Бақытжан Қанапиянов
(романнан үзінді)
Бала басын салбыратып, қолындағы босап қалған кенеп дорбашасын сүйретіп келе жатты. Ішіндегі екі-үш асық қадам басқан сайын аянышты үн қатып, бір-біріне тық-тық соғылады. Байтас тағы да ұтылды. Бұған бәрінен бұрын өзінің олқы соғатын сақасы кінәлі. Ауылдағы құрдастарынан бір-бір асықтан ұту үшін де алдымен сақасы сай болуы керек қой. «Ал мынамен қалай ұтасың?» – деп қамықты ол ілбіп келе жатып. Кейде шиырған сақасы тігіліп тұрған кенейлерге жетпей жығылады. Жеткен күннің өзінде оларды дөңгелене тізілген көмбеден қақпайлауға қауқарсыз. Біріншіден, бұнікі ішіне қорғасын құйылған көктабан емес еді, екіншіден, жілігі жетілген құтпан қошқардың емес, құнан қойдың әлі қатайып үлгермеген, әлжуаз асығы болатын. Мұндай мықты сақа тек Құрманда ғана бар. Ол Байтасты үнемі ұтады, есе қайтарамын деген сайын есін шығарардай құмарлыққа батырады.
Бүгін де Байтас бар асығынан айырылып қала жаздады. Тек ерте түскен күздің қаракөлеңке ымырты ғана аман сақтады. Күн батып кетсе де, айнала әлі жарық еді, бірақ бірте-бірте сол жарықтың өзі қоюлана түскен іңір қараңғылығына сіңіп, маңай көмескілене берген. Қарсыластың өзін әрең ажырататын халге жеткенде, қойдың кішкентай асықтарын қайдан көре қойсын! Құрман ұтысына мәз болып, ертең ойынды жалғастыратынын бәлсіне ескертіп, үйіне қарай асыға жөнелген.
Байтас өкпесін ішіне бүгіп, көз жасын көрсетпеуге тырысып, өз үйіне беттеді. Жылауға да, көз жасын көлдетуге де қатал әкесі ешқашан рұқсат етпейтін. Бірақ осыншама қорлыққа толы ұтылыстан кейін босағада папиросын бұрқыратып отырған әкесін көргенде, бала көз жасына да, өкпесіне де ерік берді:
– Әкетай! Маған дөкей қошқардың асығын алып берші!
Күн батқаннан кейінгі көкжиекке үнсіз көз тігіп отырған әкесі баласына бұрылды. Үсті-басы алба-жұлба, беті баттасқан баланың жүзін екі тарам жас айғыздағанын көрді. Әкесі бір сәт не істерін білмей тосылып қалды да, кенет оны бауырына басты. Әдетте сезімін сыртқа шығара бермейтін ер-азаматқа тән бір қолапайсыз қимылмен құшағына қысып, ұлының қайратты желке шашынан мейірлене иіскеді. Сосын жымиып:
– Әрине, алып беремін, құлыным! – деді.
Ол баласын ертіп үйге кірді. Шәйнектен су құйып беріп, беті-қолын жуғызып алды да, әйелi мен үлкен қызы кешкі асқа дастарқан жайып жатқан бөлмеге енді.
Әкесі аласа дөңгелек үстел басына жайғасып, мұртының астынан жымия отырып, әйеліне қызықты әңгіме етіп мұрагерінің басына түскен «ауыр қайғыны» баяндады. Ал «қайғыдан қан жұтқан» мұрагері қабағын түйіп алып, бір бауырсақтың артынан бір бауырсақты аузына ытқытып отыр. Бірін еріген сары майға малып жесе, енді бірін қаймаққа батырады.
– Біздің бөлімшеден қошқардың асығын таба қоюың екіталай, – деді анасы кенжесіне қулана қарап қойып, бірақ салмақты қалпын бұзбай сөзін жалғастырды.
– Күз енді ғана түсті. Алда әзірге ешқандай той-томалақ жоқ. Той бола қалса да, бір қой сояды, бәлкім, екеу сояр. Бірақ қошқарды соя қоймас. Одан да шалғайдағы базаға барып, қойшы Бекеннен сұрап көрмейміз бе? Онда мұндай асықтың түр-түрі жетіп артылады.
– Ендеше, шалғайдағы базға баруға тура келеді, – деді баланың әкесі әйелінің астарлы әзілін байыппен түсініп.
Ал баласы кеседен басын көтерместен, бірде әкесіне, бірде шешесіне көз астынан үміттене қарап отыр. Олардың мына уәделеріне сенерін де, сенбесін де білмейді.
Сол кезде самауырдың жанында отырған апайы мырсылдап күліп жіберді. Мұны байқаған шешесі қызының желкесінен жеңіл ғана нұқып өтті. Алайда өзі де күлкісін тыя алмай, аналық жүрегінің бар мейірімен жадырап сала берді.
– Шайыңды іше ғой, айналайын, кенжем-балапаным! Көк қошқардың көктабан асығы да бұйырар саған. Шайыңды іш те, жата ғой, күнім сол!
Әкесі дастарқаныңды жинай бер дегенді ишаралап, қолын майлыққа жүре сүртіп, сыртқа шықты да көп ұзамай қайта оралды. Құшағында таңертең пеш жағуға деп әкелген екі-үш кесек отын бар.
Біраздан соң үйдегілер тегіс ұйқыға бас қойды. Ең соңынан керосин шамын сөндіріп, анасы да жатты.
Күзгі аспандағы толған ай тап осы шаңыраққа өз нұрын молынан төгіп тұрғандай. Жарығы жез самауырдың сарғыш та жалтыр бүйірін бояп, сүттей сәулеге бөлегенде, ол үй ішіне түнгі шамдай шуақ шашты, ұйқыдағы баланың жүзіне де құйылды. Оның тәтті түсіне арман болған алып қошқардың асығы қайта-қайта кіріп, көңілін әлдилей берді.

II
Таң бозында, бала әлі тәтті ұйқыда жатқан кезде, әкесін алып кетуге адамдар келді. Аудан орталығынан жеткен жедел уәкіл ме, учаскелік милиционер ме екен, жанына бір жас жігітті ертіп келіпті. Олардың соңынан арбаға мінген жергілікті ауылдық колхоз бөлімшесінің басқарушысы мен Байтастың әкесі география пәнінен сабақ беретін балалар үйінің директоры да шаңдатып жетті. Келгендердің үсті-басы шаң-шаң болғанымен, жүздерінен осы суыт сапардан хабардар екендері байқалып тұрды. Бәлкім, әлдекім бұларға алдын ала ескертіп қойған шығар. Оның үстіне, бірнеше ауылды біріктіріп отырған колхоздың өзіне аудан орталығынан арнайы өкілдің келуі елеусіз қалатын жайт емес еді.
Баланың әкесі Мұқаш бөлменің алакөлеңке жарығында үн-түнсіз, асығыс киінді. Әйелінің үрейленіп, жылап тұрған жүзіне, жасқа толы жәудіреген жанарына бір қарап алды да, сабырлы үнмен қысқа ғана тіл қатты:
– Өзіңді күт. Мен үшін алаңдама. Ешкімге есемді жібермеймін.
Содан кейін үлкен қызын құшақтап, ұйықтап жатқан баласының бетінен сүйді. Үстіндегі құрақ көрпесін қымтап жауып, үйінің табалдырығынан аттап сыртқа шықты.
– Аудан орталығына жеткізу тапсырылды, – деді өкілетті өкіл. Мұқаштың амандасқанына жауап қатпастан, төрт бүктелген қағазды көрсетті. Орта жастағы милиционердің сөзі тақ-тұқ, әмірлі шықты. Үстіндегі қою көк кителі етжеңді денесіне тар көрінді.
«Соғысқа қатыспаған, тылда қызмет еткен біреу ғой», – деп ойлады Мұқаш иығын сәл қозғап. Тозыңқыраған пенжегінің өңіріндегі үш жауынгерлік медалі сыңғыр ете қалды. Ол ауылдық бөлімшенің басқарушысымен де, балалар үйінің директорымен де қол алысып амандасты. Екеуінің де қабағы қатулы. Мұқаштан бірдеңе сұрағысы келгендей, бірақ өкілетті өкілден именіп, не болып жатқанын үнсіз ғана бақылап тұр. Ауыл адамдарының үрейленген жүздерін көрген милиционер суық жымиды.
– Енді айтқан сөзі мен істеген ісі үшін жауап беретін болады.
Мұқаш қағазды оқып шыққан соң, сәл де болса сабасына түсті. Майдан көрген адам ғой, қағаздың қамауға алу туралы ордер емес, тергеуге шақырту екенін білгенде көңілі орнықты.
Қоштасар алдында балалар үйінің директорына өтініш айтты:
– Географиядан менің орныма Хадиша сабақ берсін. Ол менің пәнімді жақсы біледі.
Директор түсінгенін білдіріп, басын изеді.
Мұқаштың әйелі Хадиша күйеуінің тізесіне құрт пен бауырсақ араластыра салынған түйіншекті қойып үлгерді. Сол сәтте күпшек майы кепкен арба доңғалақтары сықырлап, ауылдан елу шақырым жердегі аудан орталығына қарай қозғала жөнелді.
III
Арба доңғалақтарының бір сарынмен шыққан шиқылына құлақ түрген Мұқаш алыстап бара жатқан ауылына, шеткері орналасқан бес бөлмелі үйіне көз тастады. Ауласының жанынан ауылдық бөлімшенің басқарушысы мен интернат директорының ұзап бара жатқанын көрді. Ал үйінің босағасында бір-біріне тығыла түскен екі нәзік бейне – әйелі Хадиша мен қызы Айнаш ғана жетімсіреп, бозарып қала берді.
Мұқаш күре жолдың бойындағы анда-санда көзге шалынатын қайыңдарға қарап үнсіз отыр еді, көп ұзамай олар да қыр астында қалып, көзден ғайып болды. Мұқаш күрсініп, мыж-мыж болған папирос қорабын қалтасынан шығарды да, бір талын тізесіне соғып, тұтатуға оқталды. Сары гильзадан жасап алған, соғыс кезінен бері көзінің қарашығындай сақтап жүрген оттығын көрген өкілетті өкіл де қалтасынан сіріңкесін шығарды. Мұқаш оған бұрылып, өзі орап алған папиросын ұсынды. Өкілетті өкіл еш қарсылық білдірместен папиросты алып, етігінің қонышына қақты да темекі тұтатты.
– Сыйластық өз алдына, сыбаға өз алдына деген, қызметтестің жөні бөлек, темекінің талы бөлек демеуші ме еді. Ал сен өз темекіңді ұсынып отырсың, – деді өкілетті өкіл қою түтінді рахаттана сорып, жылы рай танытып.
Мұқаш оны аса ықылас қойып тыңдаған жоқ. Жолдың екі жағынан кезек-кезек көрініп, қайтадан артта қалып жатқан қайыңдарға көз тігіп, өз ойымен өзі болып отырды.
– Менің не жазығым бар? – деп сөзін жалғады милиционер қуыстанып. – Сені аудан орталығына жеткізуге бұйрық берді. Мен – тек тапсырманы орындаушымын.
Арбакеш жігіт шылымқорлардан бөлек насыбай шақшасын алып шықты. Алақанына бір шөкімін салып, астыңғы ерніне қыстырып жіберді де, шырт түкірді.
