Pavlodar, KZ
18°
Fair

…шық бері!

Бала күнімде біздің үйдің жанында екі бірдей иесіз үй болды, бірінде Бәден деген  апа тұрған. Ол үйде күндіз кейде балалар «тах-тах» ойынын ойнайтын, яғни, ойыншық қарумен атысады. Үлкендер «Иесіз үйде сайтан болады, жоламаңдар!» – деген сайын сол үйге кіргіміз келіп тұратын. Кіргенде, екі бөлмелі үйдің ортасында опырылған пеш бар, бөлмелер іші толы қоқыс еді. Түнде далаға шыға қалсақ, иесіз үй жаққа алақ-жұлақ етіп қорқа қарайтынбыз.

Бір күні қорқа-қорқа жалықсам керек, шамамен 2-3-сыныпта оқитын кезім, терезесінен секіріп ішке кірдім. Кең бөлменің ортасына белімді таянып тұрып: «Сайтан, бар болсаң, шық бері!» – деп айғай салдым. Ешкім шықпаған соң үй ішін армансыз аралап шықтым.

Тексеріс

Әкемнің «К-700» тракторында дәрі-дәрмек қобдишасы болатын. Ішінде бір кішкентай рюмкаға ұқсас ыдыс болды, көз шаюға арналған екен. Сол ыдысты қалай қолдануға болатынын тексеріп көрмек болып, шалқамнан жатып алып көзіме толтыра құм себетінмін де, әлгі стаканға су құйып көзімді шаятынмын.

«Редакторлық қасиет»

Көрші үйде тұратын Дархан бауырымның көмір жейтін әдеті болды, оған қосыла біз де көмір жейтінбіз. Тіпті бір-бірімізді көмір жеуге қонаққа шақырып, жылтырынан таңдап жейтін едік.

Бала күнімде «Ұлан» газеті арқылы танысып, жүздеген баламен хат жазысатым. Ауылға аптасына пошта үш рет келеді, маған құшақ-құшақ хат кеп тұрады. Хат жазатын достардың ішінде Моңғолиядан, Қарақалпақстаннан да қыздар бар еді. Қарақалпақстаннан сүйкімді бір қыздан өте сауатсыз хат келетін. Бір күні шыдамай кетіп, хатын қып-қызыл ала етіп түзетіп, өзіне қайта салып жібердім. Содан бастап хат үзілді. Сірә, сол кезде-ақ бойымда «редакторлық қасиет» болса керек…

Тентек қыздар

Негізі бала күнімде тентек болдым, бірақ тентектікті мұғалімдерге білдірмей жасайтынмын. Біздің сынып төбесінен қиқу кетпеген атышулы сыныптың бірі еді. Ұлдарды былай қойғанда, қыздардың өзі жік-жік болып бөлініп, төбелесіп жүретінбіз.

Бастауышты тәмамдап, төртінші сыныпқа келгенде, арамызға бөлімше балалары қосылды. Олардың ішінде өз «атамандары» бар, алдымен соларды «бағындыру» керек болды ма екен, Шоманнан келген төрт қызды екі-екіден «қақ бөліп» тастадық. Содан бір күні мұғалім жиналыс ашып, сазайымызды берді.

Сол кезде: «Біз мұндайды көрген жоқпыз!» – деп ортада жылап тұрған кластасым Меңтай (Шоманнан келген қыздардың бірі) – қазір Екібастұзда беделді мұғалім.

3 thoughts on “Біз де бала болғанбыз: Жанаргүл Қадырова

  1. Балалық кездің қызық күндерінен естеліктерді жақсы жаған, көз алдыма өз балалық шағым еріксіз оралды. Жалпы, оқуға жеңіл, әзіл аралас, шағын, шынайы жазылған. Жанаргүл, осындай жақсы дүниелерді жаза бер, қаламың мұқалмасын.

  2. Балалық кездің қызық күндерінен естеліктерді жақсы жаған, көз алдыма өз балалық шағым еріксіз оралды. Жалпы, оқуға жеңіл, әзіл аралас, шағын, шынайы жазылған. Осындай жақсы дүниелерді жаза бер, қаламың мұқалмасын.

Пікір үстеу