Ауыл – киелі ұғым

Менің балалық шағым ел соғыстан еңсесін жия алмай тұрған шақпен тұспа-тұс келді. Ауылымыз қырық шақты ғана түтіні бар Қарақоға елді-мекені. Шағын болса да небір қасиет қонған, ерекше адамдары көп еді.

Қиын кезеңдер еді ғой. Халықтың тұрмысы бүгінгімен салыстыруға келмейтін уақыт. Төлеген деген кісі үйді-үйге қона жатып, ауылдастардың пимасын табандайтыны бүгінгідей көз алдымда.

Ертеде сынған кесе, аққұман дегендерді лақтыру деген болмайтын. Ондайды қолы епті Рақымжан ұста жамап беретін. Қазіргілерге айтсаң ертегідегідей көреді ғой.

Жүзік, білезік, сақина соғатын Көжебайдың Төлемісі деген болды. Күмістен жасаған әшекейлері көз тартатын.

Қуан ақсақалдың бойына қонған сынықшылық қасиеті бар еді. Бәйбішесі Тәтике де жай адам емес. Ауылдағылардың бәрі сол апаға барып ем-дом алатын.

Шыны керек, мен туғаннан бастап сәл-пәл жел соқса түшкіріп-пысқырып қалатынмын. Шешем марқұм ондай кезде мені Жаңылшаға апарып ұшықтататын. Жаңылша дегеніміз әкемнің құрдасы Сағынның жұбайы.

Әлі есімде. Бірде тұмауратып қалғаным бар. Әлсіздік билеп, қозғалуға мұршам болмай қалды. Әдеттегідей шешем құрбысына апарды. Тұзды суға езіп, бармағымен ауыз-мұрын қуыстарының бәрін шайып шықты. Ұшықтады. Сосын үйге апар да жеті киіммен жауып, қымтап таста. Ертең-ақ шауып кетеді деді.

Расымен, ертеңгісі дертімнен құлан-таза айығып, ойын қуып кеткенім бар.

Мұның бәрін неге еске алып отырмын? Әр қазаққа алтын бесік саналатын туған жерімізде осыншама қасиет қонған қауымның жиналғаны тегіннен емес шығар. Кіндік қанымыз тамған топырақтың киесі осы шығар деп ойлаймын.

Пікір үстеу