
Өмірде артында өшпестей із қалдыратын ерекше адамдар болады. Солардың бірі, біргейі – Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі театр режиссері Ерсайын Тәпенов. Ол Мәскеу қаласындағы Мемлекеттік театр иснститутында оқып жүрген кезінде сол жылдары студент жастарға бас болған Мұхтар Әуезовтің ұлы Мұрат Әуезовпен бірге Тәуелсіздігімізді аңсап, «Жас тұлпар» ұйымына қатысқан азаматтардың бірі.
Ерсайын Қандержанұлымен мен қалай таныстым. Алматыдан берілген «Павлодарда қазақ театры өртенсе де, қазақ өнері өртенген жоқ» деген телехабарым арқылы таныстық. 1989 жылдың 28-ші шілдесінде Павлодар телевидениесінен, іле Алматының «Қазақстан» каналынан тамыз айының 5-де Павлодар облысына қазақ театры қажет деген айдармен бір сағаттық «Қазақ театры өртенсе де, қазақтың өнері өртенген жоқ» деген телехабарым өтті. Міне осы хабарды Қарағандыдан көрген сондағы облыстық театрдың Бас режиссері Ерсайын Қандержанұлы менің жанайқайыма риза бола отырып, осы қарындасым қуғынға ұшырап кетпесе екен деп ойға қалып, біраз уақыттан кейін Павлодарға келеді. Облыстық партия комитетінің басшыларымен жолығып, мәдениет басқармасына кіріп «Егер Павлодарда қазақ театры ашыла қалса, осы жаққа келіп, режиссер болар едім деп қолқа салған екен. Кейін мені көргенде қуанғаны соншалық, сол Алматыдан берілген хабарды көріп отырып, сені ұлттық мәселені көтерген ұлтшыл деп соттап жібере ме деп қорқып едім-деп іштегі ойын бүкпей айтып, маған ризашылығын білдіріп еді.
Шынында да, кейін осы театрға сұранып келгеннен кейін ол қаншама жұмыс атқарды. Театр ашу үшін қаншама қиындықтар болды, Соның бәріне. Ерсайын Тәпенов шыдай отыра, театрдың аяғынан тұрып кетуіне ерен еңбек сіңірді. Театр ашылғаннан кейін бірер жыл Павлодар облыстық театры әр жерде жүрді. Спектакль қоятын театр үйі болмады. Ауыл, аудандарда үлкен деген клубтарда спектакль қойып жүрген кездері болды. Оның үстіне театр әртістерінің де баспанасы болмай бірі жатақханада, бірі пәтерде тұрды. Өзі шақыртып алып келген әртістердің бетіне қалай қараймын деп қиналған кездерін мен талай көрдім.
Осы жылдары театрмен өте тығыз байланыста болдым. Ай сайын телевидениеден «Сахна» атты хабар жасап, театрдың жеке баспанасының жоқтығы жайлы айтып, жаңалықтардан сыни сюжеттер де беріп жүрдім. Бірде қазақ театрына «Октябрь» кинотеатрын беретін болды. Сол қуанышты хабарды облыстық телеарнадан көрермендерден сүйінші сұрап хабарлап та та жібердім. Сол-ақ екен, орыс ағайындарымыз кино театрды қазақ театрына алатын болыпты деп реніштерін білдірсе, менің телеарнадағы әріптесім арнайы дайындалған әдеби бір хабарында «Кому то горе, кому то радость» деп маған қарсы шығып, жауап хабар дайындады. Содан тағы үнсіздік, театр үйсіз қалды, әртістеріміз жер-жерде тентіреп жүрді. Сондағы біздің ішкі сезімімізді түсінсеңіздер, кірерге жер таппай мен де қатты қиналдым. Себебі театр мәселесін көтерген мен, енді театрға қалай көмектесемін деп шарқ ұрдым. Бұл проблема ұзаққа созылар ма еді, егер облысқа Даниал Ахметов әкім болып келмесе. Театр үйі жайында кезінде Ахметовты Екібастұздан жақсы танимын, ол кезде мен тілші болатынмын. Содан әкімнің қабылдауына сұранып, мазасын алып, әкім деген атыңыз бар, осындай жерде отырып, қазақ театрына үй алып бере алмасаңыз, кім боласыз?- деген сұрағыммен мазасын алдым. Бір күні Дәкең кәсіпкер, Алюминий зауытының басшысы Машкевичті көндіріп, қазақ театрына Алюминий зауытының қаладағы үлкен Мәдениет үйін алып берді. Осылайша көптен күткен бұл жаңалық халқымыздың үлкен қуанышына айналды…
