94 жастағы еңбек ардагері Құрылтай сайлауы қарсаңында халқына ақ тілегін арнап, жастарға аманатын айтты

Тоқсан төрт жыл – бір адамның ғұмыры ғана емес, тұтас дәуірдің шежіресі. Осындай ұзақ ғұмыр кешіп, ел басынан өткен қилы кезеңдердің куәсі болған қарияның бүгінгі бейбіт күн, Тәуелсіздік пен мемлекеттің болашағы туралы айтқан әр сөзінің салмағы бөлек.
Баянауыл ауданы Майқайың кентінің тұрғыны, Павлодар облысының және Баянауыл ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Мұхтар Зәпішұлы Әбенов бүгінде 94 жаста.
Ғасырға жуық ғұмырында елмен бірге есейіп, халқымен бірге талай кезеңді өткерген ақсақал алдағы 23 тамыздағы Құрылтай сайлауына айрықша мән береді. Оның пайымынша, бұл – әр азаматтың ел тағдырына деген жауапкершілігін танытатын маңызды таңдау.
Мұхтар Зәпішұлының бүгінгі тілегі де қарапайым әрі қастерлі: ел аман, жұрт тыныш, Тәуелсіздік тұғырлы, ұрпақтың болашағы жарқын болсын!

«Тоқсан төрт жылда бір ақиқатқа көзім жетті…»
– Тоқсан төрт жастың төріне шығып, бір ғасырға жуық ғұмыр кешкен адам ретінде халқымыздың басынан өткен талай кезеңнің куәсі болдым. Қиындықты да көрдік, елдің еңсе тіктеп, өсіп-өркендеген шағына да жеттік. Бүгінде Тәуелсіз Қазақстанның көк байрағы әлем алдында желбіреп, балаларымыз бен немерелеріміз азат елде өмір сүріп отырғанына шүкіршілік етемін.
Адам жасы ұлғайған сайын өмірдің шын қадірін тереңірек түсінеді екен. Біздің жасымызға келгенде байлықтың ең үлкені дүние-мүлік емес екенін анық сезінесің. Ең үлкен байлық – елдің тыныштығы. Ең үлкен күш – халықтың бірлігі. Ең үлкен мұрат – ұрпағыңның жарқын болашағы.
Менің тоқсан төрт жылдық ғұмырымда көзім жеткен ең үлкен ақиқат осы.
Сондықтан бүгінгі бар тілегім – Қазақстанымыз аман болсын! Тәуелсіздігіміз баянды болсын! Халқымыздың ынтымағы ажырамасын!

Құрылтай – елдік мүдде тоғысатын орын
Алдымызда үлкен саяси оқиға – Құрылтай сайлауы тұр. 23 тамызда халқымыз өз таңдауын жасайды.
Мен мұны жай ғана сайлау деп қарамаймын. Бұл – елдің ертеңіне қатысты таңдау. Әр азаматтың «Мен Қазақстанның болашағына жауаптымын» деп өзінің азаматтық ұстанымын білдіретін күні.
«Құрылтай» деген сөздің өзі қазақ үшін бөтен емес. Оның түбінде елдік, кеңесу, ортақ мәмілеге келу, халықтың тағдырын бірге ойлау деген үлкен ұғым жатыр.
Сондықтан жаңа Құрылтай да ең алдымен халықтың сөзін сөйлейтін, елдің мүддесін қорғайтын, мемлекеттің болашағына қызмет ететін беделді орда болуы керек.
Құрылтайға барған әр азамат өзінің артында халық тұрғанын ұмытпасын. Ауылдағы қарапайым еңбек адамының да, қаладағы тұрғынның да, қарияның да, жастың да үні сонда естілуі қажет.
Халық сенімінен асқан аманат жоқ.
Сол аманатқа адал болу – ел ісіне араласқан әр азаматтың парызы.

«Президентке ақсақалдық тілегім бар»
Мемлекет басқару – үлкен жауапкершілік. Бір шаңырақтың жағдайын ойлаудың өзі оңай емес. Ал тұтас мемлекеттің, миллиондаған халықтың ертеңіне жауап беру – аса ауыр міндет. Сондықтан Мемлекет басшысына ақсақал ретінде айтар тілегім бар.
Еліміздің тыныштығы мен бірлігін сақтап, Қазақстанның дамуы жолындағы еңбегіне Алла береке берсін. Мемлекет басшысына күш-қуат, сабыр мен парасат нәсіп етсін. Ел үшін қолға алынған әрбір игі бастаманың жемісін халқымыз көрсін.
Біздің тілегіміз – билік пен халықтың мақсаты бір болсын. Қандай жұмыс жасалса да, түпкі нәтижесі қарапайым адамның тұрмысын жақсартуға, мемлекетті нығайтуға қызмет етсін.
Өйткені мемлекеттің ең үлкен байлығы – халық. Ал халықтың ең үлкен тілегі – бейбіт өмір.