– Соғысқа қатысқансың ба? – деп сұрады милиционер Мұқаштың кеудесіндегі медальдарды нұсқап.
– Бастан кештік қой, – деп қысқа қайырды Мұқаш.
– Ал мынау соғыстан қалған дүние ме? – деді өкілетті өкіл қолындағы оттықты нұсқап.
– Соғыстан қалған. Міне, жеті жыл болды, сақтап келемін.
– Әлі де ақаусыз істей ме?
– Істемегенде ше? Керосинін уақытында құйып, білтесін қажет кезінде ауыстырып тұрсаң болды.
Осылайша жол үстіндегі әңгіме өзінен-өзі өрбіді. Бір кезде арба айдап келе жатқан жас жігіт екеуінің жолсерік ретінде әңгімелесіп отырғанына, Мұқаштың тіпті тұтқын емес, кәдімгі жолаушыдай көрінгеніне қайран қалды. Ол артына қызыға бұрылып, екеуіне көз тастады да, атының делбесін құлшына қағып-қағып жіберді. Жануар жүрісін сәл үдете түсті. Арбаның доңғалақтары да аттың жүрісіне ілесіп, бірқалыпты шиқылға басты.
– Сені ұстап алып, аудан орталығына жеткізуге құмартып отыр дейсің бе мені? – деді милиционер өзін ақтағысы келгендей.
– Мені не үшін ұстайсыңдар? Қарақшы емеспін, қылмыскер де емеспін. Кешегі күні ғана соғыстан келген майдангермін, ал қазір география пәнінің мұғалімімін.
Мұқаш асып-саспай, салмақты үнмен жауап берді.
– Оның мән-жайын олар өздері жақсы білетін шығар, – деді милиционер сөздің бетін басқа жаққа бұрып. – Негізі, шақырту қағазы ауылдық кеңес арқылы жіберілген. Сондықтан ауылдық бөлімшенің басқарушысы да, балалар үйінің директоры да ауданнан осындай қағаз келгенін білген. Маған да хабарлады. Әдейі іздеп келгенім жоқ. Шалғайдағы отарларға шаруамен бара жатқанмын. Жол-жөнекей шақырту қағазын жеткізіп, үйінде болса, өзіммен бірге аудан орталығына әкелуді тапсырды. Тарантаспен шыққан соң, аттың да тынығуы керек қой. Бекен қойшының қорасына аялдап, атты сонда қалдырдым. Өзінен маған басқа көлік пен ат айдаушы беруді өтіндім. Сөйтіп, таң атпай сенің үйіңе жеттік.
– Мойнымда ешқандай кінә жоқ. Осылай ұстап әкететіндей не істеп қойдым? – деді Мұқаш. – Мен әлі де кешегі майдангермін, мұғаліммін. Кеудемде орден-медальдарым бар. Сыңғырын естіп тұрсың ба?
Ол иығын қозғап қалғанда, кеудесіндегі медальдары сыңғыр ете түсті.
– Мені бұлай тергейтіндей тұтқында да болған жоқпын..
– Білмеймін, білмеймін, – деп милиционер сөзін жалғады. – Сырт көзге өзің сыйлы, тәртіпті азамат сияқтысың. Ал ішіңде не жатқанын аудан орталығындағылар анық білетін болар. Сосын анау жақтағы, егер бар болса…
Милиционер көзін көкжиекке тігіп, шексіз күзгі аспанға қарады.
– Ендеше, тағы бір-бір талдан шегейік.
Мұқаш мыжылған папирос қорабын қайта шығарды.
– Жоқ, мыналар саған әлі керек болар. Мен өз темекімді шеккенім дұрыс, – деді де, милиционер қалтасынан темекі салатын дорбасын алып, шылым шиыршықтауға кірісті.
– Е, өзің білесің, – деп Мұқаш қолын бір сілтеді де, атшы жігітке бұрылды. – Бекеннің жағдайы қалай? Үй-іші аман-есен бе? Бұрын сені қой-қотан жақтан кездестірмеп едім. Жуырда ғана келіп, жұмысқа кіріскенсің бе?
– Мен оның алыс жиендерінің бірімін, – деді жас жігіт насыбайын тілінің астына салып. Сосын түкіріп тастап, сөзін жалғады: – Жаз бойы жайлауда қолғабыс еттім. Енді қыстауда да қасында қалуды ұйғардым. Әскерге шақырылғанша осында боламын.
Мұқаш Хадиша дайындап берген түйіншекті шешіп, ішінен бауырсақ пен құртты алды. Жолсеріктеріне ұсынып, дәм татқызды. Өзі де бір-екі бауырсақ жеп, арбаның көлденең салынған тақтайындағы бөстекке қисая бермек болып еді, кенет есіне бірдеңе түскендей, кекжие қалды. Айдаудағы тұтқын болмаса да, шақырту қағазымен милиционерге еріп келе жатқанын ұмытқан жоқ. Рұқсат етпесе ше!?
– Жата беріңіз, жата беріңіз, – деді милиционер. – Жатпағанда қайда барасыз? Қашып құтыла алмайсыз ғой. Оның үстіне, қашатын да ештеңе жоқ. Кейбіреулер шақырту қағазын алған соң өздері-ақ келеді. Сосын біреулері үйіне қайтады, енді біреулері сол жақта қалады. Әйтеуір, сот пен тергеу біткенше сонда жүретіндер де бар, – деп сөз арасында өзінің Мұқаштан айырмашылығын аңғартқысы келгендей, астарлап сөйледі. Екеуі бір арбада қатар отырып, зиялы әңгіме айтып, Хадишаның бауырсағы мен құртын бөліп жеп келе жатса да, әрқайсысы өз темекісін жеке шегіп отыр.
Мұқаш аяғын салбыратып, арбаға көлденеңінен жата кетті де, күзгі ашық аспанның шексіз заңғарына көз тікті.
Қыркүйектің екінші жартысы еді. Табиғат әлі жаздың жаймашуақ қалпынан толық айнымағанымен, күздің алғашқы белгілері сезіле бастаған. Түн барған сайын ұзарып, қоюлана түсті. Ағаш бастарынан сарғайған жапырақтар сыпырылып түсе бастады. Төңкерілген тұңғиық аспан мен зеңгір көктің жүзінде енді басталған мизамшуақтың жібектей жұқа өрмек сілбілері ап-анық қалықтап тұр еді.
– Сен, бәлкім, менің неге соғыспағанымды ойлап отырған шығарсың? – деді милиционер Мұқаштың ренжігендей үнсіздігіне шыдамай, сөзін жалғап.
– Олай ойлағам жоқ, – деп Мұқаш жымиды. – Соғысқан боларсың. Атағың да майданға сай – старшина. Тылда жүрсең де, соғысатын «жаудың» табылары анық қой.
– Е, қойшы ондайды, – деп милиционер шап етіп ашуланып қалды да, артынша көрінбейтін мінберге шыққандай көкірегін керіп, сұқ саусағын жоғары безеді. – Иосиф Виссарионович айтпақшы, тыл – бұл біздің екінші майданымыз. Түсіндің бе, ұсталған азамат?
– Түсіндім, – деп Мұқаш бұлтақтап жауап қатты. «Екінші майдан дегенің – бірінші емес қой» деп айтқысы келді де, қалай болғанда да үндемегенім дұрыс болар деп тілін тістеді.
– Соғысқан жоқпын, себебі туберкулезбен ауырдым.
– Бұған сену қиын екен, – Мұқаш милиционердің тығыз, толықша келген сымбатты денесіне көз жүгіртіп, еріксіз жымиды.
– Ауырдым… соғыстың алғашқы жылдарында. Комиссиядан өтпей қалдым. Кейін жазылып шықтым. Немен дейсің ғой? Қымызбен, табақ-табақ еттің майлы қыртысымен емделдім. Ауруханаға жатқанымнан түк пайда болмады. Туыстарымның қиырдағы малшы қосына кетіп, ала жаз бойы таңертең аш қарынға шара-шара қымыз іштім, ішінде екі-үш домалақ қазы қалқып жүретін. Жазылып қана қоймай, қоң жинап, толып алдым. Ал анықтамамда «туберкулезбен ауырады» деген жазба қалып қойды. Мұнда отбасы, бала-шаға бар. Милиция органына орналасып едім, кенет соғыс та бітіп, көп күткен жеңіс келіп жетті. Бәрі де заңды, анықтама-құжаттарда да солай көрсетілген, – деп милиционер артық кетіп қалғанын сезіп, сөзін дереу доғара қойды да, қайта жалғады. – Қаншама жол жүрдік, әлі күнге дейін таныс емеспіз. Жасымыз шамалас сияқты. Атың кім еді, шақырту қағазынан білемін ғой, өзімдікі – Асхат. Омбы жақтанмын, тегімде татардың қаны бар. Дегенмен, бәріміз де Кеңес елінің балалары емеспіз бе.
Мұқаш сонда ғана Асхаттың дауысы неге көмейден шыққан қою үндей емес, жұмсақтау естілетінін, орысшасының арасында татарша мақаммен мәтелдер мен сөздерді қабаттастырып қолдана беретінін түсінді. Омбы немесе Қызылжар жақтың қазақтары арасында ұзақ тұрған татарлар әдетте осылай сөйлейтін.
Мұқаш ауыр ойдың астында қалғандықтан, Асхатпен әңгімелесуге зауқы соқпады, сол себепті сөзуар серігіне қарағанда көбіне селсоқ отырды. Дегенмен, майданда талай қиындықты көрген өмірлік тәжірибесі мен салқынқанды есебі оған жол үстіндегі әңгіменің жібін үзбеу қажеттігін іштей ескертіп тұрды. «Милиция болса да, түрі суық адамға ұқсамайды, қойнына тыққан қанжары жоқ сияқты. Ауруы туралы да шынын айтқан шығар, өйткені өкпе дертіне ең бірінші ем – қымыз бен жылқы еті екенін өзім де білемін. Иә, жол бойы онымен сөйлесе түскен жөн, әсіресе ол да бұған бейілді болса. Мүмкін, мені не үшін тергеуге шақырғанын да біліп алармын. Томаға-тұйықтықтан не қайыр, онсыз да жүректің басы зіл мен қапаға толы…».
Күн де арқан бойы көтеріліп, дала көкжиегінен асып, ағаштар басына ілінді де айналаға жылуы болымсыздау күзгі қызуын төкті. Мұқаш бұрынғы әдетімен уақытты күнге қарап мөлшерлеп: «Сәске түс. Сағат оннан асқан шығар», – деп ойлап, сағатына көз жүгіртті. Оннан жиырма бес минут кетіпті.
Делбеші атты тоқтатып, дерте (арыс) мен доғаны бекіткен құлақбауларды түзеп, ершікбауды тартты. Сосын қолына божы ұстаған күйі аттың жанымен бірнеше ондаған метр жаяу жүріп, ұйып қалған аяқтарын жазды да, қайтадан арбаға секіріп мінді.
– Жолдас Асхат, – деді Мұқаш старшинаға ресмилеу үн қатып. – Осы өңірден басқа жақтарда да болғаның бар ма?
– Омбыда болдым, Қызылжарда болдым, тіпті Қарағандыда қайта даярлау курстарынан өткенмін, – деп жауап берді Асхат, әрмен қарай біраз үнсіз отырып: – Міне, барлық сапарым осы. Ал өзің қай жерлерді көріп үлгердің?
