Ұлттық өнердің өміршеңдігі – оның өткеннің жәдігері болып қалмай, уақытпен бірге жаңарып, әр дәуірдің талғамымен үндесе білуінде. Кезінде киіз үйдің жасауы мен тұрмыстық бұйымдарды көмкерген қазақы ою бүгін заманауи киімге, табиғи былғарыдан жасалған сөмке мен аксессуарға қонып жатса, бұл – дәстүрдің үзілмегенінің, қайта жаңа сипатта жалғасып келе жатқанының белгісі.

23 қыркүйекте Павлодар қаласындағы «Ертіс» музейінде павлодарлық шебер, кәсіпкер Динара Жанбаеваның «Қолдың сыры – өнердің жүзі» атты жеке көрмесі көпшілікке жол тартты. Г.Н.Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырған көрмеде ұлттық қолданбалы өнер дәстүрлерін заманауи дизайнмен ұштастырған авторлық жұмыстар ұсынылды.

Табиғи былғарыдан жасалған сөмкелер, әмияндар мен түрлі аксессуарлар, ұлттық нақыштағы заманауи киім үлгілері – мұның бәрі бір қарағанда бүгінгі сән индустриясына тән дүниелер. Алайда олардың әрқайсысынан қазақы танымның ізі, ұлттық өрнектің бедері байқалады. Сондықтан көрменің «Қолдың сыры – өнердің жүзі» деп аталуы да тегін емес. Шебер қолынан шыққан әрбір дүниенің ар жағында ізденіс, талғам, төзім және ұлттық өнерге деген құрмет жатыр.

Бәрі бір сөмкеден басталған…

Бүгінде өзіндік қолтаңбасы қалыптасып келе жатқан Динара Жанбаеваның қолөнерге келу жолы да қызық. Ол бірден үлкен өндіріс ашып, кәсіп бастай қойған жоқ. Бәрі күнделікті өмірдегі қарапайым қажеттіліктен басталды. Динара бірде өзіне ұнайтын шоппер-сөмке іздейді. Дүкендерді аралағанымен, көңілінен шығатын бұйым табылмайды. Сонда «Неге өзім тігіп көрмеске?» деген ой келеді. Өзіне арнап алғашқы сөмкесін тігеді. Одан кейін жақындарына сыйлық ретінде жасай бастайды. Қолдан шыққан бұйымдар айналасындағы адамдардың қызығушылығын тудырып, бірте-бірте тапсырыс көбейеді. Осылайша әуелгі әуестік нақты кәсіпке қарай бет бұрады.

Шебер әлеуметтік желіде өз жұмысын таныстырып, жасаған бұйымдарын көпшілікке ұсына бастайды. 2022 жылы оның жанында екі тігінші еңбек еткені туралы да жарияланған. Бұл – бір адамның шығармашылық қызығушылығы бірте-бірте өзгелерді де жұмыспен қамтитын шағын өндіріске айнала бастағанының көрінісі.

Ізденіс кәсіпке ұласты

Қолынан іс келу – бір бөлек. Ал сол өнерді тұрақты кәсіпке айналдыру үшін шығармашылық қабілетпен бірге білім, есеп, нарықты түсіну және үздіксіз ізденіс қажет. Динара Жанбаева осы бағытта кәсіпкерлік білімін де жетілдірді. Ол АҚШ елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылған Әйелдер кәсіпкерлігі академиясында он ай білім алған. Бағдарламаға қатысқан 30 адамның 19-ы қорытынды қорғауға жіберіліп, бес кәсіпкер грант иеленген. Солардың қатарында Динара Жанбаева да болды. Ұтып алған қаражатын кәсіпкер қажетті жабдық сатып алып, ісін дамытуға жұмсады.

Ал 2023 жылы жеке өндірісін ашып, шығармашылық ізденісін жаңа деңгейге көтерді. Бұл жерде назар аударатын бір жайт бар. Динараның жолы – бүгінгі шағын және шығармашылық кәсіптің қалай қалыптасатынын көрсететін қарапайым мысал. Әуелде адамның өзіне қажетті бір бұйымнан туған идея кейін өнімге, өнім сұранысқа, сұраныс кәсіпке айналады.