Жастарға аманат
Мен жастарға ерекше сенемін. Біздің буын өз дәуірінің жүгін көтерді. Қиын кезеңдерден өтті. Еңбек етті. Елдің шаруашылығын көтеруге атсалысты. Ауылын көркейтті, өндірісін өркендетті. Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан – енді кейінгі ұрпақтың қолындағы аманат.
Сондықтан жастарға айтарым:
Айналайын жастар, елдеріңді сүйіңдер! Туған жердің қадірін біліңдер! Білім алыңдар, еңбек етіңдер. Адал болыңдар. Тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтаңдар!
Ешқашан «мемлекет маған не береді?» деген сұрақпен ғана өмір сүрмеңдер. Кейде өздеріңнен «Мен еліме не беремін? Қазақстанның дамуына қандай үлес қоса аламын?» деп сұраңдар.
Отанға қызмет ету үлкен мінберден ғана басталмайды.
Жақсы оқу – Отанға қызмет.
Адал еңбек ету – Отанға қызмет.
Ата-анаңды құрметтеу – Отанға қызмет.
Туған жеріңді қадірлеу – Отанға қызмет.
Заңды сыйлау, елдің мүлкіне жанашыр болу, қоғам өміріне белсенді араласу – мұның бәрі азаматтықтың белгісі.
Ал сайлауда өз таңдауыңды жасау – сол азаматтық жауапкершіліктің бір көрінісі.

23 тамыз – бірлігімізді танытар күн
Барша жерлестерімді, барлық қазақстандықтарды 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауына белсенді қатысуға шақырамын. Үлкені де, жасы да елдік мәселеде шет қалмасын. «Менің бір дауысымнан не өзгереді?» деп ойламаңыздар. Бір тамшыдан дария құралады. Миллиондаған азаматтың таңдауы – халықтың таңдауы.
Әсіресе жастардың сайлауға белсенді қатысқанын қалаймын. Өйткені бүгінгі таңдаудың нәтижесімен ертең өмір сүретін – солар. Бүгін қаланған мемлекеттің іргесін ертең нығайтатын да – жастар. 23 тамыз елдігімізді, ауызбіршілігімізді, азаматтық мәдениетімізді көрсететін күн болсын.
Біздің күшіміз – бірлікте. Қазақ «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деп бекер айтпаған.
Мен ұзақ өмірімде бірлігі бар елдің қандай қиындықтан да өтетінін көрдім. Сондықтан халқымыздың арасына алауыздық түспесін. Қазақстанды мекендеген барлық азаматтың тілегі бір арнада тоғыссын. Ол – Қазақстанның амандығы мен өркендеуі.

«Қарт адамның ең үлкен арманы – ұрпағының бақыты»
Тоқсан төрт жасқа келген адамның жеке басына қатысты арманы көп болмайды. Менің бүгінгі арманым – балаларымның, немерелерімнің, шөберелерімнің, бүкіл қазақ елінің кейінгі ұрпағының бейбіт мемлекетте бақытты өмір сүргенін көру. Қазақстанымыз қуатты болсын.
Ауылымыз ажарланып, қалаларымыз көркейе берсін.
Еңбек адамының мәртебесі биік болсын.
Диқанның егіні бітік, малшының өрісі кең болсын.
Қарттар қадірлі, аналар ардақты болсын.
Баланың күлкісі әр шаңырақтан естілсін.
Жастар білімді, намысты, отаншыл болсын.
Елімізде әділет салтанат құрып, адал еңбек бағалансын.
Құрылтай халық пен мемлекет арасындағы сенімді нығайтатын, елдің ертеңіне қызмет ететін үлкен саяси институтқа айналсын.
Құрылтай төріне барған азаматтар халықтың аманатын арқалап отырғанын бір сәт те ұмытпасын.

АҚСАҚАЛДЫҢ АҚ БАТАСЫ

Ендеше, осы жасқа келгенде барша еліме, халқыма ақсақалдық ақ тілегімді айтып, батамды берейін:
Ақ ордалы Қазақстанымыздың
айбыны асқақтай берсін!
Көк байрағымыз көкте мәңгі желбіресін!
Тәуелсіздігіміз тұғырлы,
мемлекеттігіміз ғұмырлы болсын!
Президентіміздің ел игілігі жолындағы
еңбегіне береке берсін!
Ел тізгінін ұстаған азаматтарға
ақыл мен парасат,
адалдық пен әділет нәсіп етсін!
Құрылтайымыз халықтың сөзін сөйлейтін,
елдің жоғын жоқтайтын,
жұртымыздың сенімін ақтайтын
берекелі орда болсын!
Қабылданған әрбір заң
халықтың игілігіне қызмет етсін!
Жастарымыздың жолы ашық болсын!
Талаптары таудай,
білімдері терең,
жігерлері мықты болсын!
Елін сүйетін ұл-қыз көбейсін!
Қарттарымыз аман,
аналарымыз ардақты,
балаларымыз бақытты болсын!
Әр шаңыраққа құт қонып,
әр отбасында береке орнасын!
Ұлы даламыздың тыныштығы бұзылмасын!
Халқымыздың ынтымағы ыдырамасын!
Ағайынның арасы ажырамасын!
23 тамыздағы елдік таңдауда
жұртымыз бірлігін көрсетсін!
Халықтың таңдауы қайырлы,
еліміздің әр қадамы нық болсын!
Бабалар найзаның ұшымен,
білектің күшімен қорғап,
бізге аманат еткен байтақ жерімізді
келешек ұрпаққа бүтін жеткізу нәсіп болсын!
Қазақстанның аспаны әрдайым ашық,
болашағы баянды,
келешегі кемел болсын!
Еліміз аман,
жұртымыз тыныш болсын!
Бірлігіміз бекем болсын!
Тәуелсіз Қазақстанымыз мәңгі жасасын!
Әумин!

Жазып алған – Асыл ӘБІШЕВ. 

Добавить комментарий