Мұқаш күрсініп жіберді де, мұртының астынан жымиды. Соғыс жылдарындағы ауыр зілді, бірақ өшпес жастықтың асқақ жігерімен өткен саяқ күндерін еске алғандай, көзіне от ойнап Асхатқа жауап қатты:
– Ал мен, есептеп қарасам, соғыстың алғашқы күндерінен бастап бүкіл Ресейді, Украинаны басып өтіп, Прагаға дейін бардым, сосын кері қарай сенің Омбың арқылы Владивостокка, тіпті Жапонияда да болып қайттым.
– Әй, бәрекелді, шын қанатты тұлпар екенсің ғой! – Асхаттың таңданысы мен қызғанышы, тіпті қызыға қарайтыны жасырынбай, дауысынан айқын сезіліп тұрды. – Жараланған да шығарсың?
– Болған, – деп Мұқаш күрсініп қойды. – Карпатта снарядтың жарықшағы тиген. Госпитальда екі ай жатып шықтым.
– Иә, о жақтағы халық қалай өмір сүреді екен?
– Әр қалай тіршілік етеді ғой. Әркім өзінше күн көреді. Оларды бір қалыппен өлшеп, бәрін бірдей бір шыбықпен айдауға болмайды.
– Ал ол жердің табиғаты қалай екен? Айтайын дегенім, таулар, өзендер, көлдері біздікінен жақсы ма?
– Қалай айтсам екен… Туған жерден артық ештеңе жоқ қой, бұл – шындық. Бірақ ол жақтың жері біздікіне қарағанда күтімдірек көрінді. Мектепте география сабағында балаларға өзім көргендерді көбірек айтып беремін. Әрине, бағдарлама талабы да бар, оқулықта жазылғандарды да айтасың, бірақ өз көзіңмен көргенің бір емес, жүз есе қызық қой.
– Мүмкін, балаларға өз көргеніңді айтпай-ақ қойған дұрыс шығар? Сен өзің көргеніңді айтасың, ал кейін айтқандарың партиямен келісілмеген болып шықпасын. Мектеп бағдарламасын Совет өкіметі бекітеді ғой.
Мұқаш өзінің табиғи түйсігімен Асхаттың сөзінде бір астар, ішкі қауіп жатқанын сезіп қойды да, сабыр сақтап, асықпай жауап берді:
– Мен партия мүшесі емеспін, маған оның қатысы шамалы шығар. Мен көргенімді Совет Армиясының кіші сержанты, бөлімше командирі ретінде ғана баяндаймын. Түсінікті ме, жолдас старшина?
– Маған түсінікті ғой, – деп Асхат оның сөзін қостай жөнелді, – бірақ сенімен жұмыс істейтіндерге, сондай-ақ қазір аудан орталығында сені күтіп отырғандарға бәрі бірдей түсінікті бола қояр ма екен?
Арба дөңгелектерінің сықыры ғана бұзған ауыр тыныштық орнады. Жолаушылар үнсіз шылым тұтатты. Әрқайсысы өз темекісін тартты, ал атшы жігіт қайтадан бір шөкім насыбайын ерніне тастап жіберді.
Алыстан Мұқаштың майдандағы досы – шопан Бекеңнің колхоз қоралары көрінді. Халық бұл маңдағы аласа қайыңды тоғайдың арасында орналасқан қораларды ертеден бері бір сөзбен – «баз» деп атайтын.
– Кіші сержант, ау, кіші сержант?
– Тыңдап тұрмын, старшина.
– Тек шыныңды айт.
– Тырысып бағармын.
– Ал әйелдері ше? Қалай, түрі мен сәні жағынан?
– Онысын, жолдас старшина, балаларға айтпаушы едім.
IV
Мұқаш Қазақстанның солтүстік өңіріндегі, Омбы облысының шекарасынан отыз шақырым жердегі Төретұмсықта дүниеге келген. Ертістің сол жағалауынан басталған осы өңірдің жазық алқаптары мен жайылма шабындықтары жаз шыға шүйгін шөбімен, кәдімгі ақ маңдайлы қаздар мен шіл-құрға дейінгі аң-құстың сан түріне кенеліп, жайнап шыға келеді. Ал оң жағалаудағы биік жардың қабағында қалың қайың арасынан көрінген көк үйлердің аппақ шатырлары Басмашы, Үрлітөбе, Железинка сияқты казак станицаларының нобайын танытады. Беловодное жақтан тармақталып, арғы жағы Қостұмар ауылына жеткенде Ертістен бөлініп шығатын Қарасу айналып келіп қайтадан өзенге құяды. Дәл осы тұста Төретұмсық жұртын балық пен аңға қарық қылған қияпаты үлкен арал жатыр. Осы аралдың шүйгін шөбі мен ақ қолтық шөмелелері малдың қысқы азығына жарап, елді қалың қыстан аман алып шығатын. Осы аумақ ерте замандардан бері Абылайханның немере ағасы Сұлтанбет сұлтанның еншісіне тиген. Түп төркіні Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан басталатын сұлтанның қыстауы да кезінде осы тұста болған екен. Әрідегі айбынды қыстаулардан қазір қос құшақ әрең жететін жуан талдар ғана қалған.
Төретұмсықтың көнекөз қариялары күні бүгінге дейін аңыз қылып айтатын бір әңгіме бар. Сұлтанбет сұлтан ата-бабадан аманат болып қалған осы қасиетті қонысты жат жұрттың шапқыншылығынан көзінің қарашығындай қорғаған. Оның көрегендігі мен қырағылығының арқасында ұрпаққа Ертістің сол жағалауындағы шөбі шүйгін, құты мол кең алқап қана емес, өзеннің оң жағалауы мен шығысқа қарай ондаған шақырымға созылып жатқан тұтас жағалық өңір де аман жеткен.
Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда, Сұлтанбет сұлтан бұл мәселені шешу үшін үлкен ұлы Орыс сұлтанды сонау Санкт-Петербургке, патша сарайына арнайы аттандырған. Келіссөздің нәтижесінде көздеген мақсатына жеткен деседі. Жоңғарлармен де, патша үкіметімен де арпалысқан алмағайып заманның жаңғырығы Төретұмсық төңірегіндегі жер-су атауларында да сақталып қалған. Соның бірі – «Төбелес». Атауының өзі айтып тұрғандай, бұл – бір кездері қақтығыс болған жер. Екіншісі – «Найза». Ол Сұлтанбет қыстауы басталатын тұсты білдіреді. Мұндағы найзаға қатысты атаулар да сол бір аласапыран дәуірден жеткен белгі іспетті. Сұлтанбеттің жиырмаға жуық ұлы болған деседі. Олардың әрқайсысы Аягөзден басталып, теріскейге қарай Төретұмсыққа дейін созылған ұлан-ғайыр өңірдің белгілі бір бөлігін еншісіне алып, өз алдына қоныс тепкен. Ұлдарының бірі – сұлтан Иман Ақтоғайда, Ертістің төменгі ағысы бойында, өзеннен елу шақырымдай жерде ғұмыр кешкен. Ал Төретұмсықтың өзін Сұлтанбеттің Тортан атты ұлы қоныс етіпті. Мұның бәрі, әрине, бүгінгі заманнан тым әрідегі, арғы бабалар дәуіріндегі оқиғалар.
Мұқаштың өзі Қыпшақтың Жарымбет руынан шыққан. Бұл ру да Басентиін сияқты Тортан сұлтанның ұрпақтарымен ежелден етене араласып, туыстық байланысын үзбеген. Мұқаш бала күнінен Төретұмсық ауылының балаларын арабша хат танытатын, оларға «Мың бір түн» ертегілерін оқып беретін, қазақтың батырлар жырынан талай тарауды жатқа соғатын аққұба өңді, сақалы қудай Қанапия қажы Шыңғысовты жақсы білетін.
Ойы орнықты, сөзі уәлі, айтқанының астарына терең мән жататын қарияны ауыл адамдары «Оқымысты» деген мағынада «Молдеке» деп атап кеткен. Шынында да, Қанапия қажы оңай адам емес еді: алыстағы Меккеге қажылық сапар шегіп, барып-қайтуға бір жылдан астам уақытын сарп еткен жан болатын. Мұқаш әжесі Зүбәйкенің қасиетті зәмзәм суы құйылған кішкентай құтыны көзінің қарашығындай сақтағанын әлі күнге дейін ұмытпайды. Сол құтыны сонау Меккеден әкеліп берген де осы Қанапия қажы еді. Мұқаш оның кенже ұлы Мұсамен жасты ғана емес, бала күнінен бірге өскен дос болатын.
Мұса әкесінен әр түрлі құстың атын жиі сұрайтыны әлі есінде:
– Әке, анау аппақ құс не?
– Шағала.
– Ал… анау ұзын тұмсықтысы ше?
– Ол – тауқұдірет.
– Төбесінде айдары бар көкшіл құс ше?
– Ол – қызғыш құс.
– Аяғы қызыл келгені ше?
– Ол – көкек болар.
– Су жағалап зыр жүгірген қандай құс?
– Шәукілдек.
– Анау торғай қуалап жүрген не?
– Ол – кішкентай қырғи ғой. Ішінде үйрек алатындары да, торғай аулайтын әлсіздері де болады. Тіпті қырандары да кездеседі. Олар – қаршыға, сұңқар, бүркіт… Мұның бәрін сұрап қайтесің, балам?
– Біле жүрейін деп…
Мұсамен арадағы достығының арқасында Мұқаш туған өлкенің табиғатын, даланың тынысын, оның тылсым сырларын бала кезінен танып өсті. Алайда балалық шағының бейбіт күндері ұзаққа созылмады. Мұқаш он жасқа толған тұста ел басына ашаршылықтың қара бұлты үйірілді. Оның алғашқы нышаны-ақ қара күзде, ауқатты шаруалардың мал-мүлкі жаппай тәркілене бастаған кезден білінген еді. Елді жайлаған зобалаңның соңы қандай қасіретке ұрындырарын ол кезде ешкім де толық аңғара қоймаған.
Ауыл адамдарына қысқы азық-түлік пен малдың жемшөбін дайындауға жәрдемдесіп келген ТОЗ-дардың (Түсіндірме: КСРО кеңесінде жер-жерлерде құрылған «Товарищество по совместной обработке земли» деген ұйымдар) және кедейлер одағының жұмысы тоқтатылды. Олардың орнына жаппай ұжымдастыру науқаны басталды. Бұл науқан ғасырлар бойы көшпелі тіршілік кешіп, мал шаруашылығын күнкөрісінің өзегі еткен қазақтың қалыптасқан тұрмыс-тіршілігіне ауыр соққы болып тиді. Тіпті азын-аулақ малын бағып, күнін әрең көріп отырған қарапайым шаруалардың да қолындағы дүние-мүлкі тәркілеуге ілікті. Бір күнде-ақ кешегі күнкөріс қамына жараған мал-мүлік байлардың дәулетіне балап, иесінен тартып алынды.