Жасанды былғарыдан – табиғи материалға

Шебердің кәсіби өсуін оның пайдаланатын материалдарынан да байқауға болады. Алғашқы кезеңде бұйымдарын жасанды былғарыдан дайындаса, кейін табиғи материалмен жұмыс істеуге көшкен. Қазір оның авторлық сөмкелері мен аксессуарлары табиғи былғарыдан жасалады. Мұнда отандық өнімге басымдық беру ұстанымы да байқалады. Шебер табиғи былғарыны Шымкенттегі отандық өндірушіден алады. Демек, «Қазақстанда жасалған» деген ұғым дайын бұйыммен ғана шектелмей, пайдаланылатын шикізатпен де сабақтасады. Динараның қолынан әйелдерге арналған сөмкелер, ноутбук сөмкелері, әмияндар және түрлі аксессуарлар шығады. Жаппай өндіріс үстемдік құрған заманда қолдан жасалған дүниенің қадірі бөлек. Мұндай жұмыс дәлдікті, төзімділікті және материалдың табиғатын сезіне білуді талап етеді. Сондықтан қолдан шыққан әр бұйымда шебердің өз қолтаңбасы сақталады.

«Шабыт» пен «Бүршік» – шығармашылықтың жаңа белесі

«Қолдың сыры – өнердің жүзі» көрмесінің экспозициясында «Шабыт» сөмкелер топтамасы мен «Бүршік» тренчтер топтамасы ерекше орын алды. Атаулардың өзінен-ақ шығармашылық ізденістің сипаты аңғарылады. «Шабыт» – өнер адамы үшін жаңа идеяның бастауы болса, «Бүршік» – жаңару мен өсудің, жаңа дүниенің өмірге келуінің нышанындай.

Бұл топтамаларда Динара Жанбаева ұлттық өнерді сол қалпында қайталауға емес, оның көркемдік табиғатын бүгінгі уақыттың тілімен жеткізуге ұмтылады. Автор шығармашылығында қазақтың дәстүрлі «Қошқармүйіз» және «Қарлығаш» ою-өрнектеріне жүгінеді. Ғасырлар бойы халқымыздың қолөнерінде қолданылып келе жатқан оюлар бүгінгі сөмке мен киім үлгілерінде жаңа сипатқа ие болады. Мұндағы басты ерекшелік – ұлттық өрнек бұйымға сырттан жапсырылған жай әшекей ретінде емес, тұтас дизайнның бір бөлігі ретінде ұсынылады. Осылайша көне өрнек пен қазіргі сән арасында өзіндік көркемдік көпір пайда болады.

Дәчтүр музейде ғана сақталмауы керек

Ұлттық өнер туралы сөз болғанда бір маңызды мәселені естен шығармаған жөн. Дәстүрді сақтау дегеніміз – оны өзгеріссіз қайталап, тек музей сөресінде ұстау емес. Оның рухын жоғалтпай, заманмен бірге алып жүру де – сабақтастықтың бір жолы. Егер «Қошқармүйіз» бүгінгі қыз-келіншектің сөмкесінен орын алса, ұлттық өрнек заманауи тренчпен үйлессе, ғасырлар бұрын қалыптасқан көркемдік ой бүгінгі өмірмен қайта қауышады. Міне, Динара Жанбаева шығармашылығының негізгі сипатының бірі де осында.

Ол ұлттық өнер элементтерін сақтай отырып, оларды бүгінгі мәдениеттің табиғи бөлігіне айналдыруға ұмтылады. Бұйымның ұлттық сипаты болуы оның күнделікті пайдалануға қолайсыз немесе тек мерекелік жағдайда ғана қолданылатын зат болуы керек дегенді білдірмейді.

Керісінше, ұлттық дизайн адамның күнделікті өміріне еніп, заманауи талғаммен үйлескенде оның өміршеңдігі артады.

Қолөнер мен кәсіпкерліктің тоғысқан тұсы

Көрменің тағы бір назар аударарлық қыры – шығармашылық пен кәсіпкерліктің сабақтастығы. Қазіргі шебер үшін жақсы бұйым жасап шығару ғана жеткіліксіз. Оны тұтынушыға жеткізу, сапасын тұрақтандыру, өндірісті жолға қою, нарықтың сұранысын түсіну де маңызды.

Динара Жанбаеваның тәжірибесі ұлттық қолөнердің осындай заманауи кәсіпке айналу мүмкіндігін көрсетеді. Ол «Бір ауыл – бір өнім» жобасының көрмелеріне қатысып, өз бұйымдарын көпшілікке таныстырған. Алдағы жоспарларының қатарында өндірісті кеңейту, қол еңбегін жеңілдететін арнайы жабдықтар алу және өнімдерін маркетплейстер арқылы үлкен нарыққа шығару бар. Бұл бағыт шығармашылық индустрияның бүгінгі болмысымен де үндеседі.

