«Әділет» партиясы
«Әділет» партиясының Павлодар облыстық сайлауалды штабы 7 тамыз күні өңірдің бірнеше қала-ауданында ауқымды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Партияның ақпараттық-үгіт топтары Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалалары мен Май ауданындағы өндіріс орындарында, білім және мәдениет мекемелерінде, денсаулық сақтау ұйымдарында, сауда нысандарында және ауылдық елді мекендерде еңбек ұжымдары мен тұрғындармен кездесті. Кездесулер барысында партияның сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, өнеркәсіпті дамыту, еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік қолдау, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, денсаулық сақтау және ауыл инфрақұрылымын жетілдіру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар «есіктен есікке» акциясы ұйымдастырылып, азаматтармен тікелей пікір алмасу өтті. Күннің екінші жартысында партиялық брендпен безендірілген қалалық автобустар таныстырылып, жұмыс күні «Ертіс» футбол клубының ойыншылары және бапкерлер құрамымен кездесумен қорытындыланды.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП)

Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның Павлодардағы белсенділері үгіт-насихат жұмыстарын «есіктен есікке» форматында жалғастырды. Партия өкілдері көпқабатты тұрғын үйлерді аралап, сайлаушыларға партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары қамтылған ақпараттық материалдарды таратты. Үгіт барысында тұрғындармен ашық әңгіме жүргізіліп, партияның ұстанымдары мен бастамалары жан-жақты түсіндірілді. Сондай-ақ алдағы Құрылтай сайлауының маңызы туралы ақпарат беріліп, азаматтардың сұрақтарына жауап қайтарылды. Партия өкілдерінің айтуынша, мұндай формат халықпен тікелей байланыс орнатуға, олардың пікірін тыңдап, ұсыныстарын ескеруге мүмкіндік береді. Павлодар қаласының тұрғын аудандарындағы осындай кездесулер алдағы уақытта да жалғасады.

«Байтақ» партиясы
«Байтақ» партиясының Павлодар қаласындағы үгіт-насихат жұмыстары сайлауалды науқан аясында жалғасты. Құрылтай депутаттығына кандидат Керей Дүйсенбаев пен үгіт-насихат тобы тұрғындар арасында партияның ақпараттық материалдарын орналастырып, бағдарламаның негізгі басымдықтарын түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кездесулер барысында азаматтарға партияның көзқарастары мен ұсыныстары таныстырылып, олардың пікірлері мен ұсыныстары тыңдалды. Үгіт жұмыстарының негізгі мақсаты – сайлаушылармен ашық байланыс орнату, бағдарламаның мазмұнын жеткізу және қоғаммен кері байланысты нығайту болды. Сонымен қатар тұрғындар елдің болашағына жауапкершілікпен қарап, алдағы Құрылтай сайлауына белсенді қатысуға шақырылды.

Қазақстан халық партиясы (ҚХП)
Қазақстан халық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар мен партия белсенділері үгіт-насихат жұмыстарын «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ ұжымымен кездесуден бастады. Ірі энергетикалық кәсіпорын қызметкерлеріне партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, энергетика саласын дамыту, өндірісті жаңғырту, еңбек жағдайын жақсарту, жұмыс орындарын сақтау және жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру мәселелері көтерілді. Ашық форматта өткен кездесуде кәсіпорын қызметкерлері өз сауалдарын қойып, пікірлері мен ұсыныстарын білдірді. Партия өкілдері көтерілген мәселелерге жауап беріп, еңбек адамын қолдау мен өндірістік салаларды дамытуға қатысты ұстанымдарын кеңінен түсіндірді.

«Ауыл» партиясы
«Ауыл» партиясының Құрылтай депутаттығына кандидаттары Павлодар өңіріндегі «Ертіс Агро» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің май өндіру зауытында болып, еңбек ұжымымен кездесу өткізді. Кездесу барысында партияның сайлауалды бағдарламасындағы агроөнеркәсіп кешенін дамытуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге, отандық өндірісті қолдауға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған бастамалар таныстырылды. Сондай-ақ еңбек адамын қолдау, ауыл экономикасын дамыту және өндірістегі өзекті мәселелер жөнінде ашық пікір алмасу ұйымдастырылды. Қатысушылар өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салып, көтерілген мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Кездесу сындарлы әрі ашық диалог форматында өтті.

«Ақ жол» демократиялық партиясы
«Ақ жол» демократиялық партиясының Павлодар облыстық сайлауалды штабы Тереңкөл ауданындағы Чернояр ауылдық округі мен Сычевка ауылында фермерлер және ауыл шаруашылығы саласының өкілдерімен кездесу өткізді. Жиын барысында партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, аграрлық саланы дамытуға арналған бастамалар жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өндірушілерінің өзекті мәселелері талқыланып, қатысушылардың сұрақтарына жауап берілді. Ашық форматтағы пікір алмасу барысында ауыл кәсіпкерлерінің ұсыныстары тыңдалып, олардың ой-пікірлеріне назар аударылды. Кездесу соңында тұрғындар алдағы 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауына белсенді қатысуға шақырылды.

«Respublica» партиясы
«Respublica» партиясының үгіт-насихат жұмыстары Екібастұз қаласындағы МАЭС-2 электр станциясында өтті. Партия өкілдері еліміздің ірі энергетикалық кәсіпорындарының бірінде еңбек ететін мамандармен кездесіп, сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтарын таныстырды. Кездесу барысында энергетика саласының ел экономикасындағы маңызы, саланың болашақ дамуы және еңбек адамының рөлі жөнінде пікір алмасу ұйымдастырылды. Сонымен қатар қатысушылардың ұсыныстары тыңдалып, олардың пікірлеріне назар аударылды.

Добавить комментарий