Төретұмсық жұрты жаңа биліктің бұл зорлығынан бойын аулақ ұстауға тырысты. Қаһарлы жұт ауылдың қойын қақаған қыста қынадай қырып, жартысына жуығын жалмаған еді. Сонда да ел бір-біріне сүйеніп, сол ауыр қыстан аман шығуға күш салды. Бірақ көктем шыға ауылға шолақ белсенділер қаптап келіп, жұрттың берекесін тағы да қашырды. Төретұмсықтың малын түгендеп, бас-аяғын түгел санап шыққан соң, барын сыпырып алып кетті. Ашқылтым тірліктің азабынан көз ашпаған ауылды жартылай аштыққа ұшыратты. Ал бұған қарсылық білдіріп, наразылық танытқандардың үнін қызыл мандатын алға тартып, қамшы үйірген шолақ белсенділер күшпен басты. Қарсы сөйлегендерді сол жерде ұстап, белгісіз жаққа алып кетіп жатты.
Мұқаш, Мұса және олардың ағалары Исахан мен Жақия үлкендерге қолғабыс етіп, Қарасудан ілінгенше балық аулап, аштыққа алдырмаудың амалын жасады. Бірақ қара су мен қара нан қарынның аштығын баса алмады. Кеудені күйдірген аштық күн өткен сайын әлсіретіп, елдің еңсесін түсіре берді. Соған қарамастан, ауыл адамдары ертеңгі күннен күдер үзген жоқ. Ата-бабадан мирас болған салттан айнымай, қуанышын да, қайғысын да ортақ бөлісіп, тіршіліктің тауқыметін бірге көтерді.
Сол күндердің бірінде ауылдың сыйлы азаматы, мұғалім Айдархан мен оның көрікті жары Софияның кенже ұлы Нариманның шілдеханасы өтті. Көптен бері еттің дәмін татпаған ауыл жұрты сол күні алғаш рет тоқты сойып, ет жеді. Жастар ән салып, әзіл-қалжыңмен ауылдың көңілін көтеріп, думан құрды. Дәл осы думанның үстіне ауылдың атақты балуаны, әрі сауыққой, әрі әзілқой Балтабай келіп жеткен өкілді күлкімен қарсы алды. Оның жүзінде мысқыл, сөзінде әжуа бар еді:
– Төрге шығыңыздар, бүгін бізде ардақты Нариманның құрметіне жасалып жатқан той! Қымбатты қонақтарымыз үшін аянар ештеңеміз жоқ. Бар дүниемізді сіздерге бердік, түк қалмады. Ең соңғы тоқтының етін де бірге жеп, ортақ қазаннан қайнаған сорымыздың сорпасын бірге сапырып ішейік… – деп Балтабай абдырап қалған аудандық төтенше уәкілдердің алдында тұрып, езу тартып мысқылдағанымен, көздерінде ғасырлардан бері келе жатқан төлеңгітке тән өшпес кек лапылдап жатты.
– Мазақты қой! – деп ақырды бас өкіл. – Той тойлап жатырсыңдар ма? Ауыл адамдарының тізімі неге әлі күнге дейін колхозға тапсырылмаған?
Осы кезде Қанапия қажы ауылға үш мәрте келіп, елдің мазасын алған паңсыған өкілді оңаша шақырып алып, оған салық жинаушылар туралы баяғы бір аңызды айтыпты:
– Ертеде салық жинаушылар елге алғаш келгенде, жұрт жылап-еңіреп, алым-салықтың тым ауыр екенін айтып, билеушіге шағымданады. Арада біраз уақыт өткен соң, салықшылар әміршінің бұйрығымен тағы да келіп, елден алым жинайды. Бұл жолы халықтың зары бұрынғыдан да ащы шығады. «Енді бөліп берер ештеңеміз қалған жоқ, соңғы түйірімізге дейін алып кетті», – деп билеушіге тағы да мұңын шағады. Бірақ әмірші халықтың сөзіне сенбейді. Сөйтіп, үшінші рет салық жинаушыларды аттандырады.
Бұл жолы ел салықшыларды көз жасымен емес, күлкімен, шат-шадыман көңілмен қарсы алады. «Бізде енді ештеңе қалған жоқ!» – дейді олар көздеріне жас ала тұрып күліп. – «Барып әміршіңе осыны жеткіз. Бізден алар барын алып болды!»
Салық жинаушылар елден ештеңе өндіре алмай, құр қол қайтады. Көрген-білгенін түгелдей билеушіге баяндайды.
– Сонда олар сендерді қуанып қарсы алды ма? – деп сұрайды әмірші.
– Иә, тақсыр, қуанышпен, шат-шадыман көңілмен қарсы алды, – дейді салықшылар.
– Ендеше, расында да, оларда ештеңе қалмаған екен. Енді оларды мазаламаңдар. Өз күндерін өздері көрсін, тіршіліктің қызығын көрсін, – деген екен сонда билеуші.
Өкіл көзін сығырайта күлімсіреп, айналаға бір шолып шықты да:
– Қызық аңыз екен, ақсақал. Мұнымен ауылдарыңызда түк қалмағанын, сондықтан жұрттың қайғырудың орнына қуанып жүргенін меңзеп отырсыз ғой. Бірақ мына маңға қарасам, жылқыларыңыз жайылып жүр, қозылы қойларыңыз да күн көзіне қыздырынып жатыр екен, – деді.
– Бұлар – бізде қалған соңғы тұяқ қой. Жігіттер атсыз, малсыз қала ма? – деп жауап берді Қанапия қажы.
– Жекеменшік шаруашылықтың көзін түбегейлі жою керек. Сонда ғана жұрттың бәрі колхозға кіруге мәжбүр болады. Ал колхозда мал да, астық та – бәрі ортақ. Оның үстіне, мына Төретұмсықтағы хан-сұлтандардан қалған ұяларыңды да түп-тамырымен қопарып тастаймыз! – деді өкіл тісін қайрап.
– Мына ағаштарды да ма?.. – Қанапия қажы Қарасу жағасында жайқалып тұрған алып талдарды нұсқады.
– Ағашты да, киіз үйлерді де, қыстауларды да бәрін тастаймыз, біз колхозды бабаларыңыздың көзі тимеген мүлде жаңа жерде құрамыз, – деп өкіл қасына еріп жүргендермен бірге қатты қыстан кейін азайған жұрттың мал-мүлкін қайта санауға бет алды. Ауыл адамдары шілдехананы тастап, әрқайсысы өз үйіне, тәркілеу құрығынан аман қаламын ба деген дәмемен баспаналарына қарай асықты. Алайда сол кеште ешкімді де, ештеңені де әкеткен жоқ, тек қолда бар малдың басын түгел тізімге іліп, жоғалған әрбір қой мен жылқы үшін үй иесі басымен жауап беретінін, тіпті қамауға алынатынын қатаң ескертті. Сөйтті де өкіл қасындағы нөкерлерін ертіп, шілдехананың жайылған дастарқанынан дәм де татпастан жүріп кетті.
Албырт Балтабай мен оның құрдасы Жүсіпбек және тағы біраз ауыл жігіттері ешкімнің сөзіне құлақ аспастан, жұпыны дүние-мүліктерін арбаға тиеп, аттарын жекті де, қоштасарда: «Бізден хабар күтіңдер», – деп Омбы жеріне қарай бет түзеді. Төре-Тұмсықта бар болғаны он шақты түтін ғана қалды; олардың маңдайына ендігі жерде тек бір Алланың мейірімінен ғана үміт күту жазылған еді.
Бір күн өткен соң кешкісін атқа мінген ГПУ (Түсіндірме: орыс тілінде «Государственное политическое управление») адамдары сау етіп жетіп келді де, Қанапия қажы мен ауылдың хат танымайтын молдасы Нәжікенді алып кетті. Қанапия қажы тек үш баласын Мұқаштың әжесі Зүбәйкенің үйіне апарып тастауға ғана үлгерді, өйткені балалардың анасы осыдан бірер жыл бұрын аурудан көз жұмған болатын.
Көп ұзамай Нәжікен молданы Ертістен босатып қоя берді, ал Қанапия қажыны айдауылмен тура Керекуге алып кетті. Кейін Төретұмсық ауылына біреулер арқылы жеткен хабарға қарағанда, қажы көп кешікпей сол жақта дүние салыпты – дерт меңдеді ме, әлде тағылған айыптың ауырлығына жүрегі шыдамады ма, әйтеуір, ақ әктастан өрілген, атышулы Павлодар абақтысында көз жұмған екен.
Әкелерін тұтқындап әкеткен күннің ертеңіне үш ағайындының үлкені Жақия бауырлары Исахан мен Мұсаны Төретұмсықтан алып кетуге бел байлады. Мұқаштың әжесі Зүбәйке көзінің жасын көлдетіп, жоқтау айтып отырып, балаларды тоқшылықтың мекені саналатын Омбы шаһарына аман-есен жетсін деп ақ батасын беріп, жолға шығарып салды. Арада тағы екі күн өткенде, ауылдың қолда қалған азын-аулақ малы түгел тәркіленіп әкетілді. Сонда ауылдың ер-азаматтары – Қыпшақтың Жарымбет пен Күрлеуіт тармақтарынан шыққандар, сондай-ақ төре тұқымдары – әйелдерге қолдағы жұпыны дүниелерін буып-түйіп, Омбы облысының оңтүстігіндегі Марьяновкаға көшуге әзір отыруды тапсырды. Ол жаққа төлеңгіт Балтабайдан хабар жеткен еді. Мұқаш пен ауылдың өзге балаларын кешкілік Қарасу жағасына барып, балық аулауға, жағалауда екі-үш жерден от жағуға жұмсады. Ал үлкендер болса, Төретұмсықтың бар дәмдісін жинап, қолдан келгенше азық-түлік әзірлеп, үш жігітті түн жамылып жолға шығуға қамдады.
Ауылдан көшетін жұрттың бәрі Қарасу жағасына жиналды. Туған жерімен қоштасқан әйелдер үнсіз егілді. Бірі жүрекке салмақ түсірген жоқтауын күбірлеп айтса, енді бірі көз жасына тұншығып, бәсең үнмен зарлады. Алаулаған оттың шоғы жүдеу жүздерді бір сәтке жарық қылып, олардың жүзіне түскен қайғыны одан сайын айқындай түскендей. Қазандарда су ғана бұрқ-сарқ қайнап жатты. Жұрт әлдебір хабарды, әлдебір сәтті күткендей еді. Мұқаш болса, өзімен жасты балалармен бірге түн ішінде қармақпен аулауға келмейтін балықты неге аулап жүргенін түсіне алмады. Оның үстіне, ауды таң бозынан екі-үш рет қана салып, қайта жинау керектігі де оған жұмбақ көрінді. Кенет Беловодное мен Ертіс жақтан Қарасуды бойлай ескі, тозығы жеткен қайық үн-түнсіз сырғып келіп, жағалауға таяды. Қайықтың алдында бір, артында екі жігіт тізеден келетін салқын суды кешіп, оны су түбінен итеріп келе жатты. Қайықтың іші сүйегі сылынып алынған етке толы екен. Әйелдер ештеңе сұраған жоқ. Үнсіз ғана етті түсіріп алып, қайнап жатқан қазандарға салды.
Бұдан бір жарым сағаттай уақыт өткен соң, түн қоюланып, аспандағы жұлдыздар ғана әлсіз сәуле шашқан шақта, Қанапия қажының рухына және әр әулет пен әр тайпадан бақилық болған барлық марқұмдарға арналып Құраннан ақтық дұға-аят оқылды. Бұл көшіп бара жатқан Төретұмсық жұртының соңғы асы еді.