Ерсайын Тапеновпен талай рет кездесіп, теле-радио хабарлар жасадым. Сұхбаттарының бірінде ол театрдың өрлеу кезеңі 1995 жыл болды, – деп есіне алған еді. Сол жылы олар Каирге халықаралық өнер фестиваліне шақырылған болатын. Шет мемлекетке жалғыз өнер жалаң болады деп облыс әкімі Даниал Ахметов тағы да қаржылай қолдау көрсетті. Шетелде емін-еркін жүріп, қысылмауларың керек деген екен. Соған орай театр әртістері бұл сапардан жүлделі оралып, лауреат атанд. Театр ұжымы жыл сайын ізденіс үстінде болды. Мәскеу, Петербург, Жезқазған, Шымкент, Жамбыл, Ақмола, т.б. қалалардағы фестивальдерге, театр күндеріне қатысып жүлделі орынды иемденіп отырды. Шынында да, өнер сапары – театр үшін үлкен серпіліс болды. Театр ртістері өнерлерін көрсету арқылы, басқа театрдың да өнерлерін көріп шындалды. Мен әрбір жаңа спектакльдің премьерасы жайлы, шетелге шыққан сапарлары мен театр әртістері қатысқан өнер фестивальдары жайлы телеарнадан үнемі хабар дайындап, театрдың бар жаңалықтарын бағдарламаларым арқылы үзбей хабарлап тұрдым. Осы хабарға бас болып Ерсайын Тапеновтың өзі қатысып, әрбір спектакль жайлы және өзі бірге алып келген, Алматыдан шақыртқан Қазақстан республикасына еңбегі сіңген әртіс, кезінде осында театр директоры болған Мұхтар Манапов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Роза Тәжібаева, Сейітжан Тәжібаев, Құрманғазы Айтмурзаев, Бейбіт Шәнім, Талжібек Атамбек, Бақытбек Иманғожаев пен Сапаргүл Құлдаулетова, Сансызбай Бекболатов, Алма Бекболатова, Аманкелді Жүке, Мұхтар Байжұманов, Бахаркүл Құрбановалар туралы, олардың өнерде жеткен жетістіктерін мақтана отырып айтып беретін. Кейін театр труппасына қосылған Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Роза Тәжібаева, Шолпан Байғабылова мен Жанат Чайкиналарды жас әртістерге үлгі тұтатын.
Қазіргі театр жолында кездесіп жатқан қиындықтарға мойымаңдар. Себебі өнер жолы ауыр жол. Оны жүріп өту ерік-жігер мен мықтылық пен еңбекқорлықты, шыдамдылықты талап етеді. Адал еңбек пен өнерді бағындыру арқылы жеңіске жетеміз дейтін. Осының бәрі Ерекеңнің өнерге деген құрметі мен өнерге деген сүйіспеншіліктен туған шыдамдылық еді. Әрине жаңа театрды құру оған оңай болған жоқ. Иса мен Шәкеннің, Жаяу Мұса мен Естайдың, Майра мен Хафизаның елінде қазақ театры болмауы, бізге сын деп ұйып отырған ұжымын, Қарағанддағ атағы бар театрын тастап жаңадан құрылып жатқан театрдың алғашқы ірге тасын қалауға Павлодарға келгені Ерсайын Тапеновтың өнерді бағалайтын, оның дамуына қолдау көрсететін және мәдени құндылықтарды сақтауға жаны ашитын адам екенін көрсетті.
Ерекең өнер жолына жай келген жоқ. Жас кезінен қазақтың бай мұрасын бойына жинақтап, соны халыққа қалай жеткізсем деген арманның жетегінде жүріп ұзақ ізденіспен келген режиссер. Өзінің сол бір қасиеттерін әртістерінің бойына сіңіруге тырысты Ол көп оқыды, ізденді. Классиктердің, қазақтың зиялы қауым өкілдерінің, Ұлы Абайдың шығармаларын көп оқыған режиссер. Әртістеріне де сол шығармалар жайында көп оқыңдар деп талап қоятын..
Ерекеңмен театрда өте жиі кездесіп тұрдым. Театрдың әрбір мәселесі мені де алаңдататын. Сонда оның бір айтқаны есімде қалыпты. Таң қылаң бере тұрамын да, таңғы сағат 7 аса театрға келемін. Таңнан келіп, спектакль біткенде немесе репитиция аяқталғанда түннің бір уағында үйге қайтамын. Кей күндері дала да, түзде, үйде де не болып жатқанын білмейтін кезім де болады. Бар өмірім театрда өтті дейтін. Кейінгі жылдары Астанаға ауысқанда да Ерсайын Тапенов өнер институтында ұстаздық етіп жүрген кезінде де маған хабарласып тұрды. Менің мерей тойыма Астанадан Павлодарға арнайы келіп, салтанатқа қатысып құттықтап та кеткен кезі болды. Осндай қайраткер азаматт қалай ұмытамын. Менің бірнеше шығармашылқ кештерімді осы театрда өткізіп те берді. .