Шебер идея ұсынады. Оны нақты өнімге айналдырады. Өнім тұтынушысын табады. Кәсіп дамиды. Жаңа жұмыс орны пайда болады. Ал ұлттық өнер жаңа ортаға енеді. Яғни, бір ғана авторлық бұйымның артында тұтас экономикалық әрі мәдени үдеріс жатыр.

Павлодарда жасалған бұйыс шетелге де жетті

Динара Жанбаева жасаған бұйымдардың географиясы Павлодармен ғана шектелмейді. Ашық деректерде оның бірнеше бұйымын шетелде тұратын қазақстандықтардың сатып алып, өздерімен бірге алып кеткені айтылады.

Бір қарағанда шағын ғана дерек. Алайда оның астарында үлкен мән бар. Павлодарда жасалған, қазақтың ұлттық өрнегі бедерленген былғары бұйым басқа мемлекетке жеткенде, ол өзімен бірге белгілі бір деңгейде ұлттық мәдениеттің де белгісін ала барады. Ұлттық қолөнердің заманауи форматтағы мүмкіндігі де осында. Ол тіл білмейтін адамға да түсінікті. Өйткені сапалы дизайн, әдемі пішін мен шебер орындалған бұйымның тілі – ортақ. Ал сол дүниеден қазақтың ұлттық болмысы танылып тұрса, оның мәдени құндылығы одан сайын арта түседі.

Өнердің өміршеңдігі – сабақтастықта

Ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық көркемдік дәстүр уақыт өзгерген сайын жоғалып кетуге тиіс емес. Әр дәуір оны өзінше қабылдап, өзінше дамытып, келесі ұрпаққа жаңа сипатта жеткізеді. «Қолдың сыры – өнердің жүзі» көрмесінің негізгі идеясы осы тұста айқындала түседі.

Кешегі тұрмыстық бұйымдарды көмкерген өрнектің бүгін заманауи сөмке мен киімнен орын алуы – сол сабақтастықтың көрінісі. Динара Жанбаеваның шығармашылық жолына қарасақ, тағы бір тағылымды ойды байқауға болады. Кейде үлкен істің бастауы өте қарапайым болады.

Көңілден шығатын сөмке табылмады. Өзі тігіп көрді. Алғашқы бұйым пайда болды. Кейін тапсырыс түсті. Кәсіпкерлік білім алды. Грант жеңіп алды. Өндіріс ашты. Жасанды былғарыдан табиғи материалға көшті. Ұлттық өрнекті заманауи дизайнмен үйлестірді. Енді сол еңбегін жеке көрмеде көпшілік назарына ұсынып отыр. Бұл – қолөнердің ғана емес, ізденістің тарихы. Әрі шығармашылық қабілетті еңбекпен, біліммен және кәсіпкерлік көзқараспен ұштастырғанда шағын идеяның үлкен іске айнала алатынын көрсететін мысал.

Бүгінде ұлттық өнерді дәріптеу туралы көп айтамыз. Бірақ оны дәріптеудің ең нәтижелі жолдарының бірі – ұлттық дүниені адамның күнделікті өміріне қайта енгізу. Оюды тек тамашалап қоймай, оны пайдалану. Ұлттық нақышты тек мерекеде емес, күнделікті киімнен көру.

Қолөнерді естелік бұйым деңгейінде қалдырмай, бәсекеге қабілетті отандық өнімге айналдыру. «Қолдың сыры – өнердің жүзі» көрмесінің тағылымы да осында. Шебердің қолы өткеннің мұрасын бүгінге жеткізеді. Шығармашылық ізденіс оған жаңа пішін береді. Кәсіпкерлік сол дүниенің тұтынушыға жетуіне жол ашады. Ал ұлттық өнер күнделікті өмірімізден өз орнын тапқанда ғана оның ғұмыры жалғаса береді.

Дәстүр мен жаңашылдық бір-біріне қарсы ұғым емес. Тамырынан ажырамаған жаңашылдық – дәстүрдің жалғасы. Динара Жанбаеваның шығармашылық ізденісі осы сабақтастықтың бүгінгі бір көрінісі.

Асыл ӘБІШЕВ.

 

Добавить комментарий