Бұдан бірнеше жыл өткен соң, Мұқаш Шарлақ станциясындағы жеделдетілген облыстық қазақ мектебінде оқып жүрген кезінде сол түнгі оқиғаның мәнін әлгі жігіттердің бірінен естіп білді.
Ауыл ақсақалдары бұл жауапты іске ел ішіндегі ең қайратты, ең сенімді деген үш жігітті іріктеп алған еді. Қарттар Алладан медет тілеп, үшеуіне ақ батасын беріп, түн жамылып жолға аттандырды. Бұл – елдің аштан қырылып қалмауы үшін тәуекелге бел буған, өзгеше бір барымта болатын. Арқандары мен пышақтарын сайлаған жігіттер түн қараңғылығына сіңіп, көзден ғайып болды. Олар Ертістің сол жағалауын бойлап, үн-түнсіз ұзақ жол жүрді. Жаяу жүрмеске амал жоқ еді: ауылда мінерге бір ат та қалмаған болатын.
…Тәркіленген жылқылардың қалың үйірі Беловодное дейтін ірі қоныстың шетінде күзетіліп тұрған. Бұл үйірді ертең таңсәріде әрі қарай – Ертіске қарай айдап әкету жоспарланған. Жігіттердің әрекет етуіне тек осы соңғы түн ғана қалған еді, өйткені бүкіл ауыл оларды Қарасу жағасында тосып отыр. Жылқылар түйсігімен өз ауылының адамдарын танып, үрікпеді. Досжан бір бедеу байталдың тұсауын ағытып, мойнын аялай сипап, құлағын қасыды да, құрықты еппен тастап, үйірден сыртқа үнсіз жетелеп алып шықты. Күзетші бықсыған оттың басында қалғып отырған. Оянған күннің өзінде-ақ мойнына Қабыш есімді жігіттің қыл арқаны бірден оралар еді. Ал үшінші жігіт – палуан Нығман (осы оқиғаның жай-жапсарын кейін Мұқашқа айтып берген сол) Ертіс жағасында күтіп тұрған еді. Ол үйірден үш жүз метрдей қашықтағы қалың тоғай арасына тақтай мен жидеден құрастырылып, бірнеше арқанмен бекітілген жалпақ сал мен ескекті шағын қайықты әзірлеп қойған. Жағаға иіле өскен ағаштардың бұтақтары ағын суға төніп, салды да, Нығманды да бөтен көзден жасырған. Қырғауылдың үніндей белгі берілгенде, Нығман дала үйрегінің дауысымен жауап қатты. Көп ұзамай Досжан мен Қабыш ноқталап жетектеген дөнежін байталды алып келді. Жігіттер оның аяқтарын арқанмен шалып, үшеулеп салдың үстіне жатқызды. Балуан Нығман бар денесімен жылқыны тырп еткізбей басып жатса, Қабыш пен Досжан кеуделеріне дейін суға түсіп, салды екі жағынан ұстап, содан соң биенің аяқтарын салма арқанмен мықтап шандып байлады. Басын Құбылаға қаратып, ішінен дұға оқыған Досжан биенің керілген кеңірдегін кездігімен орып жіберді. Өлім алдындағы ышқыну мен жан тәсілім етіп қорқыраған дауыс ұйықтап жатқан Беловодное ауылының иттерін шулатты. Үрімпаз иттердің үні әлденеше минут бойы тыйылмады. Бұл жігіттер үшін қолайлы сәт еді. Досжан әлсірей бұлқынған биенің тамағынан ыстық қан ағызып жатса, Нығман мен Қабыш қайықты сүйретіп, кең өзеннің ортасына қарай бағыт алып келеді. Олар жалпақ Ертісті бойлай жүзіп, жолай етті сүйегінен ажыратып, мүшелеп, тар қайыққа тиеп алды. Қарасу басталатын тұсқа жеткенде, Нығман мен Қабыш салды тоқтатып тұрды да, Досжан етті мүшелеп болды. Сүйектер мен қабырғалардың бәрін салдың үстіне жинап, биенің терісімен жапты. Содан кейін салды Ертістің қақ ортасына қарай ағызып жіберді. Қасиетті де қарт өзеннің екпінімен Ресейдің Омбы өңіріне, одан әрі терістікке қарай ұзай берді.
Ал жігіттер сәл тынығып, ес жиған соң, бие еті тиелген қайықты жетектеп, Қарасуды өрлей кері қайтты. Олар Шарлақ пен Марьяновкаға көшуге қамданып жатқан Төретұмсық ауылының адамдарына бет алған еді.
Кейін Мұқаш Нығманнан сол оқиғаның мән-жайын сұрап:
– Сол түні бізді, балаларды, неге балық аулауға әдейі жұмсадыңдар? – деген екен.
– Керек болғанда: «Балық аулап, сорпа қайнатып отырмыз», – деп айта салсын деген оймен солай істедік, – деп жауап беріпті Нығман.
– Ал қайық ше? Онымен ізге түсіп, бәрін тауып алуы мүмкін емес пе еді? – депті Мұқаш сөзін жалғап.
– Қайықты ағыспен ауылдан бірнеше шақырым жерге дейін алып барып, қалың қамыстың арасына аударып, батырып жібердік.
– Ал сал ше? Оны тауып алмай ма?
Нығман иығын қиқаң еткізіпті.
– Бұл қылмыс емес пе? – депті Мұқаш тағы да.
– Біз ақсақалдардың аманатын орындадық. Көшер алдында ауылды аман алып қалдық, – деп қысқа қайырыпты Нығман.
Сол бір ауыр да азапты жылдары талай қазақ отбасы ата қонысын тастап, Ресей жеріне босуға мәжбүр болды. Бірі Түменге, енді бірі Новосібір облысына, тағы біреулері Алтай өлкесіне қарай көш түзеді. Қыпшақтың Күрлеуіт пен Жарымбет аталарынан тараған жұрт та Төретұмсық ауылының төрелерімен бірге Қызылағаш болысынан үдере ауып, Омбы облысындағы Шарлақ ауданы мен үлкен Марьяновка селосына барып қоныстаныпты.
Ұжымдастыру дауылы салған жараның беті арада жылдар өткен соң ғана біртіндеп жазыла бастады. Уақыт озды, ел тұрмысы да оңалды. Бұған жергілікті жұрттың – орыс, татар және отырықшы тіршілікке бейімделген өзге де ағайындардың түсіністігі мен жанашырлығы аз септігін тигізген жоқ.
Қоныс аударып келген отбасылардан мал бағатын бригадалар құрылды. Жас жігіттердің көбі әртүрлі курстарды бітіріп, бастауыш мектептің емтихандарын жеделдетілген бағдарлама бойынша тапсырған соң, Шарлақ станциясы мен Марьяновкадағы орыс және қазақ мектептерінде оқуын жалғастырды. Одан әрі Омбы, Свердловск, Новосібір қалаларындағы жұмысшы факультеттеріне (рабфактарға) түсіп, білімдерін тереңдетіп, бұрынғы үзік-үзік алған білімдерін жүйеге келтірді.
Шарлақ станциясының іргесіндегі Шарбақкөл ауылы негізінде күндізгі және кешкі бөлімдері бар Омбы облыстық қазақ мектебі ашылды. Мұқаш бұл мектепті отызыншы жылдардың соңында тәмамдады. Ол оқуын теміржол станциясында жол жөндеуші болып жұмыс істей жүріп оқыды.
Мұқаш ата-анасынан ерте айырылған еді. Көшіп келген ауылдастарымен бірге тұрып жатқан әжесі Зүбәйке де қартайып, жиі сырқаттанатын. Көп ұзамай ол да дүние салды. Сөйтіп, Мұқаш бала күнінен тағдырдың тауқыметін жалғыз көтеруге мәжбүр болды. Өзге бозбалалар секілді Мұқаш та жастайынан еңбекке араласты. Құрдастарының бірқатары фермада, енді біреулері құрылыс артелінде жұмыс істеді. Алайда олардың бәріне ортақ бір қасиет бар еді: білімге деген құштарлық.
Оқытушылары мен мұғалімдерінің кейбірі өздерінен небәрі бірнеше жас үлкен болса, енді біреулері тіпті құрдас болатын. Сол себепті де Мұқаш ауыр балалық шағының куәсі – тарих пәнінің мұғалімі Мұса Қанапинмен кездескенде жүрегі ерекше толқып, қуанышқа бөленді. Бірде сыныпқа қою түсті костюм киіп, галстук таққан жас жігіт кіріп келді де, тарих сабағын бастап кетті. Мұқаш оны көргенде орнынан атып тұра жаздады. Мұны байқаған Мұса жымиып, оған отыр дегендей ишарат жасады. Сабақ аяқталып, екеуі оңаша қалғанда, Мұқаш шыдамай, амандасу үшін екі қолын созып ұмтылды. Мұса оны құшағына алып, осы бір жасы үлкен шәкіртінің бойындағы сасқалақтық пен ұяңдықты лезде сейілтті:
– Амансың ба, құрдасым!
Сол кеште Мұқаш досы Мұсаны ертіп, станциядағы шайханаға барды. Екеуі шай үстінде ұзақ отырып, балалық шақтың қызықты күндерін еске алды. Көңілдері көтеріліп, бірде күліп, бірде өткен күндерді сағынышпен еске түсірді. Бұл кештің өн бойында өткенге деген аңсар да, алдағы өмірге деген асқақ үміт те қатар өріліп жатты.
Жақындарынан ерте айырылған жетімдер енді тағдырдың қатал соққысына мойып, дәрменсіздікке бой алдырған бозбалалар емес еді. Олар өмірден өз орындарын табуға ұмтылып, аяқтарын нық басқан, болашаққа сеніммен қарайтын жігерлі жастарға айналған. Кейде олардың көкейінде өздерін осындай өмірге жетелеген жаңа заманға деген ризашылық та қылаң беретін. Өйткені сол заман оларға білім алуға, кәсіп үйренуге, өз күндерін өздері көруге жол ашты. Бірақ қанша есейіп, өмірден өз орындарын тапса да, ешбір жетістік ата-ананың орнын толтыра алмады. Жүректерінің түкпірінде әке-шешенің мейіріміне, жылы құшағына деген сағыныш мәңгі сақталып қалды.
Жастық шағының тұстасына айналған жаңа билік оларға бірде қаталдық танытып, бірде үміт сыйлағандай еді. Заманның осындай екіұдай сипатын олар өз бастарынан өткерді.
Әңгіме арасында Мұса да Мұқашқа өзінің басынан өткен ауыр күндерді баяндап берді. Әкесі Қанапия қажыны Ертіс жаққа алып кеткен сол бір жазғы түнде ағалары Исахан, Жақия үшеуі Керекуге қарай қалай жолға шыққандарын есіне алды. Жол бойы орманнан бүлдірген, таңқурай, қойбүлдірген мен қарақат теріп қорек етті. Ертістен балық аулап, жүрек жалғады. Ақыры Қызылқұдық селосының айлағынан пароходқа білдірмей мініп, Керекуге – Павлодарға жетті. Үлкен қалада олар жазғы базарды жағалап, саудагерлерге ауыл шаруашылығы өнімдерін сатуға көмектесті. Қияр, қызанақ, шемішке, жұмыртқа мен құс сатып, күнелтті. Тапқан-таянғандары ішіп-жеулеріне әрең жететін.
