Қазақстан театр өнерінің қарашаңырағы – Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры өзінің 80 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтуде.

Осы айтулы дата аясында өнер ұжымы еліміздің бірнеше өңіріне гастрольдік сапар ұйымдастырып, көрермен қауыммен қайта қауышуда. Театрдың шығармашылық сапары Павлодар облысын да қамтып, өнер ұжымы Павлодар және Екібастұз қалаларында спектакльдерін сахналады.
Павлодар қаласындағы гастрольдік қойылымдар Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық музыкалық-драма театры сахнасында өтуде.
Сөз жоқ, бұл сапар өңір жұртшылығына ерекше рухани әсер сыйлауды. Сонымен қатар, театр ұжымы Екібастұз қаласының көрерменімен де жүздесіп, өнерсүйер қауымға таңдаулы қойылымды ұсынды. Гастрольдік сапар тек спектакль көрсетумен ғана шектелмейді, әлбетте, бұл – мәдени байланыстарды нығайтуға жол ашатын шығармашылық тамаша үрдіс.
Бағдарлама мазмұны мен жанрлық ерекшелігі тұрғысынан өте бай болды. Театр ұжымы павлодарлық және екібастұздық көрерменге бірнеше бағыттағы туындыларын алып келген екен.
Кеше, 26 мамыр күні Аймауытов театрының сахнасында қойылған «Қорғансыз» драма-трилогиясы гастроль шымылдығын ашып, көререрменнің ерекше ықыласына иеленді. Қойылым қоғамдағы адам тағдыры, қорғансыздық пен рухани қайшылықтарды терең қозғайтын психологиялық туынды ретінде жұртшылық көңілінен шықты. Актерлердің шынайы ойыны мен режиссерлік шешімі залдағы қауымды ерекше әсерге бөледі.
Бүгін және ертең гастроль аясында балаларға арналған «Кішкентай ханзаданың оралуы» ертегісі ұсынылады. Қойылым жас көрерменді қиял әлеміне жетелеп, мейірім мен достық, адамгершілік құндылықтарды дәріптеуді мақсат еткен. Балалар театрының басты мақсаты – жас ұрпақтың эстетикалық талғамын қалыптастыру болса, бұл спектакль сол міндетті терең мазмұнмен жеткізетіні сөзсіз.
Сонымен қатар, театр репертуарындағы «Махаббат, қызық мол жылдар» драмасы да сахналанады. Қазақ әдебиетінің классикалық туындысы негізінде қойылатын спектакль жастық шақтың нәзік сезімдерін, махаббаттың қадірін, өмірдің өткінші сәттерін бейнелейді.
Гастрольдік сапардың қорытындысы қазақ поэзиясының мұзбалақ ақынына арналған «Мұқағали. Музаға…» әдеби-музыкалық кешімен түйінделеді. Поэзия мен музыка үндескен бұл кеш көрерменді Мұқағали әлеміне жетелеп, рухани әсер сыйлады деп күтілуде.
Театр басшысы Талғат Есеналиев гастрольдік сапардың маңыздылығына тоқталып, бұл өнер сапары жергілікті тұрғындардың таным көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, театр ұжымы үшін де жаңа шығармашылық белестерге жол ашатынын атап өтті. Оның айтуынша, өңірлердегі көрерменмен жүздесу театр тынысын жаңартып, шығармашылық ізденісті тереңдете түседі.
Шынында да, мұндай гастрольдік сапарлар – мәдени байланысты нығайтатын маңызды көпір. Өнер ұжымдарының аймақтарға сапары көрерменге сапалы спектакль көруге мүмкіндік берсе, театрлар үшін жаңа аудиториямен қауышып, тәжірибе алмасуға жол ашады.
80 жылдық тарихы бар Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры – қазақ театр өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан киелі өнер ордасы. Осы жылдар ішінде театр сахнасында ұлттық драматургияның жауһарлары қойылып, талай дарынды актер мен режиссер тәрбиеленді. Бүгінде театр дәстүр мен жаңашылдықты ұштастыра отырып, жас ұрпаққа рухани тәрбие беруді жалғастырып келеді.
Павлодар мен Екібастұздағы гастрольдік сапар – осы шығармашылық жолдың жарқын көрінісі. Өнер ұжымы көрерменге тек спектакль ұсынып қана қоймай, ұлттық мәдениеттің қадір-қасиетін, сахна өнерінің терең мәнін тағы бір мәрте сезіндірді.
                                              Асыл ӘБІШЕВ.

Добавить комментарий