кемеңгері
Абайды Шығыс өлкем туған орда,
Мен үшін орның ерек бұл ғаламда
Теңіздік тереңіндей кемел ойлы
Абайдай ойшыл , дана тұлға бар ма
Әр сөзі алтыннан да құны басым
Оқыған сайын оған құнығасың
Апырмай ,жүрегіңе жүктеп алып
Сырласасың , тұщынып тынығасың
Абай атам Алаштың кемеңгері
Өсиетке өрілген өлеңдері
Дертке дауа іспетті рухани
Кеселіңді кетірген денеңдегі
Қара сөздің киесін арқалаған
Тұла бойдан туралық тарқамаған
Ақын атам мұрасы алтын сарай
Шеберлік бар тасында әр қалаған
1-орын
Сәмет Салих
Даналық даңғылы
Абайша ойлану , Абайша толғану
Мың сұрақ мазалап ,өзіңді қолға алу
Қамын жеп қазақтың , қамығу , қорлану
Қолымнан келер ме жан қиып – сор бағу
Ілімге ұмсынып , ғылымға құлшынып
Ұлты үшін ұялып, жұрты үшін қымсынып
Ел үшін егіліп , езіліп , емініп
Абайша құдайға жасасам құлшылық
Кешегі тобырың, баспай тұр солығын
Таппады орынын, жасауда жорығын
Өсек пен өтірік, мақтану көпіріп
Абайша бетіне айтады оны кім?
Ғайбаттау , жайдақ дау,ас беру -бай мақтау
Бос қалжың ,ойнақтау . Толассыз той қаптау
Өзің жоқ көзің жоқ , айтарға сөзім жоқ
Тозам ба , озам ба ? оралмай ой баптау
Ілгерлеп бір демде , озған ел іргемде
Күн туар кімдерге ,қаперсіз жүргенде
Абайды игерсек , Абайдан үйренсек
Даналық даңғылын толтырып гүлдерге!!!
Бас жүлде
Сәрсенбай Нұрсәт Нұрқанатұлы
Абай
(Элегия)
Асқақ шуақ Шыңғыстаудан шықса бір,
Абай билеп дархан дала адырын.
Әлди салып, аспан нұрын шытса бір,
Бесік етіп ақындардың қабірін.
Түндік жапқан Жидебайдың жайлауын,
Еркелеген түс түнейді санаға.
Әжім түскен сол заманнан айға мың,
Жүз сексен жыл кесіп-пішіп араға!..
Әр жазымыш жаратқанның жазуы,
Әмір нұсқап Құнанбайша хақ тәңір.
Замананың шодырайған азуы,
Жасын нұр боп жарқылдайды шақта бұл.
Шәкәрім боп тарих біткен сыр тартып,
Абай кетті жетегінде сан ойдың.
Құдайсыздың маңдайына шер қатып,
Тәлкегіне ұшыраған тар ойдың!..
Қодар ғұмыр әр заманның тентегі,
Қамқа келін түн жамылған түнеріп.
Өмір деген өмір емес ертегі,
Алшаң басқан сайтан баққа гүл егіп.
Сынық қанат жан дауысын күрмейді,
Жетелер ме бұлдыр елес әз баққа?!.
Хаққа көніп жұлдыз көктен сырғиды,
Абайға ұқсап құмартпаған тәж, таққа!..
Тоз тоз татып, жаннан қалмай сан дегбір,
Ғасыр бітеп тағдырының бұлағын.
Ғазиз күнді кешсе талмай ар деп құл,
Хәкім Абай асыл тұтып шырағын!..
Жұмыр жырдың құшып күшін бал әуен,
Сеңгір көктен нәсіп етіп сый құдай.
Қанып ішер қара өлеңнен бар әлем,
Ғазал-жырға аяғы ауыр Жидебай!