Балалар әкелерінің хабарын білу үшін тас түрменің қабырғасына талай рет келді. Күзетшілерден Қанапияның жайын сұрағанымен, ешкім дұрыс жауап бермей, оларды қуып жіберетін. Бір күні түрме қызметкерлерінің бірі болса керек, жасы келген мейірімді әйел сыртта жүрген балаларды көріп, аяушылық білдіріп, әкелерінің аты-жөнін біліп алды да, олардың жағдайын анықтап беруге уәде етіпті.
Олар әйелді түрме кіреберісінде күні бойы күтті. Әйел сыртқа шыға бергенде, үшеуі де алдынан жүгіріп шығып, жүзінен жауап іздегендей үнсіз телмірді. Ол ауыр күрсініп, көзін тайдырып әкелерінің бұл түрмеде жоқ екенін, енді қайда екенін де біле алмағанын айтты.
Мұса әкесінің тағдырын көп жыл өткен соң, Марьяновкада жүргенде ғана білді. Төретұмсықтан барған ақсақалдардың шала-пұла әңгімесінен әкесі Қанапия қажы Шыңғысовтың бақилық болғанын естіді. Сонда ғана әлгі әйелдің неге көзін тайдырып, балаларға тіке қарай алмағанын түсінді. Сөйтсе, ол Қанапия қажының о дүниелік болғанын сол кезде-ақ білген екен. Бірақ жетімектерге қаралы хабарды айтуға дәті бармаған болар. Өйткені сол кезде олардың үлкені Жақияның өзі енді ғана он екіге толып, мүшел жасқа аяқ басқан жеткіншек еді.
Жақия, Исахан және Мұса Омбыға қарай көшіп бара жатқан орыс саудагерлерінің арбасына ілесіп, әупірімдеп Шарлақ пен Марьяновкаға зорға жетіпті. Көп ұзамай Жақия ауқатты бір артельшінің шаруашылығына малшы болып орналасты. Ал Мұса мен Исаханды Омбыдағы балалар үйіне тапсырған. Мұса осында мектепті бітіріп, кейін Свердловскідегі жұмысшы факультетіне (рабфакқа) аттанса, сегізжылдық мектепті тәмамдаған Исахан Жақияның қасына барып, шаруасына қолғабыс етті. Алайда бауырлардың басына түскен ауыртпалық мұнымен де толастамады. Көп ұзамай Жақия туберкулезден қайтыс болды. Исахан малшылық жұмысын жалғастырды. Кейін Мұса Омбы педагогикалық институтына түскенде, кенже інісінің оқуына қаржылай көмектесіп, қолынан келгенше демеп отырды.
Мұса Мұқашпен кездескенде Омбыда оқи жүріп, жазғы және күзгі мезгілде Шарлақ станциясындағы облыстық қазақ мектебіне келіп, тарих пәнінен сабақ беретінін айтты.
– Шәкірттерімнің арасында әйгілі палуан Қажымұқанның қызы Софья да бар, – деп Мұса мақтанышпен әңгімесін жалғады. – Палуанның өзі оны он екі жасында осында ертіп әкелген еді. Қыз денелі, мығым екен. Сонда Қажымұқан: «Ұлдарымның ешқайсысы бойы мен дене бітімі жағынан маған тартпаған. Тек осы қызым ғана маған ұқсапты. Оқытып ал, мұғалім-бала!» – деп маған аманаттап кеткен болатын.
– Ал, Мұсажан, әнші-ақын Исаның Төретұмсыққа келгені есіңде ме? – деп Мұқаш әңгіме арнасын басқа жаққа бұрды.
– Қалай ұмытайын, ол бір емес, бірнеше рет келген еді. Оны алғаш рет 1927 жылы, әлі бала күнімде, алыс жиен-туысымыз Әбіштің үйінде көрдім. Ал екінші рет, 1929 жылы Шұңқыркөл жайлауында жолықтырдым. Ол жолы Иса ақын қазақтың қайталанбас әншісі Әміре Қашаубаевпен бірге келген еді. Ең соңғы рет отызыншы жылы, Төретұмсықта ашаршылық басталар алдында Айтмағамбеттің киіз үйінде көрдім. Егер алғашқы кезде Иса ақын теңдесі жоқ әнші-импровизатор болып көрінсе, кейінгі кездесулерде оның актерлік талантын да, шешендік өнерін де байқадым. Халқымызда «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген мақалдың айтылуы тегін болмаса керек. Иса аға қазір Алматыда театрда өңіріміздің атын асқақтатып жүр. Мұқаш, саған шын жүректен кеңес берейін, мектептегі оқуыңды тезірек аяқта, кейбір пәндерді экстернмен тапсырып, былтыр ғана Қызылжарда ашылған мұғалімдер институтына рабфак арқылы түс…
Мұса Қанапиннің осы бір ақыл-кеңесімен Мұқаш бастауыш мектептің курсын жеделдетіп аяқтап, артынша рабфак арқылы Петропавл мұғалімдер институтына түсті, бірақ онда бір жылдай ғана оқыды. Соғыс басталып, ол алғашқы шақыртумен майданға аттанып кетті.
V
Олар Бекеннің үйіне сағат бірлер шамасында жетті. Аттың айыл-тұрманын шешіп жатқанда, Мұқаш Бекен мен әйелі Шырынға үнсіз ғана сәлем берді. Майдандас досының мазасыз жүзін көргенде-ақ, кеше түнде Асхаттың кешігіп келіп, тарантасы мен атын осында қалдырғанын, түнді осында өткізгенін, ал таңертең ұзақ жолдан болдырған өз атын тынықтыру үшін Бекеннің арбасына мініп, Мұқашқа қарай бет алғанын пайымдады.
Сірә, Асхат кеше қоралы қоныста Бекен екеуінің соғыс жылдарынан бері сыралғы достар екенін білмей, артық сөз айтып қойған болуы керек. Мұқаш Бекеннің түйілген қабағы мен қадала қараған жанарынан оның көкейінде бір әңгіме жатқанын аңғарды. Шопанның сол сөзді айтуға оңтайлы сәтті күтіп жүргенін де іштей сезді.
– Иә, міне, атым да дер кезінде тынығып алды, қазір бір кесе шай ішіп алайық, арбама жегіп өзіңді аудан орталығына желдіртіп жеткізіп тастаймын, бәрібір онсыз да он алты-жиырма шақырым ғана қалды ғой, ал сен әзірге демалып, папиросыңды шеге бер.
Асхат ұйып қалған аяғын уқалап, қораға кіріп шолақ қасқа атын көзбен шолып шықты, содан соң жонынан сипап қойып, риза кейіппен тіл қатты:
– Жақсы екен!..
– Құр шайды қайтесіздер? Отырып демалыңыздар, мен қазір тоқты соямын, – деп Бекен үй иесі ретінде өтіне бастады.
– Колхоздікі емес пе? – деді Асхат сезіктене түсіп.
– Ей, колхоздікі несі? Не болса да, әрбір шопанда өз қолында жүрген бес-он тоқты-торымы болады ғой. Қонақ келгенде бір қойды аяушы ма едік? Жас еттен ауыз тиесіздер, екі-үш сағаттан кейін жолға шығарсыздар.
– Рас айтасың, түс ауып барады, асығыңдар.
– Қазір-ақ, старшина жолдас, азғана мызғып алыңыздар, қазір әйелге айтайын, киіз үйге төсек салып, айран әкеліп береді.
Мұқаш папиросын шегіп болған соң, старшинадан Бекенге көмектесуге рұқсат сұрады. Асхат жасыл көзін сығырайта күлімсіреп, әзілдей тіл қатты:
– Тек тағы да бірдеңені бүлдіріп жүрме!
Мұқаш Бекеннің соңынан қораға қарай асықты. Қораға кірген соң, соғыстан бері талай қиындықты бірге өткерген майдангер достар құшақтасып көрісті. Сәлден кейін Бекен досына айналадағыларға естіртпей, жағдайды сыбырлап айта бастады:
– Балалар үйінің мұғалімдерінің бірі сен туралы жоғарыға арыз жазыпты, география сабағында балаларға өтірік айтасың депті. Екеуміз соғыста болған елдерді, ондағы өмір сүру салтын мақтайды екенсің. Ол жақтағы жұрт бізден жақсы өмір сүреді дедің дей ме. Мұның бәрі оқулықта жоқ көрінеді. Маған бұл сөзді кеше түнде әлгі старшина арақ ішіп отырып айтып қойды, мен тезірек жетіп ескертейін деп едім, таңсәріде жолға шығып кетті, кешір мені, Мұқаш.
– Ей, неменеге алаңдайсың? Егер керек болса, өз сөзіме өзім жауап беремін. Тек Хадишаны ғана ойлап жүрексінемін. Мен ақталып шыққанша оған қиын болар. Ал арыз жазған кім екенін өзім де іштей сезіп жүрмін. Ол – әлгі ішіп алғаннан басқаны білмейтін, сауаты жоқ сорлы мұғалім Сәттар ғой. Оның жазған әр сөзінде екі-үш қате жүреді, тіпті ішкен ішімдігінің мөлшеріне қарай картадағы елдердің орны да өзгеріп сала береді. Мектеп директоры жұмыстан қуған соң, қазір пошташы болып жүр. Міне, марка мен конверт қолында тұрған соң, арыз жазудан басқаға жарамай жүргені сол. Сен, Бекен, маған бола алаңдама. Егер қажет болса, облыс орталығына барамын; онда мен саған талай рет айтқан Мұса Қанапин жүр ғой, соғыстан оралғандарды қарсы алу тойында өзің де көрген едің ғой. Ол кезінде мектеп директоры болатын, қазір облыстық халық ағарту бөлімін басқарады. Бәрін де жасырмай, шындығын өзіне айтамын. Ол мені жамандыққа қимас, өйткені мен де осы саланың адамымын, өзім де соған бағынамын ғой. Одан да, Бекен, мына старшина үшін мал сойып әуре болмашы. Менің айдауылға әптер-тәптер болып, сый-құрмет көресететіндей ол соншалықты қадірлі адам емес…
– Мұқаш-ау, бұл не дегенің, сонда мен оған жағынады деп ойлайсың ба? Оның маған түк те керегі жоқ. Сен мен үшін бәрінен де қымбат, төрдегі қадірлі қонағымсың. Майданнан келген қадірлі дос емеспісің. Қойды қойып, бұл жолы саған бола жанымды да аямас едім. Шындық пен әділдікті іздеп жолға шығып барасың ғой, – деп Бекен көңілі босай сөйледі. – Ежелгі ата-баба жолымен жолың болып, ісің сәтті болсын деп бір мал сойып, құрбандық шалғым келгені ғой.
– Біріншіден, мен өз еркіммен бара жатқан жоқпын, айдауылым бар. Әуелі сенің арбаңмен әкелді, одан әрі таратайкамен (Түсіндірме: Екі доңғалақты жеңіл ат арба) апармақ. Ал екіншіден… – Мұқаш мұртының ұшын тістеп, мұң аралас жымиды. – Бар болғаныңа рақмет, Бекен! Осы жылдар бойы мен білетін баяғы қалпыңнан айнымағаныңа, мына жалғанда аман-есен жүргеніңе рақмет…
Ол кенет әлдебір маңызды нәрсені есіне түсіргендей, көзінің қиығымен жымиып, майдангер досының иығынан қақты.