Режиссерлік қызметінде Мұхтар Әуезовтің «АйманШолпан», «Дос – Бедел дос», Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» («Махаббат туралы поэма» деген атпен), Е.Брусиловский мен Ғ. Мүсіреповтің «Қыз Жібек», Бейімбет Майлиннің «Шұға», Қалтай Мұхамеджановтың «Бөлтірік – бөрік астында», Тахауи Ахтановтың «Махаббат мұңы», «Күшік күйеу», Әкім Таразидің «Жақсы кісі», Дулат Исабековтің «Әпке», Олжас Сүлейменов пен Баққожа Мұқайдың «Заманақыр», Мұхтар Шахановтың «Отырар дастаны», Маман Байсеркеұлының «Кене хан» шығармаларын сахнаға шығарды. Сондайақ, Н. Гогольдің «Yйлену», А. Чеховтың «Шағала», Еврипидтің «Медея», У. Шекспирдің «Асауға тұсау», «Король Лир» және басқа да туындыларды көрерменге ұсынды.
Ерсайын Тапеновтың бар арманы Павлодар облыстық Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ театрына академиялық театр атағын алу үшін жанталасып жатырмын деуші еді. Бірақ ол үшін театр әртістерінің мемлекеттік жоғары атақтары көп болу керек екен. Негізі соған қарайды деп түсіндіретін маған. Кезінде осы мәселені мен де жаңадан келген әкімдерге жиі айтып мәселе көтерген кездерім де болды…
Әлі де кеш болмас, біздің облыс әкімдігі, құрметті Асайын Байханов осыны ескере отырып «Құрмет», «Парасат» ордендеріне және «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына дарынды әртістерімізді жыл сайын бір-екеуден әр мерекеде ұсынып отырса, Академиялық театр атануымызға үлкен мүмкіндік болар еді. Театрымызда талантты актерлер де, еңбегі сіңген актерлер де бар ғой.
Осы мәселені менің шәкіртім, «Егемен Қазақстан газетінің тілшісі, театрдың жанашыры Мұрат Аяғанов та көтеріп жүр, бұл проблеманы облыс әкімдігі, облыстық мәдениет басқармасытағы да қайталап айтамын ескерсе дейміз.
Қорыта келгенде айтарым, бүгін облысымыз үлкен жұмыстың басын бастап, Ерсайын Тапеновты ұлықтауға арнап үлкен шара өткізіп жатыр. Аруақ риза болсын дейміз. Бүгінде Ерсайын Қандержанұлы арамызда жоқ. Әрине өте өкінішті. Дегенмен, өнер жолындағы оның биік тұлғасы, ерекше дарын қабілеті уақыт өткен сайын рухтанып, биіктей бермек! Ойы терең, дарынды тұлға, атақты режиссер Ерсайын Қандержанұлы – ұлттық өнеріміздің кейбір жарқын көріністерін, халқымыздың өшпес мұрасы мен тарихын терең түсінген ұлтжанды азамат болды. Бүгінгі күні кезінде онымен пікірлес, қызметтес болғанымды мен мақтан тұтамын. Рухы шат, жаны жәннатта болсын!
Ерсайын Тапеновтың бастап кеткен жұмысын театрдың директоры Арман Темірбек пен театрдың Бас режиссері Әділет Ақановтар жалғастырып, театрымызды тәлім мен тәрбие, өнер мен тағылымның ордасына айналдырып, қоғамдық ой – сананың, адами дүниетанымның шегіне жеткізсін!
Ал енді театрдың архивіне осы Жүсіпбек Аймауытов атындағы белді актерлар жайында жазылған «Тұлғалар-асыл жандар» кітабым мен Павлодар облыстық театры жайлы Алматы мен Павлодар телевидениесінен дайындаған «Театр өртенсе де, қазақтың өнері өртенген жоқ деген» хабарымның газетке басылған программасын театр архивіне тапсырсам деймін. Бұл ертеңгі тарих. Осы хабарларым арқылы өңірімізде театр ашылды, ол менің халқыма сіңірген еңбегім болатын.
Балтабай Ғалия Құсайынқызы,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
«Құрмет» орденінің иегері,
Павлодар облысының Құрметті азаматы.