– Егер шынымен құрбандық шалғың келсе, өтінемін, Бекенжан, бір семіз қошқарды алып соқ.
– Қошқарды?!
– Иә, тек қошқарды.
– Есің дұрыс па? Қошқардың еті қатты болады, оның үстіне күйекте жүрген мал. Сорпасы да сасық келеді. Мұны қой соңында жүрген жас шопанның өзі біледі. Ал менің қой баққаныма қанша жыл.
Бірақ Мұқаш іштей жымиып қойып, Бекенге баласының көрген бейнетін әңгімелеп берді. Әңгіме үстінде шопан досынан қошқардың сақасын алып беруге уәде еткенін де қалжыңмен қоса кетті.
Бекеннің әйелі, ақкөңіл Шырын кірді. Мұқашты құшақтап амандасқан ол Бекенге күле тіл қатты:
– Не болып қалды? Мал таңдай алмай жүрмісің? – Асхатты мысқылдай қайталап, – байқа, колхоздың малымен шатастырып алмағайсың, – деп қосты.
Шырын лезде райынан қайтып, Мұқашқа мейірлене тіл катты:
– Менің құрбым Хадиша қалай тіршілік етіп жатыр? Қызы мен кішкентай бұзық Байтас қалай?
– Тәуір. Аман-сау жүр.
– Алда, байғұстар-ай, – Шырын көзіне жас алып, – бұлар енді қайтіп күн көреді? – деп мұңайды.
– Жылай берме! – Бекен қатқыл үнмен тыйып тастады да, дауысын бәсеңдетіп сыбырлай сұрады: – Әлгі қалай? Ұйықтап жатыр ма?
– Ұйықтады.
– Арақ ұсындың ба?
– Ұсынбағанда ше. Өзі сұрады. Бір стақан ішті де, артынан бір үлкен тостақ айранды төңкеріп салып, қазір ұйықтап жатыр.
– Бәрекелді! – деді Бекен көңілі толып. Енді бұл мақтаудың әйелі Шырынға арналғаны ма, әлде старшина Асхатқа айтылғаны ма, ол жағы беймәлім еді.
– Малдың жайын өзіміз де білеміз, алаңдама, қателеспеймін, колхоздың малымен де шатастырмаймын. Сендер жақсылап тұрып, Шырын, мына бір күрделі мәселені шешуге көмектесіңдерші.
Бекен Мұқаштан естіген жайды қысқаша айтып берді.
– Мұнда ойланатын не бар? – Шырын екі қолын бірдей жайып жіберді. – Егер мына милиционерге керек болса, қошқардың сасық, сірідей етін бере сал. Ал біздің қадірлі Мұқашымыз бен оның көз қуанышы – кішкентай Байтасына ірі ісек сойған жөн. Оның үстіне оның асығы қошқардікін былай қойғанда, нағыз құлжанікіне пара-пар шығады. Әй, сендер асық ойнауды да ұмытқансыңдар-ау.
– Әйелдің сөзін тыңда, бірақ керісінше істе, – деп Бекен жымыңдады да, – Бұл жолы әйелдің сөзінің жаны бар, – деді.
– Менің сөзім үнемі дұрыс! – Шырын Бекеннің сөзін бөліп жіберді де, қорадан шығып кетті.
Колхоз шопаны Бекеннің қорасында бірнеше қора болып, онда қой отарлары қыстайтын, ал көктемге қарай төлдейтін мезгілде қозыларға арналған жатақтар, сондай-ақ қой қырқатын және маусымдық сауын жұмыстарына арналған жабдықтар орналасады; мұндағы көп сиырдың сүтімен бірге ел игілігіне қажет ірімшік пен құртты да уақытылы дайындап отырады. Қошқарларды отардан оқшаулау бөлек қорада ұстайтын. Өйткені күйек науқаны туғанда қойға қосуға екі-үш таңдаулы аталық мал қажет болатын. Олардың ішіндегі ең асылдарын қалдырып, кейбірін ертерек піштіретін. Осылайша кестірілген мал ісек атанып, жаз бойы шүйгін шөп жеп, қоңданып, май жинайтын. Ісек етінен жасалған сорпа өте дәмді әрі қуатты болатын, ал етінің өзі қошқардың қатты етіне ұқсамай, жұмсақ әрі тез езіліп пісетін.
Қой-қотандарда әдетте бірнеше туысқан отбасылар бірге өмір сүріп, қысы-жазы, көктем мен күзде де мал бағудың бейнеті мен зейнетін бірге көтеретін. Тіпті қыс бойы интернатта не пансионатта оқыған балалар да жаз шыға ата-анасына, ауылға оралып, жайлау мен қыстауларға барып, оқу жылы басталғанша ауыр да бейнетті мал шаруашылығына қолғабыс ететін.
Бұлардың арасындағы бас шопан – Бекен еді. Міне, қазір де ол семіз ісектің басын қапталына қарай иіп, бата оқыған болып, құрбандыққа шалды. Артынша басын бөлектеп, сирақтарын кесіп тастады да, серкенің артқы аяғының тірсегінен тобылғы таяқ өткізіп, ұшаны жоғары көтерді. Мұқаш оған малдың ұшасын қораның аласа төбесіндегі сырыққа жіппен шалып, мықтап байлауға көмектесті. Бекен тері мен еттің арасындағы шел-май қабатын бармағымен ажырата отырып, терісін сыпыруға кірісті. Он минут өтер-өтпесте Бекен мүшеленген етті жүн жағын төмен қаратып төселген таза терінің үстіне тізіп шықты.
Осы кезде қораға арбакеш пен Шырын темір тегене көтеріп кірді. Бекен малдың басын нұсқап, арбакешке оны жақсылап отқа үйітіп алуды тапсырды. Шырын қазанға салатын кәделі мүшелерді іріктеп жүріп, өрнектеліп тоқылған шағын дорбаны ұсынды:
– Мынау кенжеңе деген базырлығым. Интернатта өзім тәрбиелеп жүрген балалардың жинаған шитімектері (шүкейттері). Ертең-арғы күні Бекен апарып береді. Алаңдама, қолым қалт етіп жұмыстан босай салысымен өзіміз-ақ беріп жібереміз.
– Мен кеней асық қана емес, құлжа мен нағыз сақаны да, тіпті біреуін қойып, бірнешеуін көрші ауылдар мен қораларды аралап жүріп тауып әкелемін, – деді Бекен қостап. – Жалғыз тұяғыңның көңілі күпті болмасын, мұрагеріңнің керегін түгел сайлап беремін. Міне, мына құлжаны ала кет – қалағанынша ойнасын, нағыз сақаның өзі!
Бекен Мұқаштың алдына қойдың екі артқы санын тастады. Мұқаш Бекеннің бәкісін сұрап алды да, қойдың асықты жілігін ортанжіліктен ажыратып, буынын бұза бастады. Бекен болса, қуырдаққа арнап ішек-қарыннан бауыр мен бүйректі тазалап, Шырынға апарып берді. Сосын ошақтың отын көсеп, еті бүлкілдеп қайнай бастаған қазанның қасына келіп, Мұқаштың жанына жайғасты.
– Сақа мен құлжаны еті піспей тұрып, шикідей, жылы күйінде сүйектен сылып алған жөн. Сонда ғана ол қолға жатық әрі салмақты болып шығады. Өзің де білесің ғой, қазанға салып қайнатқан соң сүйектің майы мен сіңір-шеміршегі езіліп шығып кетеді де, сақа жеңілдеп, қаудырап қалады. Ал шүкейттерге баптың қажеті жоқ – қайнағаны не, шикісі не, бәрібір.
Бекен сөзін сабақтай отырып, Мұқаштың пышақ жүзімен оң жақ санның құлжа асығын қалай ептілікпен, мұнтаздай етіп аршып жатқанына сүйсіне қарады. Көзкөрген досымен қауышқан бұл кездесу оның жанын жадыратып, ерекше қуаныш сыйлағанымен, ішіндегі бір түйткіл сыр көкірегін өртеп, мазасын қашырып тұр еді. Бірақ оны сыртқа шығарып айтқысы келмеді; тек осындай бейқам әңгімемен досының көңілін аулап, мына қысталаң шақтағы ауыр ойын сәл де болса сейілткісі келді.
Әрбір қой мен ешкінің артқы санындағы тізе буынында қос кішкентай сүйек – екі асық болады. Бұл – ауыл балаларының ешқашан құны түспейтін, қызығы таусылмайтын төл ойын құралы. Сүйектің оң немесе сол аяқтан алынғанына қарай оны оңқай және солақай деп бөледі. Көшпелі дала халқының ғасырлар қойнауынан жеткен осы бір көне ойынын әр ауыл өз өрнегімен ойнайды. Дегенмен, кең тараған ең негізгі екі түрі бар: біріншісі – шеңбер ойыны, мұнда қойдың ұсақ асықтары (кенейлер) жерге сызылған дөңгелек шеңбердің ішіне қатар тізіліп, оны үлкен сақамен атып сыртқа шығару керек; екіншісі – тізбек (қатар) ойыны, мұнда шүкейттерді шеңберсіз түзу сызық бойына тізіп, қошқардың не құлжаның сақасымен көздеп атып түсіреді. Мұндай ойынды қазақ-орыс аралас отырған ауылдарда «азик» деп те атайды. Кенейлер үшін де, сақа үшін де асық ойынының ортақ, бұлжымас заңы мен қатаң тәртібі бар.
Сақа не құлжа тигеннен кейін асықтың жерге түсу қалпының өз атауы болады. Асық шұңқыр бетімен шалқасынан түссе – шік, дөңес жоны жоғары қарап етпетінен жатса – бүк. Егер соққыдан кейін ішкі ойығы жоғары қарап, қырынан тұрса – тәйке деп аталады. Ал сақа тізілген кенейлердің қатарын бұзып өтіп, ішкі ойығын төмен қаратып, қырынан тік тұра қалса – міне, нағыз алшы деген осы! Ауыл балаларының бұдан да бөлек аңсайтын бір арманы бар: ол – асықтың тұмсығымен не өкшесімен тік шаншылып, омпы түсуі. Мұндайда қатар тігілген асықтардың бәрі, тіпті өзге ойыншылардың шеңбер ішінде не сыртында жатқан ұпайлары да сол мергеннің қанжығасына байланады. Алайда мұндай сәттілік екінің біріне бұйыра бермейді. Кейде атқан сақаң тізілген асықтарды жапырып өткенімен, өзі бір бүйірінен жатып, алшы не тәйке тұрмай қалады. Сондықтан ауыл балалары көбіне сақаның алшы түскеніне де қанағат етеді. Әр ауылда мергендігімен аты шыққан, асық ойынының хас шебері саналатын балалар болады. Олардың арасында бағы жанған, қолы епті ойыншылар да кездеседі. Ел ондайларды: «Асықтың майын ішкен мерген» деп әзіл-шыны аралас мадақтап жатады.
Қазақ даласының әр өңірінде асық ойынының өзіндік ерекшеліктері мен түрлі атаулары бар. Дегенмен, шеңбер ішіндегі асықтарды атып шығару, сақа мен тоқты-торымның ұсақ асығы саналатын шүкейттің белгілі бір қалыпта жатуы, сондай-ақ сақаны көздеуге оңтайлы тұстан қою сияқты негізгі ережелері барлық жерде ортақ.
Кейде ойыншылар сақаның бүйір жағын ойып, қорғасын құяды, сөйтіп оны орнықты әрі ауыр салмақты етеді. Бұл әдіс сақаның табаны тайғанақтамай, алшы қалпына түсуіне септігін тигізеді. Өзге балалар да дәл осындай қорғасын құйылған сақалармен бәсекеге түседі. Кейбіреулер сақаның кішкене ойық тұсына қорғасын құйып ауырлатса, енді біреулер сақаның дөңес бетін қызыл бояумен не қынамен сырлап қоятын болған. Бұл – топ асықтың ішінен өз сақасын жазбай тану үшін жасалатын белгі.
Ойын басталар алдында барлық бала сақаларын бір уысқа жинайды. Содан кейін оларды жоғары иіріп, жерге шашады. Кімнің сақасы алшы түссе, ойынды сол бірінші бастайды, одан кейін тәйке, бүк, шік түскендер кезекке тұрады.
Ал ауылдың ересек бозбалалары мен жігіттері асықты бәске тігіп, ақшаға ойнайтын. Олар сақаларын иіріп тастап, түскен қалпына қарай ортаға тігілген пұлды сыпырып алатын не ұтылып қалатын. Мұндай қызу бәсекелерді талай жыл бойы ауыл шетіндегі алаңқайлардан жиі көруге болатын еді. Олардың арасында көздегенін мүлт жібермейтін нағыз саңлақтар да, жай ғана қызық қуған әуесқойлар да кездесетін…
Бекен әрбір оңқай мен солақай құлжаны кезек-кезек алақанына салып, қақпақылдап көрді де, қалың уысына қалай қонатынын байқап шықты.
– Иә, сенің ауылыңда бұларға тең келері жоқ!
– Саған артар бір аманатым бар: кенжеме міндетті түрде жеткізіп бер. Менің жайымды да, мектептегі жұмыстарымды да айтарсың. Мектеп шаруасымен демалыс орнына, яки Ақмолаға жүріп кетті деп хабардар ет.
– Алаңдама, Мұқаш. Сақаңды да, шүкейттеріңді де ертең-ақ табыстаймын. Ал бүгін, бір құлжаның бүйірін ойып, қорғасын құйып қояйын. Оның өз сыры бар: қорғасынды қай тұсына, қалай балқытып құюды білсең, өзге асықтарға қарағанда ылғи алшысынан түсетін болады. Бұл құпияны тіпті саған да тіс жарып айтпаймын…
Осы кезде қораға шашы ұйпа-тұйпа, кителінің өңірі желбегей ашылған күйі Асхат кіріп келді.
– Әй, маған шәйнектен су құйып жіберші, – деді ол Бекенге бұрылып. – Сосын менің атымды арбаға жектіріп қой. Бір сағаттан соң жолға шығамыз.
Асхат құлжаны қолына алып, әр қырынан мұқият айналдырып көрді де, қолымен бір иіріп барып, орындықтың үстіне қоя салды.
– М-м, тәп-тәуір дүние екен.
Оңқай құлжа қызғылт-күлгін реңімен, жұмырланған табанына орнықты қонып, отырғандардың бәріне өзінің әсем бітімін паш етіп тұрды. Оған көзі түскен әр адамның ойына алыста қалған балалық шағы оралды.
Көп ұзамай баздағы барша жан үлкен киіз үйдің ішіне жиналды.
Алдымен қазаннан жаңа түскен буы бұрқыраған қуырдақ әкелінді. Іле-шала ортаға екі адам әзер көтеретін үлкен ағаш табаққа салынған, үстіне сүбелі мүшелер қаланған, бетіне сары майы қалқыған тұздық құйылған нағыз қазақы ет тартылды.
Қостағы жұмысшы жігіттердің бірі Бекеннің көл-көсір дастарқанына сүйсіне қарап отырып, ет турауға кірісті. Қолын күйдіріп бара жатқан еттің ыстығына қарамастан, буын-буынынан еппен ажыратып, отырғандардың әрқайсысына жол-жоралғысымен кәделі жіліктерді үлестіре бастады:
– Сен жуырда ғана отау құрып, біздің ауылдан бір аруды жар етіп алдың ғой, – деді ол елге жақында ғана көшіп келген жас күйеу жігітке әзілдей қарап. – Мә, күйеу бала, мынау саған тиесілі төс!
Бұған дейін ол Асхаттың алдына ең кәделі мүше – майлы жамбасты үнсіз ғана қойған болатын. Ал арбакеш жігіттің сыбағасына жауырын мен екі-үш сүбе қабырға бұйырды. Үйге кіріп-шығып қызмет етіп жүрген әйелдер жағы өздеріне тиесілі мойын омыртқаны бөлісіп алып, мәре-сәре болып жатты.
Осы кезде Бекен отқа үйтіліп, тазартылып піскен қойдың басын шағын табаққа салып, екі ойлы кейіппен «Бұл киелі де жолы үлкен кәдені меймандарымның қайсысына – өкімет адамына ма, әлде қимас досы Мұқашқа ұсынарын білмей» сәл кідірді. Сөйтті де, іштей бір есеппен табақты Мұқашқа қарай ысыра қойды. Бекеннің бұл айласын қалт жібермей ұға қойған Мұқаш мұртынан мырс етті де, табақты Асхаттың алдына жылжытып, өзі жамбастың қалған етінен ауыз тиді.
Асхат Бекен мен Мұқаштың осы бір ілтипатын шын көңілмен қабыл алып, қойдың басын мүшелеп, кәде үлестіруге кірісті.
– Осы үйде бала-шағадан кім бар еді? – деп сұрады Асхат айналасына көз тастап.
– Тек бес жасар Сабыржан ғана бар, қалғандары ауылда не мектеп-интернатта жүр, – деп жауап қатты жас келіншек танауы пысылдаған кішкентай балақайды киіз үйге жетектеп кіргізіп.
– Кел, батырым, ала ғой, – деді Асхат қойдың бір құлағын кесіп ұстатып. – Менің қолымнан ал, өскенде өзім сияқты ел қорғайтын милиционер боласың.
Ал екінші құлағын Шырынға қарап, қулана жымиып ұсынып еді, Шырын да сөзден тосылмай, әзілмен жауап қайтарды:
– Құп, рақмет, тақсыр! – деді де, сорпа құйылған кеселерді әкелу үшін тысқа шығып кетті.
– Мен тақсыр емеспін! – Асхат майлы сұқ саусағын жоғары шошайтты. – Мен аудандық милиция бөлімінің старшинасымын, демек, маған старшина деген жөн, тақсыр емес.
Ол қойдың басынан тілін суырып алып, сәл ойланып тұрды да, Мұқашқа ұсынды:
– Мынау – өзіңді апара жатқан жерде сөзге шешен, тілді болуың үшін.
Мұқаш тілді үнсіз ғана алып, табақтың шетіне қоя салды.
– Ал мынау маған керек, – деді Асхат бас сүйектен көздің қарашығын ойып алып, – бәрінен де маңыздысы, көздеген мақсаттан мүлт кетпей, тура тигізу үшін. Ал мына екінші көз саған, Бекен, дәл қазір өзіңе де, мына отырған жұртқа да ауадай қажет!
Асхат қойдың миын ойып алып, Бекенге уыстап мипалау ұсынды.
Бекен Асхаттың не меңзеп тұрғанын бірден түсініп, арқа жақтан «Главспирттрест» деген ақ басты бөтелкені суырып шығарды. Үйге құрт қосып дәмделген сорпаны көтеріп Шырын кірді.
– Ет – етке, сорпа – бетке, – деді ол бұрынғы ел аузындағы мәтелді айтып, іші майға малынып қалқыған дәмді сорпа құйылған кеселерді ұсынды.
– Иә, сөйле, қожайын, – деп бұйырды Асхат арақ кішірек кеселерге құйылып жатқанда.
– Қадірлі меймандар, ардақты ағайындар, мына шалғайдағы қосымызға ат басын бұрып, шаңырағымызға құрмет көрсетіп, дәм-тұзымыздан ауыз тиюге келгендеріңізге мың алғыс! Мен көсем жолдас Сталиннің амандығы үшін, оның ортамыздағы өкілі – жолдас старшинаның құрметіне және… – Бекеннің данагөй шопанға тән ойлы көздерінен ерекше мейірім төгіліп, Мұқашқа бұрылды, – ұрпағымызға білім нәрін егіп жүрген география пәнінің ұстазы, ардагер майдангер Мұқаштың саулығы үшін алып қояйын!
Жиналған жұрт жапырлай ішіп салды. Тек Асхат қана қабағын сәл шытып, күңкілдей тіл қатты: – Бұның балаларға қандай білім үйрететінін қайдам, бірақ нағыз майдангер екені даусыз – омырауындағы медальдары самсап, жарқырап тұр ғой.
Асхаттың осы бір салқын қабағына қарамастан, Мұқаш та көппен бірге тартып жіберді. – Аудан орталығына жеткенше буы тарап, иісі де білінбей кетеді, – деп Мұқаш сабырлы үнмен оның көңілін орнына түсірді.
Асхатқа да екеуінің аудан орталығына не мақсатпен бара жатқанын жиылған жұртқа тәптіштеп түсіндіріп жатудың қажеті шамалы еді. Тіршіліктің тар соқпағы оған бәрін өздігінен-ақ ұғындырған: бұйрық түссе – мүлтіксіз орында; ал жол-жөнекей осы майдангер-мұғалім Мұқашпен бірге атқарар қосымша шаруа болса – дәм-тұзын татып, шөлін баса жүріп, кәделі істің басын қайыра бер. Мұқаш мына жайылған мол дастарқанның Бекен мен Шырын тарапынан өзіне деген шын жанашырлықпен, басына төнген пәле-жала мен кесапаттан аман-есен айналып өтсін деген ізгі ниетпен жасалғанын жақсы түсінді. Қан майдан жылдарынан бері қимас достарының осындай шексіз құрметіне бөленіп келе жатқанына іштей риза болып, алғысын жаудырды.
Ішкен ащы су денеге жылу таратып, басты сәл мең-зең етіп жібергенімен, көңіліндегі үйіне, Хадиша мен Айнашқа, әсіресе кішкентай Байтасқа деген сағыныш пен алаңға толы мұңды ойларды оятты. Мұқаш терең ойдың тұңғиығына шым батып кеткен екен, орындығынан түрегелген милиционер Асхаттың өктем дауысы естілгенде ғана есін жиды:
– Шай күтіп отыратын мұрсат жоқ. Уақыт тығыз.
Қамқор Шырын Мұқаштың жол азығына піскен қой етінен салып берді де, көзіне іркілген жасын жасырып, киіз үйге кіріп кетті.
Бекен өзінің шопандық қорынан бірнеше қорап шылымды жолға ұстатып жатып, оңтайлы сәтті пайдаланып, Мұқашты еппен ғана бауырына басты да, естілер-естілмес сыбырлап тіл қатты:
– Еш уайымдама. Мен ертең-ақ барып, хабарларын біліп қайтамын.
– Рақмет, құрдасым!
Асхат тізгінін ұстаған жеңіл таратайканы түні бойы тыныққан жарау ат зымырата ала жөнелді. Көп ұзамай олар жолдың қос қапталында шоқ-шоқ болып өскен қайыңды тоғайдың арасына сіңіп, көзден таса болды.
«Удар вне ринга» кітабынан аударған: Айбек ОРАЛХАН
